Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Бір сауал 4723 13 пікір 29 Наурыз, 2021 сағат 15:49

АҚШ, Қытай мен Ресей тартысы. Қазақстан қайтпек?

Әлемдік жағдай Қазақ билігінің мақтаулы көп векторлы саясатының тағыда сынаққа тап болатынын көрсетіп отыр. 

Украина президенті Зеленский Мотор Сичті Қытайлық инвесторлардан тартып алып, мемлекет меншігіне қайтарғаннан кейін жағдай өзгеріп сала берді. Украинаның территория тұтастығын мойындап келген Қытай едел-жедел Қырымға сауда делегациясын жіберді. Мұны Украина билігі йҚытайдың өш алу әрекетій деп бағалады. Ресей мен Қытайдың өктемдігіне бірге қарсы тұратын әріптес іздей бастады.

Украина қорғаныс министрі Андрей Таранның наурыздың 17-жұлдызында аяқталған, Жапонияға жасаған екі күндік тарихи сапары осы мақсаттан туындаған еді. Екі тарап та Ресейге қарата қатаң мәлімдемелер жасады.

Украина  тарапы: «Ресей солтүстіктегі төрт аралды шартсыз түрде Жапонияға қайтаруы керек», – десе, Жапон тарапы: «Ресей Қырымды шартсыз түрде Украинаға қайтаруы керек», – деді. Айтып қана қойған жоқ, Жапон әскері биыл Украинада, Ресейдің іргесінде НАТО әскерлерінің қатысуымен өтетін «Теңіз дауылы 2021», «Бірге құлшын 2021» әскери жаттығуға қатысатын болды. Күзге қарай «2+2» (Қорғаныс және сыртқы істер минстрінің) кездесуін өткізіп әскери, қорғаныс саласындағы әріптестіктің кешенді жобасын жасап, шегендемек.

Ресей мен Қытайды жақындастырған жоғарыдағы екі елдің әскери әріптестігі ғана емес, Америкамен Еуроодақтың санкциясы екені белгілі. Ресей сыртқы істер министрінің доллардан бас тарту ұсынысы Қытайды еш қызықтырмады. АҚШ пен Еуроодаққа қарсы тұру үшін Қытай Ресейге ғана иек артпайды. Қытай сыртқы істер министрі Түркия, Иран, Сауд Арабия қатарлы алты елге сапарын бастап кетті. Қытай Америкаға, өзінен қуатты елдерге «Жауымен дос болып, күшін, назарын шашырату» тәсілін қолданады. АҚШ-тың журналист Хашогининнің өліміне байланысты Сауд Арабияға, Ресейдің әуе қорғаныс жүйесін сатып алғаны үшін Түркияға экономикалық жаза қолданғаны мәлім. Иранның АҚШ пен Еуроодақтың ата жауы екені айтпаса да түсінікті. Солтүстік Кореяның күні кеше қысқа аралық зымырандарын ұшыруы Қытай айласының нәтижелі екенін көрсетеді.

Аляска кездесуінде Қытайдың сыртқы істер басшылығының Американың демократияны желеу етіп, әлемге қожалық етуін айыптап, Бірлескен Ұлттар Ұйымының шешіміне бағынуды дәріптеуі тегін емес. Қытай ол ұйымда басымдыққа ие. «Бір жол, бір белдеуге» қосылған мұсылман елдермен, Қытай инвестициясына тәуелді Африкалық достарына сүйенеді. Оңтүстік Америкадағы эпидемиялық жағдайды да өз пайдасына жаратып, вакцина дипломатиясы арқылы басым бөлігінің қолдауына ие болуда. АҚШ-тың іргесіндегі Мексикадан тартып, Трампқа еріп Хуавейдің 5G қондырғысынан бас тартқан Бразилияны райынан қайтарып, Тайваннан ресми байланыс орнатқан Парагвайды да шешімін өзгертуге мәжбүрлеуде.

Алдағы уақытта НАТО-мен мүдде қақтығысы бар аймақтар да, АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар Таяу Шығыс пен Орта Азияда жағдай қайтадан ушығуы мүмкін. Ауғанстанда талибан мен ДАИШ-тың белсенділігі артуы мүмкін.

Жақында Англия үкіметі ядролық оқ тұмсығын қазіргі 180 данадан 260 данаға жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлім етті. Олар бұл қадамдарын Ресей мен Қытайдан, Иран мен Солтүстік Кореядан келетін қауіптың күшеюімен байланыстырды. Алыстағы Англия қам жасап жатқанда Ресей, Қытай, Иранның ортасында қалған, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бейбіт сүйгіш Қазақ билігі қандай қам жасамақ?!

Оларды аспен де, таспен де атуға қауқары жете ме? Демократиялық партиядан сайланған Байден Путинді «қанішер» десе, Қытай басшысы Си Цзин Пинді «өн-бойында демократияның түйіріде жоқ екен», - деп сипаттады. Қазақстандағы кісілік құқықтың жаңғырығы Еуроодаққа да жетті. Демократияшылдардың «ұр тоқпағының» бізге де тимесіне кім кепіл?! Әлемдік жағдай Қазақ билігінің мақтаулы көп векторлы саясатының тағыда сынаққа тап болатынын көрсетіп отыр. Украина сияқты ішкі-сыртқы саясатын қайтадан сараптан өткізіп алғаны артықтық етпейді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

13 пікір