Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2132 0 пікір 7 Сәуір, 2012 сағат 08:10

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: «По моей команде – на поражение огонь!»

Соттың сегізінші және тоғызыншы күндері, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің Ақтаудағы мүшелерінің хабарлауынша, жәбірленушілерді сұрау жалғасқан.

Сегізінші сот отырысы

5-сәуір күнгі сот отырысы Жұмағалиев Мұраттың бүкіл сотталушылар атынан судьяға журналистерді залға кіргізу жөнінде өтініш айтуынан басталған. Алайда, Аралбай Нағашыбаев ол өтінішті қанағаттандырмай тастағандықтан, соған наразылық ретінде сотталушылар сот отырысы аяқталғанша аяқтарынан тік тұрған. Бірақ судья бұл акцияға назар аудармаған.

Осыған дейінгі тыңдаулардағыдай, прокурорлар тағы да полицейлердің қару қолдануына байланысты сұрақтар қойылуына қарсы болып, судья оларды қолдаған. Мәселен, адвокаттың: «Бұған заң тыйым салса да, сіз неге азаматтық киіммен жүріп қару қолдандыңыз?» - деп, полицей Медеу Қойлановқа қойған сұрағын судья алып тастаған.

Тағы бір адвокаттың: «Сіз неге жараланған үш адамды көре тұра (іс материалдарында солай айтылған. - Ж.Қ.), оларға жәрдем көрсетпедіңіз?» - деп, Маңқыстау облыстық ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Ұлықбек Мылтықовқа қойған сұрағын да прокурорлардың қарсылығы негізінде судья алып тастаған.

Соттың сегізінші және тоғызыншы күндері, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің Ақтаудағы мүшелерінің хабарлауынша, жәбірленушілерді сұрау жалғасқан.

Сегізінші сот отырысы

5-сәуір күнгі сот отырысы Жұмағалиев Мұраттың бүкіл сотталушылар атынан судьяға журналистерді залға кіргізу жөнінде өтініш айтуынан басталған. Алайда, Аралбай Нағашыбаев ол өтінішті қанағаттандырмай тастағандықтан, соған наразылық ретінде сотталушылар сот отырысы аяқталғанша аяқтарынан тік тұрған. Бірақ судья бұл акцияға назар аудармаған.

Осыған дейінгі тыңдаулардағыдай, прокурорлар тағы да полицейлердің қару қолдануына байланысты сұрақтар қойылуына қарсы болып, судья оларды қолдаған. Мәселен, адвокаттың: «Бұған заң тыйым салса да, сіз неге азаматтық киіммен жүріп қару қолдандыңыз?» - деп, полицей Медеу Қойлановқа қойған сұрағын судья алып тастаған.

Тағы бір адвокаттың: «Сіз неге жараланған үш адамды көре тұра (іс материалдарында солай айтылған. - Ж.Қ.), оларға жәрдем көрсетпедіңіз?» - деп, Маңқыстау облыстық ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Ұлықбек Мылтықовқа қойған сұрағын да прокурорлардың қарсылығы негізінде судья алып тастаған.

Соған орай сотталушылардың бірі прокурорларға: «Сендер адамдарды аямайсыңдар!» - деп, тергеу кезінде прокурор Сыдықов оған тек психологиялық қысым жасап қана қоймай, дене азабын да қолданғанын айтып, судьядан оны сот залынан аластауды өтінген сәтте, Сыдықов оған: «Шықшы бері!» - деп айқайлаған. Әлбетте, оның мұндай оғаш, озбыр әрі дөрекі қылығы залда үлкен наразылық тудырып, жұртшылық арасынан: «Мүмкін, сендер бізді бірден ата саларсыңдар?! Біздің бар құнымыз бір миллион теңге ғой!» - деп ашына сөйлеген дауыстар естілген.

Журналистердің айтуынша, прокурордың әлгі айқайынан кейін баспасөз өкілдері отырған бөлмеде залдан хабар беруді дереу үзіп тастаған (ескерте кетейік - журналистердің залға жіберілмеуін пайдаланып, сот тыңдауларының «сыртқа шығып кетпеуге тиіс» тұстарында бейнені де, дыбысты да үнемі өшіріп отыруды сот тұрақты «дәстүрге» айналдырған).

Мылтықов өзінің басшылық бұйрығына сәйкес Жаңаөзенге Ақтаудан 107 адамдық топ құрамында 14-18-желтоқсан аралығына іссапарға жіберілгендігін, араларында 14 СОБР жауынгері болғанын айтқан (сот процесі барысында мұнайшыларға қарсы оқ атқандар да дәл осы топ екендігі айқындалған). Адвокат бұл бұйрықты іс материалдарына қосуды және полиция құрамын 16-желтоқсанда «күшейту» туралы бұйрықтың болған-болмағанын анықтауды өтінген. Сотталушы Мұрынбаев Мылтықовтан: «Сіз неге «Менің бұйрығым бойынша - тигізіп атыңдар!» («По моей команде - на поражение огонь!») деп бұйырдыңыз?» - деп сұрағанда полицей мұны мойындамаған. Ал сотталушы Әспентаев Мылтықовтың өзі аспанға емес (хаттамада жазылғандай), адамдарға қарай атқанын көргендігі жөнінде мәлімдеме жасаған.

Сұралған полицейлердің барлығы алаңда таяқ, жарылғыш шөлмек, қару ұстаған адамдарды, сондай-ақ, 37 сотталушыны көрмегендіктерін, бірақ оларды кейін фотосуреттерінен «танығандықтарын» айтқан. Алаңда көрмесе, суреттен қалайша «тану» мүмкін екендігі әзірше үлкен сұрақ белгісімен қалған.

Ал, бастапқыда мұнайшылардың өзіне «моральдық шығын» төлеуін талап еткен «жәбірленуші» полицей Төлеген Шегербаев сұрау барысында, керісінше, адам өлтіруші ретінде әшкереленгені соншалық (ол өзінің «шок» жағдайында пистолеттен қатарынан төрт рет атқанын мойындаған), ақыр аяғында өзінің бүкіл моральдық талаптардан бас тартатындығын және бұл жөнінде сотқа хат жазатындығын мәлімдеп: «Мен алаңда оқ атқаныма өкінемін және сол үшін сіздерден кешірім сұраймын!» - деген.

Түске дейінгі отырыс соңында адвокаттар мынадай үш талап-тілек жасаған:

1. Мылтықовтың жараланған үш адамға жәрдем бермегендігіне орай оны қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде сот ұйғаруы шығарылсын.

2. Журналистер залға жіберілсін.

3. Прокурор Сыдықов бұған дейін де әлденеше рет әдептен тыс мінез көрсетіп, сотталушыларға қоқан-лоққы жасауына байланысты залдан аластатылсын.

Судья соңғы екі талап-тілекті қанағаттандырмай, біріншісін қарайтындығын мәлімдеген.

Түстен кейін сұралған Жаңаөзен ҚІІБ-ның тергеушісі Жандарбеков сотта қаралып жатқан істі тергеуге қатысқандығын (адам жетіспегендіктен-міс), тергеу тобының құрамынан тек іс қозғалғаннан кейін он күн өткесін шыққанын, және бір істе әрі тергеуші, әрі жәбірленуші болу ҚПК-ға қайшы келетіндігін өзі мойындаған. Сонымен қатар: «Сіз жараланғандарды көрдіңіз бе?» - деген сұраққа, сірә, түске дейін адвокаттардың Мылтықовтың ұқсас жағдайына орай соттан ұйғару жасауды өтінгенінен «қорытынды» жасаса керек: «Жоқ», - деп жауап берген. Ал іс материалында оның «аяғынан жараланған адамды көрдім» дегендігі жазылған. Сотталушы Досмағамбетов тергеу кезінде өзін дәл осы тергеуші ұрып-соққандығын айтқан, бірақ Жандарбеков мұны да мойындамай: «Сотталушының дәлелі жоқ», - деп, шындықтан жалтарған.

Одан соң сұралған Жаңаөзен ҚІІБ-ында учаскелік полицейлердің жұмысына жетекшілік ететін Қошанов өзіне мұнайшылардың «киіз үйлерді өртеу дайындалып жатыр» деген хаты келуіне байланысты қарамағындағы полицейлермен бірге 15-желтоқсан күні киіз үйлерді күзетуге кіріскенін, бұл ақпаратты факс арқылы басшылығына жеткізгенін, бірақ олардан жауап болмағанын  көрсеткен. Және алаңда балалар үйінің тәрбиеленушісі Александр Боженконы көргенін айтқан, алайда, өкінішке орай, адвокаттар ол баланың тағдыры жөнінде сұрақ қоймаған.

Сот отырысының екінші жартысында барлығы 10 полицей сұралған, олардың төртеуі өз талаптарынан бас тартқан, біреуі талап-арызын қараусыз қалдыруды өтінген.

Бас тартқандар арасынан Құлмағамбетов, мәселен, талап-арыз жазу өзінің ойында болмағанын, оны тек тергеушілер өтінген соң ғана жазғанын айтқан. Жаңаөзенге Ақтаудан колонна соңында жүріп отырып, қызметтік «Газель»-мен келгенін, алдында полицейлер мінген төрт автобус болғанын, өздеріне Жаңаөзенге 14-желтоқсанда жетіп, сонда «айрықша өкімге» дейін болу жөнінде бұйрық берілгендігін көрсетіп, кеше полицей Қаражаев айтқан мәліметті растаған.

Ал, оған дейін сұралған полицей Дәуленов Ақтаудан арнайы құралдар - бронежилет, каска, шоқпармен қаруланып келгенін айтып қойған. Және оның «16-желтоқсан күні белгісіз біреудің өзіне шолақ мылтықтан оқ атып, одан әзер дегенде қалқанмен қорғанып үлгергендігі» жөнінде айтқан әңгімесі залда күлкі тудырған. Соған орай адвокаттың: «Автоматты қарумен, бронежилетпен, каскамен жабдықталған елу полицейдің шолақ мылтықтан атушылардың тым құрығанда біреуін ұстай алмауын қалай түсіну керек?» -деген сұрағы жауапсыз қалған. Ал, сотталушылар Мұңайтпашев пен Қойшыбаев Дәуленовтің өздерін 17-18-желтоқсан күндері ұрып-соққан полицей екенін таныған. Мұңайтпашев Дәуленовтің үш күн бойы тамақ бермей, дәрігер шақырмай қойғанын, Қойшыбаев бұл полицейдің Жаңаөзен ҚІІБ-ның атышулы гаражында адамдарды азаптағанын көрсеткен.

Қосымша: 5-сәуірде болған брифингте Маңғыстау облыстық сотының өкілі Нұрлан Күнтуов сот алдында барлығы 33 полицей сұралуға тиіс екенін, бірақ олардың 15-і сотқа келмеуге рұқсат алғандығын мәлімдеген.

Тоғызыншы сот отырысы

Сот процесінің 6-сәуір күнгі отырысы Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті конвой қызметінің қызметкері Шамсудиновты сұраудан басталған. Ол өзінің Жаңаөзенге Ақтаудан 14-желтоқсан күні 60-70 адам құрамында келгенін, бүкіл топтың бронежилет, каска, шоқпар, қалқанмен жабдықталғанын, бірақ оқ қаруы болмағанын көрсеткен. Адвокаттың: «Сіз Жаңаөзенге 2010 жылы Тәуелсіздік күніне келіп пе едіңіз?» - деген сұрағына: «Келдім, бірақ о кезде арнайы құралдар алмаған болатынбыз», - деп жауап берген. Шамсудинов 37 сотталушының ешқайсысын және тас лақтырушылар мен шолақ мылтық ұстағандарды көрмеген. Сұрау кезінде анықталғаны, Шамсудинов көрсетулер берген кезде тергеушілер тергеу әрекеттерінің хаттамасын жасамаған, фотосуреттер бойынша «тану» жүргенде куәларды (понятые) шақырмаған, сондықтан адвокат Жәменов оның көрсетулерін дәлелдер қатарынан алып тастауды талап еткен. Мұның бәрі сот отырысының хаттамасына кіргізілген.

Сұрақ қою кезегі сотталушыларға жеткен кезде олардың бірі - Қосбармақов 17-18-желтоқсан күндері өзін тұтқындаған соң дәл осы Шамсудиновтың оған: «Мен шоқпарды сенің артыңа тығам!» - деп қорқытқанын көрсеткен. Залда шу көтеріліп, судья сабыр сақтауға шақырған, және Қосбармақовқа әлгі айтқаны жөнінде арыз жазуды ұсынып, оның белгіленген тәртіппен қаралатындығын айтқан. Ал Шамсудинов өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

Одан кейін материалдық шығын шеккен 10 жәбірленуші сұралып, олардың 9-ы өз талаптарынан бас тартқан, ал «АренаС» ЖШС-нің («Сулпак» сауда маркасы) өкілі өздерінің азаматтық талап-арыз бермегендігін, нақты азаматтарға қояр талаптары жоқ екенін, сондықтан осы сот процесі аяқталған соң әрекеттенетіндіктерін мәлімдеген.

Сотталушы Талғат Сақтағановтың адвокаты Батиева, Сақтағановқа қатысты істі жүргізуді бастаған тергеуші Жандарбеков, жоғарыда айтылғандай, біраз уақыттан соң жәбірленуші болып мойындалғандықтан, Талғаттың тұтқындалу шарасын жұмсақ шараға ауыстыру жөнінде талап-тілек жасаған. Судья бұл мәселені кеңесу бөлмесінде қарап, шешімін 9-сәуір, келесі дүйсенбі күні сағат 10:00-де жариялайтындығын мәлімдеп, сот отырысын жапқан.

Сонымен, Ақтаудағы сот процесінің тоғыз отырысы не көрсетті? Олар, меніңше, бұл сотты жіті қадағалап отырған жұртшылықтың сот басталмай тұрып-ақ көкейге түйген күдігін, яғни, сотталушылар орындығында бейкүнә мұнайшылар емес, оларға қарсы оқ ату жөнінде бұйрық берген жоғары лауазымды шенеуніктер мен сол бұйрықты орындаған күш құрылымдарының өкілдері отыруға тиіс екендігін растады деуге толық негіз бар...

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 06-сәуірі.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2195
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2511
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1682