Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2537 0 пікір 9 Сәуір, 2012 сағат 05:06

Нұрбек Исабайұлы. «Исламдық террор» және саясат

Соңғы жылдары батыстық алпауыт бұқаралық ақпарат құралдарында «ислами террор» сөзі жиі қолданылатын болды. Ислам әлеміндегі белгілі дін ғалымдары мен қайраткерлер «ислами террор» сөзінің қисынсыздығын қанша жерден дәлелдегенімен кейбір топтар террорлық әрекеттерге «ислами» деген таңба басудан жалығар емес. Неліктен батыста «ислам» мен «террор» арасында себепті байланыс құруға деген әуестік бар? Дін ретінде «ислам» мен «террор» арасында себепті байланыс құру шарт болса онда басқа дін өкілдері тарапынан жасалған қатыгездіктер неліктен террормен байланыстырылмайды? Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Ричард Фолк 2000 жылдан бері Израиль армиясының 1300-ден астам палестиналық баланы өлтіргенін алға тартты. Осыған қарап Израильдің Палестиналықтарға қарсы жасаған әрекеттерін «Еврей терроры» деп атау қаншалықты орынды? Ирландияда католиктер мен протестанттықтар қаншама бейбіт адамның өмірін қию арқылы бір-бірімен аяусыз қақтығысты. Алайда, мұны ешкім христиандықпен байланыстырмады. АҚШ-та неокондар билік құрған кезде кіші Буш Ауғанстан мен Иракқа қарсы басқыншылықты «крест жорығы» ретінде сипаттады. Нәтижеде жүздеген мың жазықсыз адам өлді. Осы басқыншылық әрекетті ешкім «христиан терроризмі» деп атамады. Тіпті алысқа бармай-ақ 2010 жылы Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздіктер белең алғанда этникалық өзбектермен қырғыздар арасында қантөгіс болды.

Соңғы жылдары батыстық алпауыт бұқаралық ақпарат құралдарында «ислами террор» сөзі жиі қолданылатын болды. Ислам әлеміндегі белгілі дін ғалымдары мен қайраткерлер «ислами террор» сөзінің қисынсыздығын қанша жерден дәлелдегенімен кейбір топтар террорлық әрекеттерге «ислами» деген таңба басудан жалығар емес. Неліктен батыста «ислам» мен «террор» арасында себепті байланыс құруға деген әуестік бар? Дін ретінде «ислам» мен «террор» арасында себепті байланыс құру шарт болса онда басқа дін өкілдері тарапынан жасалған қатыгездіктер неліктен террормен байланыстырылмайды? Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Ричард Фолк 2000 жылдан бері Израиль армиясының 1300-ден астам палестиналық баланы өлтіргенін алға тартты. Осыған қарап Израильдің Палестиналықтарға қарсы жасаған әрекеттерін «Еврей терроры» деп атау қаншалықты орынды? Ирландияда католиктер мен протестанттықтар қаншама бейбіт адамның өмірін қию арқылы бір-бірімен аяусыз қақтығысты. Алайда, мұны ешкім христиандықпен байланыстырмады. АҚШ-та неокондар билік құрған кезде кіші Буш Ауғанстан мен Иракқа қарсы басқыншылықты «крест жорығы» ретінде сипаттады. Нәтижеде жүздеген мың жазықсыз адам өлді. Осы басқыншылық әрекетті ешкім «христиан терроризмі» деп атамады. Тіпті алысқа бармай-ақ 2010 жылы Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздіктер белең алғанда этникалық өзбектермен қырғыздар арасында қантөгіс болды. Мұны ешкім «қырғыз терроризмі» деп атаған емес. Аталмауы әбден орынды. Террорлық әрекетті жасаған адамның діні, ұлты мен террорлық әрекет арасында себепті байланыс құру мүлдем қате, сыңаржақ пайым. Өйткені, террордың діні яки ұлты жоқ.

Батыстық колониализм пәлсапасы барлық терминдерді белгілі бір саяси мақсатта өз мүддесіне қарай икемдеп қолдануға өте шебер. Ешбір саяси астары жоқ қарапайым сөздердің өзі колониализмнің мүддесіне қарай өзіндік саяси мән иеленіп жатады. Сондықтан күнделікті қолданып жүрген сөздердің қандай мағына білдіретіні емес, оның нендей саяси-идеологиялық мақсатта қолданылатыны маңызды. Ендеше, бүгінде көбіне ислам дініне ғана телініп жүрген террор ұғымының тарихына зер салып көруді жөн көрдік.

Жалпы «террор» сөзінің баршаға ортақ белгілі бір анықтамасы жоқ, дегенмен көпшілік қолданыстағы мағынасы «бейбіт тұрғындарды өлтіру», «күш қолдану», «үрей салу» «қатыгездік» дегенге саяды. АҚШ-тың Чикаго Лайола университетінен Л. Лангман және Д. Моррис «Islamic Terrorism: From Retrenchment to Ressentiment and Beyond» атты зеррттеуде террорға нақты анықтама берудің қиын екендігіне назар аударады.

 

«Террор» ұғымының пайда болу тарихы

 

Саяси терминдер динамикалық сипатқа ие. Қоғамдық жүйенің даму барысына қарай ұғымдар да белгілі бір даму сатысынан өтеді. Латыншада «қорқыныш», «үрей», «қатыгездік» деген мағына білдіретін «террор» сөзі 1789 жылғы француз революциясы кезеңінде саяси-идеологиялық мәнге ие болды. Революциядан кейін Робеспьер жетекшілігінде якобиндер «террор режимі» (1793-1794) деп аталатын саяси жүйе құрғаны тарихтан мәлім. Якобиндер радикалды, төңкерісшіл ұсақ буржуазия өкілдері болатын. Олар Конвенция мәжілісіне үстемдік құрып, басқа партиялар мен ұйымдарды жаппай қырып-жойып, үрей мен қорқыныш режимін орнатады. Якобиндер кішігірім топ болғанына қарамастан барлық саяси билікті өз қолдарына шоғырландырып, республикалық басқару жүйесін орнықтыру үшін монархистерді қатыгездікпен езіп-жаныштады. Осылайша тарихта алғаш рет террор сөзі белгілі бір саяси мән иеленіп, қолданысқа түсті.

Якобиндер құрған «террор режимі» бұқара халықтың ақсүйектерден кек қайтаруының дөрекі, қатыгез формасы еді. Батыс елдерінде 18-19 ғасырларда террорлық әрекетті тәсіл ретінде қолданған көптеген төңкерісшіл саяси ағымдар пайда болды. Кейіннен Франция мен басқа да Еуропа елдерінде кішігірім төңкерісшіл террорлық ұйымдар билікке қарсы белсенді қимылдар жүзеге асырды. Террорға негізделген саяси күрес тәсілі негізінен 19 ғасырдың соңына қарай Патшалық Ресейде қарқындап дамыды. Патшалық билікпен күресу үшін террорлық әрекеттерді төңкерісшіл күрес тәсілі ретінде негіздеген радикалды орыс интеллектуалдары «Народная воля» атты террорлық ұйым құрады. Аталған ұйым 1879 жылы таратқан үндеуінде террорға қатысты ұстанымдарын былайша тұжырымдайды: «Билік басында күш қолданып, қатыгездік жасайтын негізгі лауазымды тұлғаларды жазалап отыруды мақсат еткен террорлық әрекеттеріміз басқару билігінің беделін түсіруді, билікке қарсы күресудің мүмкін екеніне халықтың көзін жеткізуді, осылайша халықтың төңкерісшіл рухын жандандыруды, осы күрестің жеңіске жету мүмкіндігі бар екеніне деген сенімді нығайтуды, арнайы оқу-жаттығудан өткен күрескер күштерді жүйеліп, бағыттап отыруды мақсат тұтады».

1883 жылы «Народная воля» ұйымы патша өкіметі тарапынан түгелдей жойылды. Алайда, Ресейдегі ұсақ буржуазиялық интеллектуалдарды терроризмге бағыттаған алғышарттар жойылмады. 20 ғасырға таяғанда Ресейде «Народная воля» ұйымының саяси мұрасын социалист революционерлер ары қарай жалғастырды. Социалистер терроризмді «жаппай халықтық күресті жоққа шығармастан оны күшейтіп отыру мақсатында» әрдайым жақтап отырды. Осылайша, якобиндер арқылы саяси мән иеленіп, қоғамдық тәжірибеден өткен террор ұғымы батыста күні бүгінге дейін түрлі формада, түрлі саяси мақсаттарда қолданылып келді.

Батыстағы саяси әдебиеттерде террор көбіне индивидуалдық террор және ұйымдық террор деп екіге бөлінеді. Индивидуалдық террор жеке адам немесе адамдардың террорлық әрекеттері болса, ұйымдасқан террор белгілі бір саяси, идеологиялық бағыттағы ұйымдардың немесе ұйымдасқан топтардың террорлық әрекеттері ретінде сипатталады. Сонымен қатар кейбір саяси сөздіктерде «мемлекеттік террор» ұғымы да бар екенін айта кеткен жөн. Осы ұғымның анықтамасына қатысты екі түрлі көзқарас бар. Бірінші көзқарастағылар мемлекеттік террорды билік өкілдерінің өз халқына немесе басқа халықтарға қарсы жүйелі түрде жүзеге асыратын репрессиялық әрекеттері ретінде сипаттаса, екінші көзқарастағылар мемлекеттің құқықтан тыс астыртын жасаған қатыгездік әрекеттері ғана террорға жатады деп есептейді. Екінші көзқарас бойынша мемлекеттің құқық аясында жаппай қырып-жою, қатыгездік әрекеттері мемлекеттік террор аясына кірмейді. Лев Троцкийдің «Егер біз террорлық әрекеттерге қарсы болсақ бұл тек индивидуалды кек алу бізді қанағаттандырмайтындығы үшін ғана» деген сөзі кейіннен XX ғасырдағы фашистік және коммунистік режимдердегі мемлекеттік террордың астарындағы сана-сезімді паш етеді.

Көріп отырғанымыздай тек террор термині ғана емес, саяси күрестің террористік формасы да батыстан, дәлірек айтқанда модернизм кезеңінің бастауы саналатын француз революциясы кезеңінен басталады. Индивидуалдық немесе ұйымдық сипатта террор арқылы саяси күрес жүргізу тәсілінің астарындағы сана-сезімді діндарлықпен түсіндіру мүмкін емес. Бұл материалистік сананың айқын көрінісі. Сондықтан болса керек ислам ғұламалары батыстан шыққан террорлық күрес тәсілін Исламдағы жиһадпен шатастырған Усама Бен Ладеннің әрекеттерін лағынеттеді. Тіпті, кейбір беделді дін ғалымдары «террорист - мұсылман, мұсылман - террорист бола алмайды» деп өте қатал пәтуалар берді. Ислам дінінде соғыс ережелерінің өзі діни қағидалармен бекітілген. Дін ғалымдары қасиетті соғысты (жиһад) жеке адамдар мен ұйымдар жариялай алмайтынын, бұны тек сыртқы агрессияға қарсы мемлекет немесе мемлекеттің құзырлы органдары ғана жариялай алатынын айтады.

Ислам әлеміндегі көпшілік ғалымдар Әл-Каиданың «Батыстың агрессиясының өзі террор, ендеше террорға террормен жауап береміз» деген пәтуасын лағынеттейді. Бұл Ислам дінінің теологиялық негіздеріне, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі түсінігіне мүлдем сай келмейтін пәтуа еді. Әл-Каида Құрандағы «Сендерге күш қолданса сендер де оларға қарсы күш қолданыңдар, алайда шектен шықпаңдар» деген үкімін негіз алады. Олардың түсінігінде батыстық агрессияға тап болған мұсылман елдерінде бейкүнә адамдар мен балалар өлуде, ендеше «қысас» (кек алу) немесе «муқабалә-и бил-мисл» (келтірілген зиянға дәл сол көлемде зиян келтіру арқылы жауап беру) қағидасын басшылыққа алып, жазықсыз адамдарды, балаларды өлтіре беруге болады деп есептейді. Алайда, мұсылман ғалымдар нақ осы түсініктің өзі шектен шығудың көрінісі деп санайды. Жоғарыда аталған қағидаларды негізге алып, жазықсыз адамдарды өлтіруге болады деп есептеу нағыз адасушылықтың көрінісі. Өйткені, Исламдағы соғыс құқығында балалар мен жазықсыз адамдар тұрмақ, өсімдіктер мен жан-жануарлардың өзіне зақым келтіруге тиым салған. Бұл жалпыға белгілі жағдай бола тұра Әл-Каида сынды маргиналды топтардың террорлық әрекеттерге беттеуі жалпы ислам үмбетін террормен қаралауға негіз бола алмайды.

Алайда, кейбір сыңаржақ көзқарастағылар 90-шы жылдардан кейін «жаңа пікір» ортаға тастады. Ориенталист ғалым Бернард Льюистің «бәлкім «ислами террор» сөзі дұрыс болмас, алайда, барлық террористтер мұсылмандардан шығуда» деген пікірі ислам дініне жабылған үлкен жала еді. Ал енді террорлық әрекеттер жасаған, шыққан тегі мұсылман кісілердің әрекетін қалай түсіндіруге болады? Осы тұста қызықты бір мәлімет келтіре кету қажет. 2008 жылы тамыз айында Англияның ішкі қауіпсіздік қызметі MI5 арнайы зерттеу материалдарын жариялады. Осы рапортта террорлық әрекеттер жасағандар, террорға жақын тұрған радикалдар мен оған қызығушылық танытатындардың көпшілігі дінді жақсы білмейтін, тіпті кейбірі діни міндеттерін атқармайтындар екендігі анықталды. «Біріккен корольдікте әсіре күш қолдану және радикалдану үдерісі» атты рапортта «ислами террор» сөзінің астарын ашатын бірқатар нақты дәйектер келтірілген. Рапортта мына мән-жайлар баяндалады: 1. Радикализмге бой алдырғандар түрлі қоғамдық топтан шығуы әбден мүмкін. Радикалдарды белгілі бір әлеуметтік топ немесе дінмен байланыстыруға болмайды; 2. Террорлық әрекетке барғандар көбіне өз дінін жетік білмейтін шала сауатты адамдар арасынан шығады; 3. Қоғамда діни ағартушылық пен діни құрылымдар жұмысы жақсы жолға қойылса террорлық әрекеттерді тоқтатуға болады; Бұл рапорттағы тұжырымдар террорлық әрекетке беттеген жүздеген адамдарды зерттеу нәтижесінде жасалған. Осы рапортта жасалған тұжырымдар арасында террорлық әрекетке беттегендердің діни сауатының төмен адамдар арасынан шығатындығы тіпті кейбірінің діни міндеттерін атқармайтындығы көп жайды аңғартса керек. Бұл жағдай - мақаланың басынан бері айтпақ болған ойымызды растайтын фактор. Осы ойымызды тағы да бір рет түйіндесек, террорлық әрекеттер - діндарлықтың емес, керісінше діни сана-сезімнен жұрдай болудың, яғни, материалистік сананың көрінісі. Осы орайда кейбір мұсылман ғалымдардың «Бен Ладеннің жүрегі мұсылман болғанмен, ақылы - кәпір» дегенді алға тартуы өте орынды айтылған пікір.

Қорыта айтқанда, зұлымдық пен жауыздық адам баласының рухани дүниесінің азғындауынан, діни сананың әлсіреуінен туындайтын құбылыс. Жер бетінде зұлымдық пен жауыздық тоқтамайынша террор мен басбұзарлық та тоқтамақ емес. Зұлымдық тек қана зұлымдықты тудырады. Ал зұлымдықтың діні болмақ емес, басқалай айтқанда террордың діні болмайды.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2192
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2501
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1679