Сенбі, 27 Сәуір 2024
Мәселенің мәні 7360 4 пікір 31 Наурыз, 2021 сағат 14:15

Өтірікті-де ойланып айту керек!

«Егемен Қазақстан» газетінің наурыз айының 3 күнгі (2021) санында Астана қаласы Қазақ ұлттық өнер университетінің тәлімгері Елікбай Исаев атынан «Текті термеші» деген мақала жаряланды.

Мына мақалаға қарасақ Майлықожа Сұлтанқожаұлының барлық еңбектерін жинақтап, жүйелеп отырған Елікбай Исаев секілді болып көрінеді екен.

Елікбай, олай емес, Мәделі мен Майлықожаны біз жастайымыздан жаттап өскенбіз. Әсілхан Оспанұлы 2005 жылы әлемнен өтті. Тұрсынәлі Айнабеков 2008 жылы әлемнен өтті. Ел ішінде Мәделі мен Майлықожаның көптеген қолжазбалары бар еді. Мен Жүсіпқожа Қалқожаұлынан, Асанмолда Әсілбек­ұлынан, Жүнісмолда Сайып­ұлынан, Керімбек Әлім­бекұлынан, Сейітқазы Шөкенұлынан қалған қолжазбаларды жинауға кірістім. Қолыма түскенін табжылмай отырып аудардым. 2018 жылы Ғылым академиясының президенті Жұрынов Мұрат ағаның алдына бардым. Ол кісі мені Ғылым Ордасының басшысы Б.Төлтаевқа «мына қолжазбаларды қараңдар, қажеті болса саралап баспаға беріңдер» деп жіберді.

Ғылыми кітапхананың басшысы Қ.Қаймақбаева, Сирек қолжазбалар қорының меңгерушісі Г.Абикова, М. Әуезов атындағы Мәдениет және өнер ғылыми зерттеу институты қолжазба қорының меңгерушісі Тоқтар Әлібек, ғылыми қызметкері Нұржұма Елесбайлар бір жыл ішінде сирек қолжазбар қорындағы қолжазбаларды аударып, сұрыптап, кітап етіп шығарды.

Кітап былай шықты:

(Ғылым Ордасындағы кітаптың тұсаукесер сәті)


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ «ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ» РМК ОРТАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫ

Редакция алқасы: Саттаров С., Әлбеков Т., Елесбай Н., Жандарбек З., Қаймақбаева Қ.Е., Абикова Г.М., Егеубаева Г.Қ.

Жинақты басуға «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы ұсынды.

Жауапты редакторы: филол.ғ.к. Тоқтар Әлбеков (марқұм)

Пікір жазғандар:

С.С. Ергөбек (марқұм) – филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
Қ. Мамытбек – филология ғылымдарының кандидаты.

Ескі қолжазбалардан аударып, құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар:

Сейітомар Саттаров, Нұржұма Елесбай.

Жауапты шығарушы: Абикова Г.М.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Толық шығармалар жинағы. Алматы: «Ғылым ордасы», 2019. –534б. (кітап қаражатқа байланысты әр бетте екі қатардан болып шықты).

Жинаққа ХІХ ғасыр әдебиетінің алыбы, Оңтүстік Қазақстан, Сырдың орта ағысы мен Қаратаудың күнгейіндегі ақындық мектебінің озық үлгісін жасаған Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Туркология ҒЗИ қорларында сақталған қолжазба мұралары, Мырзашөл, Сарыағаш, Отырар, Ордабасы аудандарынан табылған қолжазбалары, олардың нұсқалары мен версиялары текстологиялық сараптаулардан өткізіліп және әр кезеңде жарық көрген кітаптары негізінде ұсынылды.

Кітап қалың оқырман қауымға, әдебиеттанушы ғалымдарға, жоғарғы оқу орындарының студенттері мен магистранттарына, докторанттарына (PhD) арналған.

УДК
ББК
ISBN  © ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы, 2018


Түйін  (РЕЗЮМЕ)

Рухани, мәдени мұраларымыздың бары мен жоғы таразыланып жатқан бүгінгі күнде орындауға тиісті міндеттердің көп екені белгілі. Мұндағы басты мақсат - халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай мұрасын, қастерлі құндылықтарын толық игеру, жарыққа шығару, зерттеу, ұрпақтардың игілігіне жарату арқылы елге, жерге, Отанға деген құрметті, сүйіспеншілікті бойына сіңіру, сол арқылы тұғыры биік Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыру.

Сейіт-Омар Саттаров көп жылдар бойы Түркістан облысы, Өзбекстанның Ташкент өңірінен, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университеті жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының, ҚР «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы және М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорлары мен көне қолжазбаларды сақтаушы адамдардан жинақтаған, XIX ғасырда өмір сүрген, Оңтүстік өңірден шыққан аса ірі ақындардың бірі Майлықожа мұрасын жеке жинақ етіп құрастырды.

Ұсынылып отырған еңбек Майлықожаның «Толық шығармалар жинағы». Бұл жинаққа бұрын жарық көрмеген, түрлі мұрағат көздерінде жатқан мұраларын араб, латын, қадым жазуларында хатқа түскен мәтіндер кирилл әрпіне аударылып, текстологиялық сараптаулар жасалып, артық-кем тұстары толықтырылған.

Кітап кұрылымы жанрлық тұрғыдан: «Өлеңдері, толғаулары мен арнаулары», «Термелері», «Мысалдар», «Көңіл айтулар мен жоқтаулары», «Бір қақпайлары», «Айтыстары мен қағысулары», «Дастандары», «Майлықожа жеткізген халық мұралары» атты сегіз бөлімге жіктелген. Ақын шығармаларында ең әуелі, Ислам дінінің кұндылықтары, оның қазақтық үғыммен, ұлттық дәстүрімен біте қайнасып,болмысымызға сіңген тамаша қасиеттерін жыр ете отырып, ұрпақты адамгершілікке, тазалыққа, білімділікке, әділдікке шақырады. Арнаулары мен жоқтауларында өз заманындағы Оңтүстік өңірдің көптеген тарихи тұлғаларының істерінен мол мағлұмат берсе, термелерінде адамдық құндылықтарды, ар-намыс, ұят, ана мен атаның қадірі, ел мен жердің қадір-қасиеті т.б. тереңінен түйіндейді.


Бұл жайды баспасөз былай дәріптеді:

«Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Толық шығармалар жинағы» таныстырылды

 «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында қазақтың суырып салма ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының 185 жылдығына орай жарыққа шыққан «Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Толық шығармалар жинағының» таныстырылымы өтті.

Жұмыс тобы мүшелерінің мәліметі бойынша жинаққа ХІХ ғасыр әдебиетінің алыбы, Оңтүстік Қазақстан, Сырдың орта ағысы мен Қаратаудың күнгейіндегі ақындық мектебінің озық үлгісін жасаған Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Түркістан Қ.А. Йасауи атындағы ХҚТУ Түркология ҒЗИ қорларында сақталған қолжазба мұралары, Мырзашөл, Сарыағаш, Отырар, Ордабасы аудандарынан табылған қолжазбалары, олардың нұсқалары мен версиялары текстологиялық сараптаулардан өткізіліп және әр кезеңде жарық көрген кітаптары негізінде ұсынылды. Бұл жинақ белгілі қолжазба жинаушы, шежіретанушы ғалым Сейітомар Саттаровтың ұзақ  жылдар бойы жинаған қолжазбалары негізіндегі еңбек.

Жинақтың тұсаукесер рәсімінде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлібеков, зерттеуші Сейітомар Саттаров, ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Бас директоры Төлтаев Бауыржан Төлтайұлы, ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаева Ескендірқызы, жазушы Смағұл Елубай, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан  Әлімұлы, жазушы  Мамытбек Қалдыбай, дінтанушы ғалым Зікірия  Жандарбек, М.О. Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институты, «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінің ғылыми қызметкері Нұржұма Елесбай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Светлана Смағұлова, тарихшы-ғалым Әлімғазы Дәулетхан және т.б. сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салды.


Майлықожа Сұлтанқожаұлының толық шығармалар жинағы жайлы осы деректер баспасөз беттерінде жарияланып, Қазақстанның бар аймағына таралды. Осы жалпы қазақ хабардар болған тарихи оқиғаны Елікбай мырзаның қалай білмей қалғанына таңым бар?..

Ол: «Бүгінде біз­дің қолы­мызға жеткен Жүсіпқожа Қалқожаұлынан, Асанмолда Әсілбек­ұлынан, Жүнісмолда Сайып­ұлынан, Керімбек Әлім­бекұлынан, Сейітқазы Шөкен­ұлынан жазылған қолжаз­ба­лармен дастандары жиналып, үлкен кітап болып шықты. Оған мұрындық болған Түркістан облысы», - деп жазыпты. Өтірік қой.

Түркістан облысы Майлықожаның кітабын шығарған жоқ. Қожа Ахмед Иасауи атындағы ХҚТУ 1000 (мың) дана шығарып береміз деген. Бізге он данасы жетті. Бірақ сыртындағы сүретін өзгертіп қойыпты. Біреуге керек болған шығар. Одан бабаға келер зиян жоқ. Әруақтың назасына осыны істеген адам қалады.

Ал енді мақаланың жайына қайта оралсақ, Елікбай мырза «Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Толық шығармалар жинағын» оқымаған, оқыса мынадай масқараға бармас еді. Ақынның жинағында мынадай сөз жоқ.

«Масаттың басы Күреңсай,
Жайнаушы еді кілемше-ай.
Гүлдер өскен сол жерді,
Орыс алды-ау, Құдай-ай». Бұл Майлықожаның өлеңі емес. Мәделіқожаның толғауы.

ҚР БжҒ минстрлігіне қарасты Ғылым ордасы ғылыми кітапханасының Сирек қолжазбалар қоры шығарған кітапта мұндай өлең жоқ. Өтірік айтып отыр. Майлықожаның соңғы толық жинағын оқымаған.

«Міне, осы жи­нақ­тарды Түр­кістан облысына экспедицияға барып, қолжазбаларды алып келіп, бү­гінгі күні баспаға дайындап отырмын. Осы еңбектің жарыққа шығуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген ниетіміз бар», - депті. Елікбай мырза Түркістан облысына экспедицияға барған жоқ. Оның қолыңдағы барлық өлеңдер Ғылым ордасы ғылыми кітапханасының Сирек қолжазбалар қоры шығарған кітаптың менен алған көшірмесі. Соған қарамастан Елікбай мырза былай деп көсіледі:

«Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласын­дағы Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінде дәстүрлі жыр бөлімі ашылды. Енді университет сту­денттеріне  Майлықожа жыр-термелерін оқыт­сақ, Қаратау өл­кесінің жыр-терме класының ауқымы кеңейіп, көсегесі көге­рер еді. Бұл халықтың рухани қазынасы һәм бабалардың ама­наты. Оны қаз-қалпында ұр­паққа жеткізу – біздің мерейлі мін­детіміз!».

Оу, қаз-қалпында халыққа жеткізу үшін, қаз-қалпында оқи білу керек! Елікбай мырзаның кітаптың Алматыдан шығуына, тұсаукесерге иненің жасуындай қатысы жоқ. Ол орта жолдан қосылған жолтосар болып отыр. Бүкіл оңтүстікте «Елікбай менен мына қолжазбаны алды», деп айтатын адам таппай қалмайық.

Сондықтан Елікбай мырза Майлықожа ақынның еңбектерін дайындау жолында өзінен бұрынғы еңбектенген азаматтардың еңбектерін жоққа шығарып, бір өзі иеленбей, өзгелердің еңбегін ескеріп, «Мына Майлықожа ақынның кітабын көп тиражбен халыққа жеткізіп берейік», десе көпті көргендігі болар еді. Өкінішке орай, Елікбай мырзада мұндай көрегендік болмағандығы осы бағытта бар өмірін сарып еткен менің, менен бұрынғы өткен тұлғалардың, әруақтардың наразылығын тудырып отырған жайы бар.

Осыдан біраз бұрын мен қолда бар қолжазбаларды алып, Әдһам Шілтерханов ағаға барғанымда, ол кісі: «Секе, бұл Әсілханның да, Тұрсынәлінің де, менің де арманымыз еді ғой», - деген еді. Міне, осы аттары аталған кісілердің менен өзгелері о дүниелік болған тұлғалар. Бұл кісілер көзі тірісінде Майлықожа ақынның шығармаларын жинақтап, халыққа жеткізу жолында ондаған жыл тер төкті. Ертеңгі күні бұл кісілердің еңбектерінің сұрауы болары хақ! Оған Елікбай мырза не деп жауап бере екен?

Сейт Омар Саттарұлы,

Майлықожа мұрасын зерттеуші

Редакция: Автордың пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға кез келген адам құқылы. Сондықтан, мақала аттары аталған жекелеген азаматтар алдағы уақытта пікір білдіруге ниетті болса, олардың да пікірін жариялайтын боламыз.

Abai.kz

 

4 пікір