Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Асқанға - тосқан 3905 4 пікір 19 Сәуір, 2021 сағат 14:02

Жириновский және патшашыл-кеңесшіл топ

Керекудегі қоғамдық тыңдауда халық қалаулылары саяси-идеологиялық мән-маңызы ескірген 30 көшенің атауын қарап, 23-інің атауын өзгерту жөнінде бірауыздан шешім қабылдаған еді. Бұл шараға Владимир Жириновский наразылық танытып, Павлодар орыс қаласы деген пайымдауын алға тартты.

Империяшыл саясаткердің айтқандары патша заманы мен кеңестік кезең мұраларын көздің қарашығындай сақтауды көксейтін жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтың көңіліне майдай жаққаны күмансыз. Олар қарапайым тұрғындармен қатар Ертістің Кереку өңірінің ауасын жұтып, суын ішіп жүрсе де Қазақстан тарихына, өңірде жүргізіліп жатқан ономастикалық саясатқа әу бастан шекесінен қарайтын. Кезінде облыс партия комитетін екі рет басқарған белгілі партшенеунік Борис Васильевич Исаев (1932-2018 жж) патшазада Павел Романовтың құрметіне қойылған Павлодар атауын және коммунистік қоғамды дәріптейтін көше атауларын өзгертуге мүмкіндігінше қарсылық көрсетіп бақты. Тіпті 2005 жылы:

Перелицовщики – манкуртцы,

Вам, онамастики, кричу,

Что бы быть «Почетным керекуйцем»

Я никогда не захочу!», - деген тақпақ шығарып, қаланың «Городская неделя» газетіне жариялады. Әрине, «Почетный павлодарец» деген құрметті атақтың болмайтыны сияқты «Почетный керекуйец» деген атақтың да болуы мүмкін емес қой. Қарт коммунист бұл жағын байыптай алмаған секілді...

Тағы бір жерлесіміз, кеңестік кезеңде «Очерки по истории комсомола Павлодарщины» деген тақырыпта кандидаттық диссартация қорғаған тарихшы Мария Серафимовна Тереник (1929 жт) патшалық Ресей империясының қазақ жеріне жасаған басқыншылық жорықтары мен отаршылдық саясаты жөнінде жақ ашпағаны мәлім. Сөйте тұра, «Ертістің Кереку өңірі қазақтардың тарихи мекені емес, бұрынғы орыс жері» деген ойын тұспалдап та, ашық та білдірді. Оның осындай сипаттағы жазбаларын Славян мәдени орталығының төрайымы Татьяна Кузина ханым «Павлодарь – не Кереку» (!) деген атаумен жинақ қылып шығарды. Сондай-ақ Т. И. Кузина Павлодар қалалық мәслихатының хатшысы В.Н. Вихляновпен бірлесіп жазған мақалада «...бұл өңір Павлодар уезі атанып тұрған кезде Ресейдің Омбы губерниясына қарайтын еді, амал не, 1920 жылы Қырғыз АССР-нің құрамына қосылып кетті» деген өкінішті ойларын жария етті («Павлодар или…», «Городская неделя». 13.07.2005 ж.).

Атышулы жерлестеріміздің бірі Александр Вервекин 2016 жылы География үйі (ПавГео) қоғамдық ұйымының директоры әрі тележурналист ретінде XVIII ғасырда Ертіс бойын жаулаған патшалық Ресей империясы бекіністерінің орнын іздестіріп тауып, басқыншы жасақтардың «ерлігін» баяндайтын деректі фильм түсірді. Онымен тынбай, Ресейдің Омбы қаласынан «Бухгольц жолдарымен» атты экспедицияны Павлодарға шақырды. Бес желкенді қайықпен және бірнеше автокөлікпен келген 35 омбылық саяхатшының көздегені: XVIII ғасырда подполковник И.Д. Бухгольц жасағы тұрғызған Ямышев бекінісінің орнына барып тәу ету және ескерткіш белгі орнату... Рас, ұлтшыл азаматтардың талап етуінің нәтижесінде шараны ұйымдастырушы А. Вервекиннің жоспары ішінара ғана жүзеге асты.

Ғайса пайғамбар дүниеге келмей тұрып мыңдаған жыл бұрын біздің ата-бабамыздың Ертістің Кереку өңірін мекендегенін оқып білуге әлгіндей жерлестерімізде ниет жоқ. Қазақ «қазақ» атанбай «сақ», «ғұн», «түркі», «қимақ», «қыпшақ» атанған тарихи кезеңдер мен одан бергі Алтын орда, Ақ орда, Қазақ хандықтары заманында ғұмыр кешкен бабаларымыздың қалалары мен молаларының орындары осы өңірде екенін байқаса да мойындауға енжар. Есесіне, Ресей әскерлері зеңбіректермен қаруландырған қалмақтардың уақытша басып алған қазақтың ата қонысын жоңғарлардың жері деп жалған сөйлеуге шебер.

Енді, Керекуде 23 көше атауының егемен елдік рухына сай келетін атаулармен ауыстырылуына қоғам белсенділері, журналистер, блогерлерден тұратын патшашыл-кеңесшіл топтың баспасөз арқылы байбалам салып қарсы шыққанына келейік. Бұл күтілген жайт еді. Бірақ осы топ В. Жириновскиймен астыртын байланыс орнатып, ақпараттық соғыста «орыс әлемінің» сойылсоғарларына айналады деген ой қаперімізге кірмепті. Қазір олар бетпердесін түсіріп, түр-келбетін көрсетсе де, іс-әрекеттеріне мемлекеттік органдар тарапынан құқықтық-саяси баға берілмейтінін сеземіз. Бұрын солай болған, бүгін де, ертең де солай болатын шығар. Өйткені біз таспен атқанды аспен атуға дағдыланған елміз...

Б.В. Исаев дүниеден өткенінде облыс басшылығы қарт коммунистің қазасына қабырғасы қайысып, қазанамаға жарқын бейнесі жадында сақталатынын жазды. М.С. Тереник Ресейге қоныс аударғанында әкімдік қызметкерлері алдынан ақ жол тілеп, қимастық сезіммен шығарып салды. Т.И. Кузина Славян мәдени орталығының жемісті қызметі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрмет-қошеметіне бөленуде... Тіпті 2019 жылы Кремльдің Георгий залында Ресей президенті В.В. Путиннің өз қолынан «Достық» орденін алды!

Саша Вервекин болса, жуырда Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағалығына сайланды... Айтпақшы, кезінде Мәскеуді жаулап алып, өртеп жіберген жорықшы қолбасшылардың құрметіне «Тоқтамыс хан жолдарымен» немесе «Наполеон жолдарымен» атты экспедициялар ұйымдастырылған жоқ. Ондайға Ресей билігі жол бермейді. Ал бізде, керісінше, А. Вервекин мен оның омбылық достарына қолдау көрсетілді...

Бір жақсысы, жерлестеріміздің арасында шовинистік, сепаратистік пиғылдағы интернет «батырлардың» іс-әрекеттерін қатал айыптайтын өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі – орыс ақыны, еңбек ардагері Константин Васильевич Лунин. 2002 жылы қалалық мәслихатта чекист Дзержинский атындағы орталық көшені академик Сәтбаевтың атымен қайта атау жөнінде мәселе көтерілгенінде К.В. Лунин мәслихат депутаты ретінде батыл қолдау көрсетті. Әрі мемлекетшіл ақын ретінде әлемдік даңққа бөленген жерлес ғалымды әспеттеп өлең оқыды! Ол бұл жолы патшашыл-кеңесшіл топты да, сол топтың рухани көсемі В. Жириновскийді де өлеңмен сынады! Қазақстандықтардың арасындағы шынайы достықтың үлгісі осындай болса керекті.

Сөз соңында айтарымыз, кейінгі ономастикалық шараның қалың жұртшылық тарапынан қолдау табуы Ертістің Кереку өңірінде ұлтаралық келісімнің салтанат құруының бір айғағы екені сөзсіз. Демек, ономастика саясатында оң өзгерістер әлі жалғаса береді.

Арман Қани,

Павлодар қаласы.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 381
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 200
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 216
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 210