Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Әне, көрдің бе? 4674 25 пікір 20 Сәуір, 2021 сағат 15:19

Байбек пен Мамай соттаспақ

Жуырда ДемПартия жетекшісі Жанболат Мамай «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек туралы зерттеу материалын жариялаған болатын.

Аталған материалда Бауыржан Байбектің Алматы қаласының әкімі болып тұрған тұста (2015-2019 ж.ж) «Қазақфильм» киностудиясы, Атакент, Көкжайлау жерлерін және «Esentai city» тұрғын үй кешені орналасқан аумақты иемденгені туралы ақпарат айтылады.

Сонымен қатар, Алматыда әкім болған төрт жылға жуық уақыт ішінде Бауыржан Байбектің отбасының қаржылық жағдайы бір миллиард доллардан асты деген дерек келтіре отырып, оның жақындары иемденген компания аттары аталады.

Одан бөлек, Бауыржан Байбек Алматыда басшы болған тұста қаланың автобус паркін қалай жаңартқанын және оның серіктесі Дінмұхамет Ыдырысов екеуі Қытайдың «Zhongtong bus» компаниясынан автобустар сатып алу арқылы 11 миллион АҚШ долларын өз қалтасына басқаны туралы айтылған. Яғни, қала бюджетінен әр автобусқа кем дегенде 55 мың АҚШ доллар артық төленген. Ал, мұндай артық төленген шығындардың жалпы сомасы 11 миллион АҚШ долларын құрайды-мыс. «Ол артық ақша Байбек пен серіктесінің қалтасына кеткен», - дейді әлгі зерттеуде. Сонымен қатар, Байбектің қоғам белсенділерін қудалап, адам құқығын таптағаны туралы да айтылады.

Бұл материалға қатысты Бауыржан Байбек бұрын Мәжілісте депутат болған, блогер Тәңірберген Бердіоңғаровтың «You tube» каналы арқылы жауап беріпті. Байбектің айтуынша, Жанболат Мамай келтірген деректердің ешбірі шындыққа сәйкес келмейді. Себебі, ол «Uzun Qulaq» деген фейк телеграм-каналдың деректерін келтірен. Сондықтан да өзінің ар-намысына тигені үшін алдағы уақытта ДемПартия жетекшісін сотқа беретінін айтыпты.

«Елбасы үнемі айтатын: Егер сенің арың таза болса, жала жапқандарды сотқа бер деп. Біз демократиялық мемлекет құрып келеміз. Әрбір адам өз құқығы, абыройы үшін күресуі тиіс. Мен де осы елдің азаматымын, Бауыржан Байбек деген есімімнің былғанғаны маған ұнамайды. Әлгі видеоны менің анам да көреді, мысалы. Мамай сияқты басқа да өтірікшілер мен жала жапқыштарға сабақ болсын – мен Мамайды сотқа беремін! Менің жасыратын түгім жоқ, адал, таза адаммын»,- депті Байбек мырза.

Бауыржан Байбек сондай-ақ, өзіне тиесілі деген 100 компания туралы да түсініктеме беріпті. «Жанболат Мамай айтқан 100 компанияның ішінде тек 10-ға жуық компания менің отбасыма тиесілі деп айта аламын. Оны жоққа шығармаймын», - деген «Нұр Отанның» бірінші орынбасары аталған компаниялардың жартысы банкротқа ұшырағанын айтыпты.

«Бизнес – тәуекел. Сіз тәуекел етіп, бизнес ашасыз, ол бірде болады, бірде болмай қалады. Менің отбасымның бір де біреуі мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді. Бұл компаниялар жекешелендіруге қатысқан жоқ, кейбір кәсіпорындарды арзанға сатып алған жоқ. Бұл – интеллектуалды кәсіпорындар және олардың Алматыдағы қызметіме еш байланысы жоқ, бұл ең бастысы. Ол жерде ірі жобалар жоқ», - дейді Байбек.

2015 жылы Бауыржан Байбек Алматы қаласынің әкімі болып тұрған тұста БАҚ пен әлеуметтік желіде Бауыржан Қадырғалиұлының «бай отбасы» туралы деректер жария болған.

Айта кетейік, Бауыржан Байбектің әйелі Жанар Кенжеқарақызы Байбек экс-президент Н.Назарбаевтың 2018 жылдың 9 қазандағы No768 жарлығына сәйкес Астана қалалық сотының судьясы болып тағайындалған болатын.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 465
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 244
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 272
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 264