Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7864 0 пікір 5 Сәуір, 2012 сағат 12:21

ҚАДЫРДАН СӨЗ ҚАЛҒАН БА?

Жалпы поэзияға математиканың да қатысы бар деп айтады біреулер. Оған мысалды ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармаларынан көптеп табуға болады. Ақынның «Ең алдымен ел қамы» атты кітабындағы қанатты сөздер кестесі осы ойымызды нықтай түсті.  «Мәдениет» телеарнасының бұл жолғы талдауға белгілі қаламгерлер Оразақын Асқар мен Қали Сәрсенбайды аттай қалап шақыруының себебі бар. Қадағаңның қаламынан туған афоризмдердің кітап болып шығуына олардың бірі ақыл қосып, бірі тікелей атсалысқанын елдің бәрі біледі. Аралықта «Глобус» баспасынан орыс тіліндегі аудармасы да көп-көрім көлемде жарық көріпті. Ал қолымыздағы толықтырылып басылып шығып отырған афоризмдер жинағына қаламгер, баспагер Мереке Құлкенов көп еңбек сіңірген екен.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қадыр Мырза Әлидің ойдан ой, кітаптап кітап қоздататын қаламы талмас қаламгер болғанына артында қалған мол мұрасы куә. Десе де афоризмге ден қоюының сыры неліктен?

Жалпы поэзияға математиканың да қатысы бар деп айтады біреулер. Оған мысалды ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармаларынан көптеп табуға болады. Ақынның «Ең алдымен ел қамы» атты кітабындағы қанатты сөздер кестесі осы ойымызды нықтай түсті.  «Мәдениет» телеарнасының бұл жолғы талдауға белгілі қаламгерлер Оразақын Асқар мен Қали Сәрсенбайды аттай қалап шақыруының себебі бар. Қадағаңның қаламынан туған афоризмдердің кітап болып шығуына олардың бірі ақыл қосып, бірі тікелей атсалысқанын елдің бәрі біледі. Аралықта «Глобус» баспасынан орыс тіліндегі аудармасы да көп-көрім көлемде жарық көріпті. Ал қолымыздағы толықтырылып басылып шығып отырған афоризмдер жинағына қаламгер, баспагер Мереке Құлкенов көп еңбек сіңірген екен.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қадыр Мырза Әлидің ойдан ой, кітаптап кітап қоздататын қаламы талмас қаламгер болғанына артында қалған мол мұрасы куә. Десе де афоризмге ден қоюының сыры неліктен?

Оразақын АСҚАР: Аты-жөнін Қадыр Мырза Әли деп дұрыс айтып отырсың. Өзі қайтыс болғаннан кейін афоризмдерін «Өлке» баспасы жинақтап шығарыпты. Осы үлкен кітаптың басынан аяғына дейін Қадыр Мырза Әлі деп жүр. Ал 2004 жылы қос-қосынан шыққан «Жазмыш» пен «Иірімде» де, 2006 жылы шыққан «Алмас жерде қалмас» атты афоризмдер жинағында да Қадыр Мырза Әли деп көрсетіліпті. Осы кейінгі аталған кітаптың ішіне өзі «Қадыр Мырза Әли» деп қолтаңба қалдырған екен. Бұл аз болса, Қадырдың өзінің айтқаны тағы бар: «Осы мен қай жерге жазсам да, қолжазбаларымда Қадыр Мырза Әли деп жазамын, ал газет-журналдарға Қадыр Мырза Әлі деп шығып кетеді. Осыны қанша айтсам да ұқтыра алмадым», - деп. Сол енді есіме түсіп отыр. Қадыр Мырза Әлидің аты-жөні дұрыстап жазылса екен дегенді алдымен айтқым келіп отыр.

Ал афоризмдеріне келетін болсақ, оны Қадыр тірі кезінде-ақ кітап қып шығара бастады. Сонда ғұламалардың шығармаларында, өлеңдерінде кездесетін афоризмдерін жинап-теріп, кітап қып шығару керек деп айтып жүретін. «Мен біреудің мазасын алмай-ақ, өзімнің өлеңдерімде кездесетін афоризмдерді өзім-ақ теріп беріп кетейін», - деген. Ал енді өлеңдерінен теріліп алынғанына қоса, ойынан тудырған афоризмдерін де жинақтап басып шығарғанын көріп отырмыз. Тіпті одан да бұрын «Алматы ақшамы» газетінен оқыдық. Бір бет, жарты бет арналып, осы афоризмдер беріліп отырды.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қалеке, сіз қай газетте жүрсеңіз де, өзіңіздің «ертіп» жүретін бір айдарларыңыз бар. «Беттің бетке айтары» деген сияқты. Талай қызықты естеліктердің жарық көруіне себепкер болдыңыз. Қадыр Мырза Әлимен інілік ізетті аралас-құраластығыңыз да өз жемісін берген тәрізді, бұл идея қалай туып еді өзі?

Қали СӘРСЕНБАЙ: Шығармашылық байланыс деген болады әдетте. Өзіңіз білесіз, «Жас Алашта» жүргенде Қадыр ағаның «Жазмыш» пен «Иірім» деген екі кітабы әуелде газеттік нұсқада жарияланды. Сол байланысты біз «Алматы ақшамына» келгеннен кейін де әрі қарай дамыттық. Ойымыз бір жерден шықты. Сол кезде Қадыр ағамыздың бөліп-бөліп беріп жүрген «Ғибратнамасы» шыққан. Мысалдар, тәмсілдер жазып жүрді. Афоризмдерге бара қоймаған. Ал кірісіп бастаған кезде, біздің газетте басылды. Алғашқыда эксперимент ретінде бастадық. Оқырмандардан үсті-үстіне хат келіп, телефон соғушылар көбейді. Сөйтіп Қадаға өмірден қайтқанша бес жылдан астам уақыт бойы «Алматы ақшамында» афоризмдері жарияланып тұрды. Одан бұрын «Алматы ақшамының кітапханасы» деген айдармен «Алмас жерде қалмас» деген кітап шығарып тастадық. Енді міне, «Ең алдымен ел қамы» деген толық нұсқасын қолымызда ұстап отырмыз. Жалпы алып қарағанда, бұның бәрі халықта бар сөз ғой. Бірақ Қадырдың ұлылығы сол, халықтың сөзін қайта қалыптап берді. Осы жағынан келгенде бұл өлшеусіз еңбек.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Оразақын аға екеуіміз әңгімелескен кезде дәл осы мәселе алдымыздан шықты. Мысалы мен кітаптан алып, Оразақын ағаға Қадыр ағаның қаламынан шыққан қанатты сөзді айттым: «Ұлың ренжісе бүлк етпе, күйеу балаң ренжісе күлкі» етпе дедім. Содан Оразақын аға, сіз іліп әкеттіңіз емес пе?

Оразақын АСҚАР: Иә, рас. Халықта ұл туралы мынандай сөз бар: «Әйеліңе балаң жоқта ұрыс, ал балаңа адам жоқта ұрыс» деген.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұны айтып отырған себебім, Оразақын аға қара өлеңді жинақтап, бірнеше том ғып шығарған. Сонда Оразақын ағаның өзінің ұстанған қағидасы бар. Жалпы біздің қолданып жүрген, ауызекі тілде айтылып жүрген қанатты сөздер, мақал-мәтелдер бәрі де қара өлеңнің бір-екі жолы дейді. Алайда кез келген ақынның өлеңі Қадыр Мырза Әлидің өлеңдері сияқты, болмаса, қара өлеңнің бір жолы сияқты мақал-мәтелге сұранып тұрған жоқ қой.

Оразақын АСҚАР: Бұл әңгімені Қадыр Мырза Әлиді афоризмдерімен байланыстырып айтайық. Жалпы афоризмдерді жазатын кезде, мен осы афоризм жазайыншы деп жазбаған, өлең жазып, сол өлеңнің қорытындысы ретінде афоризмдер шыққан. Кейде дайын афоризмдерді қолданған, кейде өзі афоризм шығарған. Өлеңдерінен алынған ғой. Ал қазақтың мақал-мәтелдері қара өлеңнен алынған сияқты. Мына Қадырдың афоризмдерін өлеңдерінен бөліп алғанымыз сияқты, мәселен. Тек ондайды қазақтың қара өлеңінен ешкім арнайы бөліп алмаған, екі-үш жолы ұмытылған да, афоризмге айналған жері ғана адамның есінде қалған. Мысалы, «дүние бір тиыннан құралады», - дейді. Ал санап көріңіз, 11 буын. Мына қара өлеңнің 11 буыны 3 буыннан басталады дағы, 4 буын болып аяқталады. Демек дайын өлеңнің бір жолы. Ал қалған жолдары ұмытылған.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Оразақын аға, сіздің сөзіңізді жандандыра кетейін, шумақтардың, ондағы жолдардың, буын сандарының дәлдігін айтып отырсыз ғой. Сонымен қатар Қадыр Мырза Әлиде ойдың, тілдің, сөздің дәлдігі, содан келіп шығатын образдың дәлдігі, осының бәрі поэзиясында афоризмге сұранып тұрғандай көрінеді. Математикалық дәлдік десем, қалай қарайсыз, Қалеке?

Қали СӘРСЕНБАЙ: Поэзия деген математиканың бір балама ұғымы сияқты. Себебі, қазақтың қара өлеңінде бұлжымайтын дәлдік бар. Ырғағы да бұзылмайды. Әшірбек Сығайдың айтқан пікірі бар еді: Қадыр Мырза Әли поэзияға математикалық дәлдікті алып келген адам деп. Тіпті махаббат лирикасының өзін де сондай дәлдікпен жазған адам деп. Шынында Қадырдың өлеңдерінің тез жатталып, ойда сақталып қалатыны осыдан. Ал афоризмге Қадырдың поэзиясы әу баста дайын тұрған. Шығармашылықтың заңдылығы осында, афоризмдер Қадырды қайтып поэзияға алып келді. Мына үлкен кітапты оқып бастасаң, әрі қарай тереңдеп кете бересің. Тартымдылығы әрі нұсқа, әрі қысқалығында. Ал осындай үлкен кітап  бастан аяқ қара сөз болатын болса, оқығың келмей қалады. Қадырға ештеңе қосып, ала алмайсың. Математикалық дәлдік деген осы. Чехов 28 том жазған адам. Ол өліп бара жатқанда бір оқырман сұрапты: «Арманыңыз не?», - деп. Сонда айтыпты: «28 томды, 8 томға түсірсем», - деп. Ол Чехов қой, әркім әр түрлі жазғысы келген. Мысалы Толстой өмір бойы қысқа жазуды армандаған. Қадырдың өзі де айтатын: менен ақын шықпаса жақсы оқырман немесе жақсы математик шығатын еді деп.

Оразақын АСҚАР: Қадырдың афоризмінде мынандай сөз бар: «Аула қақпасынан басталады, Отан отбасынан басталады», - дейді. «Отан отбасынан басталады», - деген бұрыннан айтылып жүр, ал «аула қақпасынан басталады» деген сөз, алдыңғы сөзді ашып отырған  секілді. Ашқанда қалай? Былай қарасақ, қақпаның ішінде көп нәрсе бар. Үй бар, бау-бақша, қора-қопсы дегендей. Соның бәрі қақпадан басталады дейік. Ал Отан отбасынан ғана емес қой, бүкіл дала бар, тау, қала, ел бар дегендей, еске түсіріп, тудырады дегендей. Осының бәрін Қадыр дамытып отыр ма деп ойлайсың. Сосын: «Түйенің бәрі атан емес, туған жердің бәрі Отан емес». Бұл аз болса: «Отанына оралған гүлге айналады, Отанына оралмаған күлге айналады», - дейтіні тағы бар. Бұл біз дербестік алған кезде жазылған мақал-мәтелдер. Біз дербестік алғаннан кейін жан-жаққа шашырап кеткен қандастарымыз оралды ғой.

Қали СӘРСЕНБАЙ: Оразақын аға дұрыс айтады. Классиктің аты классик. Қай заманда да оқылады. Афоризмдерінің өткірлігі, нысанасына дөп тиетіні, халықтың көкейіндегісін бір сөзбен дөп басып айтатыны ұнайды. «Қанатты сөз миниюбка сияқты, одан әрі қысқарса, абыройың ашылады», -  дейді. Көрдіңіз бе, қағып тастайды, қалпақтай түсіреді. Кітаптың бір жақсысы тақырып-тақырыпқа бөлген, оқуға да, керек сөзіңді іздеуге де ыңғайлы. Мысалы, тіл туралы бөлімінде: «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін», - дейді. Рас айтып отыр ғой. Алып-қосарымыз жоқ.  Сол сияқты ақиқат пен шындыққа қатысты: «Ақиқат жылатады, өтірік жұбатады», - дейді. «Ақиқат аямайды, өтірік аялайды», - дейді. «Шындықтан қашқан шырғалаңға тап болады», - дейді. Осындай сөздері бірден үйіріп әкетеді.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Заманның көрінісі, сипаты бір ғана сөз тіркесінің ішіне кіріп кеткен. Қазір дін мәселесі күйіп тұр ғой. Әсіредіншілдер көбейді, соның зардабын тартып отырмыз. Соны былай сипаттайды: «Тентек намаз оқыса, маңдайымен еденді тесіп оқиды» дейді.

Оразақын АСҚАР: Соған қатысты «Уықты басқұр ұстайды, ұлтты дәстүр ұстайды», - дейді. «Азаматқа қалпынан қымбат нәрсе жоқ, қалпына салтынан қымбат нәрсе жоқ», - дейді. Дәстүрдің бәрін теріске шығарып, жалаңаш дінді ғана ұстанатындарды айтып отыр. Осындай ойды Қадыр кішкентай ғана сөзге кіргізіп отыр. Негізі мақал-мәтелдің бәрі дұрыс деп айтуға болмайды. Оның да керісі бар. Соның біріне Қадыр білдірмей қарсылық жасаған. «Есепті дос айырылыспайды» деген сөз бар. Дос болсаң да есептесіп жүр деген сияқты. Ал бұл сөз Қадырдың миына сыймаған, томпақ келген. Ол бүй дейді: «Есепті дос есеп айырысып тынады», - дейді. Қайсысына сенеміз? Әрине Қадыр Мырза Әлиге сенеміз. Есеп болған жерде қалай достық болсын? Бір күні: «Кітаптарымды реттеп жатыр едім, біреулер алып кете ме деп, екі-үштен жинап қойған екенмін. Артықтарын келіп алып кетесің бе, уақытың болса», - деп телефон шалды. Жүгіріп жетіп бардым. Кітап деген құнды нәрсе ғой. Жинап қойған екен. Алып, қалтама қолымды сала берсем: «Білгем,сенің сөйтетініңді, мені өкпелетесің, достың арасында құрмет, алыс-беріс жүрсе де, ақша жүрмеуі керек», - деді. Мен қалам жинаймын ғой. «Сен бай екенсің ғой», - деп телефон шалады бір күні. «Сенің 1000 қойың бар екен ғой. Менің 100 қойым бар еді, сол жоғалып қала ма, бытырап кете ме, ана 1000 қойыңа қосып қойшы», - дейді. «Бұл не деп тұр?», - деп түсінбей қалдым. «Ее-е, қаламы бар екен ғой», - деп жүгіріп бардым тағы да. Бұның бағасы бар ғой деп, тағы да қалтама қолымды сала беріп едім: «Әй сен, сөз ұқпайды екенсің», - деп кейіді. Кейде мынандай жағдай болады, адам өзі жазады, ақылды біреуге айтады, бірақ өзі орындамайды. Ал Қадыр өз айтқандарын өзі орындайтын. Жаңағы, «есептескен дос болмайды» деген сөзін өзі берік ұстанды.

Қали СӘРСЕНБАЙ: «Әйел бас, еркек мойын» деген тарау бар мына кітабының ішінде. Махаббатты бастан-аяқ шағып айтып береді. Сондағы бір ғана сөзін айтайын: «Әйелге берген ақшаның болашағы жоқ», - дейді. Бірден түсінесің...

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бір қарасаң, тұрмыстағы жағдайға байланысты әйелді төмен түсіріп тұрған сияқты. «Дәрінің дұрысы -  әйелің» дейді, бірақ. Ал шын мәнісінде бітістіретін де осы, адамның намысын қамшылайтын да осы сөздер.

Қали СӘРСЕНБАЙ: «Үйленбеген еркек есін жимай өтеді» деген сөз қай жағынан алсаңда дөп айтылған. «Ауылда туысқандар тұрады, қалада жұғысқандар тұрады», - дейді. Рас қой. «Мономахтың бөркі болғанша, көптің көркі бол», - дейді. «Қазақ болып жарымай жүргеніңе өкінбе, қазақ болып жарыта алмай жүргеніңе өкін», - дейді. Осының бәрі өмірде рет-ретімен кездесіп отырады. «Әйелді төбеңе шығарма, өзі-ақ шығады», - дегендей бір сөзі және бар.

Оразақын АСҚАР: Бұл кісі аяқ астынан айта салатын. Бір кезде жазушы-сыншылар отырып алып, менің бір кітабымды талқылап отырған. Біреуі айтты: «Мен көзәйнегімді үйге қалдырып кетіппін. Оқиын десем көрмей отырмын», - деп. Сонда Қадыр: «Көрмей отырсаң ол дұрыс қой, ал көре алмай отырсаң болмайды ғой», - деп қойып қалды. Сөзді ойнатқанын қарамаймысың. Ертесінде Мылтықбай деген ақын «Қадекең өстіп айтты», - деп газетке басып жіберіпті. Кітаптар көп болатын. «Осының бәрін оқыдың ба десек, тиіп-қашып оқыдық қой. Оқылмаған кітап жоқ», - дейтін. Абайды көп зерттеген. Осы кітабында «Абай болса қайтер еді» деген бөлімі бар ғой. Сонда бүй дейді: «Интернетті оқып жүр, талай қазақ баласы». Сосын: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» дегенді, «жасымда пара бар деп ескермедім» деп жазар еді Абай», - деп қояды. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» дегенді, «қартайдық, тоқал ойладық, ұйқы сергек», - дейді. Тоқалдан-тоқал алғандарға айтып отырғаны ғой. Бұны айтып отырған себебім, мақал-мәтел, қанатты сөз жағынан менің ойымша қазаққа жететін халық жоқ. Бір ақынның мақал-мәтелі бір кісіні ұрып жығатындай том болып отыр ғой. Қазақтың мақал-мәтелдері жиналып біткен жоқ. Ал соны жинасаң, ол көп дүние. Соған қарамастан «қазақтан сөз қалмаған» деп қояды қазақтар. Кейіннен «Абайдан сөз қалмаған», - деген сөз шықты. Енді «Қадырдан сөз қалмаған», - деу керек сияқты.

Қадыр Мырза Әли өзін балаларға өлең жазумен шынықтырды. Соған саналы түрде барды. Балаларға өлең жазу бәрінен қиын. Балалар туралы жазу бар да, балаларға жазу бар. Шымыр жаңғақ деген бар. Шағылуы қиын. Балаларға өлең жазу сол шымыр жаңғақ шаққан сияқты. Содан бастады-дағы, «Күміс қоңырау» деген кітаппен аяқтады. Содан кейін барып, үлкендерге кетті. Үлкендерге кеткенде қайтты дейсіз? Ең алдымен «Ой орманын» өзі үшін жазды. Екіншісі -  «Ақ отау», отбасы үшін жазды. Үшіншісі - «Бұлбұл бағы», бұл тұрған қаласы. Төртіншісі -  «Жерұйық». Ол даласы, елі. Бесіншісі -  «Алақан». Ол бес арыс. Ал содан соң «Дөңгеленген дүниені» жазамын деген.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бүкіл шығармашылығы жоспарланған екен ғой.

Оразақын АСҚАР: Сол жоспардың ең соңғы нүктесі осы афоризмдер.

Қали СӘРСЕНБАЙ: «Күйбең тірлікпен жүрген адамдар мен туралы айтуға уақыттары бола бермес» дегендей оймен, өзінің қадірін өзі сезініп, «Жоқ, өлмеймін» деген ең соңғы өлеңін жазып, қалдырып кетті. Соның ішінде мынандай жол бар екен:

«Өліп-өшкен жастық, жігіт күнінде,

Мендік сөзбен қарар сүйген гүліне.

Мен болмасам, бір-ақ сөзім айтылар,

Сайрап тұрған шешендердің тілінде.

Жүрек неге, өкпе неге бұлқынды?

Қимайды ма, өткен шақты, бал күнді.

Әдемі әзіл, бір кездері айтқанмын.

Әлі талай ду күлдірер халқымды».

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бәрекелді! Қалеке, мынау бүгінгі әңгімеміздің түйіні сияқты өлең екен. Ауыз әдебиетіндегі, халық әдебиетіндегі қазынамыз толық жинақталып бітпей жатқан заманда, кеше ғана арамызда болған Қадыр Мырза Әлидей тұлғаның қаламынан шыққан афоризмдерді жинақтап, шығарып жатуымыздың өзі оқырман үшін үлкен олжа деп есептейміз. Рахмет!

Газеттік нұсқасын жасаған - Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Халық сөзі» газеті

0 пікір