Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 1807 0 пікір 24 Наурыз, 2021 сағат 16:21

Қазақстан әскери қуатын арттыруда

Қазақстан әскері 140 елдің ішінде әскери қуаттылығы жағынан 60 орынды иемденді. Еліміздің индексі 1,0286 ұпайды құраған. Рейтинг бойынша ең жақсы деген көрсеткіш— 0,0000. Индекс саны азайған сайын, рейтингте жоғары көтеріле береді. Әскери қуаттың өлшемі соған тікелей байланысты. Әскери рейтингте көш басында АҚШ тұр. Артынша Ресей, Қытай елдері мен НАТО-ға мүше мемлекеттер үздік ондықты аяқтаған. Ал Орталық Азияда Қазақстан мен Өзбекстанның көрсеткіші рейтинг бойынша жақсы саналуда.
Орталық Азияда Түркіменстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның рейтингі көңіл көншітерлік деңгейде емес. Ал 140 елдің ішінде рейтингті Бутан, Косово және Либерия елі аяқтап тұр. Рейтингті есептеу барысында ядролық потенциал есепке алынбаған.

Рейтингті есептеу барысында 50 түрлі көрсеткіш есепке алынады. Оның ішінде қорғаныс саласына бөлінетін қаржы көлемі, қару-жарақ түрі мен саны, сапасы, шығу жылы мен қуаттылығы, әскер саны, танк, ұшақ, тікұшақ, әскери кемелер саны, жанармайға қолжетімділігі мен жолдың сапасы, мобилизациялау жылдамдығы, әскери резервтың көлемі мен географиялық ерекшелі және басқа да көрсеткіштер есепке алынады.

Қазақстан әскері түрлі қарумен жарақтанған. Ашық дереккөздерге сүйене отырып елімізде 238 ұшақ, 300 танк, 1200 бронды әскери техника, 124 кеме мен қайық, 5 порт пен сауда терминалы, 96 аэропорт барын білуге болады. Ұшақтардың ішінде 80 жойғыш ұшақ пен 75 әскери тікұшақ барын көре аласыз. Тікұшақтардың 22-сі ұрысқа арналған тип болып саналады.
Рейтингте еліміздегі әскерилер саны 167 мың деп көрсетілген. Яғни оған ішкі әскерилер мен борышын өтеуші сарбаздар да қосылған. Бұл ел халқының 0,9 пайызын құрайды. Еліміз қорғаныс саласына жыл сайын 4 млрд доллар қаржы жұмсайды. Бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш.

Қазақстан әскері кез келген жағдайға дайын және отанды қорғауды қалтқысыз атқарып келеді. Бұл туралы қорғаныс министрі де айтқан болатын.

«Мен Қазақстан әскері өзінің алдына қойылған тапсырманы мүлтіксіз орындап, отанымыздың аумақтық тұрақтылығы, тұтастығы мен тәуелсіздігімізді қорғауға дайын екенін жауапкершілікпен айта аламын. Әскеріміздің мүмкіндігі бар және керек уақытта тез мобилизациялана алады», — деген еді брифинг барысында қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Ал Қазақстан әскерінің дайындығы мен біліктілігіне қатысты сұраққа келесідей жауап қатты.

«Жыл бойы біз 1500 ату жаттығуын өткіздік. 200 тактикалық жаттығу, около 200 жай жаттығу ұйымдастырылды. 65 мың маманды даярладық. Ал әлемдік пандемия мен коронавирустық шектеулер дайындықтың сапасына әсер еткен жоқ. Біз әскери жаттығу сапасының төмендеуіне жол бермедік. Тіпті біз дайындыққа жаңа элементтер мен әдістерді де қостық. Мысалы біз биыл алғаш рет әскери тактикалық атысты түрлендірдік. Атыс қаруымен аз уақыт ішінде қозғала отырып нысанаға дәл тигізуді жауынгерлеріміз меңгеріп алды. Биыл біздің қорғаныс саласының басты бағыты ретінде батальон мен роталарды тактикалық топтарға бөліп, дайындадық. Олар заманауи ұрыс жағдайына сай жаттығулар жасап, алға қойылған тапсырмаларды орындауды үйренді. Сонымен қатар аса ауқымды жаттығулар да ұйымдастырылды», - деді министр.

Қазақстан әскері жыл сайын қуатын арттыру үшін қаржы жұмсауды да арттырып келеді. Сонымен қатар басқа мемлекеттермен әріптестік орнату, жаттығу жасау, тәжірибе алмасуды да еселеп арттыруда. Түркия Қорғаныс министрлігі мен Қазақстанның қорғаныс министрлігі арасында бірқатар ірі келісімдер жасалды. Атап айтатын болсақ:
Әскери білім беру және әскерилерді дайындау;
Өзара бірлескен жаттығуларды өткізу
;Қорғаныс саласындағы өнеркәсіпті дамыту;
Әскерилердің бір-бірімен тәжірибе алмаcуы;
Әскери барлауды дамыту;
Логистиканы дамыту, гранттар бөлуді арттыру;
Әскери және азаматтық медицинаны көтеру;
Байланыс, электроника, ақпараттық жүйе мен кибер-қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
Бітімгерлік күштерін әзірлеу, гуманитарлық көмек беру операцияларындағы әріптестік;
Әскери-құқықтық саладағы әріптестік;
Картография, гидрография, топография және навигацияны дамыту;
Экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғаудағы бірлестік;
Ядролық, радиациялық және биологиялық, химиялық саладағы қауіпсіздік;
Гидрометеорология;
Әскери бөлімшелердің өзара тәжіpибе алмасуы;
Бірлескен әскери саладағы ғылыми-технологиялық зерттеулер жасау;
Әлеуметтік және спорттық, мәдени саладағы іс-шаралар ұйымдастырy;
Минадан қорғану және қолдан жасалған жарылғыштарды жою бойынша әріптестік;
Табиғи апаттардан кейін қалпына келтіру операцияларын бірлесе атқару;
Әскери тарих, мұрағаттар мен баспа ісіндегі әріптестік.

Бұл саладағы келісімдер еліміздің әскери әлеуетін артыратыны сөзсіз. Әскерді барынша заманауи ету мақсатын алға қойып келеміз Ол туралы президентіміз 2019 жылы 23 мамырда өткен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген отырысында да баса айтқан еді.

«Мамандарды даярлау және әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде болашақ әскери инженерлерді, ІТ мамандарын, роботты техникаларды, жасанды интеллект бойынша мамандарды тәрбиелеп шығару керек. Олар «SMART» деп аталатын буын. «Жас сарбаз» қозғалысының базасында, әсіресе физика-математика бойынша тереңдете оқытылатын мектептерде «SMART-SARBAZ» үйірмелерін құруды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел тыныштығын күзету жолында Қазақстан әскері 24 сағат қырағылық танытуда.

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 449
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 238
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 265
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 259