Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2544 0 пікір 9 Сәуір, 2012 сағат 04:20

Әліби Жангелдин. Менің ғұмыр жолым* (жалғасы)

*1946 жылдың желтоқсан - 1947 жылдың қаңтар айларында Ә.Т.Жангелдиннің өз аузынан тарих ғылымдарының кандидаты Р.И. Голубева жазып алған бұл естеліктер кейбір қысқартулармен ұсынылып отыр.

(Жалғасы. Басын мына жерден оқи аласыздар: http://old.abai.kz/content/elibi-zhangeldin-menin-gymyr-zholym, http://old.abai.kz/content/elibi-zhangeldin-menin-gymyr-zholymzhalgasy)

 

Көтерілісшілердің арасында бір де бір зиялы болған жоқ, орыс тілін білетін сауаты бар адамдар болмады.

Байлар да патша үкіметін қолдады, сөйте тұрып, өздері әскерге алынбас үшін, ақша төгіп пәреледі. Жастар әскерге жиналатын бөлімдерге барудың орнына көтерілісшілер отрядтарына қосылып жатты.

Мен Торғай облысына шықтым. Жасырын атпен пойызға отырып, Шалқар бекетіне келіп түстім, одан Торғай облысындағы Ырғызға кеттім. Көтерілісшілер ауыл старшындарынан тізімдерді тартып алып, жойып отырды.

*1946 жылдың желтоқсан - 1947 жылдың қаңтар айларында Ә.Т.Жангелдиннің өз аузынан тарих ғылымдарының кандидаты Р.И. Голубева жазып алған бұл естеліктер кейбір қысқартулармен ұсынылып отыр.

(Жалғасы. Басын мына жерден оқи аласыздар: http://old.abai.kz/content/elibi-zhangeldin-menin-gymyr-zholym, http://old.abai.kz/content/elibi-zhangeldin-menin-gymyr-zholymzhalgasy)

 

Көтерілісшілердің арасында бір де бір зиялы болған жоқ, орыс тілін білетін сауаты бар адамдар болмады.

Байлар да патша үкіметін қолдады, сөйте тұрып, өздері әскерге алынбас үшін, ақша төгіп пәреледі. Жастар әскерге жиналатын бөлімдерге барудың орнына көтерілісшілер отрядтарына қосылып жатты.

Мен Торғай облысына шықтым. Жасырын атпен пойызға отырып, Шалқар бекетіне келіп түстім, одан Торғай облысындағы Ырғызға кеттім. Көтерілісшілер ауыл старшындарынан тізімдерді тартып алып, жойып отырды.

Жол бойында қазақтар маған онда баруға болмайтынын, көтерілісшілер өлтіріп қоюы мүмкін екенін айтып сақтандырды. Олар менің кім екенімді білмейтін еді. Олар орыс және қазақ зиялылары жарлық жағында деп ойлады. Олар бұл адамдар орыстарға сатылып кеткендер, бұлар өз адамдары емес деп есептеді.

Мен ештеңе де айтпадым, бір көмекші алып, қала сыртына шықтым. Киноаппарат әрқашан жанымда жүретін. Қырымнан кетіп бара жатып, оны да өзіммен бірге алған едім.

Маған көтерілісшілер тобының бір басшысы келіп, тұтқындағысы, сөйтіп аппаратты тартып алғысы келді. Мен оларға:

- Жолдастар, мен өзім де сендерге бара жатырмын. Мына мәшине патша шенеуніктеріне қарсы жұмыс істейтін болады,- дедім.

Олар бәрібір киноаппаратты тартып алмақшы болды. Мен:

- Бұлай етудің қажеті жоқ, мен өзім Торғайға бара жатырмын. Сол жерде көрсетемін, - дедім.

Олардың ішінде Горенск болысының бір беделді Кенже дейтін кісі бар еді. Сол мені білетін, менің шенеунік емес екенімді айтты. Мен шамалы  сөз сөйледім. Содан соң маған сеніңкіреп қарайтын болды. Бұл жерлерден Торғайға аттандым.

Торғай шекарасында мені Торғай көтерілісшілері қарсы алып, көтеріліс штабына алып жүрді. Торғай уезінде екі ру бар: арғындар мен қыпшақтар. Арғын руында көтеріліс басында - Оспан Шолақов, қыпшақтарда - Әбдіғаппар Жанбосынов болды.

Мен келгенде, халық тұтасымен көтеріліспен қамтылмаған екен. Торғай уезінде көтерілісшілер қолы бірнеше мың адамнан тұрды. Мен келісімен, Әскери Кеңес өткіздік. Көтерілісшілердің Торғайға шабуыл жасауға дайындалып жатқанын білдім. Маған шабуыл жоспарын баяндады.

Алдымен арғын руы жасақтары келді. Арғын және қыпшақ - екі рудың  да жасақтары бір-біріне жақын орналасқан, аралары -10-15 шақырым.

Мен екі ру да бірлесіп, ұйымдасқан түрде шабуыл жасау керек, өйткені патша үкіметі -ежелгі жау дедім. Әскери кеңеске Аманкелді Иманов та келді. Бұл кезде оның бірнеше мың адамы болды.

Жиналыстағы сөз Торғайға шабуыл жайында болды. Екі көзқарас айтылды: арғын руының басшысы Оспан Шолақов және оның кеңесшілері қаланы шабуылдап алу керек десе, сақ қимылдайтын Әбдіғаппар Жанбосынов қаланы ұзақ қоршау арқылы берілуге мәжбүр ету керек деді.

Әбдіғаппар Жанбосынов та, Аманкелді Иманов та қаланы шабуылмен емес, қоршап тұрып, содан соң лап беріп шабуылдап алу керек деген менің ойымды қолдады. Мен жиналыста былай дедім: қаланы алу қиын. Торғайда әскери бөлімдер бар, көтерілісшілерде аң аулайтын бытыра мылтық пен ағаш сапты найзадан басқа ештеңе жоқ, ал Торғайда винтовкалар, тіптен пулеметтер де бар. Қаланы қоршау керек, бірден шабуылдамай, өзен жағынан кесіп тастап, сусыз қалдыру керек, сөйтіп қорғанысты ұзақ ұстап, қаланы қоршау жолымен берілуге мәжбүр ету керек.

Менің бірінші ұсынысымды олар қабыл алды, ал екінші ұсынысыммен келіспеді. Сол сәттен-ақ шабуылдау керек, басқа түк те емес деді.

Ұзақ таластан кейін жиналыс өзара келісіммен тоқтады: қаланы қоршау керек, егер мүмкіндік туып тұрса - оны лап беріп шабуылдап алу керек.

Кейбір қызба ерлер ұрысқа құлшынды. Сол екі арада олар ескертусіз, бұйрықсыз стихиялық түрде шабуылдап та үлгерді. Шабуылды тоқтаттық, бірақ қаланы шабуылдау таң алдында бір кезде, бір ауыздан ұйымдасқан түрде болады деп шештік.

Мен арғындар батыстан шабуылдасын, ал қыпшақтар шығыс жақтан шабуылдасын деп кеңес бердім. Түнде өзеннен өтіп, таң ата шабуылдаймыз деп шештік. Алайда өкінішке қарай, арандатушылардың бірі үлкен шөп маяларды өртеп, біздің дайындап жатқан шабуылымыз туралы қалаға белгі жасады.

Өрт патша әскеріне берілген белгі еді, бірақ шабуыл жоспары жасалынып қойылған, біз енді шегіне алмадық.

Сөйтіп біздер, қыпшақтар, қаланың батыс жағында тұрған арғындардан қол үзіп қалдық.

Біздің шешіміміз мынадай еді: қалаға шусыз кіріп, бас поштаны және басқадай негізгі мекеме үйлерін басып алып, әскер жасағына, казармаға, жетіп, қаруларын тартып алу. Көтерісшілердің негізгі қаруы айбалта, найза, аңшылық мылтық, бытыра мылтық, қылыш болды. Патша әскері толығынан қазіргі қарумен қаруланған. Торғайда бірнеше жүз адамнан құралған гарнизон тұрды және қосымша полковник Ткаченко басқарған жүз адамдық отряд Қостанайдан жіберілген.

Шабуыл басталды. Көтерілісшілер қалаға лап қойып, шетіне басып кірді. Аттылардың қолында жермайға батырып алған шүберек жанған найзалар болды. Олар қамыспен жабылған үйлерді, қораларды өртеп, басқалары баррикада тосқауылын бұзып өтуге кірісті. Бұлардың қаруы ұзын ағаш саптың басында кішкене балталар бекітілген қару еді. Кейбіреулерде мылтық, оның өзінде аңшылық мылтық болды, және бұлар әр жүз адамда біреу еді. Ал олар, көбінесе, бытырамен немесе қорғасын түйірлерімен атты.

Бірақ нашар қаруаланғанмен, көтерілісшілер қайсарлықпен алды. Қаланың үштен бірі алынды, алайда бізге 80 адам шығынмен шегінуге тура келді, ал гарнизон жағынан өлгендер 20 болды.

Таң ата қалаға кірдік, кешкі сағат жетіге дейін ұрыс жүргіздік. Күн бата қаланы  тастап шықтық.

Шабуыл кезінде біз бір мал дәрігері әрі тілмаштың үйін басып алып едік. Сол үйде болған кезімде бізге сегіз аңшы мергендер келіп қосылды. Бұл топта Аманкелді Иманов, мен және Кейкі батыр болдық. Атыс қызды. Бізде - бытыра мылтықтар ғана. Бізді патша солдаттары тізбегі шабуылдады. Бұл үлкен взвод еді. Аманкелді Иманов командирді өлтірді. Бұдан соң взвод сасып кейін серпілді. Ержүрек Кейкі взводтың көз алдында жүгіріп барып, командирдің шинелін, бас киімін, қаруын алып, қайта оралды. Солдаттар шегінді: бірақ қайта ес жиып, тағы шабуылын бастады. Олардың бізді қоршауға алуға тырысып жатқанын көріп, біз үйдің артына шегінуге мәжбүр болдық, ұрыс кезінде сонда қалдырған аттарға мініп, ұзап кеттік.

Сөйтіп біз қаланы тастап шығуға мәжбүр болдық.

Торғайға шабуыл - көтерілістің басы еді. Содан кейін көтеріліс Қазақстанның барлық жеріне тарады, ол ақпан революциясына дейін басылмады.

Қыпшақтар қолы қаладан 15 шақырымға шегінді. Бірақ біз қаладан ұзап  кетпей тұрдық.

Біз Орта Азияның басқа аудандарында болып жатқан көтеріліс туралы білдік, алайда олармен байланысымыз болмады.

Арғындар бізден бөлініп қалды, олар алауыздылықпен қимылдады. Қыпшақтар қолы қаладан қол үзбей, ұзап кетпеді.

Бастапқыда біз жеке ауылдарда азықтандық, бірақ құрамалар құрған соң, тамақтануды өзіміз ұйымдастырдық.

Торғайдан шегінгеннен соң, біз одан арғы қарсылық жүргізу жоспарын құрдық. Қолбасылар, бөлімшелер қандай болу керек жөнінде оқыту жоспарын да жасадық.

Әскерді ұстау үшін бізге азық-түлік, ат жемі, киім керек еді. Сондықтан біз әскерді шаруашылық жағынан қамтамасыз ететін интендант сияқты арнайы басқарма жасақтап, тапсырма бердік. Халықтар бізді жазғырмас үшін біз жоспарлы әрекет еттік.

Мысалы, он үйлік ауыл тұр дейік. Бұл ауыл әр сарбазға бір айға дән мен күрішті айтпағанда, бір пұт ұн, бір қой беруі керек. Қойлар құйрықты, семіз, ал ішмайдың өзі 25 фунт болуы тиіс. Одан басқа киім береді:етіктер, жейделер, жылы тондар, баулы жылы күләпара. Он үй осы жиынмен қамтамасыз етеді. Аттарды тек байлар береді. Әрбір бай ат пен ер-тұрман береді. Бұлармен интендант басқармасы айналысады.

Алдымызда негізгі міндет - әскерді қаруландыру міндеті тұрды. Қаруды өзіміз жасауымыз керек болды. Қару жасай білетін ұсталарды шақырдық, найза, қылыш, жасадық. Біздің үлкен шеберханамыз болды, ол өзімізбен бірге көшіп-қонып жүрді. Біздің ұстаханамыз да бар еді. Аңшылық мылтықтан бытыралы мылтық жасайтын шеберлеріміз болды. Оқ -дәріні  өзіміз дайындадық, өйткені оны еш жерден алу мүмкін болмады. Оқ -дәріні сор құрамасынан жасады. Осылайша өзіміз жасаған айбалта, қылыш, найза, бытыра мылтықпен қаруландық.

Аттарды табу керек, өйткені біз тек атты әскер едік. Жоғарыда айтқандай, аттарды тек байлар беріп отырды. Олар біздің былай да тартып алатынымызды біліп, жақсы аттарды өздері берді. Бәрімізде ат болды. Бәріміз де ат сайысын білдік. Жаяу әскеріміз болған жоқ.

Кейінрек біз жазалаушылардан қолға түсірген үш сызықты жүз винтовка иелендік. Сондай-ақ, бірнеше пулемет тартып алдық, бірақ оларды пайдалана алмадық, өйткені ешкім де пулемет атуды білмейді.

Бізде арнайы үгітшілер жұмыс істеді. Олар елге шығып, түсіндіріп, әңгімелер жүргізді. Араб әріптерімен жазылған үндеу таратты. Бұл шақыру қысқа, бірнеше ауыз сөзден тұрды. Ол үндеу өзіміз құрған үкімет атынан айтылды. Үкіметіміз хандық деп аталды. Хандық басында Әбдіғаппар Жанбосынов билік етті. Хан өз бетінше мәселелер шеше алмады. Барлық мәселені 12 министрден тұратын Кеңес шешті. Шын мәнінде 2-3 адам ғана мәселенің шешімін дайындайтын. Ал оны Министрлер Кеңесі жариялайтын. Сөйтіп Кеңес барлық мәселенің шешілуіне қатысты, шешуші күшке ие болды.

Көтерілісшілер саны артып жатты, біздерге өз облысымыздан ғана емес, көрші облыстарданда келіп қосылды. Сөйтіп көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2185
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2496
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1679