Жұма, 10 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2328 0 пікір 6 Сәуір, 2012 сағат 13:43

Нұрмұхаммед МАМЫРБЕК. ҚАЙЫРБЕКОВАДАН ДА ҚАЙЫР БОЛМАДЫ-АУ

Шетелдік бір сарапшы: «Деснаулық сақтау саласы паравоз сияқты, барлық саланың алдында жүруі тиіс», - депті. Өте орынды айтылған сөз. Өкінішке қарай, Қазақстанда керісінше медицина өзге салалардың артында салпақтап, етек-жеңін әлі жия алмай  келеді. Қанша  реформа жасалып жатыр  дегенмен де,  жағдайдың түзеліп кеткенін көріп отырған жоқпыз.

Сол баяғы топырлаған кезек

Шетелдік бір сарапшы: «Деснаулық сақтау саласы паравоз сияқты, барлық саланың алдында жүруі тиіс», - депті. Өте орынды айтылған сөз. Өкінішке қарай, Қазақстанда керісінше медицина өзге салалардың артында салпақтап, етек-жеңін әлі жия алмай  келеді. Қанша  реформа жасалып жатыр  дегенмен де,  жағдайдың түзеліп кеткенін көріп отырған жоқпыз.

Сол баяғы топырлаған кезек

Ауылды  айтпағанның өзінде, қазір қаладағы  ауруханаларға бас сұғу мүмкін  емес. Себебі, кез келген денсаулық сақтау мекемесіне барсаң, кеңес үкіметінен қалған кезек күту мәселесі алдыңнан шығады. Жасы бар,  кәрісі бар бір дәрігердің алдына жету үшін сағаттап  уақытын жоғалтады.  Соңғы жылдары Денсаулық сақтау министрлігі енгізген жаңалықтар керісінше  жағдайды ушықтырып тастаған сыңайлы. Мәселен, қазіргі күні дәрігер науқасты тексеріп болғаннан кейін, ол туралы мәліметті бірден компьютерге енгізуі тиіс екен. Ал біздің дәрігерлер тап ұстап отыра беруге бар. Сондай-ақ, олар мәліметтің   бір емес, үш бірдей  нұсқасын әзірлейтін болыпты. Білуімізше, оның бірі өзіне, бірі бастығына, бірі жоғары жаққа жіберіледі. Мұндай қағазбастылық та алтын уақытты далаға кетіріп, адамдардың жүйкесін жұқартып бітті. Жақында осы мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың жеке блогына Динара Дәрібаева есімді тұрғын хат жазыпты. «Бір жасар балам ауырып, 2012 жылдың 5 ақпан күні жедел жәрдем шақырту арқылы Алматыдағы №12 қалалық инфекциялық аурухананың 6-шы бөлімшесіне, күндізгі сағат 11-де түстім. Сол келгеннен сағат кешкі 16-ға дейін дәлізде ауырып, тұрған баламен отырдым. Қашан орын алатынымызды сұраған едім, дәрігер: «Ертең осы уақытта алуларың мүмкін», - деп селқос жауап берді. Амал болмағаннан кейін үйіме қайтып кеттім», - дейді ол. Тек Динара   емес, қазір еліміздегі  мыңдаған тұрғынның басындағы жағдай осы. Ауру қысып, амалсыздан бармаса, ешкім  өз бетінше  емхананың есігіне   жолағысы келмейді.

Тіркеуі жоқтар, өле берсін деген заң жоқ

Деректерге сүйенсек, Астанаға жыл сайын 50 мыңға жуық адам қоныс аударады. Бірақ осы тұрғындардың барлығы бірдей мемлекеттің тегін медициналық көмегін пайдалана алмайды. Тіпті жағдайы ушығып, өлім аузында жатса да. Неге? Себебі, біздегі мемлекетке қарайтын  медициналық мекемелер  ауруларға   тек тұрғылықты жері бойынша ғана көмек көрсетеді. Ал сенің егер қалада тіркеуің жоқ болса, онда өз білгеніңді істей бер. Мәселен, жуырда Ақерке есімді қала тұрғыны  бізге №2 клиникалық ауруханасында болған жағдайды баяндап берді. Бірнеше күн бұрын Ақерке  құлағы ісіп, дене қызуы көтеріліп  аталған  ауруханаға барған екен. Таңертең дәрігерге кірмекші болған ол, түске дейін ешкімге жолыға алмайды. «Сонда сендер адам өлейін деп жатса да қарамайсыңдар ма?», - деген сөзіне бір медбике: «Үйіңізге барыңыз да, жедел жәрдем шақырыңыз, сонда тез палатаға түсесіз», - деп жауап қайырған. Ақерке дәл соның айтқанын істегенімен де, жедел жәрдем оңайлықпен келе қоймаған. Осы жағдайды естігеннен  кейін біз әлгі аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Талғат Байтілеуовпен тілдестік. «Енді бізде күрделі операциялар жасалады ғой, сондықтан кейде қарапайым аурулар еленбей қалатын шығар. Бірақ біз әрқашан науқастарға көмегімізді аямаймыз. Жедел жәрдем жұмыс істейді. Қатты ауырып жатса, соны шақырсын», - дейді ол. Мұндай сорақылыққа қаладағы №31 балабақшаның  М. есімді қызметкері де жолыққан. Қайта-қайта қоңырау шалу арқылы  жеткен  жедел жәрдем оны  №1 емханаға алып барады, алайда аурудың қан қысымы нашар көрсеткішті көрсетіп тұрса да,  ондағылар: «пәле өзіңнен, жедел жәрдемге тыныштық бер», - деп кері қайтарып жібереді. Иә, осындай оқиғалардан кейін Қазақстанды келеке қылып жазатын хоккейші Кевин Даллмэннің зайыбы Стейси Даллмэннің сөзі еріксіз еске түседі. Әлеуметтік желілердің бірінде ол: «Мен Қазақстандағы  медбикені киллер екен деп қалдым. Өйткені, медбикені мен осыдан бірнеше күн бұрын шақырғанмын. Ал ол болса екі аптадан кейін келіп тұр», - деді. Жамандап айтса да, келекелеп айтса да, Стейсидің сөзінің жаны бар ма деп ойлап қаласың.

Талон  жүйесі мәнсіз болып кетті

Рас, қазір кез келген халыққа қызмет көрсету орындары  талон бойынша жұмыс істейді. Яғни, арнайы тұрған жәшіктен реттік саны бар қағаз аласың да, өз кезегіңді күтесің. Ешкіммен кезек үшін ұрсысып, таласып жатпайсың. Дегенмен, кейбір тұрғындардың айтуынша, денсаулық сақтау мекемелерінде осы талонның өзі саудаға түсіп жатыр. Себебі, кейбір емхана, ауруханаларға барса науқастарды «бір айдан кейін кел, талон жоқ» деп қайтарып жібереді екен.  Бұған жақында №7 емханаға барғанда өзіміз де көз жеткіздік. Ұзын-сонаркезекте тұрған бір әйелмен тілдестік. «Бұл емханаға келіп жүргеніме біраз күн болды.  Узиге түсемін деп алғаш келгенімде, талонның  тек бір айдан кейін ғана болатынын айтып қайтарып жіберді. Сонда қалай бір айға дейін біз кезек күтіп жата беруіміз керек пе? Невропатолог, терапевтке де кіре алмай қойдым. Бұл жердегі талон жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Мәселен, мен талонды таңертеңге деп  алсам да, дәрігерге тек түстен кейін ғана кіруім мүмкін», - дейді науқас. Бұл мәселемен біз емхана басшылығына кіруді жөн көрген едік, алайда ондағылар: «...жиналыс болып жатыр», «...бастық жоқ», - деген сылтаумен бізді ақырын шығарып салды. Жалпы  бұл жерде әңгіме  тек денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген инновациялардың дұрыс жұмыс істемей жатқандығында ғана болып отыр. Ал медбикелердің жеке адамгершілігіне, кәсібилігіне келсек ол әңгіме бөлек.

Анықтама қағазы тауарға айналды

Нарықтық заманда кез келген зат тауар ретінде есептеледі деп елді жаман үйретіп алдық. Өкінішке қарай, қазір жұмысқа, оқуға қажетті медициналық анықтама қағаздары да тауарға айналып кетті. Мәселен,   сондай  анықтама қағазын  кез келген емханаға барып, 500-ден 2000 теңге аралығында сатып ала аласың. Ешкім тексеріп,ешкім оның  қайдан алынғанын анықтап жатқан жоқ. Ең бастысы «құда да, құдағи да тыныш» болса болды. Жалпы мұндай мәселені болдырмау үшін қатаң бақылаудан бөлек, медицина қызметкерінің ар-намысын ояту қажет. Елдің, ұлттың болашағы оның дені сау азаматтарына тікелей байланысты екенін түсінбей, медбикелеріміз ешқашан өз міндеттерін адал атқармайды. Әлгі анықтама қағаздарын сату арқылы, олар халық денсаулығына қаншалықты залалын келтіріп жатқанын түсінулері керек. Өзге елде солай, ал біз қашан оны түсінер екенбіз?

Қазақстанда ең көп қаржы бөлінетін сала денсаулық сақтау саласы екен. Өткен жылдарды айтпағанда, 2012 - 2014 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте осы салаға қарастырылған шығын 1 триллион 315 миллиард теңгені құрайды. Иә, қарап тұрсақ халықтың денсаулығына бөлініп жатқан қаржы аз емес. Бірақ өкініштісі сол, қарапайым ел ол қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанынан хабарсыз. Себебі, осыған дейін айтылғандай, біздегі ең жабық министрлік денсаулық сақтау министрлігі болып табылады. Жоғарыда біз халықтың көкейінде жүрген кейбір мәселеге ғана тоқталдық. Себебі, аталған саладағы түйдектеліп қалған мәселенің барлығын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Дәрілердің жетіспейтіндігі, дәрігерлердің білімсіздігі, жүйедегі басқа да кемшіліктер өзінше бір әңгіме. Біз оларды да алдағы уақыттарда қозғайтын боламыз.

Айтпақшы, дау-дамай, сыннан көз ашпаған денсаулық сақтау саласының тізгінін кім ұстаса да, жүйе толық жаңармайынша одан халыққа жайлы нәтиже шықпайтынына көз жеткізіп-ақ отырмыз. Бірақ жаңару дегенді әркім әрқалай түсінетіні тағы рас. Әйтпесе, реформаға кенде болып отырған жоқ бұл сала. Қысқасы, Досқалиев дауға қалып, Қайырбекованың келуінен қайыр күткен халықтың үміті ақтала қойған жоқ, әзірге.

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1902
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1978
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1661
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1507