Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3191 0 пікір 27 Сәуір, 2012 сағат 04:20

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Қыстық демалысқа жақын маңда үйі барлардан басқа ешкім қайта алмай қалды. Әсіресе Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары мен Үрімжінің теріскей аудандарына қайтушыларға мүлде тиым салынған еді. Юсуф Қасымнан сұрасам, Оңтүстік оқушыларына рұқсат бар екенін айтып күрсінді. Бұл күрсінісінде бір мән барын байқап, таңертеңгілік тамақтан бірге шықтым. Екеуміз тәртіп бойынша ұйым мәселесі жөнінен ашық сырласпасақ та, ішімізден түсінісетінбіз. «Саңырау кемпірдің» үйін екеуміз де білетіндігіміз осындай жете таныстық орнатқан.

- Не хабар бар?- деп сұрадым.

- Біздің Іле Талқы кезеңінен әлдеқашан буылыпты ғой. Партизандардың бұл жақтан барған армияны өткізбей тастағанына көп болыпты. Оқушылардың барып қайтуына рұқсат болғанына қарағанда оңтүстік аймақтар қозғалмай жатқан сияқты.

- Өз ісің қалай?

- Жаман да, жақсы да. Көпшілік сабақтаста жақсы түсінік бар. Бірақ, сол жақсы түсінгендерді иіскелеп жүретін тұмсықтың өзі жиырма шақты... Оңтүстіктен, әсіресе Ақсудан келген оқушылар көп. Солардан тұмсыққа бейімдер және шығып жатыр.

Тыңшыны «тұмсық» деп атайтынын білетінмін.

- «Тұмсықтардың» иіскелей бермеуі үшін шара қолданбадыңдар ма?

V

Қыстық демалысқа жақын маңда үйі барлардан басқа ешкім қайта алмай қалды. Әсіресе Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары мен Үрімжінің теріскей аудандарына қайтушыларға мүлде тиым салынған еді. Юсуф Қасымнан сұрасам, Оңтүстік оқушыларына рұқсат бар екенін айтып күрсінді. Бұл күрсінісінде бір мән барын байқап, таңертеңгілік тамақтан бірге шықтым. Екеуміз тәртіп бойынша ұйым мәселесі жөнінен ашық сырласпасақ та, ішімізден түсінісетінбіз. «Саңырау кемпірдің» үйін екеуміз де білетіндігіміз осындай жете таныстық орнатқан.

- Не хабар бар?- деп сұрадым.

- Біздің Іле Талқы кезеңінен әлдеқашан буылыпты ғой. Партизандардың бұл жақтан барған армияны өткізбей тастағанына көп болыпты. Оқушылардың барып қайтуына рұқсат болғанына қарағанда оңтүстік аймақтар қозғалмай жатқан сияқты.

- Өз ісің қалай?

- Жаман да, жақсы да. Көпшілік сабақтаста жақсы түсінік бар. Бірақ, сол жақсы түсінгендерді иіскелеп жүретін тұмсықтың өзі жиырма шақты... Оңтүстіктен, әсіресе Ақсудан келген оқушылар көп. Солардан тұмсыққа бейімдер және шығып жатыр.

Тыңшыны «тұмсық» деп атайтынын білетінмін.

- «Тұмсықтардың» иіскелей бермеуі үшін шара қолданбадыңдар ма?

- Қолданып жүрміз. Жабық сөзбен де, жұдырықпен де бірнешеуін соққылап көрдік. Бірақ, одан жақсы нәтиже шықпай, өзіміз зиян тартып келеміз. Бірнеше наушымыз1 тәртіп бөлімінен таяқ жеп шықты, - деп Юсуф Қасым арт жағына қарап қойып жалғастырды сөзін. - Бізде бірер түн, тіпті бірнеше күн жоғалып кеткен сабақтастар бар еді. Оларды сақшы түрмеге апарыпты да, қорқытып-қорқытып мызғымас тыңшыға айналдырып шығарыпты. Ит болғанын сықақтасаң қызарады, ұрсаң жылайды. Сөйте тұра иттігін тағы қоймайды... Әне, біреуі біздің соңымызға түсті. Жатақханаңа қарай бұрылып кет... Сондай бірер түн жоғалған сабақтастан сақтанғайсың...

Әлгі тұмсыққа сездірмеу үшін артқа қарамай, қақпа жаққа тарттым да, «базардан сабын алып қайтуға» Кәзеннен рұқсат алып шықтым. «Бұл байқұстар тұмсықтарды жемпіреміз деп өздері тұмсықтан жеп қалған екен ғой. Сабақтастарымды тоқтата тұрғаным жақсы болыпты. Және біздегі «тұмсық» ұстаз атындағы ұстарадай «тұмсық» қой, ұрамыз деп қолымызды кестіріп алмайық... Бірақ, қайтсек те мұны түйтеге айналдырмай болмас. Осы қылшылдаған күйінде тұрса, бәрімізді қырқып түсер. Оның Мұсатай сынды бошалаңдау бірімізді түрмеге түнеткізіп, тұмсыққа айналдыра қоймасына кім кепіл, бұған шара таппай болмас... Пәлені өзіне артып қойып мыжысақ, сөйтіп жеген соққысын қожасына айта алмайтын етсек...».

Осы оймен қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының ауласына кіргенімді сезбей қалыппын. Әйтеуір артыма Кәменнің түспегенін ғана байқағанмын. Қыстық демалысқа босап, Алтайға қайта алмай қалғалы Нұрия Күләннің үйіне әр күні ерте келетін болған. Жан-жағыма қарап жіберіп, қысқы Үрімжінің сұр түтінінен басқа ештеңе көрінбеген соң, төр жақ бүйірдегі дауал кетігінен іргелес аулаға аттай жөнелдім.

Асыға кіргендігімнен есік көзінде сүзісіп қала жаздаған Күлән күліп жіберді.

- Сүзегенің-ай күйеужан, былтыр қыста қалыңдығыңмен сүзісіп тұрғаныңды көріп едім. Енді мені сүзе жаздадың ғой!... Төр үйге кіріп отыра тұр, мен ұйымға барып көрініп қана қайтайын. Апам базарға кетті. Нұрияш келсе, бұл үй сендердікі,- деп қалжыңдай шықты.

Терезе алдындағы орындыққа отыра бере қайта түрегеліп, төргі бұрыштағы үстелге тізілген кітаптарға бардым. Күлән естелік дәптерін «ұмыт қалдырып» кеткен сияқты, кітап тізілген үстелде ашық жатыр. Бір бетіндегі жазу жылы ұшырай қалды. Ақылбайдың жазуы: «Дүниеде бірер рет қателеспейтін адам бар десе, соны ақымақтар ғана айтар, меніңше жоқ, ал, өзіңнен абзал ойлы қыз да жоқ сияқты» деп қана қойыпты.

Соны оқып, сүйіне ойланып тұрғанымда естелік арасынан бір жапырақ қағаз түсе қалды. Бұл да Ақылбайдың жазуы екен. «Күләш! Мен әлгі асығыс жұмыспен тауға шығып кеттім. Демалыс уақыты бітерде қайтып келемін. Жабысқақ оспақтап сұрай қалса, білме!»

«Жабысқақтың» Кәмен екені белгілі. «Ол сұраса айтпа» деп тапсырып кетіпті. «Әлгі асығыс жұмыс» жөнін ойлай тұрып қалыппын. Күлән күліп жібергенде селк ете түстім.

- Батыр екенсің-ау күйеу жан!- деп онан сайын күлді. Мен естелік дәптерін рұқсатсыз оқып қойғаныма кешірім сұрай барып отырдым.

- Өзіме таныс жазу болған соң екеуін ғана оқып қойдым!

- Осы дәптерімнің «ашық қалғаны» есіме түсіп жүгіріп едім... Басқа біреу көрсе... екеуін ғана оқығаның рас па?

- Хатындағы «әлгі асығыс жұмыс» дегені не?

- Саған да мәлім жұмыс,- деп жымиды Күлән, - кеше кеште Нұрияшты шығарып сала шыққанымда жазып кетіпті.

Бұл жұмыстың «Шығыс Түркістан» жұмысы екенін тұспалдасам да әдейі аңыра сұрадым.

- Маған қандай «мәлім жұмыс» бар еді, Нұрия екеуміздің жұмысымыз ба?...

Күлән күліп ап қайырды жауабын:

- Сендерде одан әлдеқайда асығыс жұмыс барын білемін!

- Кім айтты?

- Ағаң айтты... Менен жасырмай-ақ қой күйеужан. Мен өздерің екенімді білесің ғой?

Ақылбай біздің ұйым жұмысына толық қатысты екеніне де, тауға соны ұйымдастыру байланысымен кеткеніне де көзім жеткендей болып, Күләшқа сақтық керектігін үнсіз ескерткім келді. Ақылбайдың хатын қайта алдым да, түрегеліп барып, ошақтағы отқа тастап, толық жанып біткенше қарап тұрдым.

- Бәсе,- деп сықылықтады Күлән, - ағаңнан емес, енді өзіңнен толық түсіндім!

- Қалай?!... Нені?! - деп бажырая қарадым мен.

- Осы хатты отқа салып, жанып болғанша мұқияттауыңнан!... Ұйымдарыңды... бір ұйымның мүшесі болмасаңдар, осы хаттың ашық қалуынан қалтырай қорқып, отқа жағамысың!.. Хы...хы, хы... сені сынамаққа... естелікті әдейі ашық қойып кеткенмін, - деп тағы да сықылықтай түсті. - Ақылбайдың хатындағы «асығыс жұмыс» дегенін мен де білетін «асығыс жұмыс» етіп көрсету үшін «әлгі» деген сөзді өзім қосып қойғанмын, «әлгі» дегеннің не екенін сен тез түсіне қойып, отқа жағып жібердің...

Қу қыздың ұйым құпиялығын ашқан амалына таңырқай түстім де, өзімнің мұндай жасырын іске әлі де шорқақ екенімді байқап, басымды төмен сала жымидым.

- Оның асығыс жұмысын ұйым жұмысы деп қалай мөлшерледің? - деген сұраумен қайта үңілдім жүзіне.

Сықылықтауын тоқтатып Күлән да жымия жалғастырды сөзін.

- Ақылбай маған: «Шығыс Түркістан» болып тез ұйымдасу туралы Іледен шыққан бір жарнаманы ғана көрсеткен. Мұны Нұрияшқа айтқанымда ол да білетіндігін сездірген. Қазбалап сұрағанымда бұл жөніндегі әрекетті екеуі де айтпады. Осы маңда да екі-екіден ауыр ойлы күбір-сыбырлар болып жүр. Бұл да сол жарнама нұсқауы бойынша ұйымдасып жатқаны деп сезгенмін. Ақылбай кеше кеште маған «асығыс жұмыс» деп хат жаза сала жөнеліпті. Бұрын менен басқа асығыс жұмысы  жоқ болатын... маған неге айтпайды бұл сырларын, елден ерекше сенімсіз, қауіпті адам болғаным ба?!

Нұрияға «менімен ақылдаспай іс істеме!» деп тапсырғаным есіме түсе кетті. Тіпті ең жақын досы - Күләнға айтпай қойғанына сүйінсем де, осы дана қыздан жасыруымның жөні жоқ екенін біліп, көңілін аулауға тырыстым:

- Сізге сенбейтіндей күмән бізде жоқ қой Күләш. Бірақ, сіздің жағдайыңыз ерекше жағдай, сіз қазір осы үйдің жалғыз тірегісіз әрі аңдудасыз ғой. Достарыңыз сізді аман жүрсін дейтін шығар.

- Е, міне осылай десеңдерші... Әлгі қу қыздың да айтпай қойғанына ішім әбден пісті. Сенің келетініңді біліп, әлгі қулықты дайындап отырғанмын.

- Нұрияштың да сол жарнамадан басқаны білмейтіні рас. Оны да менімен ақылдаспай ешкімге айтпауын тапсырғанмын... Менен де сондай ант алған біреу бар. Ақаңа да бұл жөнінде өкпелемеңіз!... Естелігіңізге жазған сөзінде өзіңізді қандай әділ бағалаған!

- Әділ баға ма сол, «сенен жақсы аспанда да, жерде де жоқ» деп мақтамай, «барсың» десе, әйел иліге ме? - деп күлді Күлән. - Мен Мұсатайдан қателескенімді ашық айтып, тойтара берген соң жазғаны ғой.

- Мұсатайдан хабар бар ма?

- Іледегі Гоминдан Талқы кезеңінен буылыпты ғой, естіген шығарсың? ... Халық қолында алдымен сол өлген шығар!

- Өлген хабары келсе, жылар ма едің?

- Жау өлді деп жылай ма екен?... Күйеужан, мені әлі сынайсың-ау!

- Жоқ, Күләш, сізді сынауға менің ақылым да, дәтім де жетпейді! Бірақ... дегенмен Мұсатай сізді алғаш мақтап, қолына алғаш қондырған адам ғой!

- Ит болған соң оның мақтауы не керек енді... Сондағысы құйрығын бұлаңдатқандай ғана бейнемен есіме түседі. Кәменнің Нұрияшты мақтаған хатын оқыған шығарсың?

- Мақтағаны емес, Кәмен қорқытсам қолға түсер деп оны үркітіп жүр. Мақтаса жолы болуы мүмкін. «Мүмкін» болатыны, Кәмен қайын атасын түрмеден құтқара алатын мықты күйеу ғой...

Осыны айтысыммен мен аңсап отырған күлкі есіктен сыңғыр ете түсті. Нұрияш кіріп келді, сөзімізді есіктен тыңдап тұрған екен. Маған сыпайыгерлікпен ғана амандасты. Мұнысын Күләннің алдында әдеп сақтағандыққа ұйғарсам да, жасаураған нұрлы көзінен бір түрлі кейістік оты жылт ете түсті. Менің әлгі сөзімнен намыстанғандықтың ұшқыны екенін сезе қалдым. Нұрия төрдегі керуетке отыра кеткенде, Күлән есікке күлімсірей беттеді.

- Ал, осы сөзіңді өзіне айт, мен қызметіме кеттім!...

Ол есіктен шығып, біз оңаша қалғанда Нұрия дағдыдан тыс салмақпен мөлтілдей қарап отыра берді. Ыршып барып құшақтай алдым мен.

- Не болды, әлгі сөзімді шын көріп қалдың ба?!

Ол басын иығыма үнсіз сүйеді. Шаралы көзінен қос тамшы домалап менің омырауыма түсті. Жан қалтасынан жасыра алған қол орамалымен бұға еңкейіп жасын сүрткені байқалды. Аз кідірістен соң:

- Мені соған қиясың ба?- деп томсара күбірледі. - Сол жексұрн мені қорқытпай, аспанға көтере мақтаса, «әкеңді түрмеден шығарар едім» деп уәде етсе көне кетер деп ойлаймысың... Осыны тыңдап отырған Күләш «мына жігіт салқын екен, біздің қыздың өзі жабысып жүріпті-ау» деп ойламай ма, мені қорлау ғой жаным мына сөзің... Өзің жат адамша күлкі етіп сөйлейсің тағы!

Нұрия өксіп қалып, орнынан тұрып кетті де, көзін сүртті. Мен оның тағы да нені ойлағанын білейін деп жауапсыз отыра бердім.

Ол теріс қараған бойы үстел алдына барды да, суретке қарай тұрып сөйледі.

- Сендерді Кәмен болып қорқытайын деп тұрғанымда осыны айттың... әлде,- деп маған жалт қайрылды біраз кідірістен соң,- әлде, менің келгенімді терезеден көріп отырып әдейі... Ашуландырайын деп қалжыңдағаның ба?

Соңғы осы мөлшерім рас болса екен дегендей жаудырай қарады жүзіме.

- Бұлай да емес,- дедім мен, - саған шындықтан басқаны сөйлесем опасыздық сезінемін Нұрияшым! Шыны былай: сенен Кәменнің хатын алып қайтқан соң оқып шығып, жеткенше ойландым. Сен маған соншалық адал екенсің, мен үшін тіпті әкеңнің құтылу жолын бөгеуге де барып отырсың. Кәменді бірер ауыз жылы сөзбен алдай салсаң ана кісіге кепіл болып шығаруы мүмкін ғой. Ал сен өз жүрегіңнің маған арналған пәктігіне шаң қондырмай, Кәменге тым болмаса «әке-шешеммен сөйлес» дей салудан да безіндің. Мұндай махаббатты кімге қиярмын!.. Жаңағы сөзді Кәменнің топастығын күлкіге айналдыру үшін бастап едім. Сен келдің де соңы айтылмай қалды.

- Әкемді құтқару жолын ойламай жүр деймісің? - деп Нұрия келе құшақтады мені. - Бірақ, Кәменді алдап әкемді босаттыру үшін сенің жолыңда екі сөзді болсам... кім деп аталар едім, ар-ұятым қайда қалар еді?... Сол иттің бақылауына шығып, жарық көргенше жата тұрсын, үйренген түрмесі ғой!

- Сендің бе, Нұрияш... менің сөзіме?

- Сендім!... Рас, солай екен!... Сол хат Кәменнің өзіне қалай жетпей қалған?... Бүгін көшеде тағы да алдымды тосып тұрып алды. Сондықтан кешіктім.

- Хатын өзіне қарсы құрал болар ма деп сақтап жүр едім... Не дейді?

- «Хатымның сені ойландырғанына қуаныштымын» дейді. «Енді ойланып болған шығарсың, разылығыңды беріп, мұратыма жеткіз» дейді. Хаты өзіне қайтпаған соң, мені ойланды деп есептеген сияқты. «Ойландың» дегені «қорықтың» дегені емес пе, алдымен содан қорландым. Есік алдына келіп сенің әлгі сөзіңді естігінімде... Онысын әліге дейін өзіне жеткізе салмаған себебіңе балап күмәндандым!... Сені артық кіналап қойған сияқтымын...

- Кәменге қалай жауап қайырдың?

- «Хатың сол күні қайтқан, қызметтестерің мен оқушыларыңнан ізде, біреуі тапсырып алған шығар» дедім. Бетінде қаны қалмай сұрланып тұрып қалды.

- Біздің сабақтастар оған қатты өшіксе де соқтығудың ұтымды орайын таба алмай жүр. Сол хатындағы үкіметке екі құйрықты сөзін көрсе-ақ бассалар еді; соның сылтауымен мықтап шеңбектер еді. Бірақ... ол арқылы сен тергеуге түссең қайтеміз?... Не деп жауап берер едің? Соны өзіңмен ақылдасу үшін тоқтатып тұрмын.

Нұрия жауабын кідірмей қайырып күткен жерімнен шықты.

- Мен туралы алаң болма, туыстарым көтеріліске қатынасқанын көргенім жоқ қой. «Олар бандыға қосылса көрмеймін, әкеммен бірге Үрімжіде тұрамын. Менің ендігі қорғанышым - Гоминдан» дей салмаймын ба... Ол жөнінен әкемді қорғауға да дәлелім көп... тек өзің білініп қалмасаң болғаны.

- Менен титтей де алаң болма,- дедім мен, - хатының өзі-ақ баптайды, айтып берермін.... Кел, осы құшағымызбен бір ән салайықшы Нұрым!...

- Иә, айтайықшы!... Қайсы әнді бастайын?

- «Елім-айды».

Нұрияштың үні ауыр мұң зілінен созылып шегіне жеткен нәзік күйінішпен үзіле тербелді де, бір шумағы айтылып болысымен өксіп-өксіп қалды өзі. Мен қосыла өксіппін.

- Жоқ жыламаймыз,- деп Нұрия күліп жіберді де, қол орамалымен менің көзімді, сонан соң өз көзін сүртті, - біз бақыттымыз... Сенің құшағыңда отырғанда әсіресе менен бақытты кім бар?

- Менің де бақытым сенімен бірге болғанда ғана...

- Ән қайта басталғанда Күлән күле кіріп келіп еді. Нұрия бұл жолы одан именбей, маған ығыса, қолтығыма кіре толқытты...

- Ән емес, зар ғой мыналарың? - деді Күлән біздің отырысымызды елемегенсіп. - Бұл ән зор апатты қырғын уақытында шығыпты ғой, жаман ырым бастамасаңдаршы!

Соны айта сала қатарымызға келіп отырып, өзі де «Елім-айға» қосыла кетті...

Осы күннің кешінде-ақ Кәмен кеудесі иіліп, маған жылы ұшырай қалды. Басқа сабақтастарға да жаутақ-жаутақ қарай береді. Хат қайсымызда екенін байқап, жең ұшымен ғана ала қоймақ тәрізді. Мені көп айналсоқтады. Кәменге арналған дағдылы салқын ғана салмағымды өзгертпей, жауабына ілмексіз жауап қайыра бердім. Қабағына қырау қатқандай ашулы көрінуді Ынтықбайға ғана тапсырғанмын.

Хатты ертеңіне таңертең соған ұстата қойдым.

- Міне, сілтейтін құрал, алдымен өзің жақсылап оқып шық!

Ынтықбай дәретханаға жүгірді де, күле жетті бір кезде. Жатахқана есігіне сүйеніп тұрған мені бері жүр дегендей қаға өтті.

- Табылыпты!

Ынтықбайдың жатын орнына екеуміз қатар сұладық.

- Ойпыр-ай, қайдан түсірдің мұны?- деп таңдана сұрады ол.

- Мұндай тыңшыға өшпенділік күшейгенде, оны соғатын тоқпақ бірден бірге жалғаса бермей ме? Менен алдым демейсің, қыздың өзі саған жіберген болады, жерлесің ғой. Кәмен соншалық қорлап, қорқытып некеленбек болған осы байқұс қызға жаны ашырлық туыс-қиыстардан кімдер бар мұнда?

- Мен ғой Нұрияшқа құдандалы келемін. Басқасынан Салық та жақынырақ... жақыннан-жаттан демей-ақ, жерлес сабақтастардың бәрінің де намысын қозғайды бұл хат. Қорқытуын былай қойып, үкіметі алдындағы қылмысын қарашы, өзі банды деп жау санап тұрып, тек Нұрия берілсе ғана сол жауына кепіл болып түрмеден шығармақ, өзі бірге кетпек, сол «банды» деп иянаттағандарына барып қосылмақ. Белсенді тыңшы болып жүрген адамның бұл сыры қожайыны алдында өзін құртатын факт қой. Жарадың кісім!... Ал, қалай бастайық?

Кәменді соғуға бұл хаттың ең тиімді желеу болатын жері осы еді. Ынтықбайға мұны қайталап түсіндіру керексіз болып шықты да, Кәменді дабырасыз соққылап, тиудың әдіс-амалын ғана ақылдастық...

Ертеңіне таңертеңгі тамақтан соң «керуен сарайымызға» кірген Кәменді Ынтықбай мен Салық қолынан тартып апарып қастарына отырғызды да, сыбыр-күбірмен тергей жөнелді. Хатты оқып берді. Басқамыз өзді-өз орнымызда, Кәменнің кіргенінен де, олардың сыбыр-күбірлерінен де бейхабарсып сабақ пысықтаумен оны талқылаумен дабырласа бердік. Кәмен жан-жағына қарап қойып жауап береді. Салық пен Ынтықбай екі бүйірінен түйіп-түйіп жібергенде жан-жағына бүкшие қарап қойып күбірлейді, жалынышты сияқты. «Сен соншалық қорлайтындай, ол иесіз қыз ба?» «Нұрияның өзі банды болып таудан ұсталды ма? Неге қорқытып көндірмек боласың оны?» дегендей күбірмен екеуі тағы да бүйірлеп жібергенде, Кәмен атып тұрмақ болып еді,  екеуі екі жағынан басып отырғызып, тағы бүйірледі. Іш баса мықшиып қалған Кәмен біраз үнсіздіктен соң: «оңашаға шығып сөйлесейік... кісілерім... сендерді разы етейін» деген сияқтанды. Ынтықбай орнынан тұрып күбірлей кіжінді енді.

- Бізге пара бермекпісің? Иә бізді де бандыға қосуға ертіп әкетпекпісің?... Мына көпшілік не көрмеді сенен, шыныңды айтпасаң, осы хатыңды бәріне оқып беремін!

Ынтықбайдың жауап күткен сұрағын Салық айқындап ұқтыра сұрады.

- Бандыға кепіл болып түрмеден шығаратындай, Үрімжіде тып-тыныш оқып жүрген қызымен қоса Оспанға жеткізіп салмақ болатындай не байланысың бар бандылармен? Айт соны!

Кәмен мен жаққа әрең бір қайрыла қарап қойып сыбырлады. Бұл кезде мен бір есеп жөнінде Тілеуқан қумен «айтысып» жатқанмын.

Басқа сабақтастар үшеуінің жанжалын енді естігенсіп үдере жетті қастарына.

- Не болды?...

- Не мәселе?...

- Не мәселе екенін оқып берейін, отырыңдар!- деді Ынтықбай тағы да күбірлей сөйлеп, жан қалтасынан пәле хатты суырып алды. - Нұриядан маған осы хат тапсырылғалы жарылып кете жаздап жүрмін, мына иттің қоршылығынан! Бүкіл керей аруағының намысын қоздырғандай!...

Түгелбай мен Серәлі елеңдегенси түрегеліп қастарына барып еді, Салық арланғанси тыжырынды:

- Ағайындар, сендер тыңдамай-ақ қойыңдар, бұл біздің өз арамыздағы ғана әңгіме!

- Ал онда тыңдамай-ақ қойдық!- деп қайтты екеуі, түкпір жақтағы бос орындарға барып қисайды.

Ынтықбай хатты оқып болысымен жерлестері жұтына түрегеліп, сыбай жөнелді Кәменді.

- «О, әкеңнің...», «о, өлгеніңді...», «о, азғын», «о, иттің күшігі».

- Енді қарындасымыз қалыпты ғой сен қорқытпаған!

- Жерлес мұғалімдерің де құйыршық болып кетті деп бәріміздің намысымызға тигенше өзіміз шағайық сирағыңды!

Осылай күркіреп ұмтылғандардың арт жағынан Шақан жолбарыстай атылып барып Кәменді бассалды. Кеудесінен тізерлеп-тізерлеп жіберіп, сирақтан сүйрей жөнелді.

- Басқаға шақтырғанша өзім-ақ шағайын!...

Аяқ пен жұдырық мықтап бірнеше тиген соң ғана арашалады Ынтықбай:

- Тоқтай тұрыңдар, кісілерім, қоя тұрыңдар!... Тоса тұрыңдаршы, әлгі сұраққа жауап берсін, мойындап тәубеге келсе, қаншалық ит болғанымен жерлесіміз ғой, кешірелік!

Жерлестер алғаш гулегеннен-ақ біз де енді байқағандай үдірейе қарасып қалғанбыз. Ынтықбай Кәменді орнынан тұрғызып, әлгі бір қорқынышты сұрағын қайтадан қойып еді, «Калаусы» күйген тарамыстай бүрісті, жауап қатпады.

- «Не болды?!» «не болды?» - десіп жөнін сұрауға сол кезде ғана кірістік біз.

- Ағайындар, бұл тіміскі ит тәубеге келсе, тып-тыныш өз ішімізде бітсін деген ойда едік, - деп Ынтықбай көпшілікке енді жариялауға кірісті. - Қылмыс фактысы қолымызда тұрса да, өз аузымен мойындар емес! Міне енді бәріңе оқып берейін, төрелігін айтыңдар!...

Хатты Ынтықбай дауыстай оқып болғанда, «найман» жақтағы бір-екеуінің әдейі дайындаған ажуалы күлкісі шыға қалып еді. Жерлестері Кәменді тағы да бассалып тепкілей жөнелді.

- «Бізді енді найманға масқаралаттың ба, иттің баласы!»- деп алғаш жұдырық салған біреуінің сөзінен басқа сөз толық ұғылмай араласып, сапырылысып кетті: арашаға түскен Қуат, Түгелбай, Серәлі төртеуімізден басқа сабақтастар түгелімен гуілдесіп, төпештеуге кірісіп еді. «Калаусы» арашашылардың бұттары арасынан жан-дәрмен төрт аяқтап өтіп, бұрыш жақтағы менің артыма келіп тығылды. Жұдырықтар енді менен аса жауды. Екі қолымды бірдей көтеріп, арашалағанси айғайладым.

- Тоқтатыңдар, сабақтастар, тоқтатыңдар!... Үй, мені ұрып жатырсыңдар ғой!... Қоя тұрыңдаршы аз уақытқа!...

- Шығып кет былай, Биғабіл!

- Кет былай, бер бізге!

- Бұған болысқанға рахым жоқ!

- Арашалама деймін, өзің де көргілікті көріп едің ғой бұл иттің «торапайынан»!

- Енді жаны аши қалуын бұл ынжықтың, әлі қорқасың ба осы бандыдан?!

- Үй, ұрмаңдар деймін, менің жазығым не?- деп ышқындым әдейі, - бір сөз тыңдаңдаршы, бір сөз ғана!

- Шық, былай, арашалама қарақшыны!

- Ой, ағайындар! Ой сауақдаштар!- деп бар дауыстан асыра айқайлады Түгелбай. - Ұрумен ешнәрсе бітпейді!

- Бітеді, бітпесе Катуфи1 бітеді, міне!... міне!

- Тоқтандаршы! Бұлай ұрып әуре болғанша біреуің ошы хатты апарып, тура Хугожынның өзіне тапсырып беріндер! Банды болғысы келсе шоның қолынан қашып көрсін қане!

Көпшілік ұруды тоқтатып, тына қалысты.

- Мұнан кейін тәубаға келмесе ұруларың қашпас, - дедім мен, - мынау хат сақшы басқармасына төте тапсырып беруге тиісті документ екен. Мұндай арам сыры бар қызметкерін мықтап ұстауды бізге қарағанда өздері жақсырақ біледі. Түгелбайдың пікірі дұрыс!

- Хатты тапсырып бермесең, мына ойы тұрғанда Калаусыларың қашпай қоймайды, шырақтар,- деп Қуат шықты. - Мұның өз туыстары да, қыздың туыстары да сол жақта ғой, қыз көнбесе сол жаққа өзі бұрынырақ қашып барып, қызды солардың күшімен апарып алудың қисынын ойлап жүргенін мен де естігенмін: бұл іште жүрген банды сол қыздың шешесі мен туыстарына бірнеше рет жасырын хат жазыпты. Қызды шешесінің қазір де хат жазып шақырып жатуына Кәменнің сол хаттары себеп болған сияқты. Солай ма, шырақтар?!

- Солай, дәл солай!- десіп Қуаттың анықтамасын Ынтықбайдың жерлестері бір ауыздан жақтады.

- Шырақтар, олай болса Кәменнің «өз қолымен жазылған бұл документке» өзіміз білетін осындай материалдарды тізіп, анықтама жазып қоса жіберелік!

Түтігіп тұрған Ынтықбайдан басқамыз осы пікірді түгел қуаттап, ду ете түстік.

Кәменнің ауылына хат жазып тұратындығынан және Нұрия шешесінен келген шұғыл хаттардан осы тұспалды қисындастырған мен едім. Кәменді мықтап қорқытудың материалына айналдырып, Қуатқа ұғындырып қойғанмын. Бұл сөз шыққанда Кәмен тіпті бүрісті. Ондай хат жазбадым дей алмады.

- Ей ит,- деді Ынтықбай, - қаншалық құтырғаныңмен жерлес күшік едік, қалауыңды әлде де бір беруді көпшіліктен сұрайын, тәубеге келесің бе, жоқ, әлде мына хатыңа өзіміз білетін бар материалды қосып жолдайық па?!

- Тәубесінің бізге керегі жоқ,- деп дуылдады сабақтастар, - Бұл жасырын банды, бізді бір шақса, екі тісін біз шағамыз да отырамыз!

- Маған өшігетін жөндерің бар,- деп тұқырды «Калаусы», - бірақ, жаман болсам да ұстаз қатарында жүрмін ғой, кешіріңдер! Хатты сыртқа шығармай өз қолыма беріңдер, жақсылыққа қарыздар болайын!

Шақан мен Салық екі жағына ыршып келе бассалып, жұдырықтай жөнелді.

- Құйрығыңды бізге де бұлаңдатып қатерден құтылып алмақсың ғой... Бұл сұмдығыңды білмейтін мақлұқ дейсің ғой! ... Ұстаздығыңды.. сенің... тісің таусылғанша шағатын жылан екеніңді... жылан екеніңді көріп болмадық па!.... «Жақсылығыңды кебін қыл өзіңе!... Жамандығыңды аяма, өтінбейміз сенен!

Түгелбай екеуміз ұрушы екеуін қапсыра құшақтап әрең ажыраттық:

- Кәменнің осы «Калаусылығы» тұрғанда ұруларың ешқайда кетпес,- дедім мен, - мұнан кейінгі «ұстаздығын» сынап көрмейсіңдер ме?... Ұстаз өз қолдарыңда екен ғой, Калаусы да өз қолдарыңда екенін білдіріп тұр. Артын күтейік! Егер қоймаса қолқасын үзетін материал менде де бар, қосып берейін.

- Хат менде тұрсын,- деді Түгелбай, - бұдан кейін қырын-пырын шығарса, көзін жарқ еткізіп Ху чужаңға өз қолұммен жеткізвін!...

Қортынды үкімді Ынтықбай шығарды.

- Мәлімдейтін материалды қазір-ақ толықтап жазып қоялық, жылан қымыр ете түскенде қиып түсетін болсын... Кет,- деді Кәменге, бар, шағып көр енді қане!...

 

Әділетті тергеушім, «мәселені принципке көтере» мың еселеп үлкейте көрсетіп құрту өнері жөнінен сіздердің шалымдарыңызға келмейтінім, талассыз шындық қой. Кәменнің өз қолымен жазылған хаттарынан қисыны бар ғана пәле тудырып, сол қалпында ғана көрсетуім, жартымды өнер болып сізді әсерлендіре алмайтыны хақ.

Ал, менің бұл тараудағы қылмысыма өткен тараудағыдай сол жақ қырыңызбен қарамайтындығыңыз да анық. Себебі, маған қылмысымды жаздырып отырғандағы мақсатыңыз, менен төңкерісшілдік іздеп тауып, силау үшін емес қой. Бұл тараудағы қылмысыма жоғарыдағы бірнеше тараудағыдай оң жақ қырыңызбен қарамайтындығыңыз да анық. Себебі, бұл тарауда менен шовинизмге қарсы тар ұлтшылдық көрінбей, яғни жартымды кері төңкерісшілдік табылмай қалатындығын білесіз. Сондықтан бұл тарауды, тек, қыртыс-қалтарысы мол ішіңізге бүгіп, заһарлы кислатаға айналдыратындығыңыз күмәнсіз. Себебі, шпионды ішінен мұжитын мендей сұмды жоғалтпай, жүрек тыншымас. Мөрті келсін-келмесін тәуекелмен жұтып кеп аларсыз-ақ. Сол мезетте асқазаныңызда ондай уытты кислата болмаса, лоблып-лоқсып, қылмысқа өзіңіз жүкті болатындығыңыз белгілі ғой. Бұл тараудағы қылмысымды әшкерелеу арқылы асқазаныңызды маған айдаһарша жұтындыратын тәбет қышқылын жасап бердім. Әйтеуір мені мылжаламай, бітеу жұта салғайсыздар!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


1 Наушы (ұйғырша) -  балуан, батыр.

1 «Калаусының» орнына әдейі аталған «Кәмен банды» деген сөз.

 

0 пікір