Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4564 7 пікір 22 Сәуір, 2021 сағат 15:02

Әкімнің «жарнамасы» неше миллион тұрады?

Бұл не қылған батпан құйрық?

Біздегі облыс әкімдерінің өздері басқаратын өңірлердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатындай, толық қожайын сезінетіндігі ешкімге де жасырын емес. Әсіресе, өздері толық иемденіп алған өңірлерінің жамандығын жасырып, жақсылығы асырып көрсететін, ал өзі жайлы тек мақтау материалдарын ғана беретін баспасөзге деген пейілі ерекше, ықыласы да бөлек.

Бұларға халықтың ақшасы болып саналатын бюджет есебінен орасан қаржы бөлуге келгенде олардың «Атымтай жомарттан» да асып түсетін мырзалығының шексіздігіне таң қаласың.

Жарайды, еш жерден жарнама да алмайтын, демеушілердің де көмегі шамалы қазақ тіліндегі басылымдарға қанша қаржы бөлсе де артық деп есептемейміз. Өйткені, ана тіліміздің жағдайы қандай болса, баспасөзінің жағдай да сондай. Өлмеші күй кешіп отырғандығы ешкімге құпия емес.

Алайда, өздері жарнамадан түскен мол қаржы есебінен шалқып өмір сүріп отырған орыс тілді басылымдарға деген мырзалығының сырын түсінбедік. Әлде, біздің жергілікті билік тек қорыққандарын ғана сыйлап, солардың сын садағына ілгуден зәрелері зәр түбіне кете ме екен?.. Әйтпесе, осындағы мемлекетке еш қатысы жоқ, қожайындары облысымызға емес, республикаға белгілі алпауыттардың бірі дейтіндей «Костанайские новости» газетіне 84,7 миллион, «Караван новостей» радиосына 4,1 миллион, «Алау-ТВ» телерадиокомпаниясына 58,8 миллион теңгені қиналмай-ақ, бере салғаны қалай?..

Бұлар енді облыстық деңгейде хабар таратын бапасөз. Біздің облыстың әкімі Архимед Мұқанбетов секілді өз имиджін көтеруге келгенде алдына жан салмайтын, жоғарыға жаққа көзге түсудің сан амалын меңгерген жанға мұның тым аздық ететіндігі белгілі. Сондықтан да, ол «Қазақстан» арнасына қолақпандай етіп 107,4 миллион теңгені сөзге келместен бере салған. Ал енді «Хабар» агенттігін қалай ренжітерсің. Оған да алдымен 15,7 миллион, сосын 24,9 миллион теңгелік үлес тиіп қалды.

Архимед мұнымен де тоқталмайды. Республикалық орыс тілді газеттер мен порталдар да ұмыт қалмайды. «Время» газеті 26,6 миллионды бір қылғытса, «Nur.kz» порталы 9 миллион теңгені, ал «Zakon.kz» порталы 4 миллионды жамбасқа басады.

Ал ең қызығы әлі алда. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің», дегендей, облыстық емес, тіпті, республикалық та емес, анау айдаладағы, бүкіл ТМД елдеріне хабар тарататын халықаралық «Мир» телерадиокомпаниясына да 6,4 миллион теңгені аудара салған.

Мінекей, халықтың ақшасы, яғни бюджет қаржысы ешбір негізсіз осылайша ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуде. Осы орайда біздегі бақандай үш партияның өкілі кіретін мәслихат депуттары қайда қарап отыр деген сауал туындайды. Олар неге өздері бекітетін бюджет қаржысының оңды-солды жұмсалуына тосқауыл қоймайды? Егер олардың бұлай істеуге шамасы жетпесе, тек қана бір адамның аузына қарап, соның айтқанын ғана орындап отырса, мұндай мәслихатттың кімге керегі бар?

Сонда бізде бюджеттің қаржысын тиімді жұмсайтындай күрделі мәселелердің барлығы да шешеліп болды ма? Әрине, жоқ. Өзгесін былай қойғанда, өңірдегі жалғыз облыстық кітапхананың күрделі жөндеу көрмегелі міне он жылдан асты. Қазіргі халі адам аярлықтай. Көктем шықса төбесіне су ағып, ғимарат ұжымдары бір әбігерге түсіп қалады. Міне, осыншама уақыт бойы аталмыш кітапхана директоры Дариға Дүйсебаеваның қақпаған есігі, кірмеген мекемесі жоқ. Ал облыс әкімдігінің «қайтсем, осы өңірді тек жақсы жағынан көрсетемін», деп түн ұйқысы төрт бөлінумен әлек. Оларға кітапхананың зары құлағына да кірмейді.

Айтпақшы, мұндағы биліктің мырзалығының жыры мұнымен таусылмайды. Жақында ғана, Архимед командасы - «Тобол» футбол клубы осы сәуір айында ғана қатты саудасып сатып алған легионер Зоран Тошич дегеннің айлық жалақысының 24 мың евор құрайтындығын естіп, жағамызды ұстадық. Бір қызығы, айына 12 миллион теңгеден астам ақша алатын бұл «мықтының» әлі осы командада бірде-бір рет ойнамағандығы айта кетелік. Міне, біздегі биліктің бюджет қаражасына деген көзқарасын осыдан-ақ, байқай беріңіз.

Жайберген Болатов

Abai.kz

7 пікір