Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2577 0 пікір 24 Сәуір, 2012 сағат 06:26

Ашық хат: Қазақ сұраусыз халық емес!

 

ҚР Әділет Министрі

Б.М.Имашев мырзаға

Ашық хат

Құрметті Берік Мәжитұлы мырза!

 

ҚР Әділет Министрі

Б.М.Имашев мырзаға

Ашық хат

Құрметті Берік Мәжитұлы мырза!

Сіздің министрлік Қазақстандағы адамдарды сәйкестендіретін (идентификациялайтын) бірден бір мемлекеттік орган болғандықтан, қазақтардың аты-жөнінің рәсімделуіне лингвистикалық жағынан болмаса да рухани бірден бір жауапты болып табылады. Әрине, Сіздің министрлік міндетіне қазақтардың аты-жөндерін дұрыс жазу кірмесе де, бұл мемлекет ең әуелі «қазақ» дейтін ұлттың болғандығынан құрылған ел екенін ескеру барынша моральдық-нормативтік құқық болуы керек еді. Алайда, Сіз әлемдегі екі жүзге тарта мемлекеті бар этностың біріне жататын қазақ ұлтының бүгінгі аса күрделі жағдайдағы оним мәселесінен беймәлім болсаңыз да, қазақтекті адам ретінде Сізді бұл жағдай алаңдатуы тиіс. Шындығында, бұл мәселе қазақ ортасында әбден жауыр болған жайт. Егер Сіз бұл мәселеден хабардар болсаңыз, онда кейбір қазақша есімнің немесе тектің кемінде жиырма түрлі бұрмаланып, орыс тіліндегі төлқұжаттарға түсіп, қор болып отырғанына назар аударған болар едіңіз, тіл мамандарының дауысы құлағыңызға жеткен болар еді. Мәселе - Сіздің министрлік пен Мәденгиет және ақпарат министрлігінің бірігіп шешуі тиісті қордаланған жайт. Өкінішке орай, 20 жыл бұрын өз мемлекетін құрған қазақтар өз есімдерін жазу үшін өгейтілді делдал етіп келе жатқаны министр Имашевты ғана емес, қазақ Берік мырзаны да ойландыруы керек.

Әрине, әрбір баланың, азаматтың аты-жөнінде Сіздің министр ретінде шаруаңыз болмауы мүмкін және ол әркімнің жеке құқығы да, шаруасы да. Алайда, өзінің тәуелсіз елінде өмір сүріп, аты-жөнін ана тілінде рәсімдей алмай отырған қазақ деген халықтың барынан хабардар болу - Сіздің азаматтық парызыңыз ғана емес, мемлекетке мәйек болып отырған қазақ ұлтының алдындағы міндетіңіз болар еді.

Сіз басқарып отырған министрліктің бүгінгі қызмет дәстүрі бойынша, Қазақстан азаматтары өздері жалынып-жалпайып болмаса талап етпейінше, мемлекеттік тілдегі куәлік пен төлқұжат алу мүмкін емес, есесіне Ресейдің мемлекеттік тіліндегі және орыс дәстүріне негізделген аты-жөнді арқалау қазақтардың заңдалған сыбағасы іспетті. Сонда мемлекеттік тілде құжатын рәсімдей алмайтын адам өзін қай елдің азаматы сезінуі керек деп ойлайсыз? Ал, Сіз азаматтарын өгей дәстүрмен рәсімдейтін орган басшысы бола тұрып, өзіңізді қай елдің министрі сезінесіз?

Сіздің ойыңызша, орыс үлгісіндегі аты-жөннен ажырамау - қазақтың маңдайына жазылған заң ба, әлде күнәһарлық белгісі ме? Әлде одан ажырау үшін арнайы қағаз бен әдейі өтініш жазу процедурасы қасиетті шара ма? Тәуелсіздігіне жиырма жыл толған ұлттың құлдық белгісіндей «ов» пен «ичтен» ажырау соншалықты қауіпті ме? Нормативтік-құқықтық жағдай көтермесе, Сіздің министрлік неге бастама жасап, өз міндетін атқармайды? Елдегі азаматтардың сексен пайызы түркітекті жандар бола тұрып, славянтекті ониммен рәсімделу қандай ырым, қандай акт? Бір елдің азаматтары ала-құла тілде неге рәсімделеді? 2006 жылы мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов бастаған депутаттардың сұранысы бойынша мемлекеттік тілдің мәртебесін қараған Конституциялық кеңестің түсіндірмесіне қарағанда, елдегі барлық іс жүргізімнің мемлекеттік тілде жүруі міндетті екен, ал басқа этнос тілдері ресми түрде қосымша қолданылуы ықтимал. Ендеше әр азаматтың жеке куәлігінің мемлекеттік тілде толтырылуы неге жүзеге аспай отыр? Мемлекеттік тілдің құзырын неге кейбір ресми тілдер атқарып кетіп отыр?

Министр мырза!

Аталмыш мәселе, атүсті қарайтындай ұсақ-түйек нәрсе емес, тіпті, заңнан тыс та жайт емес! Қазақстандық куәлік пен төлқұжатта барлық азаматтардың аты-жөндері әуелі мемлекеттік тілде рәсімделіп, қосымша орыс және ағылшын тілдерінде транскрипциялануы мүмкін! Елдегі барлық актлер ең әуелі мемлекеттік тілде рәсімделуі тиіс екендігін жақсы білесіз, бірақ бұл жайт бойынша қордаланған мәселені қарастырмау - мемлекеттік мүддені аяқасты ету емес пе?! Қазақ атынан министр болып отырған Сізге ешқандай қатысы жоқ па? Сіздің министрлік неге қоғамдық элита мен тіл мамандарын қатыстырып, мәселені қолға алмайды?

Қоя берсек, сауал көп. Бірақ қазақ деген сұраусыз халық та жоқ екенін Сіз де ескеруіңіз керек.

«ЕЛ» алқасы

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1194
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1087
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 825
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 958