Жұма, 3 Мамыр 2024
Сұхбат 4353 0 пікір 7 Мамыр, 2021 сағат 12:50

«Жерді сату – мемлекетті, отанды сатумен бірдей»

Қазақ елі тәуелсіздік алғанан бастап кеткеніміз келіп, жоғалтқанымыз табылып, шет жұрттағы қандастарымыз көк тудың астына жиылатын мүмкіндікке де ие болды. Олармен бірге шет ел қазақ әдебиеті мен мәдениеті де жылға-жылғадан аққан бұлақтай арнасына келіп құйылуда. Бұл үрдіс әлі толастаған емес, толастамайды да... Осы ұлы көштің алғашқыларының бірі болып, Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысы Оқу-ағарту мекемесінің кеңсесін басқарған, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, Сламқат Сейтхамызұлы да бар-тұғын.

- Сламқат аға, әңгімені туған жеріңізден бастасаңыз?

- Мен өр Алтайдың Қаба ауданыны, Алқабек ауылында туылып, сонда өстім. Бастауышты ауылда, орталауды аудан орталығында оқып, кейін толық ортаны Алтай қаласынан бітірдім.

- Алғашқы өлеңіңізді қай кезде жазғаныңыз есіңізде ме?

- Мектеп табалдырығын аттаған кезімнен бастап «Іле өрендері» деген газетпен таныстым. Бұл – Қытай қазақ балаларына арналған жалғыз басылым болатын. Газетте жаряланған өлең-әңгіме, ертегілерді оқып жүріп, менің ақындық шабытым ояна бастады. Алғаш жазған «Отан» деген өлеңімді қазақ тіл-әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімдерім Сейітхан Қалиұлы, Көкенбай Нұрғалиұлы (екеуі де үлкен ақын еді) көріп: «Мынауың көрім өлең ғой» деп «Іле өрендеріне» жіберіп, бастырды. Өз өлеңімді газеттен көрген менің қуанышымды шек болған жоқ. Оны сөбен айтып жеткізе алмаспын...

Сол боз балалық шағым есіме түсіп 1990-шы жылы жазған бір өлеңімде:

Мен де ел махаббаты ерте оянған,

Он бір жаста «Отан» деп өлең жазғам.

Отаншылдық қастерлі ұлы сезім,

Басталады алдымен өз қораңнан – дептім.

- Алтай қалалық орта мектепте оқыған шақтарыңыз туралы айта кетсеңіз? 

- Алтай қаласы солкездегі қазақ балалары үшін мәдениеттің, білімнің бесігі болды. Қазақстан ақын-жазушыларының кітабын оқу мүмкіндігіне ие болдық. Сапиолла Баяндыұлы, Қалибек Манапұлы, Қабыл Ыбырайұлы, Қызырбек Оралұлы, Тәупиқ секілді ақын-жазушы, жоғары білімді, білікті, пейілді ұстаздардан білім алдық. Оларға қарап бой да, ой да түзедік. Сонда Сапиолла ұстазыма былай өлең арнап едім:

Араласаң әр шепті, әр саланы,

Шәкірттерің шат болып қарсы алады.

Қарағайдай қасқайды қиындыққа,

Сен суарған ғылымның майсалары.

 

Мен де соның жалғызтал өркенімін,

Сені көрсем қозады еркелігім.

Ақылыңды аямай тұрсың айтып,

Жолын нұсқап тағы да ертеңімнің.

 

Келді ғой деп күйініп малшы ауылдан,

Мейірлене сипадың маңдайымнан.

Жүрегіңнің ұялап түкпіріне,

Тамылжыған бал сордым таңдайыңнан.

 

Ұстаз, сөзің тұр сайрап көңілімде,

Азық болды рухың өміріме.

Өз ойыңды қанат қып арманыма,

Самғай берем ғылымның биігіне.

Кейін өкінішке орай, «Мәдениет төңкерісі» берекемізді қашырды. Жоғары оқу орнына түсу былай тұрсын, орта метепті зорға бітіріп ауылға тарттық.

- «Мәдениет төңкерісі» деп жүргені, «Мәдениетсіз төңкеріске» айналды демекшісіз ғой? 

- Дұрыс айтасың. Қытайдың «Мәдениет төңкерісі» дегені «Мәдениетсіз төңкеріске» айналып кетті. «Қате идеяларды жойып, улы шөптерді жұлу керек. Шалбардың ышқырында таптық күрес бар» деген ұранмен небір мәдени мұраларымыз өртеніп, жәдігерлеріміз қыйратылды. Көптеген мұғалімдер мен зиялылар «Сасық зиялы» деген жаламен жазаланды. Ұрып-соққанға, қудалауға шыдамағандар өзіне өзі қол салды. Сол саяси науқанның қармағына ең алдымен Тәупиқ ұстазым ілінді. Мен «Тұғырдағы бүркіт» (1970 жыл) деген өлеңімді сол кісіге арнаған едім:

Тас түлек жылжи алмай тұғырынан,

Шеңбектеп ұстап отыр қу томардан.

Қор болып қомданады қос қанатын,

Құса боп қарай алмай томағадан.

Жалпы осы төңкерістен кейін Қытай Оқу-ағартуы мен мәдениеті қүйреп кетті. Өйткені жоғары оқу орындарының студенттері науқаншыл болды. Төраға Мау-ды көреміз деп біразы жаяулатып Бейжіңге аттанды. Ондай білімнен не қайыр, не береке бар дейсің.

- Сіз де сол науқаншылардың қатарын табылған жоқсыз ба?

- Ондайға қалай дәтің барады. Ауылға барып қара жұмысқа жегілдік. Ақындардың өлеңдерін өртегенін өз көзіммен көрген мен «Өртелген өлеңді жоқтау» деген өлең жазып, өз зарымды былай төккен едім:

Балам отта жатқандай шыр-шыр етіп,

Тұла бойым түршікті дір-дір етіп.

Қайран өлең, туған ең жүрегімнен,

Күл боп кеттің-ау, қуғын жетіп.

 

Құлап түстім талықсып отқа барып,

Көсеу қылдым қолымды шоққа қарып.

Қоштасқанда өлеңмен күлге айналған,

Қан аралас көз жасы тамды барып.

 

Күрсіндім де тістеніп кеттім жүріп,

Жан төзгісіз жәбірді жалғыз ұғып.

Келе жатты оралып аузыма

Ауыр ойдан тағы да өлең туып.

«Мәдениет төңкерісі» мұғалімдердің көбін қуғынға ұшыратқандықтан мектептерде мұғалім жетіспеушілік болды. 1973 жылы біз құралпас жастарды Алтай педагогикалық техникумының жедел мұғалім тәрбиелеу курсында жіберіп 9 ай тәрбиеліп, одан соң ауыл-ауылға бөлді. Мен Қаба ауданы Сарыбұлақ орта мектебіне мұғалім болып орналастым. Кейін саясат оңалып, сабасына түскен соң Қытай Оқу-ағарту министрлігінің «Мектеп мұғалімдерінің білімін толықтыру керек» деген қаулысының көмегімен, екінші қарарда 1983 жылы Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық институтының әдебиет факультетінде екі жыл білімімді жетілдірдім. 1985 жылы аталмыш оқу орнын бітіргеннен кейін, Іле қазақ автономиялы облыстық Оқу-ағарту мекемесінің кеңсе меңгерушісі болып тағайндалдым. Арада бір мезгіл «Іле ағартуы» журналына бас редактор болып жұмыс жасадым.

- Демек, сіз Қытайдың Оқу-ағарту жүйесін жақсы білесіз, біздің елдің білім жүйесімен салыстыра кетсеңіз?

- 1978 жылы реформатор, кемел саясаткер Дың Шаупың билігі орнағаннан кейін Қытай оқу-ағартуында қатаң да қатал реформа жүзгізілді. «Білім – өндіргіш күш»,  «Білімі жоқ елдің болашағы жоқ» деп бүкіл Қытайға үндеу тастаған Дың Шаупың мырзы он жылдың ішінде Қытай оқу-ағартуын өте сапаландырып жіберді. Ең бастысы мұғалімдердің мәртебесін жоғары көтерді және сапаландырды. Қытайдағы мемлекеттік қызметкерлердің ішінде мұғалімдердің еңбекақысы ең жоғары. Мәселен, бастауыш мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орнындағы профессорлердің жалақысы теңестірілді. Білім күшейген соң ғылым-техника дамыды, өндіріс ілгері басты. Халықтың әлеуметтік, экономикалық әл-ауқаты көтерілді.

Ал енді Қазақстанның оқу-ағартуын Қытаймен салыстыруға келмейді. Қазақстанның білім жүйесіне өте қатаң да, жүйелі реформа керек деп санаймын. Қазіргі мектептердің тірлігін мақтап жүрміз, ал Қытаймен салыстыруға мүлде келмейді. Осы жүріспен жүрсек, біз өрениетті елдердің қатарынан ешқашан көріне алмаспыз...

- Сіздің алғашқы жазған өлеңдеріңізді оқып отырсам көбінесе қоғамдағы әлеуметтік мәселе мен қилы-қилы ауыр тағдыр сөз болады екен. Мұның себебі неде?

- Мен 1970 жылдардан бастап өлең жазуға шындап кірістім. Әсіресе өмір шындығын бейнелеуге тырыстым. Өйткені сол қоғам, сол заман мен үшін, менің замандастарым үшін өте ауыр болды. Ел ылғи қозғалыс пен қудалаудан көз ашпады. Өзімнің тағдырымнан алғанда мен бала болып ойнап, бала болып күлген емеспін. Отбасымыздағы жоқшылық, қиыншылық, ауыр тұрмыс мені ерте есейтті. Кеңестер одағының байларды жаныштау кезінде менің әкем Шығыс Қазақстаннан 9 жасында Қытай жеріне ауып барған екен. Ол жаққа барғанда да жағдайы мәз болмаған көрінеді. Біз балалық пен көбін білмедік. Осы күні ойласам, бастан өткен кешірмелері, тағдырлары өте қиын болыпты. Содан мен ес білгенен бастап әкеме қолқанат бола бастадым. Демек, ауыр жұмысқа бала кезімнен жегілдім. Мұның бәрі балалық жүрегіме таңба болып басылды. Осындай қоғамдық өмір менің сен айтқан тақырыптарда өлең жазуыма себепші болды деп ойлаймын.

- Сіздің әулетте сізден басқа ақындар болған ба?

- Менің анам негізінен ақын болған. Ал өзімнің арғы аталарымда ақындық өнерден құралақан болмаған. Әсіресе, жақсы ұстаздан білім алуым, жақсы адамдармен араласуым және жақсы отбасы тәрбиесінің болуы менің қалам ұстауыма, ақындық жолына түсуіме бірден бір себеп болды ғой деп ойлаймын.

- Сламхат аға, сізді Қытайдағы әйгілі аудармашы, танымал зерттеуші марқұм Әзімхан Тышанұлымен ауылдас дейді, бұл рас па?

- Ол рас, мен Әзімхан ағаны бала күнімнен білемін, атын естіп өстік. Менің білуімше Әзімхан аға 1929 жылы туған, сауатын туған ауылынан ашып, түлеп ұшқан ол 1949 жылы Үрімжідегі тіл мектебіне оқуға түседі. Оны оқып бітіргеннен кейін, қоғамдық қызметке араласады. Алғашқы қызметін Алтай аймағынан бастайды. Ол 1953 жылы Домай деген кісілермен бірге сотталып, Домай Алтайда атылып кетеді де, ал Әзімхан Бурылтоғайдағы еңбекпен тәрбиелеу лагерінде ұзақ жылдар болады.

- Ол кісі не себептен сотталды екен?

- Әзімхан өте ауқатты байдың баласы болды, жастайынан өнер-білімге құмар болып өседі. Қытайдың ескі жазуы мен ескі тіліне өте жеттік адам екен. Оны жаңа коммунистик партияға қарсы топтың қатарында болды, Жапон жансызы деген секілді жаламен тұтқындайды. Кейін ол лагерден босап шыққаннан кейін қызметтің қажетімен 1976 жылы Шыңжаң халық баспасына ауысып келіп. редактор, аудармашы болып жұмыс жасайды. Ол әлем әдебиетінің классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып жариялау мақсатында «Көкжиек» деген журналды өзі мұрындық болып шығарады.

Әзімхан аға қытайдың ежелгі тілін өте жақсы меңгерген адам еді. Ол қытайдың классик әдебиетіндегі таңдаулы шығармалардан: «Үш патшалық қисасы», «Таң дәуірінің өлеңдері», «Су бойында», «Қызыл сарай түсі», «Қытайдың ертедегі әденбиеті» сияқты шығармалармен қоса «Жаң Чиян жөніндегі әңгімелер», Лу Шұнның «Торғын күндік» қатарлы көптеген әдеби шығармаларды, Сұң дәуірінің терме өлеңдері мен шалқымаларын, сондай-ақ шетел жазушыларының  таңдамалары әңгімелері жинағы «Әр ел ауаны» мен «Арбат көшесінің ұл-қыздары», Тайуан жазушысы Чиоң Яудың «Мұнарлы жаңбыр» қатарлы толып жатқан шығармаларды қазақша сөйлетеді. Менің бұл ағам прозаны аударғанда прозик, поэзияны аударғанда ақын болып кететін осындай тамаша жан еді.

Әдебиет танушы, зерттеуші Ә.Тышанұлы «Қазақ поэзиясының қара шаңырағы», «Қара өлеңнің елегі», «Қара өлеңнің табиғаты», «Қазақтың айтыс өнері туралы», «Ғасырлар қатпарынан қылаңдаған көк бөрі», «Ескіден қалған бір тұяқ», «Халық дүниесіне қатты абай болғанымыз жөн» қатарлы қарымды да, сүбелі мақаласы мен «Әдебиет сыр шертеді» кітабы көпшілікті, халқымыздың қара өлеңін, айтыс өнерін, көкбөрі төтемін басқа қырынан тануға және әдебиетті кеңінен зерттеуге шақырады. Халқымыздың рухани асыл қазынасын, тілі мен әдебиетін қорғау үшін, оған адал болу үшін торғайдай шырылдап жүріп өмірден өтті.

Қытай жазушылар одағының мүшесі, Шыңжаң аудармашылар қоғамының мүшесі, тұрақты жорасы, тете аға редактор болған Әзімхан Тышанұлы саналы да, санаулы ғұмырында туған халқының баспасөз саласына арнап көз майын тауысып, жүрек қанын түгел сарқыған ардақты тұлға. Ол өзі аударған, өзі жазған еңбектерінен сырт жүздеген кітаптың редакциясын қарап, баспадан шығуға бекіткен адам.

- Қазақстан тәуелсіздік алғанан кейін алғашқылардың бірі болып елге оралыпсыз. Жайлы орын мен әжептәуір мәнсапты қалай қиып кеттіңіз?

- Бірінші себеп, Қазақстан қазақтың тәуелсіз отаны болды. Екінші себеп, Қазақ елі біздің атамекеніміз. Шығыс Қазақстанның Марқакөл деген жерінде менің ата-бабамның басы жатыр. Құмырысқа бидің, Түркімен, Сандық, Байғабыл, Жарболды деген аталарымыздың сүйегі сонда. Біздің әулет 1929 жылы ғана Қытайға қарай өткен. Әкем: «Екі тау қосылмаса да, екі ел қосылады». Біз ұрпағымызды аман алып қалу үшін, Қытайға амалсыз аудық!» – деп ылғи айтып отыратын.  Қазақстан тәуелсіздік алғанда әкем тірі болатын. Қан қысымнан жығылып, жүре алмай жатқанда ауылға барсам, әкем: «Мен мына жағдаймен атамекеніме бара алмаспын, «Есің бар да еліңді тап» деген атамыз қазақ. Қазақ елі өз алдына мемлекет болды, мүмкін болса отбасыңды алып, бауырларыңды ертіп елге алдымен тарт. Кішкене мәнсапқа алданып жүре бер ме?!» – деді. Әкемнің сол сөзі маған қамшы болды, білем. Оның үстіне жұбаймда Қытайға ауған босқын қазақтың қызы еді. Екеуіміздің де атажұртқа ерте кетуге мүдделі, ынталы болдық. Өзің айтқандай Қытайда жайлы тұрмыс, кішігірім мәнсап болды. Бәрін тастап атажұрқа бет бұрғандардың бірі болғаным содан. Сонда былай өлеңдеткен екенмін:

Армысың, атажұртым, қара мекен,

Емейін омырауыңды балаң екем.

Тұрғанда өз Отаным, өз Қазағым,

Жат жерде басым неге қалады екен?!

 

Жоқ менің саған қояр еш талабым,

Кетпесем қартаямын, кеш қаламын.

Кетейін өз еліме көңілім хош,

Егер де өкпең болса, кеш, қарағым!

- Қазақстандағы шығармашылық адамдармен байланысыңыз бар ма?

- Мен шығармашылық адамдармен қарым-қатнаста болғаным жоқ. Бірақ жиын-тойда кездесіп қалсақ аман-сәлеміміз дұрыс, Мен елге оралғаннан кейін отбасын асырау, бала-шағаны оқыту секілді күйкі тірліктер қазақстандық қаламгерлермен қойын-қолтық араласып кетуге жар бермеді. Бірақ қолым қалт етсе болды қалам алып өлеңімді жазып жүрдім. Кейде көбірек жаздым, кейде азырақ жаздым дегендей. Оның бәрі ақынның көңіл-күйі мен шабытына байланысты ғой.

- Өткен жылы сіздің «Алынбаған құн немесе қайтпаған кек» деген поэмаңыз «Жұлдыз» журналынының тамыз айындағығы нөміріне жарияланды. Бұл поэма оқырмандарын бей-жай қалдырған жоқ. Осының тарихи артқы көрінісін айта кетсеңіз?

- Менің Өміш Өрлібайұлы деген батыр атам болған еді. 1933 жылы Шыңжаңда билік жүргізген Жың Шурын өкіметінің Қабадағы шекара күзететін 30-ға тарта әскері болған. Олар жергілікті халыққа алман-салық салып, атын, малын тартып алып, қыз-келіншектерге қырындап, керек болса зорлап, тізесін батырып әбден қорлайды. «Қоянды қамыс өлтіреді, Ерді намыс өлтіреді» демекші, Өміш батыр бұларға қарсы әрекет жасайды.  Бірнеше рет олармен бетпе-бет келіп атысқан-соғысқан. Бірақ әскердің аты әскер, оларға күш бермейді. Бұл іс өрши түспесе, басылмайды. Содан барып Өміш елді аттанысқа келтіріп, Жыңпаңды бір түнде өртеп-жою жоспарын жасайды. Өкінішке орай, ішінен жансыз шығып, бұл жоспарды әшкерілеп қояды.  Мұны білген шекара әскерлері Өміш жатқан жерді қоршауға алады. Өміш бастаған топ олармен атысып, алтауын атып өлтіреді. Бірақ Өміштің аяғына оқ тиіп, оғы таусылып, кешке жақын қолға түседі. Мадарын деген әскер бастығы Өміштің басын Аютабы деген жердегі ағаштың басына іліп қояды. Мақсаты – халықты үрейлендіру, қорқыту-үркіту еді. Ол және Өміштің жүрегін шарапқа басып, арағын ішкен. Осы оқиғаның бәрі менің жүрегіме беріш болып қадалып жүрді. Өйткені, Жын Шурын билеген Шыңжаң өкіметін әділ болды, аз ұлттарға қорған болды деп ешкім де айта алмайды. Сонымен осы оқиғаның желісімен 1993 жылы осы поэма жазғам.

- Биыл жыл басынан бері елімізде жерді сату, жалға беру туралы мәселе біраз әңгіме болғанын білесіз. Осы туралы сіздің пікіріңіз қалай?

- Жерсіз мемлекет, жерсіз отан болмайды. Егер біз жерсіз халық болсақ, басқа жақтан босып келген кірме халық болсақ, мына көк туы желбіреген тәуелсіз Қазақстан да болмас еді. Сол үшін біз осы ұланғайыр жерге ие болып келеген ата-бабамызға, олардың әруағын қоршап, қорғап келген Тәңірге шексіз алғыс айтуымыз керек. Сондықтан жерді сатуға болмайды, жерді  сату мемлекетті, отанды сатумен бірдей. Өкінішке орай, біз бодан халық болғанымызды жоққа шығара алмаймыз. Осының зардабынан болар, біз әлі де өзімізді екінші орындағы халық санап келеміз. Соларға жалтақтап, соған қарап бой түзеп келеміз, бұлай болмайды ғой?! Жерді жалға беруге де болмайды, шаруақожалығы деп анаған да, мынаған да көптен беруге де болмайды. Мұндай жер бөлісі дұрыс емес.

Менің ойымша Қазақстанда жер реформасы өте қате жүрілді. Мен мұны салыстырмалы түрде айтып отырмын, мәселен, Қытай елінде шаруақожалығы, ұжым деген болған жоқ. Бір ауылда қанша отбасы, қанша жан саны болса соған қарай егістік жерін, жайылым, көктеу, күздеу, қыстау және жайлаулық жерін теңдей бөліп берді. Бірақ басы бүтін бөліп берген жоқ, жердің иесі басқа емес мемлекетің өзі. Қытайда «жерсіз қалдық» деген халықты көрмейсің, басқа саяси, ұлттық проблемалар болмаса. Ал жердің өніміне мемлекет біртұтас баға белгілейді де, егін басынан сатып алады, Өйткені, мемлекет көктемде «сен биыл қандай егін егесің, қанша өнім ала аласың» деп дихандармен келісімшартқа отырады. Өндірген өнімімді қайда апарып өткіземін, қайда апарып сатамын деген бас ауру дихандарда болмайды.

Жерді ешқашан тауарға айналдыруға болмайды, өйткені мемлекет сенің қаласан кезіңде сата салатын тауар емес. Сондықтан «жерді сатам, жерді жалға берем, сол арқылы елдің еңсесін көтерем» деген ойдан арылу керек. Жерді сату, жеке меншікке беру басқа жолмен отар елге айналдыруға алып келеді. Өйткені, біз аз халықпыз, әлсіз елміз. Естуімізше билік жағалағандар жердің көбін иелеп алған көрінеді, бұлай болмайды ғой. «Жау жоқ деме, жар астында...» демекші, ертең жау шапса, ел соның жерін қорғау үшін соғыса ма, біреудің жері үшін ешкім жанын босқа қимайды?! Сондықтан билікте жүргендер мұны кең ауқыммен ойлап, бізден гөрі мемлекетшіл, бізден гөрі отаншыл болып, оны халыққа, жастарға үгіттеу керек деп ойлаймын. Жердің игілігін халқың көруі керек, ал өлсең жеріңнің қойнында алаңсыз жатуың керек. Менің 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғанда жазған бір өлеңім бар:

Бізді өзгелер байлығы мол ел дейді,

Жеріміз де, көңілімізде де кең  мейлі.

Атом бомбы жасау оңай дегенмен,

Тырнақтай жер жасау қолдан келмейді.

 

Ата-бабам берген жерді еншіге,

Көрінгенге кесіп беріп кеңсі ме?!

Қазақ үшін жаратылған жәннат бұл,

Енді осыны меңгеретін ер – тіле!

- Айтпақшы, «Ақжайқыныңыз» құтты болсын! Алдағы шығармашылық жоспарыңыз туралы айта кетсеңіз?

- Рақмет! Сол «Ақжайқынның» басылып шығуына «Мерей» баспасының директоры, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Ғалым Қалибекұлы себепші болды. Ол маған хабарласып: «Аға, жақсы ақын едіңіз, өлеңдеріңізді жинастырсаңызшы, кітап қып шығарайық» деген соң, жинап-терсем қалың бір кітап болыпты. Маған осы идеяны айтқан Ғалым ініме және кітаптың жарыққа шығуына қол ұшын берген басқа да азаматтарға алғысым шексіз.

- «Ақжайқын» қай жылы жарық көрді?

- 2013 жылы басылды.

- Қазір немен айналысып жатырсыз?  

- Мен Қытайда жүргенде очерктер мен мақалаларды да көп жазған едім. Оның сыртында прозалық шығармаларым да жоқ емес. Енді көрген-білгендерім мен ойға түйгендерімді қағазға түсірдім. Осылардың бәрінің басын қосып бір-екі кітап шығарсам ба деген ойдамын. Егер құдай қуат беріп, осы мақсатым іске асып жатса, бұл еңбектерім де халық игілігіне жарап қалар.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 569
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 294
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 316
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 328