Сенбі, 27 Сәуір 2024
Анық-қанығы 5045 11 пікір 17 Сәуір, 2021 сағат 15:18

Орман жерлері шетелдіктерге жалға беріле ме?

Қазақ қоғамы, Қазақстан қоғамы атылғалы тұрған жанартау іспетті. Еларалық һәм елішілік, ұлттық мәселелерден бастап тұрмыстық деңгейге дейінгінің барлығы қоғамның, онда да қазақ қоғамының қатаң бақылауында. Әсіресе, ел-жұрт Ақорда һәм Ақорда айналасына шоғырланған ақ жейделі аз қауымның (биліктегілер) әр айтқан сөзі, әр басқан ізін аңдып қарап отыр. Себебі де түсінікті. Саясат сабақтастығын дәріптейтін қазақ билігі мен қалт-құлт етіп күн көріп жүрген қазақ қоғамының арасы күн санап алшақтап жатқанын биліктегілер де біліп отырса керек. Ендеше билік қоғам талабымен санасуы керек-ті. Ал, «еститін үкімет» концепциясын ұстанатын Ақорда билігі ел пікірін естіп жүр ме?

Қазіргі қазақ қоғамының күн тәртібіндегі екі мәселенің бірі – пайдасы – жеке, пәлесі – ортақ ЕАЭО болса, екіншісі – Жер тағдыры. Осы екі мәселеге қатысты да ел алаңдаулы. Өз талап-тілектерін түрлі мінберлерден ел билігіне жеткізген. Енді соған сай шешім күтуде.

Әуелі, АҚШ-тың дүркін-дүркін санциясының төпесіне түсіп, тіршілігі тәлтіректеп тұрған Ресейдің монополиясына айналған (тауар айналымының 92 пайызы Ресейге тиесілі) ЕАЭО-дан шығу керектігін қоғам өкілдері, саясаткерлері мен экономист, сарапшылары талай жерде жетелеріне жеткізіп тұрып айтты. Ал біздің биліктегі шен ұстағандар бұл одақтан шығуға әрекет етпек түгілі, серіктес іздеп алдына келген министрге ел территориясына көз алартқан орыс депутаттары үшін сұрау салуға да (дипломатия тілімен) жарамады. Жә, бұл туралы жаздық. Қайталамайық...

Бүгінгі сөз – Жер тағдырына, Қазақстан Парламенті қабылдап жатқан Жер кодексіне қатысты болмақ.

14 сәуір күні Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Аталған Заң жобасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған. Мақсаты – шетелдіктерге, шетелдік қатысы бар заңды тұлғаларға, ҚР азаматтығы жоқ жеке тұлғаларға, азаматтық алмаған қандастарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік және жал құқығымен пайдалануға тыйым салу болған.

Ал 7 сәуір күні Мәжіліс Палатасы аталған заң жобасына азды-кем түзетулер енгізіп, бірінші оқылымда мақұлдаған.

Мәжілістің барлық комитеттері аталған заң жобасына оң қорытындыларын берген. Жұмыс тобының 3 отырысы өткен. Оған  мүдделі уәкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өкілдерінің қатысқан. Кейін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті аталған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдауды және оны Сенатының қарауына жіберуді ұсынған. Ал 14 сәуір күні Мәжіліс заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберген.

Енді мына қызықты қараңыз. ҚазТАГ агенттігі «Шетелдіктерге жер құқын беруді Мәжілістегі «Nur Otan» депутаттары талап етті», - деген тақырыппен материал жариялапты.

Онда «Nur Otan» партиясынан сайланған төрт депутаттың аттары аталады. Олар: Самат Мусабаев, Ғани Ташқараев, Мейрамбек Төлепберген және Асқарбек Үйсімбаев.

Жер кодексінің 48 бабы, 2 бөліміндегі: «Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері жиырма бес жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі», - деген сөйлемдегі «ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін» деген сөзді – «орман өсіру үшін» деп өзгертуді ұсыныпты. ҚазТАГ агенттігі солай деп жазады: «В пункте 2 статьи 48 Земельного кодекса, которая сейчас гласит «Иностранцам и лицам без гражданства – победителям торгов (конкурсов, аукционов) земельные участки для ведения сельскохозяйственного производства, лесоразведения, подсобного сельского хозяйства предоставляются во временное землепользование на условиях аренды сроком до 25 лет», слова «для ведения сельскохозяйственного производства, лесоразведения, подсобного сельского хозяйства» нур-отановцы предложили заменить словами «для ведения лесоразведения».

(Біз жоғарыдағы сөйлемді Заңда қалай жазылған, сол күйі қалдырдық. Ескерту: Осы 2-тармақтың қолданысы ҚР 30.06.2016 № 5-VI Заңымен, 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтатылған. Мораторий енгізілген).

Мәжілісмендер өз сөздерінде аталған заң жобасы («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы») орман өсіру мақсатында жер беруге шектеу қоймайтынын айтқан екен.

ҚазТАГ ақпаратында: «Жер кодексінің 138 бабына сәйкес, «орман өсіру мақсатындағы қосалқы жерлер (земли запаса) осы Кодексте көрсетілген талап ережелеріне сәйкес, жекеге немесе жер пайдалану құқығымен беріледі. Оның үстіне, заң жобасының концепциясы тек ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді фермерлік (шаруа қожалықтарына) және А/Ш өндірісі мақсаттарына жекеге немесе жалға беруге тыйым салуды көздейді», дейді депутаттар», - деп жазылған.

Міне, осы талқыланған заң жобасы қазір Мәжілістің мақұлдауын алып, Сенаттың қарауына жіберілген. Ал бұл туралы әлеуметтік желінің қазақтілді сегменті не дейді? Депутаттардың өздері не дейді?

Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай: «Демек, билік қазір тып-тыныш осы заңды қабылдатып, жерді оңды-солды Қытай компаниялары мен азаматтарына үлестіруге жол ашып алмақ. Қара орман жерімізді берсе, қазақтың елдігінен не қалмақ? Тәуелсіздік деген жай аты бар да, заты жоқ нәрсе болып қалмай ма?! Бастысы, қазір митинг болмай, халық алаңға шықпаса болды билікке. Комиссия құрып, елді алдаусыратып отырғаны да сол.

Міне, осы себепті біз ашық талап қоямыз билікке: Ауыл шаруашылығы ғана емес, жалпы қазақтың жері шетелдіктерге жалға берілмесін әрі сатылмасын! Ауыл шаруашылығы жерлері Қазақстан азаматтарына да сатылмасын!

Ағайын, осы талапты орындатпасақ, Отанымыздан, жерімізден айрыламыз! Ата-бабамыз жер үшін жанын беріп, құрбан болуға даяр болды. Ал біз қалайша үндемей отырамыз? Жер асты байлықтарын сатып, бәрін меншіктеп алған билікке соңғы қалған дүниеміз — жеріміз бен Отанымызды саудаға салдырамыз ба? Намысы бар қазақ мұндайда тыныш отыра алмас!», - деп жазады.

Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан: «Мен Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі Берік Оспановтың ресми жауабымен танысып шықтым. Басқа де дереккөздерді қарадым.

Қысқа-нұсқа:

Орманды пайдалану – бұл дайын ормандарды пайдалану деген сөз. Оған шетелдіктерге тыйым салынған. Бұл дұрыс. 

Ал орман өсіру – бұл ағаш отырғызу, орман өсіру деген сөз. Бұған шетелдіктерге рұқсат берілген. Кейбір мұнай компаниялары мен жер қойнауын тиімсіз пайдаланушыларға бұл заңмен міндеттелген. Бұл да дұрыс.

Мен бұл терминдердің айырмашылығына мән бермеппін. Тыйым салынғанына қарамастан, орманды шетелдіктерге жалға бермек деп ойладым. Дабыл қағудың қажеті жоқ. Орманды шетелдіктерге жалға да, сатуға да бермейміз. Орман өсіруге, ағаш отырғызуға ғана рұқсат беріледі», - деп жазыпты.

Ал депутат Беірк Оспанов: «Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісімен мақұлданып, Парламент Сенатының қарауына жіберілгені белгілі, ол шетелдік жер пайдаланушылардың, шетелдік қатысумен бірлескен кәсіпорындардың, сондай-ақ қандастардың ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін иеленуіне толық тыйым салуды енгізеді.

Осыған байланысты, Жер кодексінен барлық тиісті заңнамалық нормалар алынып тасталды.

Сонымен қатар, Жер кодексінде шетелдіктерге орман өсіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру нормалары сақталғанына қатысты БАҚ-та пайда болған ақпаратқа байланысты келесіні түсіндіргім келеді.

Жер кодексіне сәйкес орман өсіру үшін босалқы, өнеркәсіптік (санитарлық аймақтар), сондай-ақ көлік (орманды қорғау жолақтары) жерлерінен жер беріледі.

Бұл ретте Орман кодексіне сәйкес орман өсіру - бұл бұрын орман астында болмаған аумақтарда жасанды орман екпелерін құру және өсіру.

Атап айтқанда, Арал теңізінің түбі жататын босалқы жерлерде теріс процестердің алдын алу мақсатында орман мелиорациялық жұмыстар жүзеге асырылады. Бұдан басқа, елдің жекелеген өңірлерінде (Қызылорда, Маңғыстау және т.б.). Сондай-ақ шөлейттенуді және құмның жылжуын болдырмау үшін ауылдық елді мекендердің жерлерінде орман екпелерін (изен және т.б.) отырғызу бойынша жұмыстар жүзеге асырылады.

Осылайша, мұндай мақсаттар үшін негізінен бос жерлер, яғни қандай да бір шаруашылық қызметті жүргізуге жарамсыз жерлер, мысалы, тозған, бүлінген, шөлді жерлер, онда топырақтың пайдалы қасиеттері төмен деңгейде және қолданыстағы орманды пайдаланбау (орманды пайдалану) емес, орман өсіру шаралары жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, азаматтар көбінесе «орман өсіру» және «орман пайдалану» ұғымдарын шатастыратындығын атап өткен жөн. Орман кодексінде шетелдік азаматтар мен шетелдік заңды тұлғаларға ұзақ мерзімді орман пайдалану үшін жерберуге тыйым салынады. Яғни, дайын орман ресурстарын пайдалануға тыйым салынады, ал оларды өсіруге тыйым салынбайды.

Осыған байланысты, заң жобасының орман өсіруге қатысты ережелері Мемлекет басшысының тапсырмасына толық сәйкес келеді, өйткені олар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге әсер етпейді», - дейді.

Депутат Самат Мусабаев: «48-баптың 2-тармағындағы «ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін» деген сөздер «орман өcipy үшін» деген сөздермен ауыстырылсын;» деген сөздерді бірқатар азаматтар түсінбей немесе түсінсе де әдейі дау тақырыбына айналдырып жатыр екен.

Басқаларда шаруам жоқ, мен тәуір көретін ініміз Мұхтар Тайжанға ғана бір ауыз лебіз арнағым келеді.

Мен Мұхтардың ел мен жерге жаны ашитын азаматтығын мойындаймын, құрметтеймін. Жер комиссиясына кіріп қазақ жерінің тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп жүрген азаматтығын ұнатамын және оның жер туралы айтып жүрген ұсыныстарының (Ауыл шаруашылығы жерлері ешкімге: шет елдіктерге де, қазақтарға да сатылмауы керек деген) барлығын қолдаймын!

Ал, Заңға енгізілген ұсынысқа келсем, бұның мәнісі мынадай:

Бірінші, «орман өсіру үшін» деген сөздерді мен неге қолдаймын?

Заңнан үзінді келтірер болсам «Лесоразведение, яғни, орман өсіру – бұрын орман немесе өсімдік (ағаш) жабындысы болмаған аумақтарға қолдан ағаш егіп, көгалдандыру;

Лесопользование, бұл заңды және экономикалық регламеттерге сай орман ресурстарын пайдалану» деген сөздерді көреміз.

Біз әріптестерімізбен бірге өзгеріс ұсынған тармақтағы «орман өсіру үшін» деген сөздерді «орман пайдалану үшін» деген сөздермен шатастырмауларыңызды сұраймын.

Бұл сөздердің мағынасын әрі қарай ашар болсақ, кез-келген жерді пайдаланушы, ол мұнай саласына келген инвестор ма, жол салуға келген инвестор ма, зауыт пен фабрика салушы азаматтар ма, бәрібір қазақ жеріне орман өсіруі тиіс!

Жерімізге, елімізге келген кез-келген компания немесе жеке тұлғаға өзі пайдаланатын аумақта, болмаса сол облыс пен қала аумағындағы көгалдандыру жұмысына аралассын.

Аралдың құрғап кеткен табаны жатыр ерні кезеріп. Маңғыстаудың ұланғайыр аумағы жатыр қылтанақ өспейтін. Жер асты сулары азайған соң көшпелі құмдар тұтас ауылдарды басып тастап жатқанын да көзіміз көріп отыр. Құмды тоқтатуға мемлекеттік бюджеттен де қыруар қаражат бөлініп жатыр. Сексеуіл мен жыңғыл, тораңғы мен тобылғы егілсе, жердің көркі де кіреді, жергілікті жұртқа пайдасы да тиеді!

Ендеше, біздің елге келіп пайдаға кенелуге ниетті инвестор неге орман өсіріп, жерге пайдасын тигізбеуі керек? Қазақстанда жүздеген шетелдік мұнай компаниялары бар. Пайдалы қазбаны сорып алып жатыр, ал, сол алынған мұнайдан қоршаған ортаға, жерге келген зиянды есептеп жатқан ешкім жоқ. Шаңы шығып, соры тұз болған жер жатыр. Кенін пайдаланып отырған аумағына ағаш отырғызсын, көгалдандырсын немесе басқа да қажет аумақтарға тал-терек егіліп Жерге жағдай жасалсын.

Ексін, өсірсін орманды. Елбасының тікелей тапсырмасымен Нұр-Сұлтанды айнала егілген орман белдеуінің арқасында астанамыздағы жел мен боранның азайғанын көріп отырмыз ғой. Желдің өтінде тұрған ауылдар мен қалаларды айналдыра орман егілсе несі жаман, неге қорқамыз?

Ең бастысы, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған «жер шетелдіктерге сатылмауы тиіс» деген ұстанымнан айнымаймыз!

Шетелдік инвесторлар орман егуге, көгалдандыруға алған жерді басқа мақсатта пайдалана алмайды. Себебі, бұл Заңмен бекітілген!», - деп жазады.

Түйін. 2020 жылдың 1 қыркүйегі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 2021 жылдың 31 желтоқсанында Жер мораторийінің мерзімі аяқталатынын еске салды. Және «шетелдіктерге жер сатылмайтынын» айтты.

Ал 12 наурызда президент Тоқаев  А/Ш жерлерін шетелдіктерге сату және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын Мәжіліс қарауына тапсырды. Мәжіліс 7 және 14 сәуір күндері аталған заң жобасын талқылап, бірауыздан маұқлдады.

Abai.kz

11 пікір