Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жер дауы 7171 12 пікір 1 Сәуір, 2021 сағат 13:52

Министр жер дауын «телефон шалып» шешпек пе?

Жалқы сұрағымызды дәл осылай төтесінен қоюуымыздың бірден-бір себебі – Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжанның әлеуметтік желідегі жазбасы болды. Ол өзінің Facebоok-тегі жеке парақшасында Жер комиссиясының WhatsApp-тағы тобынан (чатынан) «жұмыс тобының құрамы мен жетекшілерін тағайындау бойынша «сырттай дауыс беру» туралы хаттамасын» көргенін жазды.

Мен ешқандай да сырттай дауыс беруге қатысқан жоқпын!

Оған комиссия төрағасы, ҚР Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың қолы қойылған екен.

Ол: «Жер комиссиясында ешқандай да «қоңырау шалу» арқылы сырттай дауыс беру деген болмауы керек. Барлығы ашық талқыланып, дауыс беру де ашық жүруі тиіс!

Кешке Жер комиссиясы чатында жұмыс топтарының құрамы және жетекшілері бойынша осындай «сырттай» дауыс беру хаттамасын көріп қалдым.

Қандай сырттай дауыс беру хаттамасы туралы әңгіме болуы мүмкін, егер мен ол туралы бірінші рет естіп тұрсам? Мен ешқандай да сырттай дауыс беруге қатысқан жоқпын! Сырттай дауыс беру өткені туралы мүлдем білген жоқпын! Неге оны жоқ дегенде чатта өткізбеген?

Ал егер ертең басқа да маңызды мәселелер бойынша тағы да осылай «телефон шалу арқылы сырттай» дауыс беру ұйымдастырса не болады? Осылай чатта хаттамасын көріп отырамыз ба?

Сапархан Омаров, бұл не интрига, не қылған «қоңырау шалу» арқылы жабық дауыс беру?

Жаңа Жәнібек Қожықпен сөйлестім. Ол да осылай айтып отыр. Ешкім сырттай дауыс беру туралы ескертпепті», - деп жазды.

Біз Мұхтар Болатханұлына хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап-білдік.

Қазақстанның 80% территориясын жекенің қолына беріп қойып, отырмаймыз!

Мұхтар Тайжан, Жер комиссиясының мүшесі:

- Мен кеше Жер комиссиясының чатынан комиссияның жұмысшы топтарының (экономикалық, құқықтық т.б.) бекітіліп қойғаны туралы хаттаманы көріп қалдым. Оған комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов қол қойыпты. Мөрі де бар. Бұл шешімді ендігі дауысқа салып, комиссия мүшелері мақұлдап, қабылдап қойғанын айтты.

Мені таңқылдырып отырғаны да осы, өйткені мен дауыс беру қашан, қай жерде өткенін білмеймін! Тіпті, осындай шешім қабылданғалы жатыр деген хабарлама да болған жоқ. Алдыңғы отырыста да біз комиссияның жұмысшы топтарын бекіткен жоқпыз. Жүзбе-жүз отырып дауыс бермедік.

Сосын, мен сұрастыра бастадым. Комиссия хатшысы Тұрат Теміржановқа хабарластым. Ол комиссияның әр мүшесіне қоңырау шалу арқылы, дауыс беру жасалғанын айтты. Яғни, жаңағы секретариат Жеркомның әр мүшесіне жеке-жеке хабарласып, дауыстарын алыпты-мыс.

Мен де осы комиссияның мүшесімін. Сол үшін де жаңағы жазбаны жарияладым ғой. Әрқайсысына қоңырау шалу деген не? Бізде регламент бар емес пе? Онда «қоңырау шалып дауыс беру» деген атымен жоқ.

Сосын, комиссияның өзге де мүшелеріне хабарласып, сұрастырдым. Мұрат Әбенов, Бақытжан Базарбек, Жәнібек Қожықтарға... Оларға хабарласыпты. Жұмысшы топ жетекшілері мен мүшелерінің кандидатурасын «ақылдасамыз» деп хабарласыпты. Ақылдасу – дауыс беру емес!

Егер «дауыс беру» процесі ресми жарияланбай жатып, сізге ақылдасайық десе, онда да сіздің пікіріңіз – сіздің дауысыңыз болады деп ескертепесе, жай ғана ақылдасамыз десе, кім теріс ойласын?..

Маған да хабарласқан, бірақ алдыңғы отырыс өтерден бұрын хабаралсқан. Маған да «ақылдасайық» деген. Негізі біз бұл жұмысшы топтар мен олардың жетекшілерін сенбі күнгі отырыста ақылдасып, бекітуіміз керек еді.

«Жеке қоңырау шалып, дауыс беру» деген қай рекламентте жазылған? Бұлай болмайды! Егер ертең, жерді жеке меншікке беру туралы хаттаманы да осылай жеке-жеке қоңырау шалып келістік деп тұрса ше? Онда не істейміз? Комиссия кім үшін, не үшін құрылды? Бүкіл халық қазір бізге қарап отыр. Менің талабым – комиссияның әр мүшесі жеке-жеке, жария түрде, халықтың алдында дауыс беруі керек! Ашық дауыс берсін! Кімнің қалай дауыс беріп жатқанын халық та көрсін!

Комиссияның әр мүшесіне жауапкершілік жүктелген! Біз қазір жер тағдырын шешіп жатырмыз. Ол дегеніңіз – мемлекетің негізі, ертеңі! Сондықтан да мен Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына бірнеше ұсыныс жолдадым. Ол ұсыныстарымды желідегі жеке парақшамда жазып та жатырмын. Бәрі ашық, жұрт көрсін, білсін!

Кешегі масқаралықтың болуының бір себебі – қазір Жер комиссиясы төрағасында бір ғана орынбасар бар. Оның өзі ҚР Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров. Бұл дегеніңіз барып тұрған монополизм.

«Жалғыз ғана орынбасары бар» деген бізден басқа бірде-бір ұйымда, комиссия немесе мқұрылымда жоқ. Біздің мемлекеттің өзінде 4 вице-премьер, әр министрлікте төрт-төрттен орынбасары бар. Сондықтан, мен Премьер-министр Асқар Маминге Жер комиссиясына ең азында 2 орынбасар тағайындауды ұсынамын. Оның бірі мақұл, министр Омаров болсын. Ал екіншісі ретінде мен комиссия мүшесі Ақылбек Күрішбаевты ұсынар едім. Мен бұл кісімен алғашқы Жер комиссиясында да бірге жұмыс істедім. Сондықтан, өз таңдауыма қателеспеймін.

Ал комиссияның экономикалық тобын басқаруға өз кандидатурамды, құқықтық топты басқаруға Бақытжан Базарбектің кандидатурасын ұсынамын. Сонда ешқандай да жасырын дауыс беру деген болмайды! Ал бір ғана орынбасардың, Сапархан Омаровтың монополиясы жалғаса берсе, кешегіндей масқаралықтар әлі де болады. Біз ондай «жасырын дауыс беріп» шешу дегенге төзбейміз! Мұның аяғы үлкен дауға ұласады. Жолғалтарымыз жоқ. Қазақстанның 80% территориясын жекенің қолына беріп қойып, отырмаймыз!

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ:

Жер комиссиясына бұл жолы кімдер кірді? 

Алғашқы отырыста қандай ұсыныстар айтылды?

Жерден айырылсақ, мемлекеттен де айырыламыз!

Ералы Тоғжанов ескеруі керек!

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 561
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 290
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 312
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 323