Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3965 0 пікір 5 Сәуір, 2012 сағат 06:12

Шәба Әденқұлқызы: «Танымал болу үшін ардан аттайтын әдетім жоқ»

- Шәба, айып болмаса, жалпақ жұртқа түсініксіздеу естілетін «Шәба» деген есіміңіздің төркін-тегіне тоқталсаңыз...
- Есімімді әжем қойыпты. Ол кісі бес уақыт намазын қаза қылмайтын діндар адам екен, мен ес білмей қайтыс болыпты. Есімімнің мағынасы туралы әке-шешеме де ешнәрсе айтпапты, бірақ Құрандағы «Шәбә сүресіне», не болмаса «Шағба» деген ай атына негізделіп қойған ба екен деп ойлаймын.

- Сіз бір басылымға берген сұхбатыңызда орыс пен қытай үкіметіне қарсы өлең жазған жауынгер ақын Көдек Маралбайұлының ұрпағымын деген едіңіз, осыны таратып айтып беріңізші!

- Көдек Маралбайұлымен менің аталарым бірге туысатын, Албанның Айтынан тарайтын Сүйіндік деген бір рулы елміз. Көдек атамыздың ұрпақтары - баласы Айтуған деген кісі Қытайдың Монғолкүре ауданының Ақдала деген жерінде болды, туысқан ретінде бізбен араласып тұратын. Көдек Маралбайұлы туралы ел ішінде сөз көп: оның ақындығын былай қойғанда, шешендігін, әзілге, сөзге жүйріктігін жұрт аңызға бергісіз айтады. Албанның ішінде біздің ру туралы «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта!» деген сөз бар, соны Көдек атамыздың шақпа тіліне айтылған сөз деп жатады үлкендер.

- Көдек ақын туралы арғы беттегі ағайындар не айтады? Оның 1937 жылы қайтыс болуына Кеңес үкіметінде жүргізілген репрессияның қатысы бар екен деген сөз ол жақтағы туыстары арасында айтыла ма?

- Шәба, айып болмаса, жалпақ жұртқа түсініксіздеу естілетін «Шәба» деген есіміңіздің төркін-тегіне тоқталсаңыз...
- Есімімді әжем қойыпты. Ол кісі бес уақыт намазын қаза қылмайтын діндар адам екен, мен ес білмей қайтыс болыпты. Есімімнің мағынасы туралы әке-шешеме де ешнәрсе айтпапты, бірақ Құрандағы «Шәбә сүресіне», не болмаса «Шағба» деген ай атына негізделіп қойған ба екен деп ойлаймын.

- Сіз бір басылымға берген сұхбатыңызда орыс пен қытай үкіметіне қарсы өлең жазған жауынгер ақын Көдек Маралбайұлының ұрпағымын деген едіңіз, осыны таратып айтып беріңізші!

- Көдек Маралбайұлымен менің аталарым бірге туысатын, Албанның Айтынан тарайтын Сүйіндік деген бір рулы елміз. Көдек атамыздың ұрпақтары - баласы Айтуған деген кісі Қытайдың Монғолкүре ауданының Ақдала деген жерінде болды, туысқан ретінде бізбен араласып тұратын. Көдек Маралбайұлы туралы ел ішінде сөз көп: оның ақындығын былай қойғанда, шешендігін, әзілге, сөзге жүйріктігін жұрт аңызға бергісіз айтады. Албанның ішінде біздің ру туралы «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта!» деген сөз бар, соны Көдек атамыздың шақпа тіліне айтылған сөз деп жатады үлкендер.

- Көдек ақын туралы арғы беттегі ағайындар не айтады? Оның 1937 жылы қайтыс болуына Кеңес үкіметінде жүргізілген репрессияның қатысы бар екен деген сөз ол жақтағы туыстары арасында айтыла ма?
- Көнекөз кісілердің біреуі - менің әкем еді, ол кісі ертеректе қайтыс болып кетті. Ал Көдек атамыздың баласы Айтуған тұйықтау жан болды, әкесінің өмір жолдары, өлімі туралы ешнәрсе айтпайтын. Қытай саясатының қатаңдығы шығар, жұрт арасында да Маралбайұлының қазасы жөнінде саясатпен байланысатын әңгіме жоқ. Сондықтан сізге бұл туралы жартымды жауап бере алмай отырмын, бірақ бір ойдан оның 37-жылы небары 45 жасында қайтыс болуы тегін емес шығар деймін. Көдек атамыздың өлеңдерін білетін, кітабын оқыған адам оны екі патшаға да (орыс және қытай патшаларын айтады - Ред.) ащы және ашық қарсы өлеңдер жазған жауынгер ақын ретінде таниды. Алматыда 2008 жылы Көдек атамыздың 120 жылдығына орай ғылыми конференция өтіпті, маған ешкім ескертпеді, хабарсыз болдым. Әйтпесе елге барып, атамыздың өмірінен бірер дерек жинап келер едім ғой.

- Шәба, сіздің елге келгеніңізге қанша жыл болды? Шыныңызды айтыңызшы, қазір осы ортаға әбден сіңісіп кете алдыңыз ба?
- Қазақстанға келгеніме биыл 10 жыл толады. Жасырып қайтем, бір елден екінші елге келіп, бірден сіңісіп кету оңай емес екен, мінезіміз, менталитетіміз ұқсамайды дегендей. Кейде бетіме айтпаса да, сыртымнан «оралман» деген сөзді естісем, қатты қиналам. Оның үстіне қазақтың тарихын, жанын түсінбейтін кейбіреулер «оралман» десе, «қаңғып келгендер», «барар жер, басар тауы жоқтар», «отанын сатып кеткендер» деп түсінетін сияқты. Сондықтан осы сөзді естісем, кеудемнен итергендей сезінем. Егер ұсақ-түйек, пендауи сөздерді тере берсем, «Қытайдан келген», «Моңғолдан келген» деп, іш тартып тұратын, кейде сыртқа тебетін жағдайларды да басымнан кештім, ондайда іштен тынғаннан басқа амалың бола ма?! Бірақ көпке топырақ шашпаймын, Құдайға шүкір, «арғы беттен» келдің демейтін, тіпті жеріңді, руыңды қазбайтын қазақшыл азаматтар көп, қамқорлықтарын да көріп жүрмін.

- Сіз елге келген соң әншілік өнеріңізді еркін дамытуға мүмкіндік ала алдыңыз ба?
- Шоу-бизнесте кімнің жарнамасы жақсы болса, сол танымал болатын заңдылық бар. Менің Қытай жерінде тез танылуыма «Жаңа әуен» шығармашылық орталығының басшысы Ербосын Нұрмұхан деген азаматтың көмегі көп тиді. Ербосынның арқасында бірнеше ән жаздым, клип түсірдім, ән жинақтарымды шығардым, мені халық содан таныды. Ал Қазақстаннан ондай орай кездеспеді, оның үстіне өнерде жүрген қыздар үшін демеуші, продюсер іздеу қиын. Қазір қандай адам болса да, ақшаны тегіннен-тегін бермейді. «Жомарттық» қылған адам сенен бірдеңе дәметеді, менің ондай жолмен әнші болып, көпке танылғым келмейді. Шынымды айтсам, танымал болу үшін ардан аттайтын әдетім жоқ.
Қазір шоу-бизнестің базарында бір ән жазып, оған клип түсіріп, айналымға салуға кемінде 20 мың доллар ақша кетеді, ал ондай қаржыны менің қалтам көтермейді. Бірақ Құдайға шүкір, әндерім «Қазақ радиосы» мен «Шалқардан» үзбей беріледі. Тыңдармандарым мені сол екі радио арқылы дәстүрлі әндеріммен таниды, соған да шүкірлік қылам. Жуырда «Меломан» сауда дүкендерінде «Көңілім ақ» деген ән-жинағым сатылымға шықты.

- Шәба, сіз дәстүрлі әншісіз. Осы бір халықтық өнерді бірте-бірте эстрада жұтып тынады деп қауіптенбейсіз бе? Оны сұрап отырғаным - соңғы оншақты жылдың көлемінде мемлекеттің қолдауымен дәстүрлі әншінің ел арасында гастрөлдік сапары болды дегенді естімеппін...

- Иә, дәстүрлі әншілер гастрольдерге көп шықпайды, бірақ ұлттық өнердің орнын эстрада басады деген пікірмен келісе алмаймын. Өйткені дәстүрлі әндердің өз тыңдармандары бар, мәселен, бүгін эстрадамен селкілдеп жүрген жастар ертең оның даңғазасынан шаршайды, сонда ұлттық өнерге қайтып оралады. Қанында қазақтың рухы ойнаған қандай адам болсын, дәстүрден алыс кете алмайды.
Дәстүрлі ән бұған дейін өшкен жоқ, қазақпен бірге жасап келеді, бұдан кейін де халықтық өнер ретінде елмен бірге сақталады деп ойлаймын. Мәселен, тойларда халық менен қоңыр әуенді, әдемі ырғақты халық әндерін орындауды сұрайды. Халық әндерін тыңдаған адам сергіп, құлағының құрышы қанады, бесікте жатқан кезіндегі әже әлдиі есіне түседі... Жалпы, ұлттың өзімен бірге туған қандай өнер болсын, ол өлмейді.

- Дәстүрлі әншіге той-томалақтан түсетін сұраныс та шамалы. Алматы сияқты алып шаһарда ұстаздың еңбекақысымен күнелту оңай емес шығар?..
- Әрине, Алматыда ұстаздың жалақысымен өмір сүру қиын, әсіресе өнер адамдары үшін айлығың шайлығыңнан аспаса, не сұрайсың?! Сондықтан мен де басқа әншілер құсап нәпақамды той-томалақтан табам. Салыстырмалы түрде айтсақ, дәстүрлі әншіге қарағанда эстрада әншілеріне той-томалақтан түсетін табыс көбірек, бірақ мені тойға халық әндеріме бола шақырады. Соған қарағанда, ұлттық өнердің ұлықталар күні алыс емес-ау деп ойлаймын. Дегенмен, тойға келетін адамдардың психологиясы көңіл көтеруге, билеуге бейім, сондықтан жеңіл ырғақты әндердің сұранысқа ие екенін мойындаймын.

- Арғы беттегі елге, туған-туыстарыңызға барып тұратын шығарсыз, миллиардтың ішіндегі миллион қаракөздердің соңғы жылдардағы хал-жағдайлары туралы не айтасы
з?
- Әлеуметтік жағдайлары туралы сұрасаңыз, Қытай қазақтарының тұрмысы жылдан-жылға көтеріліп келеді, үкімет оларға барлық жағдайды жасаған. Қысқаша айтқанда, қарынның мәселесі шешілген. Ал руханият саласы ақсап тұр.  Мәселен, қазір мектептерде сабақтар толықтай қытайша жүргізіледі. Жас балалар ана тілінде еркін сөйлей алмайтын хәлге түсіпті, соны көргенде қынжыласың. Бірақ қазірше қазақша шығатын газет-журналдар жабыла қоймапты, ақындар айтысы да мемлекеттің қолдауымен өтіп тұрады екен. Жуырда Жәмиға деген ақын қыздың қазақтар тұратын бірнеше қалада берген шығармашылық кешіне барып қайттым. Сонда байқағаным, халықтың өнерге деген құрметіне баға жетпейді. Қытай үкіметі саяси өлеңдер, дінге қатысты тақырыптар болмаса, ақындарға да, әншілерге де тыйым салып отырған жоқ. Соңғы жылдары қазақстандық әншілер де Қытайға барып концерт беріп жүр ғой, егер халықтың сұранысы болмаса, шекара асып кім кеш өткізсін.

- Біз естігенімізді, оқығанымызды айтамыз, сіз көргеніңізді айтыңызшы: Қытайдың Үрімжі, Шаңхай, Бейжің сияқты үлкен қалаларында оқитын қазақ қыздары ханьзу ұлтына күйеуге шығып жатыр деседі ел. Тіпті жеңілжүріске салынып, қонақ үйлерде «қызмет көрсететін» қаракөз қыздар да бар дейтін әңгіме айтылады. Осы рас па?
- Халық болған соң, оның ішінде аласы да, құласы да болатыны заңдылық. Бірақ сіз айтқандай сорақылықтарды өзім көрген емеспін. Соңғы барған сапарымда бірнеше қалада, қонақ үйлерде болдым, бірақ қазақ қыздарының ондай ерсі қылығын байқамадым. Сондықтан сізге өтірік айтып, көпке топырақ шашқым келмейді. Алайда қытай жігіттеріне күйеуге шыққан қазақ қыздары туралы фактілердің бар екенін жасырмаймын. Біздің бір құдамыздың қызы ішкі Қытайдан келген ханьзу жігітіне әке-шешесінің қарсылығына қарамай қашып кеткен. Қыздың жақындары мен ата-анасы «қызымыз кәпірге кетті» деп, намыстанып, оны сыртынан «біздің баламыз емес» деп, діни рәсімін жасап, исламнан шығарып тастады. Арада біраз уақыт өткенде қызы жылап-сықтап, жаздым-жаңылдым деп, ханьзу күйеуді ертіп, әке-шешесіне қайтып келіпті. Содан ел болып, күйеудің мұсылман дінін қабылдаймын деген өз қалауы бойынша сүндетке отырғызып, мұсылман «жасаған» болды. Қызды да дінге қайтадан қабылдады. Бірақ бәрібір күйеу құтаймады, бірнеше жылдан кейін ажырасып кетті. Міне, осы сияқты миллион қазақтың ішінде бірді-екілі дерек кездеседі, алайда жалпы алғанда Қытай қазақтары үшін кәпірден қыз алу да, қыз беру де намыс.

- Соңғы жылдары демекші, екі-үш жылдан бері көш біржола тоқтап қалды ғой, Қытайдағы қазақтар бұл мәселе туралы не айтып жатыр, елге енді қалай келеміз дейді?

- Қытайдағы қазақтар Қазақстанның жағдайын жақсы біледі, олар бұған дейін көшіп келген талай қазақтың жан баға алмай, не квота, не азаматтық ала алмай қайтадан кері көшкенін де көріп жатыр. Сондықтан жылы орындарын суытқылары келмейді.
Мысалы, менің туыстарым да көшіп келгілері келеді, бірақ мұнда келгенде қалай жан бағамыз, не істейміз деп, іркіліп отыр. Онсыз да Қазақстанда жұмыссыздық пен қымбатшылық халықты есеңгіретіп тұрған жоқ па? Мен елге келгелі 10 жыл болды, үкіметтен оралман есебінде бір тиын ақша алған емеспін, туыстарым келгенде бөліп берер байлығым жоқ. Сондықтан оларға «Қазақстанға келіңдер, көшіңдер!» деп ақыл айта алмаймын, бәрін өздері біледі.

- Қыз бала үшін өзіне сүйеу болатын ер-азаматтың орны бөлек қой, әрине. Жеке өміріңізге «өзгеріс» енгізуге ұмтылған, күйеулікке көңілі бар жігіттер көп шығар...

- Қазақ «қызға қырық кісі сөйлеседі, бұйырған біреуі алады» дейді ғой, бізге де 40 жігіт болмаса да, біраз сері сөйлесті (күледі). Бірақ бұйырғаны болмай жүр ме, отбасын құрудың реті келмеді. Маған бір ағам: «Күйеу күл астында, бір күні бұрқ етіп шыға келеді» деуші еді, біздікі де бір жерден «бұрқ» ете ме деген үміт бар, әрине!

- Шәба, сіз не байқадыңыз: қазақта қыз көп пе, жоқ әлде қыздың қызығын бағамдар жігіт аз ба?
- Меніңше, қазақ қыздарының қылығын бағалайтын жігіттер аз-ау деп ойлаймын. Өйткені бүгінгі жігіттердің «сүйемі» мен антын бұзуы бір-ақ ауыз сөз. Оған себеп жігіттерде ғана емес сияқты, қыздарымыздың да Құдай сүйер қылығы аз. Мәселен, қазір «м-агент» деген пәле пайда болды, оған қыздар жартылай жалаңаштанған, ашылған-шашылған суреттерін салып қояды екен. Ондай фотолар жігіттерге «келсең кел!» деп, шақырып тұрғандай. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, қыздардың қылықсыз, жігіттердің тұрақсыз болуы екі жаққа да байланысты деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рақмет!

Жұқамыр ШӨКЕ,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 15 (143) 04 сәуір 2012 жыл

0 пікір