Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2997 0 пікір 4 Сәуір, 2012 сағат 05:39

Мұнайдар Балмолда. Біз сөзімізден де таяқ жеп жатырмыз...

Әлемдік ареналарда еліміздің мәртебесін көтеріп, атын шығаратын, әлемге әйгілейтін сайыс - спорт. Соның ішінде соңғы жылдары бокстың кәсібиленген түрі дүниежүізлік деңгейге көтерілген. Бұл ұлы додаға Қазақ елінің былғары қолғап шеберлерінің де асқан қызығушылық танытып, жұлқына кірісуі қуантады.  Осы ретте қазақ атын шығарып, төрткүл дүниені шулатып жүрген өзіміздің «Астана арландары» командасын мысал етпекпіз. Ұтсын, ұтылсын қалай болғанда да аталған құрамамыз қазақ елінің әлем жұртының назарын аударып отырған спорттың бұл түрінен осал еместігін, көбінің алдына түсіп, топжарар тегеурінді екенін дәлелдеп-ақ келеді. Ал осы «Астана арландарының» өзімізде және сыртта өткен жекпе-жектерін телеарнадан таратуда біздің коментаторларымыз көптің көңілінен шығып жүр ме?

Әлемдік ареналарда еліміздің мәртебесін көтеріп, атын шығаратын, әлемге әйгілейтін сайыс - спорт. Соның ішінде соңғы жылдары бокстың кәсібиленген түрі дүниежүізлік деңгейге көтерілген. Бұл ұлы додаға Қазақ елінің былғары қолғап шеберлерінің де асқан қызығушылық танытып, жұлқына кірісуі қуантады.  Осы ретте қазақ атын шығарып, төрткүл дүниені шулатып жүрген өзіміздің «Астана арландары» командасын мысал етпекпіз. Ұтсын, ұтылсын қалай болғанда да аталған құрамамыз қазақ елінің әлем жұртының назарын аударып отырған спорттың бұл түрінен осал еместігін, көбінің алдына түсіп, топжарар тегеурінді екенін дәлелдеп-ақ келеді. Ал осы «Астана арландарының» өзімізде және сыртта өткен жекпе-жектерін телеарнадан таратуда біздің коментаторларымыз көптің көңілінен шығып жүр ме?

Менің түсінігімше - коментарий жасаушы маман сол жарысқа түсуші өз командасының нөмірі бірінші жанкүйері. Әрине, әсіре күйде емес, бірақ қандай жағдайда да өз елінің командасына жаны ашып тұрмаса, әр сөзінің астарында оған деген ықыласы сезіліп, бүйрегі бұрып тұрмаса,  командаға жаны ашып отырған мыңдаған көрерменнің көңіліндегі сөзді дөп сөзді басып айта алмаса, онда қиын. Болып жатқан сайысты құр уақытқа ілесіп баяндап шығу дұрыс емес. Және коментарий жасаушы сөзі арқылы ұлтына, жұртына қызмет етуге міндетті. Ал біз бүгін «Ел арнадан» көрсетіліп тұратын «Астана арландары» қатысқан жекпе-жектерден нені көріп, қандай коментарий тыңдап, қандай әсерде қалып жүрміз? Барлығын тізіп жатпайын, жуықта, нақтысы отызыншы наурыз күні кешкісін «Ел арнадан» берілген «Астана арландары» мен Мәскеудің «Динамо» командасы арасында өткен дүниежүзілік бокс сериясының кезекті сайысына тоқталайын. Өкінішке орай өзімізде жеңіске қол жеткізген боксшыларымыз қарымта бәсекеде ұтылып қалды. Төрешілер жағынан да сәл-пәл қаралықтың болғаны, яғни нәтиженің 5:0 -мен бітуіне септіктері тигенін аңғарып-ақ отырдық. Міне, осы сайыста біздің қазақ тілінде сөйлеуші коментаторымыз ( Асхат Сағынаев) сөзден көп қателіктерге ұрынды. Бір бұл емес, ұдайы осылай. «Астана арландары» сапында легионерлер (жалдамалы) баршылық. Солар бокс алаңқайына шығып, қарсыласымен жұдырықтасқан сайын біздің коментатордың аузынан: «Бұл өзбек жігіті Рафикажан Султонов, өзбекстандық легионер... Бұл алжирлік, алжирлік Беншабла...» дей беруден бір танбайды. Жарайды алғашқы раундта көрермен үшін ақпарат берсін, онысы жөн, бірақ тұтас бес раунд бойы жалдамалы боксшымыздың қай елден, ұлтының кім екенін тоқылдақ құсап тақылдап, қайталай берген дұрыс па? Оданда: «Алдарыңызда өнер көрсетіп жатқан қазақстандық боксшы Абделхафид Беншабла», «Бұл - Астана арланы » десе дұрыс болар еді ғой? Ол жоқ. Экран алдында ішің қан жылап, мысың құрып, қаралай қор болып отырғаның. Құрама капитаны Қанат Исламның  Атажұртына оралғанына біраз болды, біз әлі оны «қытайлық» деуден әрі аса алмай келеміз. Атам қазақтың, Махамбет батырдың: «Өзі болған жігіттің арғы тегін сұрама!..» деген өсиеті көкейімізге қашан қонады? Қашан әлемге «Біз -- Қазақпыз, Мен -- Қазақпын!» деп жар саламыз? Қашан? Ол сөзді Жұбан атамыз өзімен бірге алып кеткен жоқ, біз, қазақ баласы, айтсын деп қалдырған... «Кімнен таяқ жегендей біздің қазақ баласы, алдырып жүрген дұшпанға өз-өзінің аласы» деген Кенесары хан бабамыздың, осы іспетті Мұстафа Шоқай сөзі тарихтың қайтакелмес құшағына кеткен жоқ, тарихтан тамырын тартып, біздің жанымыз бен жадымызға Ар мен Намыстың темірқазығы болып, сәулесін сеуіп тұр. Бұл сөз түйсіктілерге - сөз, түйсіксіздерге - бөз... Біз сөзімізден де таяқ жеп жатырмыз...

Қазақстан атынан, Көк Байрақ астында шыққан соң сайысқа түсушінің қайдан келгені онша маңызды болмай қалады, маған салса ақпараттық тұрғыда да тым жиі айтылмауы тиіс, әйтпесе ондай әлемдік деңгейдегі сайыстардың қазаққа, елдігімізге берер әсері көк тиын. Коментатор көрермен мен сайыс өтіп жатқан жердің арасындағы алтын көпір, әр сөзін таразыға салып, салмақтап айтуы қажет. Ойланып жатуға уақыт жоқ болғанның өзінде, ішкі, рухани дайындығы жоғары болуы керек. Жеңіліс тапқан сайыстың өзінен жеңіспен шығарар рухы мықты, сөзі зергердің мінсіз бұйымындай болар коментаторларымыз шынымен де жоқ па? Сенбеймін. Ұлт боп ұйысып отырғанымыз рас болса, тәрбиелеу қажет. Менің Асхат бауырымда шатағым шамалы, жеке басын жамандайын деген мысқал ниетім жоқ, мәселе оның сөзінде. Жалпы дауыс мәнері, сөйлем құрауы жақсы, тек дайындық жағы, рух жағы олқы соғып жатыр. Қайта онымен бірге орысша сөйлеген,  Асхат Бағаев жинақы сөйледі. Екі аттас қатар отырған екен, бірақ әр нәрсе салыстырудан тұрады емес пе? Жігіт болса, сынды қош алар.

Сағынаев: « Бокс Құдайы болса, сондай құдірет бар болса...» деп ойланбай қойып қалып, жүре береді. Біз аса діншіл емес, зайырлы ел болсақ та Бір Алланы мойындаған мұсылман үмбеті емеспіз бе, Асхат бауырым да мұсылман емес пе, ендеше ертедегі көп құдайлық қиялды неге аузына алады? Бұл сөзі де коментатордың діни де, мәдени де сауатының деңгейін әшкерелеп тастаған көрініс көрінді.

Сөзіміздің тоқ етері - бокс болсын, басқа да жарыстар болсын, шеттен алынған легионерлерді «өзіміздікі етіп алу» керекпіз. Олар алар ақшаға ғана жұмыс жасайтын жалдамалы бола берсін, Көк Туымыздың астында өнер көрсетуге келген екен, бітті шаруа, арғы әңгіме - Қазақстандық Рухты көтеруге арналғаны ауадай қажеттік! Осыны коментатор ағайындарымыз жақсылап ұғынса екен. Соларға тәрбие, нұсқау беретін тиісті орындар біз қозғаған  мәселені ұсақ-түйекке жатқызбай, дереу қолға алса қане?                               
«Абай-ақпарат»

0 пікір