Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Талқы 7781 12 пікір 23 Сәуір, 2021 сағат 14:53

«Біздің ұлттық саясатымыз өте әлсіз»

Нәбижан Мұқаметханұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

«Шыңғыс хан өзінің ержүрек батырлығымен, кемел ақыл-парасатымен әрі әлсіз, әрі бытыранды моңғол тайпаларын жойылудан, жұтылудан құтқарып қалды. Құтқарып қана қойған жоқ, оларды ұлт етіп қалыптастырды, оларды ұлы мемлекеттің қожасы етіп, керек десеңіз, жарты әлемнің билеушісі етіп тарих сахнасына бір-ақ алып шықты. Осы ғаламат тарихи шындық телесериалда асқан шынайылықпен, адам сүйсінерліктей сипатта егжей-тегжейлі көрсетілген».


Нәбижан аға, «Хабар» және «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген «Шыңғыс хан» телесериалын өзіңіз де тамашалаған боларсыз. Тарихшы ретінде, оның ішінде қытай мен моңғолдың тарихын жеттік білетін тарихшы ретінде осы қойылымға пікіріңіз қалай? Онда тарихи шындықтар бұрмаланбаған ба?

– Менің байқауымша, «Шыңғыс хан» телесериалының сценарийін жазған авторлар «Моңғолдың құпия шежіресі» мен Рашид-ад-диннің «Жами ат-тарих» атты еңбегін молынан пайдаланған. Телесериалдағы тұлғалардың барлығы да – өмірде болған адамдар. Ойдан қоылған ештеңе жоқ. Ал басты кейіпкер Шыңғыс ханның бүкіл ғұмыры, оның дүниеге келуі, адам болып есейіп ержетуі, азамат болып күрес жүргізуі, әлеуметтік тұлғаға айналуы, ел билеуі нақтылы тарихи деректердің шеңберінде берілген. Шыңғыс ханның дүние танымы, саяси ұстанымы, мінез-құлқы, асыл қасиеттері  мен тұлғалық болымысы сол кездегі айрықша тарихи жағдайларда қалыптасқаны тарихи оқиғалармен тығыз байланыста көрсетілген. Сонымен қатар авторлар көрермендердің Шыңғыс ханды терең әрі кеңінен түсініуі үшін сол ХІІ-ХІІІ ғасырдағы Азия құрлығындағы қоғамдық-саяси жағдайларды тұтастай тұжырымдап бейнелеген. Мысалы, сол кездегі қытайдың өзі Солтүстік және Оңтүстік Сұң патшалықтары болып екіге бөлініп, өзара жауласып жатқанда, олардың шығыс солтүстігіндегі шүршіттердің (чжурчжэндердің) Алтын елі (Цэнь го) деп аталатын мемлекет құрап, (шүршіттерді кейбір ғалымдар қытаймен шатастырады, олар қытай емес – Н,М) салтанат құрғаны, Қытайдың батыс солтүстігінде таңғұттар құрған Си Сия (батыс Шия) патшалығының дәурендеп тұрғаны, Моңғол үстіртінде моңғол тектес тайпалармен қатар түрік тектес найман, керей, қоңырат, меркіт, уақ сияқты көптеген рулық, одақтық хандықтардың бақталастық жағдайы, ал Орталық Азияда шүршіттерден жеңіліп, батысқа ауып келген қарақытайлардың Батыс Ляо (қарақытай патшалығы) деген патшалық құрғаны және олардың Хрезм шахымен дүрдараз болғанын алдымызға жайып салады.

Демек, ол кезде қазіргі Қытайдың Шығыс теңізінен Орталық Азиядағы Каспий теңізіне дейінгі ұланғайыр өңірде шым-шытырық қиян-кескі күрес жүріп жатқан болатын. Нақтырақ айтқанда, ол заман «сен өлмесең, мен өлем!», «сен жойлмасаң, мен жойылам!»  дейтін қатыкез заман еді. Міне, дәл осындай қатал, қаныпезер заманда Шыңғыс хан дүниеге келді. Оған отбасының, руының, елінің бас амандығын қорғауға тура келді. Оның иығына ауыр тарихи міндет артылды. Шыңғыс хан өзінің ержүрек батырлығымен, кемел ақыл-парасатымен әрі әлсіз, әрі бытыранды моңғол тайпаларын жойылудан, жұтылудан құтқарып қалды. Құтқарып қана қойған жоқ, оларды ұлт етіп қалыптастырды, оларды ұлы мемлекеттің қожасы етіп, керек десеңіз, жарты әлемнің билеушісі етіп тарих сахнасына бір-ақ алып шықты. Осы ғаламат тарихи шындық телесериалда асқан шынайылықпен, адам сүйсінерліктей сипатта егжей-тегжейлі көрсетілген. Әсіресе, телесериалда Шыңғыс ханның: «жақсылыққа жақсылық істеу, жамандыққа жамандық істеу», «адалдықты ардақтау, сатқындықты аямау», «ғалымдарды құрметтеу, өнерпаздарды аялау» секілді өмірлік пәлсапасын авторлар жан-жақты ашып көрсетеді. Шыңғыс ханның өмірде нені аса маңызды құндылық деп танитыны мен оның кемеңгерлігі де жақсы ашылған.

Әрине, Шыңғыс хан да – адам. Оның ет пен сүйектен жаратылған пенде екендігі де қойылымда орынды көрсетілген. Атап айтсақ, ол да қателеседі, кейбір соғыстарда жеңіледі, жіберген қателігіне өкінеді. Ол да ару қыздарға есі кетіп ғашық болады, жар сүйеді, әйел үстіне әйел алады, бала құшады, ұрпақ тәрбиелейді. Бірақ қанша батыр болса да сұлудың алдында қысылады, қымсынады. Әсіресе, өзі сүйген арудың алдында именетіні бар. Анасын шексіз құрметтейді.Анасынан дәйім ақыл-кеңес сұрап отырады, анасы өмірден өткенде өз борышын өтей алмағанына қатты назаланады, егіліп жылайды. Ол да өлімнен қорқады, болашақтан үміт күтеді. Міне, осындай адамның психологиялық құбылыстарын тамаша бейнеленуі телесериалдың әсерлігін арттыра түскен. Шыңғыс хан ғұмырының кезеңдер бойынша тамаша бейнеленуі телесериалдың шынайылығын арттырып тұрған жоқ па?! Мен тарихшы ретінде «Шыңғыс хан» телесериалын өте сәтті түсірген туынды деп есептеймін.

«Қытайлар кино туындыларын, технологиясын шығарса да, олар еш уақытта өздерінің киноценарийлерін сырттың адамдарына жаздырмайды. Бұл – бізге де үлгі, сабақ. «Шыңғыс хан» телесериалының сценарийін жазған екі автордың екеуі де – қытай (ханзу) жазушысы».

  – Сонда Сіз «Шыңғыс хан» телесериалының сәтті шығуының сыры неде неде деп ойлайсыз?

–   Меніңше, «Шыңғыс хан» телесериалының сәтті түсірілуі әсте де кездей соқтық емес. Бұл фильм – Қытайдың қазіргі жалпы мәдени-рухани дамуының заңды жемісі. Қытайлар бұған дейін 1980-жылдары екі рет «Шыңғыс хан» деген кино түсірді. Мұның екеуі де сәтсіз шықты. Неге? Өйткені ол кезде қытай қаламгерлері мен киногерлері «социалистік реализм» салқынынан әлі арыла қоймаған еді. Сондықтан олардың түсірген кинолары жасанды, айғайшыл-ұраншыл дүние болып шықты. Ал мына «Шыңғыс хан» телесериалының сәтті жасалуы Қытай мәдениетінде  көркемдік кемелділіктің, сапалық өрлеудің жүзеге асқандығын аңғартады. Тек осы телесериал ғана емес, соңғы жылдары Қытайда «Ұлы император Канси», «Ұлы импертор Хань Уди» сияқты тарихи телесериалдардың да жоғары деңгейде түсірілгендігін әлемдік сыншылар айтып та, жазып та жүр. Қазіргі Қытайдың кино өнерінде күрделі тарихи ұлы тұлғаларды танытуға деген құлшыныс өте күшті. Сонымен қатар дәл қазір Қытайда нағыз өнер үшін, тарихи шындық үшін, көркемдік үшін, тарихи шындық үшін жанын пида етуге әзір киногерлер мен жазушылар күрт көбейді.

Қытайлар кино туындыларын, технологиясын шығарса да, олар еш уақытта өздерінің киноценарийлерін сырттың адамдарына жаздырмайды. Бұл – бізге де үлгі, сабақ. «Шыңғыс хан» телесериалының сценарийін жазған екі автордың екеуі де – қытай (ханзу) жазушысы. Бірақ олар сол кездегі тарихты, әсіресе, моңғол тарихы мен Орталық Азиядағы мұсылмандардың тыныс-тіршілігін және Шыңғыс ханның өмірін жан-жақтылы зерттеген. Бұлардың іздене білгені соншалық, кейіпкерлердің қолданған көптеген теңеу сөздері, мақал-мәтелдері қытай тілі лексикасында жоқ. Олар көшпенділердің яғни моңғолдардың өз мәтелдерін, қанатты сөздерін сәтті пайдаланған. Ал Шыңғыс ханның мінез-құлқын айшықтап, оның ұлы келбетін сомдауды моңғолдың актері Баасынға тапсырыпты. Біле білсек, бұл да – жарасымды. Моңғолдың ханын моңғол ойнамағанда кім ойнайды? Сондай-ақ кино Қытайдағы қазақ, ұйғыр актерлерін молынан тартқан. Актерлердің іріктелуі, жақсы таңдалу да – киноның сәтті шығуы үшін қажетті аса маңызды фактор. Ең негізгісі – «Шыңғыс хан» телесериалында тарихи шындық пен көркемдік өнер шындығы тамаша ұштастырылған, өте әдемі үйлестірілген.

«Рим императорының өз ордасында отырып, моңғолдың дыбысынан қорқып, тізесі дірілдегені» тарихи деректерде жазылған. Орта ғасырда Шыңғыс хан мен моңғолдардың әлемдік тарихтан маңызды орын алғанын ешкім де жоққа шығара алмайды».

  –  «Моңғолдың қимыл көлемі тек Моңғол үстіртінен ғана шектелген болса, онда бүгінгідей ұлы тарихқа ие бола алмас еді» деп жазғандар да бар. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

– Егер мен жаңылмасам, бұл пікірді айтқан – жапон тарихшысы Отаки Матсуо Шыңғыс хан туралы: «Шыңғыс хан – бір дәуірдің еркесі» (Cheng ji si han yi dai tian jiao) деп баға берген болатын. Шыңғыс хан құрған Ұлы моңғол мемлекетінің билеген териториясы, әрине, қазіргі Моңғол үстіртінен әлде қайда кең. Оның үстіне Шыңғыс ханның ұрпақтары бағындырған кеңестік Азия, Шығыс Еуропа мен Солтүстік Африканы қамтыған. Сондықтан кезінде Шыңғыс хан мен моңғолдардың атағы жер жарып, айбары әлемді тітіреткен. «Рим императорының өз ордасында отырып, моңғолдың дыбысынан қорқып, тізесі дірілдегені» тарихи деректерде жазылған. Орта ғасырда Шыңғыс хан мен моңғолдардың әлемдік тарихтан маңызды орын алғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

«Егер Шыңғыс хан Моңғол үстіртіндегі басқа тайпаларды өзіне бағындырмаса, олар оны өзіне бағындырар еді, мүмкін жойып та жіберер еді. Егер Шыңғыс хан Алтын елін жоймаса, Алтын елі оны жұтып қояр еді. Егер Батыс ляо (қарақытай) патшалығын жоймаса, оның билеушісі найманның Күшік ханы моңғол билігіне қауіп төндірер еді. Міне, бір-біріне тығыз байланысты осындай себептерден Шыңғыс ханның жорығы, моңғолдардың бағындыру соғыстары жарты әлемді шарпыды».

  – Шыңғыс ханның әлемді бағындыруына әр тарихшы әртүрлі баға беріп келеді. Бұл жөнінде сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Азамат қоғамында біреудің біреуді, бір елдің бір елді өзіне бағындыруы – ежелден келе жатқан үрдіс. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін әлемдік бағындырулардың барлығы да (әрине, Гитлер басқыншылығы да бұған қосылады) зорлық қимылдар, қанды соғыстар арқылы жүрді. Ал одан кейінгі бағындырулар, яғни астам елдердің әлсіз елдерді өзіне тәуелді етуі жұмсақ формада, дәлірек айтқанда, ақша мен саяси айла-тәсілдер арқылы жүріп жатыр.

Енді біз орта ғасырға оралып көрелік, Егер Шыңғыс хан Моңғол үстіртіндегі басқа тайпаларды өзіне бағындырмаса, олар оны өзіне бағындырар еді, мүмкін жойып та жіберер еді. Егер Шыңғыс хан Алтын елін жоймаса, Алтын елі оны жұтып қояр еді. Егер Батыс ляо (қарақытай) патшалығын жоймаса, оның билеушісі найманның Күшік ханы моңғол билігіне қауіп төндірер еді. Міне, бір-біріне тығыз байланысты осындай себептерден Шыңғыс ханның жорығы, моңғолдардың бағындыру соғыстары жарты әлемді шарпыды. Ол кездегі адамдардың түсінігі бойынша бір ел қаншалықты көп жерді бағындырса, сол соншалықты ұлы, тәуелсіз деп есептелетін. Шыңғыс ханның жорықтарын «өркениет нысандарын тас-талқан етіп күйретті» деп біржақты айыптай беруге болмайды. Біз «Осы жорықтардың нәтижесі адамзатқа не берді немесе тарихта қандай маңызы болды?» деген сауалды да саралауымыз керек. Меніңше, Шыңғыс ханның әскери жорықтарының жалпы маңызын төмендегіше тұжырымдауға болатындай: моңғол ұлты мен Ұлы моңғол хандығын қалыптастырды; Еуразия сахарасында бытырап жүрген көшпенді түрік тектес ру-тайпаларды (найман, керей, қоңырат, жалайыр және тағы басқалар) қазіргі Қазақстан өңіріне қуып тығып, осында бұрыннан бері өмір сүріп жатқан үйсін, қаңлы, алшын және қыпшақ сияқты тайпалармен бастарын біріктіріп, қазақтардың ұлт болып қалыптасуы мен ұлттық мемлекет құруының тарихи процестерін тездетті; Шығыс Еуропада орыстардың басын біріктіріп, оларға 240 жыл билік жүргізу арқылы келешек орыс мемлекетінің қалыптасуына алғы шарттар әзірледі; Мына Қытайды қайтадан біртұтастандырған Юань патшалығын құрды. Шығыс пен Батыс өркениетінің алмасуына кең жол ашты.

«Қытай тарихында бөтен ұлттардың Қытайды құрған, билеген патшалықтары аз емес. Мысалы, Қытайда моңғолдардан басқа сианбилердің, кидандардың, таңғұттардың, шүршіттердің, манчжурлердің құрған патшалықтары өмір сүрген. Ал Қытайдың тарихи-ұлттық концепциясы қазіргі Қытай териториясында басқа ұлттардың құрған патшалықтарын өз тарихындағы династиялардың заңды жалғасы деп қарайды».

 – «Юань патшалығы» деп қалдыңыз, қытайлар моңғолдар құрған осы Юань патшалығына қалай қарайды? Оны бөгде ұлттың билігі деп есептемей ме?

– Қытай тарихында бөтен ұлттардың Қытайды құрған, билеген патшалықтары аз емес. Мысалы, Қытайда моңғолдардан басқа сианбилердің, кидандардың, таңғұттардың, шүршіттердің, манчжурлердің құрған патшалықтары өмір сүрген. Ал Қытайдың тарихи-ұлттық концепциясы қазіргі Қытай териториясында басқа ұлттардың құрған патшалықтарын өз тарихындағы династиялардың заңды жалғасы деп қарайды.

Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейін, біздің елде «қазақтың арғы этносгенезі мен мемлекеттік қайнарлары Қазақстан териториясында өмір сүрген сақтардан, ғұндардан, үйсіндерден, қаңлылардан, алан-янцайлардан бастау алады» деп тарихи деректермен айғақтасаң, оған қарсы шығатын тарихшылар да аз емес. Олардың ойынша, Қазақстан өңірінде ежелден басқа халықтар өмір сүріп келіп, ХV ғасырда қазақтар аяқ астынан халық болып қалыптасып, хандық көтеріп, ел болып шыға келген сияқты. Біздің кейбір тарихшыларымыздың әлі күнге дейін осындай ғылымға мүлде жанаспайтын көзқарастардан бас тартқысы келмейтінін қайтесің?! Өте өкінішті-ақ!

  – Ал Юань империясы қалай күйреді?

– Шыңғыс ханның немересі Құбылай құрған Юань империясы Қытайға 87 жыл (1271-1368) жылдар билік жүргізді. Оның күйреуіне феодалдық биліктің ішкі қайшылықтарының шиленісуі басты себеп болды деп санаймын.

«Ұлттық мемлекет – Қазақ хандығының тарихының өзі бес ғасырға созылған. Әрине, бұл кезеңдерде мемлекеттілік алуан ахуалды бастан кешті, күшейді, әлсіреді, ыдырады, қайта тұтастанды. Бұл – барлық елдің тарихында болған жағдайлар. Қазақ хандығы арқылы патшалық Ресей империясына бодан болды. Бірақ халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күресі тоқтаған жоқ».

  – Сіздің Қытайдың ескі жазбалары арқылы Қазақстандағы мемлекеттілік тарихының сабақтастығын зерттеп жүргеніңізді жарияланған еңбектеріңіз арқылы жақсы білеміз. Айтыңызшы, қазіргі тәуелсіздік мемлекетіміздің мызғымас тұғыры неде деп ойлайсыз?

– Қазақстан Респбликасының, тіпті бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған республикалардың тәуелсіздікке қол жеткізуі – тарихи заңдылық. Кеңес Одағы сыртқы күштердің салдарынан немесе АҚШ-тың жасаған «қастандығынан» күйреген жоқ, керісінше өзінің азамзаттың қарапайым даму заңдылығына қайшы келетін мемлекет құрағанынан, осындай мемлекеттік жүйенің іштей іріп-шіріп, істен шығуынан ыдырады. Егер АҚШ қас жауының бәрін күйрете берсе, ол иегінің астында тұрған Кубаны неге әлдеқашан құртып жібермейді?

Қазақстанның тарихы өте бай. Қазақстан териториясындағы мемлекеттілік құрылымдардың тарихының өзі мың жылдан асады. Ал ұлттық мемлекет – Қазақ хандығының тарихының өзі бес ғасырға созылған. Әрине, бұл кезеңдерде мемлекеттілік алуан ахуалды бастан кешті, күшейді, әлсіреді, ыдырады, қайта тұтастанды. Бұл – барлық елдің тарихында болған жағдайлар. Қазақ хандығы арқылы патшалық Ресей империясына бодан болды. Бірақ халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күресі тоқтаған жоқ. Соның бір үлкен мысалы – ХХ ғасырдың басында «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметінің өмірге келуі. Кеңестік қызыл империя «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметін таратты, алашшылдарды қырып-жойды. Олардың мұратына, шығармаларына тиым салды. Сонда да олар көтерген ұлттық мемлекет идеясы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Неге? Өйткені, алаш үшін ежелден тәуелсіздіктен артық құндылық болған емес. Болмақ та емес! Құдайға шүкіршілік, сол ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікті біздер көріп отырмыз.

Мемлекеттің дамуы мен қоғамның алға басуының да өзіндік ішкі заңдылықтары болады. Сол заңдылықты дөп басып тауып, оған сәйкес жұмыс жасағанда ғана даму қарқынды әрі баянды болмақ. Абайдың сөзімен айтқанда: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға». Кез келген мемлекеттік үш тұғырдан тұрады. Атап айтқанда, олар – саясат, экономика және мәдениет. Саясаттың да, экономиканың да не екенін жақсы білеміз. Ал енді мәдениет дегеніміз – саясат пен экономиканың қайнар күші. Мәдениет дегеніміз – ұлттық идеология, мемлекеттік заң, қоғамдық-этикалық мораль, көркемөнер, ғылым-техника, тұрғындардың денсаулығы, халықтың жасампаздық қабілеті. Сондықтан да саясат пен экономиканы дамытатын әрі оған кедергі келтіретін басты фактор. Сол себепті де мемлекет осы үш тұғырдың диалектикалық қатнасын сәйкестіре алғанда ғана аяғын нық басып, теңселмей алға басатын болады.

«Менің сезінуімше, біздің елде саясат пен экономикаға мәдени даму ілесе алмай келеді. Осының негізгі көріністері деп мыналарды айта аламын: ұлттық идеология әлсіз, мемлекеттік тіл мен ұлттық діл әлі өз тәуелсіздігін алған жоқ».

 – Міне, осы сәйкестендіру ісі бізде қалай?

 – Менің сезінуімше, біздің елде саясат пен экономикаға мәдени даму ілесе алмай келеді. Осының негізгі көріністері деп мыналарды айта аламын: ұлттық идеология әлсіз, мемлекеттік тіл мен ұлттық діл әлі өз тәуелсіздігін алған жоқ. Ұлттық білім беру саласында білім алушыларды Қазақстанның болашақ құрылысының кірпіші болып қалануға тәрбиеленуден гөрі әлемнің кезкелген еліне барып жұмыс істей алатын маман болуға ынталандыру басым. Ұлттық Ғылым академиясы және оған қарасты гуманитарлық ғылымдар зерттеу институттары мемлекеттік ақыл-ой қоймасы болып сананы жаратудың, тәуелсіз елдің тың мәдениетін қалыптастырудың көшбасшысы болудың орнына жыл өткен сайын құлдырау үстінде келеді. Телеарналарда мемлекеттік тілдегі бағдарламалар өте аз, оның үстіне жұтаң. Бұларды «Тәуелсіз елдің мемлекеттік тіліндегі бағдарламалары» деуге аузың бармайды.

Рас, «Мәдени мұра» деп аталатынмемлекеттік бағдарлама қабылданды, мәдениет саласына нкімет қыруар қаржы бөлді. Әсілі,  осы негізде ұлттық мәдениетте қайта өрлеудің жаңа толқыны басталып кетуі керек еді, ұлттық патриоттық рух асқақтай түсуі тиіс еді. Өкінішке орай, ондай нышан қазірше байқалмай тұр. Керісінше ұлттық шығармашылық саласында біртүрлі тыншу, өз-өзінен іштей тұншығу аңғарылады. Адамдардың ойлау жүйесінде жадағайлану байқалады. Қазақтың әлеуметтік көңіл-күйі түсіңкі. Міне, бұлардың бәрі – азат елдің мәдени өміріне жараспайтын жағдай. Тәуелсіздік алған он бес-он алты жылдан кейін осындай күй кешуімізде биліктің де, қалың зиялы қауымның да кінәсі бар. Конфуций: «Аспан астының көркеюі мен күйреуіне әрбір азамат жауапты» деген болатын. Сондықтан мынандай өз тағдырымызды өзіміз белгілейтін заманда әрбір азамат өздерінің қоғамдық жауапкершілігі мен борышын сезінбесе, мемлекетте еркін ойлайтын қоғамдық саяси орта қалыптаспаса, ғылым және көркем шығармашылықта заманға лайық ұлы еңбек дүниеге келе қоймайды. Мәдени өрлеу болмаған жерде ұлттық шығармашылық та бәсең тартады, жүдейді. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан бері біз экономиканы басты орынға қойып келген болсақ, енді мемлекеттің тірегі әрі тұғыры болуға тиіс ұлттық мәдениетті көркейтетін уақыт жетті деп ойлаймын.

«Мемлекеттік мүдде тұрғысынан алып қарасақ, Қытайдың қазір қолданып отырған саясаты өзге халықтарға тиімсіз болғанымен, өздеріне, ұлттық , мемлекеттік мүддесіне өте тиімді. Солар сияқты біздің елде де біртұтастандыру шаралары қолға алынып, мемлекеттік тұрғыда басым бағдарда жүргізілуі керек деп есептеймін. Ел ішінде ұлттық тұтастық болмайынша қоғамдық орнықтылық болмайды. Бұл – аксиома».

– Сіздің жақында жарық көрген «ХХ ғасырдағы Қытайдың тарихи үрдісіндегі қазақтардың әлеуметтік дамуы» деген еңбегіңізді оқыдым. Осы кітабыңыздың «ХХІ ғасырдың басындағы Қытай қазақтарының әлеуметтік-мәдени мәселелері деп аталатын үшінші тарауында Қытай үкіметінің басқа ұлттарды ассимиляциялау шараларын баяндай келіп, қортынды сөзіңізде «Қытайдың ішкі жаһандануды тездету үшін қолданып отырған саясатын, яғни ел ішіәндегі аз санды ұлттарды ассимиляциялау тәсілдерін сынаудан гөрі біз одан сабақ алуға, үлгі қабылдауға тиіспіз» (86-бет) депсіз. Қызық, тосын пікір. Осы ойыңызды тарқатып айта кетсеңіз...

– Біз жаһандануды түбі мойындаймыз. Менің білуімше, жаһандану екі формада жүруде. Бірі – ел ішіндегі біртұтастану, енді бірі – әлемдік біртұтастану. Олай болса әрбір елде алдымен сол мемлекетті құрушы ұлт төңірегінде біртұтастану керек. Мәселен, Қазақстанда мемлеке құрушы ұлт – кім? Ол – қазақ ұлты. Ендеше басқа ұлттар осы қазақ ұлтының айналасына  топтасуы тиіс. Осы тұрғыдан, яғни мемлекеттік мүдде тұрғысынан алып қарасақ, Қытайдың қазір қолданып отырған саясаты өзге халықтарға тиімсіз болғанымен, өздеріне, ұлттық , мемлекеттік мүддесіне өте тиімді. Солар сияқты біздің елде де біртұтастандыру шаралары қолға алынып, мемлекеттік тұрғыда басым бағдарда жүргізілуі керек деп есептеймін. Ел ішінде ұлттық тұтастық болмайынша қоғамдық орнықтылық болмайды. Бұл – аксиома. Идеологиялық, рухани тұтастығы мығым елдер әлемдік жаһандануда жұтылып кетпейді. Ал бүгінгі таңда біздің ұлттық саясатымыз да, діни саясатымыз да өте әлсіз. Сондықтан да қазірге қолданыстағы ұлттық, діни саясатымызды жедел қайта қарауымыз қажет, бүгінгі дәуір талабына сай жаңаша құруымыз керек деп ойлаймын.

– Ендеше, сізді бірінші кезекте қандай мәселе қатты тоғандырып жүр?

 – Орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевский: «Орыстар өзі үшін емес, идея үшін өмір сүреді», – деп айтқан екен. Мені «Біздің қазақ кім үшін өмір сүреді?» деген сауал қатты толғандырады.

 – Айтпақшы, бұл сауалға жауап таптыңыз ба?

 – Жоқ, әзірге жауап таба алмадым.

 – Әңгімеңізге рақмет!

  Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы.

(Бұл 2008 жылы қаңтарда болған сұхбат)

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 433
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 232
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 260
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 255