Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2582 0 пікір 7 Сәуір, 2012 сағат 09:45

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Жылдық сынауға бірер ай ғана қалған 1943 жылдың көктемі. Мектебіміздің арт жағындағы «Бахулан»1 деп аталған жайдақ сайда қарағаш тоғайы жасарған, бүршік қынаптарын жарып, жасыл жапырақтар мен жас өркен жарық көре бастаған кез. Біздің арамыздағы жас талаптың бүршіктері де жарылып, ақындық көрсете бастады осы кезде. Өсімдік өркеніне жан берген күн нұры болса, біздегі ақындықты шабыттандырған - көрген өміріміз бен оқыған кітаптарымыз еді. Біз де жас өркен сияқты жаппай ұмтылып, жарыса талпындық. Көргеніміз де, оқығанымыз да бірдей ғой.

Қазақстан поэзиялық шығармалары бәрімізді баурап, бос уақыттарымызда көбінше соларды оқып жүр едік. Кейін келе көшірме өлең, дастандар көбейді. Абай, Шәкірім шығармаларын былай қойғанда, түрмеде жатқан өзіміздің ақын ағаларымыздың өлеңдері де түрмеден ұрлана шығып, бізге шырқала жырлай, жылай жетіп жатты.

Үрімжі түрмесіне 1940 жылы келген Таңжарық пен Әбдікерім ақынның өлеңдері осы кезде өзімізді де көп жылатты:

 

«Дариға, тағдыр қысты, қиналды жан,

Өтпейді өңешімнен су менен нан.

Қайғымның қаншасына сен куә бол,

Төгілген жүрегімнен қып-қызыл қан!

 

Дариға, мен қайғырдым кімдер үшін,

Оларға көрсетіп тұр кімдер күшін?!

Жаралап көкірегімді улы қанжар,

Қан құстым жүрегімді тілгені үшін!

V

Жылдық сынауға бірер ай ғана қалған 1943 жылдың көктемі. Мектебіміздің арт жағындағы «Бахулан»1 деп аталған жайдақ сайда қарағаш тоғайы жасарған, бүршік қынаптарын жарып, жасыл жапырақтар мен жас өркен жарық көре бастаған кез. Біздің арамыздағы жас талаптың бүршіктері де жарылып, ақындық көрсете бастады осы кезде. Өсімдік өркеніне жан берген күн нұры болса, біздегі ақындықты шабыттандырған - көрген өміріміз бен оқыған кітаптарымыз еді. Біз де жас өркен сияқты жаппай ұмтылып, жарыса талпындық. Көргеніміз де, оқығанымыз да бірдей ғой.

Қазақстан поэзиялық шығармалары бәрімізді баурап, бос уақыттарымызда көбінше соларды оқып жүр едік. Кейін келе көшірме өлең, дастандар көбейді. Абай, Шәкірім шығармаларын былай қойғанда, түрмеде жатқан өзіміздің ақын ағаларымыздың өлеңдері де түрмеден ұрлана шығып, бізге шырқала жырлай, жылай жетіп жатты.

Үрімжі түрмесіне 1940 жылы келген Таңжарық пен Әбдікерім ақынның өлеңдері осы кезде өзімізді де көп жылатты:

 

«Дариға, тағдыр қысты, қиналды жан,

Өтпейді өңешімнен су менен нан.

Қайғымның қаншасына сен куә бол,

Төгілген жүрегімнен қып-қызыл қан!

 

Дариға, мен қайғырдым кімдер үшін,

Оларға көрсетіп тұр кімдер күшін?!

Жаралап көкірегімді улы қанжар,

Қан құстым жүрегімді тілгені үшін!

 

Қайғырдым назаланған елім үшін,

Ақ бүркеп азаланған жерім үшін.

Ішінде қан майданның қаза таппай,

Жазықсыз жазаланған ерім үшін!

 

Түрмедегілерді көп зарлатқан ұлттас сатқын тергеушілерге кейде қаһарлы тіл қанжарын қадап, кейде қапалы қарғыс жаудырған өлеңдер де жетті:

 

«Көр қазған көрінгенге қотиындар,

Құран қып қожа сөзін оқитындар.

Бар оқып, жетілгенің осы бопты,

Түрмеде бізбен бірге шоқиыңдар!»

 

Қатарлас камераларда жататындар бірінің халін бірі дер кезінде біліп тұрады екен. Бірін бірі демеп, бірінің жарасын бірі емдеп, қайрат-қажырға, үміткерлік пен жігерге шақырысқан жауынгер жырлар көп туындапты. Тергеу қинауынан күйреп шығып, сүйретіліп өтіп бара жатқандарды есік саңлауларынан көріп тұрған осы ақындардың қолма-қол айтып қалған, кереметтей шипалы өлеңдері сырттағы бізге де дәл сондай әсерімен жетіп, ем айтады:

 

«Қажыма, тұр орныңнан болат жүрек,

Дұшпандар салса қанжар, найза тіреп!

Жер жүзін тітіретіп басса зұлмат,

Найзағай атылса да күн күркіреп!»

 

Шың Шысайдың қанды қолынан билік тайып, гоминданның «қамқорым» болып көріну жөніндегі ауыз жомарттығы түрмедегілердің кісен-шынжырын бірер елі ұзартып, біраз тыныстандырған екен. Бұрын бір-бірінің өлі-тірілігінен мүлдем бейхабар жатқан «қылмыстылар», осы сәтте ғана хабар табысыпты. Өлгендеріне жоқтау, тірі қалғандарына аяныш, шағым сазды өлеңдер осы кезде көп таралды.

Әбдікерім ақын Шәріпқан мархұмды былай жоқтайды:

 

...Ел сасса, аузына алған ұраным-ай,

Ер сасса, қолына алған құралым-ай!

Зым-зия болдың бүгін кеше арыстан,

Оқыған тисін саған құраным-ай!

 

Мекенің алтын Алтай тұрағың-ай,

Мезгілсіз сол биіктен құладың-ай!

...........................................................

...........................................................

 

Құз биік - Теңгір1 биік, Сеңгір биік,

Аңдыған мерген қуып біз бір киік.

Баласын сол киіктің қасқыр басып,

Киікпен мен де бірге тарттым күйік!

 

Басыңа тар қамауда қалта киіп,

Арсылдақ ит күзеткен тісі ырсиып.

Қорсылдап қодыраңдаған қай жендеттің,

Тұрды екен сұрағында басын иіп?!

 

...........................................................

Қиядан ұштың қыран, қонарда жоқ,

Іздесем алтын Алтай, Оралда жоқ!

Езілген ескі өмірді еске аларлық,

Тым құрыса құба балшық молаң да жоқ!

 

Еске алған ел құрбанын залым осы,

Зарымның таршылықта сарыны осы.

Тар есік, там босаға, тас қамауда,

Көз жасым - қолдан келген барым осы!

 

Осы өлеңдердің қайсынымызға болса да жағатындығын біле тұра бір-бірімізден жасырып оқып, жасырып көшіреміз. Жасырын дәптерлерімізді әлде кім жиып алып салыстыра қалса, мазмұн, тақырып реттері де бірдей шығар еді. Бір ғана адам айтып, жалпымызға бір-ақ көшірткендей, бір ғана ұстаздың оқытып жатқан конспектісіндей, бір ғана қолбасының басшылығымен істеліп жатқан істей көрінер еді. Олай болатыны: досымызға болсын, қасымызға болсын келіп жеткені бірер тәуліктің ішінде бәріміздің дәптерімізге қондырылып болады. Ынтықбайдың көшіргені әпсәтте менің дәптеріме де түсіп болғанын оның өзі мүлде сезбейтін. Ал, ту басында менің дәптеріме көшірілген өлеңдердің Бексапаға, Бексападан Тілеуқанға... қыдыра-қыдыра «қас жауым» Ынтықбайдың қойын дәптеріне кіріп кеткенін, оның оқи отырып жылайтынын да сезбейтінбіз.

Көрген күніміз бір болғандықтан көңіл-күйіміздің де бірдей екенін өшпенділік құрғыр сездірмейтін. Нені көріп, неге жылап отырғанымызды қас көз қайдан білсін, әйтеуір қайсынымыз жыласақ та іркінді нәтижесін сырт қарап ыршытатынбыз. Арлан бөріше арқа жүнімізді үрпитетінбіз сонан соң.

Сондай жасырын әсерін қара тақтаға жұмбақтай жариялап, өлең жазатындар шықты бір күні. Оқытушысыз өткізген көптеген сағаттардың бірі еді. Кейбірінің өлең сиқы болмаса да, ой-пікірі түрмедегі ағаларымыздікіне ұқсайды. Кейбіреу оларға еліктей жырласа да, өзіндік ойын қосып, өзінше жырлауға тырысады.

Қара тақтаға солардың бірі болып жазылса да, дау қозғап, жаугершілік тудырғаны Өмірбектің мына өлеңі болды:

 

Ағалар қайғырады кімдер үшін,

Оларға көрсетіп тұр кімдер күшін?!

Ізбасар іні болып жылайтындай,

Бар екен бізде сірә қандай пішін?!

 

Бұл өлеңге танауы едірейе қараған Салық алдындағы қағазға апыл-құпыл жаза салды да, қара тақтаға барып көшірді:

 

- Таныс-ақ қой әркімге сіздің пішін,

Танымасаң айнаға қара, кісім!

Талпақ танау, май басқан көзі бітік,

Қай бабаңа ұқсаған осы мүсін?

 

Өмірбек те қаратақтаға қайта барып жаза жөнелді жауабын:

 

- Адамға сын емес қой сыртқы мүсін,

Өлеңді мен жазғанмын адам үшін.

Шошқадан тұңғыш жырың жаралғандай,

Қорсылдаса, айта ғой өзің кімсің?!

 

Әрқашан шошқа жырды шошқа жазар,

Адамнан ол айтысып қалай озар.

Өлеңді адамша жаз адам болсаң,

Сыр шертіп, шымырлатып көңіл қозғар!

 

Көпшілік шуылдай құптады бұл өлеңді. Қабен Салықтың өлеңін қатты жерледі:

- Дұрыс сөзге бұрмалай жауап қайырып, боқтай салатын өлең, расында да адам ақынның өлеңі болып бағаланбайды ғой!

- Тіпті әрқандай жағдайда да өлеңге боқтық араласпау керек!- деп қалды Оралқан.

- Олай емес,- дедім мен, Оралқанға қарап. -Өлең патшалары ебін тауып, елін сүйіндіре боқтай алады. Мысалы, Абайдың: «өзі шошқа өзгені ит деп білмек» дейтін өлеңіне қай дос сүйінбеген. Мәселе себебін дәл тауып боқтауда ғана. Өмірбектің алғашқы өлеңі сырлы, әркімнің іштегі сырын қозғарлық өлең еді. Ол өлеңге: «шошқасың, ата-бабаңның қайсысына тартқансың» деген себепсіз шалдуар-шипау сөз сиымды жауап бола алмай шықты да, өзі одан әлдеқайда мықты боқтық естіп қалды. Бұл өлеңнің мықты есептелетін себебі - сіңімділігі мен сиымдылығында.

Салық ашуға булығып, қанша талауырағанымен төтеп бере алатын жауап таба алмағандай, ойланып қалды да, тақтаға Шақан шықты.

Тым кесек мінезді Шақанның енді тым кесек тілмен боқтайтындығын байқай қойған Тілеуқан қу да жүгіріп барып бір шетіне жаза қойды:

 

- Шақаң батыр, деген соң Шақаң батыр,

Байқа батыр, зор шұрқан келе жатыр!

Мескертейін батырым, мескертейін,

Құлағыңа сыбырлап ескертейін.

Өлең білсең, тауып айтасың,

Білмесең қауып айтасың.

 

Көпшілік ду күлгенде Шақан да жалт қарады. Бірақ, бұл «мескертуді» көріп оқығанша өзі де жазып болып еді:

 

Жылан жақтайд жыланды күйіп-пісіп,

Шыға келер ысқырып ара түсіп,

Табаныммен мыжырмын тарпып бір-ақ,

Тегінде отырмасаң к...ді қысып!

 

Өмірбек бұған да төтеп берерлік жауап қайырды:

 

- Шақаңның бұл өлеңі қайдан шықты?

Келіп тұр сасып-шіріп қайран мықты!

Аузынан шықты деуге дәлелім жоқ,

Артындағы бір терең сайдан шықты.

 

Шақанның жұдырығын жұмсатып алудан сақтанған көпшілік сықылықтап, шиқылдап қана жасырын күлісті. Салық қайта келді тақтаға. Ойланып жазғандықтан бұл өлеңі сәл ұтымдылау шыққан сияқты.

 

Пішініңді сұрадың әуел бізден,

Барыс болсаң, таймас ең осы ізден.

Қисық болсаң айнаға өкпелеме,

Дәл көрсеттім сиқыңды көрген көзбен!

 

Бір белгі ғой аңға да сыртқы мүсін,

Терісінен танимыз аңды, кісім.

«Сасық жел» мен «шошқадан» айнымайтын,

Тағы дәлел болмай ма арам ішің!

 

Тақтаға Ынтықбай да шығып, осының жалғасына бір шумақ өлең тіркеді:

 

Бізге қарсы кім шықса - найман шығар,

Кіріп алып қойныңа найман шағар.

«Өкіреш» деп сол шалың аталып ед,

Тістеп шағып өлерің содан шығар!

 

Тілдің уланып, ынтымақ-берекеге тағыда у төгіп бара жатқанын білді ме, әлде, қиыс жауап пен қисынсыз жаланың жеңіліске мойындамайтынын білді ме, Өмірбек жауап жазбады. Мұрнын тыжырып, қолын сілтей салды.

Айтысқа Қабен қатысты енді. Ынтықбайдың өлеңіне ызаланған ол керей атынан найманға жақындық білдіріп, өз тентегінің тілін тимақ сияқты:

 

Іріген сөзі осы ғой шірігеннің,

Неңді алған найман баба сірә сенің?!

Қудалап құлғанадай қадаларлық,

Бар ма еді әке құның, ата кегің!

 

Ел едік бірге туып, бір қонысқан,

Жер дауын, елдің кегін бір қуысқан.

Іні боп Қабанбайға ер Жәнібек,

Қашан да қан майданға бір шығысқан.

 

Бірге айтып бір түрмеде налаларын,

Бір төккен қан мен жасын ағаларың.

Осы бір налет жауғыр пішініңді,

Біліп қой «арам без» деп бағаларын.

 

Салық тез басып, ширай шықты да ала шыққан жаза таяғындай ақ борын тақылдата жөнелді тақта бетіне:

 

Ей арсыз, арам без кім, алал без кім,

Жұрт кешіп, аруақ аттап дала бездің?!

Дейтұғын «ер туғанға, ит тойғанға»,

Бұралқы, шын арам без дәл сен өзің!

 

Тақтаның бір бұрыншына Шақан да барып жазды:

 

Сатылған жуындыға сары күшік,

Шәуілдер қожасына ара түсіп.

«Арам без» сенен басқа кім болыпты,

Тастармын құйрығыңды бір-ақ кесіп!

 

Салық пен Шақан қайтысымен Ынтықбай шықты. Бүкіл аруақтары атынан күңіренгендей соза күрсініп, дайындап әкелгенін жазды:

 

Қайғырма ит азды деп туысқаным,

Көрмеп пе ек қасқыр мен ит табысқанын!

«Иесін ит құтырса қабар» деген,

Қабанға айырбастап арыстанын.

 

Уа, ауылым, жерің де алтын, суың да алтын,

Ақ иық қыраныңдай батыр халқың!

Жат пиғыл, жарты бауыр, жармес кезбе,

Сайтаннан жаралған-ау осы сартың!

 

- Бұл бейшаралыққа не дауа!- деп Қабен күліп жіберді. - Жалаға-жала, шатпаққа-шатпақ жазып жеңгеннен жеңілгеннің өзі жақсы шығар, жазбай-ақ қойдық енді!

- Қабанбайды қабанға, Жәнібекті ғана арыстанға балауын мына өлгеніңді... - деп күңкілдей кінжіді Серәлі. - Екеуін қатарластыра атағаны үшін қауіпті Қабенді!

- Қала тұрғыны болғандығына «сарт» аталғаны ғой! Бұл салпаң құлақ жабайының «сайтаннан жаралғаны» не енді!- деп Бексапа шегірейді. Ол екеуіне Қуат басу айтып жатыр:

- Қойыңдар, шырақтар, өлеңге шамдансаңдар өле жеңілгендік болар!...

Мен тақтаға шығуға оқталып, Қуаттың қалған сөзіне құлақ аспадым. Өз жерін ғана жер санап, басқа жерді көр санайтын, өзін-өз, басқаны - қор тұтатын, өз руынан басқаны жау көретін Ынтықбайдың осы көр көкіректігіне мен де сықақ дайындағанмын. Бірақ «күйелі ағашқа» жанасудан қаймығып отыр едім. Қабеннің әділдік айтамын деп жәбірленіп қайтуына шыдай алмадым. «Ынтықбай осыншалық ұшқыр тілін жазықсыз жанға улы қанжар қып қадады ғой, менің сықағым содыр-сойқанды жанға у емес, дәрі болар» деген ой туды. Тақтаға барып, Қабен мен Ынтықбайдың өлеңінен басқасын түгел өшірдім де жаза жөнелдім:

 

Түгел сөздің тоқтар жері әділет,

Әділ сөзді кім жеңбекші жәбірлеп.

Адамдық ой, аталы сөз айтылса,

Азулайды қандай ғана қалың бет!

 

Алтын Алтай Майқы бидің Алтайы,

Нақыл егіп, мақал өріп марқайды.

Сөзбен ұстап, сөзбен тұсап асауын,

Алтын қанат ақыл сөзді алқайды.

 

Сөз жібегін сүйіп өскен Алтайым,

Кісі құнын сөзбен кешкен Алтайым.

Тілсіз азу, мисыз мүйіз сен дүлей,

Қай түріңмен «Алтайым» деп алшайдың!

 

Садаға кет, алты айналып Алтайдан,

Сөз тыңдамас құлақ па құр қалқайған!

Сұр тұмсықпен су сасығын таңдайсың,

Тұнықшыл ер керей қайдан, сен қайдан!

 

Берекеңе тиіп мың бір оқыра,

Бірлік десе құйрық тіктің тұқыра!

Ынтымаққа мүйізің тым ыңғайсыз,

Шақпай соны соғар талай тықырға!

 

Елдікке жат, бірлікке жау соқырға,

Жерлеп көміп, есті ел құран оқыр ма.

Қасқыр жер-ақ, қорқау жұлып қолқаңды,

Қарға-құзғын көзіңді ойып шұқыр да!

 

Көз алартқан өшіп мүлде гүжілің,

Қалар сонда қақ сөңке боп мүйізің!

 

Тақта бетіне әр жолы түскен сайын сықылық күлкі естіліп тұрды да, соңғы жолын жазып болысыммен сол сықлық жалпыласқан ашық қарқылға айналып, ду көтерілді. Қайтып кеп өз орныма отыра бергенім сол-ақ екен. Шүйдеме сақ ете түсті бір «үлкен тас». Басым зеңіп көзім шыбарта қалса да, жалт қарадым, Шақан тұр артымда, тиген соның зор жұдырығы екен. Партамның арт жағына келіп тосып тұрғанын байқамай, отыра кетіппін.

- Ей, неге ұрасың!

- Тоқтат! - деп Қабен мен Оралқан қатар ақырып қалғанда тұс-тұстан шақ-шұқ, сарт-сұрт зекіру мен соққылар естілді.

- Соқ! Бер, жазасын!

- Мә, міне олай болса, міне!

- Міне, ендеше!

- Мә, болса, мә!

- Ұр, аяма әкеңнің аузын... ды!

- Міне, ендеше, міне!

- Мә, менен де жеп көр!...

Сылқ отырып қалған мен арт жағыма енді бір қайрылып қарағанымда Шақанды үш-төрт сабақтас бүктеп салып, тепкілеп жатыр екен, бірі Қабен. Партадан аттай ұмтылған Ынтықбай мен Салық келіп, кірісе кетті соғысқа.

- Мә болса, мә!

- Ә, сендер де жегілерің келді ме, мә ендеше!

- Уақытында келіпсіңдер, міне, мә!

- Міне... міне!... Сендердің к...ттерің қышығалы қашан! Міне, міне!

- Мә!.. Міне!... Ендеше, мә, дәмін татып көр, міне!... Міне!...

- Ағайындар, аямаңдар енді! - деп кішкене Әмірқан оқытушы үстеліне шыға бұйырып тұр. - Әлінен әбден асты бұл үшеуі, аямай ұрыңдар, жауабын мен беремін!

Ынтықбайдың басқа жақтастары бұл жолы сойыл сілтесе алмай орындарында отырып қалыпты, үдірейе қарасады. Үш мықтыны көпшілік парта арасынан алдыға сүйреп шығарып тағы да соққылады, өздері де қол көтере алмайтын халге түскен екен. Орындарынан тұра алған екеуін сүйемелдеп, қара тақта алдына тұрғызып қойды да, Шақанды жабылып әрең тұрғызып, қолтығынан екі сабақтас демеп тұрды. Менің көзім енді тұнығандай болып еді, орнымнан тұрып барып, өлеңімнің аяқ жағына тағы екі жол қостым:

 

Ойбайла енді, ойбайла,

Құйрықты қысып борбайға!

 

- Ей, батырлар, - деді Серәлі Ынтықбайға төніп, -ұрғыш болсаң, ұрарлық сөз енді шықты, қараңдар анаған!

Шақанның қайрылуға шамасы жоқ еді, қалған екеуі қарамай бедірейе түсті. Серәлі үшеуін де артына бұрып, тақтаға қаратып қойды.

- Өлеңді жұдырықпен жеңе алыппысыңдар?!- деп Қабен олардың бір жақ қырынан келіп сұрады. - Өлең айтысында қарымжысын жұдырықпен қайтару қай елдің салтында бар еді. Азғындар! Сендерді ең алдымен бастап ұрған Оралқан екеуміз де керейміз ғой!... Бізді қостап ұрған анау Тілеуқандар кім?!... Олар да керей ғой?... «Керейім» деп соған ғана жабысады екенсіңдер, керей бұл ноғандықтарыңды жақтаса, түгелімен қорсылдап, тоғайға кіріп кетпес пе еді, олай болғанда басқа барлық қазақ туыстарымыз «керей» деп атамай, бізге басқа ат тақпас па еді! Сен үшеуіңді қай керей жақтады қане!... «Сендер керей емессіңдер!», «Алтайдан алты айналып садаға кет» деп Биғабілдің айтқаны осы емес пе! Шындығы міне, дереу дәлелденбеді ме! Мүйізің қақ сөңке болып далада қала жаздады. Бұл төбелес мектепте болмай иен далада болса, халдерің тіпті мүшкіл болатын еді!... Құдай, «сақтансаң сақтаймын депті» дегенсіңдер ғой, екінші рет сақтаныңдар мұндай ақымақтықтан!

Қабен күліп жібере жаздап барып теріс айналып кетті. «Мықтылар» жазаға тұрысымен шығып кеткен Оралқан Кәзен мұғалім мен Ақылбайды ертіп кірді. Ақылбай біздің жайды толық түсінетін, әнеу күні шяужаңның тергеуінде біздің сөзді бар ықыласымен аударып, разылық рай байқатқаннан бері демалыс кездерінде жатақханамызға да келіп әңгімелесіп жүретін болған. Бұл рет класқа кіргенде ол ешқайсымызға қарамай, қара тақтадағы өлеңдерді жымиып қана оқумен болды.

Кәзен бұл кластың міндетті мұғалімі болса да, күніне бір сағат математика сабағын ғана өтіп, басқа жайымызға араласпай келеді. Бұрынғы төселген математик мұғалімдер кеткен соң Шыфанның дайындық мектебінен келтірілген осы жас оқытушыға барлық қазақ кластарының математикасы жүктелгендіктен, күнделікті сабақ дайындығынан аса алмай жүр еді.

Бұл рет ол тыжырына кіріп, көпшілік жазасында тұрған үшеуін парталарына қайтарды да, үстеліне отыра кетті. Кептей киген шапкысын үстел шетіне қойып, кең жаралған тоқ маңдайын ысқылады. Омарқанды тұрғызды сонан соң. Бар ықыласын математикаға ғана арнаған Омарқаннан басқамыздан аксиома шықпайды деп білген сияқты:

- Сен сөйле, осы класта не мәселе бар, бұл не соғыс?... Өз беттеріңмен сабап, өз беттеріңмен соттайтындай бұл үшеуі не істеді?

- Мен сөйлесем,- деп Омарқан сұқ саусағын шошайтып, ойлана қалды. Қызыл-қоңыр жүзі түгел күлімсірегенде екі көзі «минус, минус»[1] дегендей жұмылып, екі сызықша жасады, - барлық талас әне, қара тақтада тұр. Біздің кластағы шешілмей келе жатқан мәселенің ең дұрыс формуласы - осы өлеңдер. Анау - Қабеннің жазғаны, анау - Ынтықбайдікі, мына жақтағы ұзақ өлең - Биғабілдікі. Салық пен Шақанның формуласы өшіп қапты ғой, жазыңдар ей, батырлық өлеңдеріңді!

Салық пен Шақан орындарынан қозғалмай мелшиді де, қара тақтаға Тілеуқан ұмтылды. Олардың өлеңдерін қағазға көшіріп алған екен. Бор алып, қайта жазып қойды. Омарқан да тақтаға шығып, айтысушылардың өлеңдеріне аттары мен рет номерлерін жазып, «бұл жолғы соғыс тарихын» Ынтықбайдың бірінші өлеңінен ғана бастай сөйледі.

- ... Сөйтіп, алғашында бір-біріне «гранат» қана лақтырысып еді,- деп күлімсіреді Омарқан сөз соңында, - Қабенге қатарынан үш гранат лақтырылуына ашынған Биғабіл «бомбы» тастап жіберді.

- Олай бұрмалама! - деп шақ ете түсті Әмірқан. Омарқанның күлкі үшін айтып тұрған «бомбысын» бұзақылыққа балап түсініпті. - Соғыс бастаған Биғабіл ма?!

- Тоса тұр Әміргүл, сөйлеп болайын... өздеріне бомбы түскен соң аясын ба, Шақан ұшып барып Биғабілдің дәл төбесінен пугаспен[2] қойып жіберді. «Қанды ғырғын» осылай басталды.

- Биғабіл бомбы тастады деп тұрғаны - анау өлең, - деп анықтады Әмірқан, - осыны тақтаға жазып болып, партасына отыра бергенде Шақан барып ұрды. Биғабіл қолын көтерген де жоқ. Тіпті үн де қатпай отырып қалды. Сонсоң біз жабылып ұрдық. Шақанға болысып төбелескен Ынтықбай мен Салықты да ұрдық. Бұл үшеуінің содырлығы шегінен асты.

- Бұл соғыстың сипатына өздеріңіз баға бермесеңіздер біз түсіне алмадық,- деп Омарқан орнына келіп отырды, - біз әйтеуір соғысуды ғана білеміз, бұл - аксиома.

Алдыңғы партада бүгінгі айтыстың өлеңдерін көшіріп отырған Ақылбай Омарқанның соңғы сөзіне күліп жіберді.

Артына қайрылып, тақта бетіндегі өлеңдерді түгел оқып шыққан Казен басын изей күлімсіреді де, оқушыларға қайта сұрау қойды:

- Сөйтіп, бұл соғысты бастаған кім болды?... Биғабіл ма әлде Шақан ба?

- Шақан!... Шақан!- деп шақылдады көпшілік. Таяқ жеген үшеуінен басқасы түгел қосылып шулады.

- Биғабілдің мәселесі осы өлеңінде ғана болса, не қателік бар мұнда?- деп Ақылбай баяу үнмен ақтау айтты. -«Көптен шыққан көмусіз қалады» деген мақалды суретпен көрсетіпті ғой, тым абзал өлең!... Мұндай берекеге шақырған азаматтарды ұруға емес, қайта қадірлеуге тиістіміз. Анау Қабен өлеңінің пікірі қандай тамаша!

- Өздеріңіз көрдіңіздер қайсыларының өлеңі шипау екенін,- деп Оралқан орнынан тұрды. -Өздері ата-бабадан түсіп, адам айтқысыз тілмен боқтап-боқтап алады да, оған қарсы әділдік айтқан адамдарды сабайды, бұл қайдан келген жуандық?!

- Араларыңдағы «найман», «керей» деп жіктеушілерді шығарыңдаршы былай!- деп Кәзен орнынан тұрды. Ызаланғанынан екі беті алмадай қызарып шыға келді. Мұндай райға келгенде ағы-ақ, қызылы-қызыл болып, тым сұлу көрінетін. Атын атаңдар, мен өзім шақырып алайын!

Көпшілік әуелі Ынтықбай мен Серәліні бір ауыздан атады да, оған Салық пен Шақанды қосты. Бұларға ере, өре түрегелетіндерге қарасам, мойындары іштеріне кіріп, бастары тұқыра қалған екен. Қабен екеуміз бір-бірімізге жымия қарасып едік, Қабен иегін бір көтеріп қойды. «Болды, қала берсін» дегені еді. «Басшысы түзелсе, қосшысы қайда кетпек, неғұрлым аз шықса, олардың кінәсі солғұрлым ауырлайды» деген ой бір сыпырасында бар сияқты. Қабен:

- Болды, бас өкілдері осылар ғана,- деп қалғанда, көпшілік соған қосыла кетті де, аталған төртеуі Кәзеннің қол ишарасымен, алдыға шығып тізіле қалды.

- Сабақтастар, мұғалім осы төртеуімізді ғана жеке апарып тергесе, мені жеп қояды ғой мыналар жабылып,- деп Серәлі күлімсіреді, - менің жақтастарымнан да бірнешеу қосылса болмай ма?!

Ақылбай қарқылдап күлді де, Кәзен қатулана бұйырды:

- Қалғаны болса, шықсын бәрі!

Серәлі жерлестерінің екеуі аталды да, өздіктерінен шығып барып қосылды. Ынтықбай тұқыра қарады маған:

- Мәселе, бізде ғана ма екен, шықсын анау Биғабіл! Пәленің басы сол! Сыртта тұрған қалыс адамсып үндемей отырады да, ыңғай сыртымыздан шалып жығып береді бізді!

Салық пен Шақан да қайта от алып, өкірештей қостады бұл пікірді.

- Рас па?- деп Кәзен көпшіліктен сұрады.

- Өтірік!

- Жала!- деп бірнешеу орнынан қатар түрегелді.

Омарқан сұқ саусағын шошайта тұрды орнынан:

- Нөлге нөлді қоссаң да нөль шығады, нөлден нөлді алсаң да нөл қалады. Биғабіл мұндай жікшілдіктен нөл оқушы, бұл - аксиома, қосылмайды сендердің қатарларыңа!

- Бізге қарсы жік екені өтірік пе?- деп Ынтықбай алдына бір аттағанда, Қабен көзін кең ашып, алдына жетіп барды:

- Құтырғанға қарсының бәрі құтырық болмақ па?... Құтырғанға құтырғандар ғана емес, сау адамдардың бәрі қарсы шықпай ма? Саған Биғабілдің да, менің де үздіксіз қарсы болғанымыз рас. Сондықтан, негізгі жауың - біз болып қалғанымыз да рас. Керейшілдікке де, найманшылдыққа да қарсы тұрғанымыз үшін, сенің қатарыңа қосыла қоймақпыз ба!

- Сенің көзің мұндайды көре ме?- деді Ынтықбай өршеленіп. - Ыңғай бізді ғана жығып беріп жүргенін көрмепсің ғой, сонда Биғабіл жікшіл емес пе?

- Ыңғай сендерді жығып беретіні әмісе сендердің бұрын құтыратындықтарыңнан! Әмісе сендердің бұрын соқтығатындықтарыңнан! Сендер, «найман», «жылан», «қаңғы» деп соқтықпай, Серәлі қашан бұрын соқтығып еді, айтшы өзің?! Ал, Биғабілдің керейге не жазығы бар, айтшы? Өз тентектіктеріңді жақтамағаны үшін ғана қыр соңынан қалмай, соққылап келе жатпайсыңдар ма?

Ынтықбай сөйлей алмай кідіріп қалып еді:

- Сен үшеуің орындарыңа барып отырыңдар! -деді, Кәзен Серәліге қарап. Ақылбай жымия күліп, Кәзенді күбірлей қағытты:

- Сен өзің керей емеспісің ей, сен де «қансызсың-ау» осы, Қабен сияқты «жарты бауыр» да емес, бауырың мүлде жоқ па, қалай?!

- Бұл қалжыңдайтын іс емес!- деп Кәзен басын шайқады. - Рақымсыз жою керек мұндай көзқарасты! Бүлікті алдымен қозғайтын осы үшеуі екені дәлелденіп болды!

- Тоса тұр, олай болса, сөзді маған бер!- деп Ақылбай орнынан тұрды да, ақ сұр ажарын суыта қарады Серәлілерге. Олар Кәзеннің кеңшілігімен орнына барып отырған.

- Тұр, үшеуің де шық бері, мына үшеуінің қатарына тұрыңдар, иіндеріңді тірей тұрыңдар бір-біріңе!... Мен ғой найман, қызаймын. Кәзен - керей, - деп алып, жүзін қайта жылытып, күлімсірей сөйледі, - мына керейшіл үшеуі жазасын көпшіліктен тартып болыпты. Екі жаза - әділетсіздік болады. Ал мына бас мұғалімдердің неліктен үш найманды қайтарып, үш керейін қайта жазаламақ болып отыр, білесіңдер ме?... Осы ала көздіктерің басталғаннан бері, «найман», «керей» деп атап тілдескендерің тұрыңдар орындарыңнан!... Ондай ауру тартпағандар отыра берсін!

Үш-төртімізден басқа сабақтастар түгел тұрды орындарынан, Ақылбай әлгі сұрауын қайталай сұрады:

- Қане, айтыңдаршы, Кәзеннің осынысы әділетсіздік пе?!

Түрегеп тұрған оқушылардан ешкім жауап қайыра қоймай, Ақылбай өз сөзін бәсең үнмен жалғастырды.

- Ендеше, мен қысқаша ғана айтайын, қазақтың басынан кешкен тарихы азапқа, қуғын-сүргінге, қырғынға толы. Әсіресе осы рушылдықтан тартқан зиянымыз орасан ауыр. Соның бәрін көріп, біліп келе жатқан біз үшін қазіргі күнде рушылдықтан үлкен дерт жоқ. Үлкен дертке үлкен ем жасалады емес пе? Мәселен, қазіргі Жұңгода апиншыға атылу жазасы қолданылып келеді ғой. Өйтетіні, апиншылық Жұңго халқын улатып, елдіктен, еркіндіктен айырды. Сондықтан, оны өте қатал жазамен тию - әділетті қызмет есептеледі. Рушылдық біздің ұлтымызды сол апинша улап, торғайдай тоздырып келеді. Ендеше, Кәзеннің өз руластарынан шыққан «апиншыны» қайталай жазаламақ болып отыруы дұп-дұрыс, бәріміз де бас мұғалімдеріңнің осы көзқарасынан үйренуге тиістіміз. Әрқайсыларымыз өз ішімізден шыққан «апиншыларды» қатал тияйық!... Қалай дейсіңдер?

- «Дұп-дұрыс!», «Тыяйық!», «Тыйямыз!» - деген дауыстар дүр көтерілді.

- Олай болса, мен бас мұғалімдеріңнің ақырғы ескерту жасауын, бұл жолғы жазаны кешіруін өтінемін. Бұдан кейін осы оқиғамен осы кешірімді ұмытпай сабақ етуге уағда бересіңдер ме?

- Бердік! ... Уағда!... Сертіміз осы болсын!...

Ақылбай Кәзенмен екі-үш қайтара күбірлескен соң, Кәзен орнынан тұрды:

- Екінші рет осы «апинды» қайсысың тартсаңдар, соныңды қатты жазалаймын!... Ұқтыңдар ма? «қайтыңдар, отырыңдар!... Бүгін көпшілік, үшеуіңді дұрыс жазалаған! Ешқайсысынан кек алуға жол жоқ!...

 

Әділетті тергеушім, алдындағы итаяғына құйылған жағымды тамаққа аузын енді салған иттің сол сәттегі ең қас жауы, итаяққа қол созған адам ғой. Дереу арс ете түсіп, созылған қолды жұлып та алмай ма!

Ал, біздің ала бүлік апат жайлаған осы кластағы жікшіл-рушыл сабақтастарымызда сіздің алдыңызға қойылған дәл сондай дайын тамақ емес деп кім айта алмақ. Ынтымақсыз, ырың-жырың берекесіздік жайлаған елді итаяқтағы сол тамақша көрінген ит бассалып жей бермей ме. «Ауыл иті ала болса бөрінің бағы» деген ғой. Сізге тегін ырызық болғалы тұрған сол елді ынтымақтастырып азуыңыздан құтқармақ болған адам, сіз үшін кім болмақ?...

Алдыңыздағы итаяққа созылған сол қылмысты қолдың бірі міне! Ал, қап! Жұлып ал, шайнап таста!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


1 Бахулан - Бахуляң - Үрімжідегі жер аты.

1 «Теңгір» деп -Хантеңгір, Еренқабырға тауы, «Сеңгір» деп Боғда тауы айтылып отыр.

[1] Минус - алу (-) белгісі. Математикада зиянның, шығынның, жағымсыздықтың мағынасын көрсетеді.

[2] Пугас - гитлер фашизмінің дүние жүзілік екінші соғыста қолданған ең күшті бомбысы. Он бес метр жерге кіріп барып жарылады екен деп еститінбіз.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2197
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2518
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1682