Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3342 0 пікір 4 Шілде, 2009 сағат 12:11

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА. Жәркеннің жырлары

 

Жәркен Бөдешұлы - философ ақын. Әр өлеңі ойшылдықтың тұңғиығына батырып, нәзіктіктің күміс сәулесіне малынып тұрады. Мифтік көркемдік тән жырлардың бұла табиғаты жыраулық нышанды жадыға оралтады. «Садағын сағымға ілдірген» - деген көне поэзияның теңдесі жоқ тылсым құдіреті Жәркен ақынның өлеңдерін оқып отырғанда елес беретін тәрізді. Тереңдік батпандықтан аман, қаз қауырсынындай таңғажайып сырмен беріледі. Расында шағын өлеңге ақын күллі адамзат тарихын сыйдыруға шебер. «Аңшы» атты өлеңнің басы:

Күңірентіп ұларлы тау шатқалын,

Атып жатыр...

Жығып жатыр атқанын...

Сезбей қалды қызық қуған сұр мерген -

Күзгі күннің қанжоса боп батқанын.

Аңшылық - адамзат тіршілігінің бастауы, алғашқы жабайы кезеңнен күні бүгінге шейін маңызын жоймаған фактор. Адамзат эволюциялық дамудан соң ұлт пен ұлысқа бөлінді, санасы өсті.

Ойланып тұр Қарт аңшы,

киікті емес -

Күнді атып алғандай...

 

Жәркен Бөдешұлы - философ ақын. Әр өлеңі ойшылдықтың тұңғиығына батырып, нәзіктіктің күміс сәулесіне малынып тұрады. Мифтік көркемдік тән жырлардың бұла табиғаты жыраулық нышанды жадыға оралтады. «Садағын сағымға ілдірген» - деген көне поэзияның теңдесі жоқ тылсым құдіреті Жәркен ақынның өлеңдерін оқып отырғанда елес беретін тәрізді. Тереңдік батпандықтан аман, қаз қауырсынындай таңғажайып сырмен беріледі. Расында шағын өлеңге ақын күллі адамзат тарихын сыйдыруға шебер. «Аңшы» атты өлеңнің басы:

Күңірентіп ұларлы тау шатқалын,

Атып жатыр...

Жығып жатыр атқанын...

Сезбей қалды қызық қуған сұр мерген -

Күзгі күннің қанжоса боп батқанын.

Аңшылық - адамзат тіршілігінің бастауы, алғашқы жабайы кезеңнен күні бүгінге шейін маңызын жоймаған фактор. Адамзат эволюциялық дамудан соң ұлт пен ұлысқа бөлінді, санасы өсті.

Ойланып тұр Қарт аңшы,

киікті емес -

Күнді атып алғандай...

Өлеңнің соңы обал мен сауап қазаққа тән ұғым екенін айғақтайды. Топан судан соңғы адам философиясы осылайша мифологиялық жойқын қуатпен беріледі. Эллинизмде метаморфозалар сұлулыққа еш нұқсан келтірмейтін. Күнді атып алғандай күй кешу кейіпкердің ұлылығын дәріптейді. Ол - Адам. Сағымға садағын ілдірген мифтік қаһарманмен Аңшы иық тірестіріп, теңесетіні ғажап.

Ақынның «Құбылыс» атты жинағынан алынған өлеңдерінде аллашылдық тағзым ә дегеннен сыйынтады. Биік сана билесе жүрек имандылықты таңдайды. Мұсылманшылық парызы намаз оқуды суреттеу арқылы ой түйген Ақынға «Иілу мен шалқаюдан тұратын / Жаса, менің иман жүзді мұратым» деп ағынан жарылу қандай жарасады!

Себебі ақын шын мойындайды:

Шайтанға иман жүрек жүгінбейді!

Ұлттық болмысы Жәркен ақынға үнді пілінің кейпінен қазақы түпнұсқаны көруге ұмсынтады. Жамбылдың пірі Сүйінбай жыраудай төгілте термелеу пілдің монологы емес, рух даусы.

Мұхаммед пайғамбар мінген түйені

Жалғыз өркешті киені -

Жаным сүйеді.

Арабтың түйесі бір өркешті. Ислам өркениеті көш керуенмен таралды. «Қазақ хайуанаттар саябағындағы үнді пілінің ақ өлеңі» деп аталған жырда автор алып жануардың маңғаз пішінінен киіз үйдің моделін көріп сүйінеді.   Этнографиялық суреттеу арқылы тауарих дарияға сүңгіп шығып, сөз соңын батамен аяқтайды. Бұл расы көк байрақты тәуелсіздікке тағзым, экзотикалық тілді өзіне икемдеп алудың сыры сонда.

Ол - баталы құл арымасын жадына терең түйген қазақ баласы.

Қазақы мақамдарға құлап түседі. Есте жоқ ескі заман романтикасын Асан Қайғы бабасындай тауып ала қояды.

Қонған жері құт болмақ,

Құтты ырысын жұрт қорғап.

Шөмішім майға шашалып,

Қасығым балға маталып.

Қазаным толы сүт болмақ.

«Он бір өрім».

Бұл - бата. Батаны қазақ сүйді, әлі де сүйеді. Ақынның дуалы аузымен айтыла бермек. Бағзы қазақтық сарындар мол. Ақын бақсылықтан да шет емес. Омартада балға саусағын малып отырғанда жылан шақты.

Жөн көрдім өзімді-өзім ұшықтауды.

Ақын жүректі әрне тітіретіп, шұбар жыландай оратыла бергіш. Бақсылық ақындыққа сұрқия-сұмдардан, дұшпан пиғыл арамза жауыздықтан қорғану үшін керек екен. Әйтпесе, айнала торыған жамандыққа шыдас беру қиын. «Ұшықтау ойда бар еді, Сүйелді жырмен дуалап» дейді тағы бірде ақын шерді қуып.

Теңіз кештім,

Көл кештім.

Бірақ мен шөлде өстім.

Сүт ішіп марқайдым,

Қан жұтып өлмеспін.

Ақ пен қараның кезек айналып соғуынан өмір озады. Адалдық пен Арамдық текетірестен жалықпайды. Жәркен ақын «сүт» метафорасын сүйіп таңдаған.

Ойласам Ащы, Тұщы туыс есім,

Омыраудан шығуың - ұлы шешім.

Аузыңнан сүт  иісі аңқып тұр әлі де,

Өмірден енді балам, у ішесің.

Тәңіріге жалбарынудың қайыры тиіп, адалдықтың арқанын ұзартып қойған соң, у заһардан ылайым сақтап қаларына ақын сенеді. Сүт пен қан антитеза емес, бір ұғым. «Жаралыс басы - қозғалыс...» атты Шәкерім әулие жырында адамзаттың тегінде осынау ақ пен қызыл үстем.

Отбасылық өмірдің екіталай қалыбын ақын тойға сыйланған гүл таңбасымен береді:

Кеше ғана тойға келген гүл еді,

Сұлулықтың белгісіндей тірі өңі...

Жас отаудың терезесі алдында,

Жұпар шашып үш-ақ тәулік түнеді.

....

Көз жұмғандай қапелімде киелім,

Үнсіз ғана басымды оған иемін.

Мола жаққа алып бара жатқандай,

Қауырсындай қыздың нәзік сүйегін.

Той тарқады, солған гүлді қоқысқа лақтырды. Сонымен салтанатты мезет сап тыйылып, өмірдің көлеңкелі жауыр қалыбы басталмақ. Осы күйдің солығын ақын жүрек айрықша құса шегіп жырлауы неліктен? Қызғалдақ қыз ғұмыр гүл жаралысына ұқсайды. Солған гүлден қыздың өлігін көрген нәзік жанды ақынды мынау жарық дүниеде алғаш кездестірдіңіз ғой, рас па?!

Тегінде Қорқыт баба - әр ақынның жүрегінде өлмейтін образ. Оғыз - қыпшақтан бері талай заман өзгерсе де, Қорқыт кие болған соң қазақ ақындарының жаны аққудың сұңқылындай көркем сарыннан арылуға құлықты емес. Ақын жүрек гүл иісіндей сұлулыққа құштарлығынан бір танбасы анық.

Аңқау, албырт менің қайран жүрегім,

Масайрайды күнге қарап кісінеп.

Бірде гүл, бірде жылқы (мүмкін құлын),

«Жүрегім құлан құсап күмбірледі», бәрібір бұл фәнидің тірі өңді көркем сипатын сүйіп таңдайтын өзі де тірі жүрек. Тірі болған соң ажалдан именбей адам тағы өмір сүре алмайды. Өлім туралы ойлар сөз өнерін төңіректеп жүретіні  әлімсақтан аян.

Секілді жаһан кезген Қорқыт бабам,

Мәңгілік өмір іздеп жортып барам.

Алқынып арқалаған алтыным жоқ,

Абайдың томын ғана қолтықтағам...

Алдымнан қазылған көр шыға ма деп,

Несіне, жасырайын, қорқып қалам.

Қорқыт ата қобызын баққалы бұлайша тек қазақ баласы айта алатын сияқты.

Япырмай, жыр құлагері Ілияс ақыннан бергіде алаш Абайшыл, сондай-ақ, өлім идеясын пір тұтпай және сөйлемейді.

Көме - көме,

Көре - көре көз үйір,

Өз қоймамдай болып кетті -

Көр - менің...

Бұл-дағы атаң қазақтың дүниетанымы: «Адам үш күннен соң көрге де үйренеді». Алайда нақ осы аласармайтын ажал әуенін ақын өзіне тән тұңғиық өлшеммен, оқырманын мезі қылып жалықтырмай, шындыққа тырнақтай нұқсан келтірмей айта алмағына көңіл толады. Соның үшін, әрине, иісі ақындықтың қыр соңынан өкшелеп қалмайтын мәңгілік сарындар да ұшырасуы заңды.

Кебін менен жөргекте -

Ұқсастық бар ойласам.

Өлім символикасын ол құбылтып, тосын бір күй кешіп жырлайтыны айқын. Міне, құлақ салыңыз:

Боз биенің мойнына салып -

Баукеспе ұры құрығын.

Жарып алды ішінен,

Құлагердей құлыным.

Білдірмей қырқып әкетті,

Хас сұлудың бұрымын.

Сондай ұры бір күні,

Жүрегімді ұрлап кетер деп -

Шымырлады мазамды ап -

Жон арқам, жүйке, жұлыным...

Ұры әншейін біреу емес, ол - ажал. Ақын жүрегін ұрыдан, өлімнен қориды. Сөйте тұра, осы бір құпия мезет қастерлі. Жәркен Бөдешұлының философиялық астарлы өлеңдерінде таңғажайып мистикаға лайық, көкейден кетпес соны образға ұластыратын да өлімнің құдіреті.

Бірге оқыдым,

Есімде әлі дәу Сары.

Оң қолының алтау еді саусағы.

Кестіртті де артық біткен мүшені -

Көк сандыққа салып қойды аусарың.

 

Көптен бері кетіп еді ол көрінбей,

Жасырсаң да өмір түбі - өлім ғой.

Жерленіпті туып-өскен жұртында,

Әлгі саусақ қалыпты тек көмілбей.

Готикалық прозаның сюжеті екі шумақ өлеңде тұр. Өлім мәңгі ақиқат. Өмір шіркін алданыш. Ақынның назары түскен мезет - ол Құдай берген алтыншы саусақтың киесі тәрізді. Құдайдың бұйрығына қарсы шықпай, артық біткен мүшесін кеспесе, әлгі дәу Сарының ғұмыры шолақ болмас па еді деп ой толғайды ақын жаратылысына бағып.

Мысы басып тұратын өлімнің басқа салған ауыр қайғысын ақын «Таңбалы тас» атты өлеңде абстрактілі бере алған. Жаны құсаға жаншылып, өзі Толағайға айналып, жоқтау сөзін өзгеше білдіреді. Ажалдың қисыны бірақ абсурд дегізбейтіні рас.

Зілдей тасты алып кеттім арқалап,

Аң-таң болып қала берді шартарап.

Түні бойы аунақшыдым, аһ ұрып -

Жүрегім де, қыр арқам да қанталап...

 

Айдар атын тасқа қашап кетіпті,

Қолтаңбасы көзіме оттай басылды.

Бұл өлеңде бір тосын дерек - экзистенциализмнен өткен ауыр уайым бар. Шынында, ақын тас көтерген жоқ, қайғыға шомды.

Қазіргі ақпарат меңдеген бейдауа заманның билігі мегаполистерде әсіре үстем, онда кей сәт көңілі пәс, жүрегін мұң кемірген ақынның өзінен де безінген күйі ұшыраспай қалмайды. Сондайда ол назаланып былай демеске амалы жоқ:

Құрып қалғыр ақындық,

Түбіме менің жеттің-ау.

Неге бұлай дейді? Сұрғылт тобыр мезі еткен, сұрқай тірлік қажытқан, сөздің киесі қашып, арсыздық пен ашкөздік үдеп бара жатқанын, адамдардың арзандап, рухты қорлап жүргенін ұғынған жүрек. Соның үшін әлсін-әлі Абайға оралады.

Заман аяз болғанда - адам қырау,

Іші оның көрден де қараңғылау.

Бұлай дейтіні тірі бұғының мүйізін кесіп, қан ішетін адамға үкім болмаса да,

қарғыс айтуға ақынның хақы бар. Адамзат ұдайы тұтына бергіш, сонысы шошынтады. Жыраулар өмір кешкен бағзы дәурен мифтік әлемдей жарқырап, есті алары сондықтан. Ол ата-бабаның баянды тіршілік сарынын, өз тегін айтқанда, айбарланып, рух шақыруы сүйіспеншілік сыры. Өйтпесе ақынға мынау жалған тарлық етпек, көкіректің шерінен осылайша арылмақ.

Иісі қазаққа жыр - тағылым,

Батыр Баянның ұрпағымын.

Ерқосайдың сегіз өрімді дойырымын,

Еркөкше киген бұлан терісі етіктің -

Көк жалаған ұлтанымын.

Ата қонысым - Обаған өзені дер едім,

Білемін оның арғы да, бергі дерегін.

Обаған мені обып қойса да өкінбен,

Маңғұл ламасындай -

Қайта жаралып келемін,

Қайта оралып келемін.

Бұқар жыраудың үні бұл сарынның астарында тұнып тұр. Доспанбет, Қазтуған, Шалгез, Ақтанберді - кіл асау һәм арда жыраулар рухы аңқып сала бергенде, жұтаған көкірекке сәуле қонады. «Туған жердің жыланы, / Шырылдатып шақ мені!» деп бұйрық раймен сөйлеу бұл ақынға лайық. Туған жердің суына кетіп өлсем де өкінбен деу - нағыз жыраулық сарын. Бағзы салтанатына масаттанған ақынның бүгінгісінен жасып,

Қалтам жыртық екен ғой, - деп төменшіктей беретіні де жасырын күй емес. Ол қазір қалам ұстаған жандардың үлесіндегі аумалы-төкпелі хал. Бірақ бұл баянсыз фәниде бәрі де өткінші екенін естен шығармау керек. Ғалымның аты, ақынның хаты сақталарына бір Құдай куә.

 

«Жас қазақ» газеті, №26 (03.06.2009)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1942
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2171
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1791
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1535