Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3172 0 пікір 4 Сәуір, 2012 сағат 05:06

Нұрлан Сәдір. Гендер мен тендер: уақыт белдеулеріне саяхат

(фантастикалық әзіл)

Уақыт машинасының ойлап табылғанына да онымен бірінші болып Марстың саяхатқа шығатынына да ешкім таң қалған жоқ , бәрі де заңды.. Тәйірі, саяхат емес,  бәйбішем мені түзеп жатыр, « іссапарға деген дұрысырақ болады» деп. Сонымен, баратын кісі әзір, енді тек қай заманға, қандай мақсатпен бару керектігін шешу ғана қалды.  Алғашқысы тез шешілді, болашаққа ешкім ұмтыла қоймады: мынандай жүйіткіген заманда қазіргі алдыңғы қатарлы жетістіктерің жеті жылда кісі күлерліктей артта қалудың бір түрі  болып шығуы әбден мүмкін, өйтіп болашаққа барып бала-шағаңа мазақ болғанша, өткенге барып өкініштеріңді түзеп қайтқанға не жетсін. Ал мақсат таңдау оңай емес, өзіңіз де білесіз, өткенге сапар шегу орасан зор энергияны талап етеді, бәзбір айтқыштарға сенсек, бір сапар жоқ  дегенде жиырма-елу  шақты жылдың бюджетін жеп қояды-мыс. Осының бәрін ескере отырып мамлихат егер осы сапар шыққан шығынды ақтамайтын болса, бағдарламаны жабулы қазан күйінде біржолата  қалдыратын болып шешті. Тоқ етері өткеннің мынандай қателерінің біреуі ғана осы сапар арқылы түзетіліп көрмек:
1.    Атомдық бомбаның ойлап табылуы.
2.    Арақтың жасалуы.
3.    Табиғи ресурстарды дұрыс пайдаланбау.

(фантастикалық әзіл)

Уақыт машинасының ойлап табылғанына да онымен бірінші болып Марстың саяхатқа шығатынына да ешкім таң қалған жоқ , бәрі де заңды.. Тәйірі, саяхат емес,  бәйбішем мені түзеп жатыр, « іссапарға деген дұрысырақ болады» деп. Сонымен, баратын кісі әзір, енді тек қай заманға, қандай мақсатпен бару керектігін шешу ғана қалды.  Алғашқысы тез шешілді, болашаққа ешкім ұмтыла қоймады: мынандай жүйіткіген заманда қазіргі алдыңғы қатарлы жетістіктерің жеті жылда кісі күлерліктей артта қалудың бір түрі  болып шығуы әбден мүмкін, өйтіп болашаққа барып бала-шағаңа мазақ болғанша, өткенге барып өкініштеріңді түзеп қайтқанға не жетсін. Ал мақсат таңдау оңай емес, өзіңіз де білесіз, өткенге сапар шегу орасан зор энергияны талап етеді, бәзбір айтқыштарға сенсек, бір сапар жоқ  дегенде жиырма-елу  шақты жылдың бюджетін жеп қояды-мыс. Осының бәрін ескере отырып мамлихат егер осы сапар шыққан шығынды ақтамайтын болса, бағдарламаны жабулы қазан күйінде біржолата  қалдыратын болып шешті. Тоқ етері өткеннің мынандай қателерінің біреуі ғана осы сапар арқылы түзетіліп көрмек:
1.    Атомдық бомбаның ойлап табылуы.
2.    Арақтың жасалуы.
3.    Табиғи ресурстарды дұрыс пайдаланбау.

Осылардың қайсысының зардабы қаттырақ тиіп, әлі-күнге дейін  қоғамның дамуын тежеп отырғаны ұзақ талқыланды. Жеме-жемге келгенде олардың біреуі де өтпей, тың ұсыныс бір ауыздан дерлік көпшілік дауыспен адамзат тарихындағы ең сорақы қателік - әйел затының қоғамдағы орыны ғасырлар бойы төмендетіліп келгені өтті. Басқаша айтқанда уақыт потенциалын пайдалануға жарияланған тендерді гендер жеңіп шықты. Басында сапарға еркек пен әйел баратын болып жобаланып еді, бірақ бұл аса қымбатқа түсетін болды және еркектер жіберген қатені  солардың өкілі түзесін деп шешілді.

Марс мықты дайындықтан өтті: жоқ дегенде жүздеген тіл үйренді, аз дегенде алпыс шақты ауруға қарсы егілді, шығыс жекпе-жегінің жетеуінен жүлде тақты... тағысын тағы. Иә, сосын уақыт белдеулерінен секіру үшін мойынына түйме орнатты. Ең бастысы, онсыз да әйел айтса, «құйған шайын жерге қоятын» (бұл уақыт мәшинәсі ойлап табылған анам заманның тұрақты сөз тіркесі) қасқаның санасына жатпай-тұрмай әйелдер мүддесін қорғауға парызды екені туралы құйылды. Тарихтың мүмкіндігінше ең тереңіне сүңгу, содан жолай жағдайға қарай 3-4 уақыт белдеулеріне соға келетін болып шешілді.

Сонымен, біздің жігіт тас тәуіріне топ ете қалды. Дәлірек айтсақ, арандай ашылған аузына күмп бермегенімен, арқасына түсіп көздері алақандай болған оны динозавр (біз үстімізге қонған шыбынды кейде қалай байқамай қалатынымыз сияқты) әп дегенде байқай қойған жоқ.. дегенмен, жаңа жыбыр еткен не болды екен деген пиғылмен артына қарай мойнын бұрғанда Мәкеңнің жан дауысы шығып зыта жөнелді. Жан қысылғанда бәрі жүйрік-үңгірге үйдей пәледен бұрын үлгерді. Сөйтіп, Адам атадан тараған демесең тұрпаты басқа жабайы жандардың қасынан бір-ақ шықты. Алақ-жұлақ кіріп келген оған барлығы үлкен тәбетпен қарап қалды, Құдай сақтап бұлармен тілдесудің, дәлірек айтқанда ымдасудың әліппесін білетіні пайдаға асты,  егер бұл үзіліс тағы бір бес секундқа созылғанда біраз жабайының кекірігіне себепші болатыны анық-ты. Сықпыты бөлек болғанымен өз тілінде сәлем беріп, «сөйлей» бастағандарға жабайылардың басым көпшілігінің қызығушылығы басылып, бас қарау, тас қайрау, шөп шайнау сияқты әлдеқайда пайдалы істермен айналыса бастады, енді оларды да түсінуге болады-қанша қарның ашқанмен сайрап тұрған самсаны жей алмайсың ғой. Келген қонақтарға тек көсем мен көсе бір кісінің ғана назары ауды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін миссияларының мән-жайын бірден айтты. Көсем «сендер гендер, тендер деген не екенін маған түсіндіріңдер» дегесін оған түсініктілеу қара байыр мысалдар келтіруге тура келді.

-Мысалы, Сіздің үңгірде жақсы бір жылы да жарық орын бар екен делік, оған ұмтылушылар әрине көп, сондықтан ол үміткерлерден орын үшін не ұсына алатынын сұрайсыз. Кім Сізге жағатын нәрсені молырақ ұсынады -- жылы орын соныкі, - деді Марс көсемге қарап.

Обалы не керек, көсем бұл ұғымды бірден түсініп тендер дегенді қатты ұнатып қалды. Ұмытып қалмай тұрғанда практикалық негізде осы айтылғанды жүзеге асырмақ болып қасындағы көсені «бәрін мында шақыр» деп қылыштісті барыстың мұртымен салып қалды.
-Сізде әйел заты бар ма ?
-Неге болмасын, жаңағы мен жұмсаған ұрғашы солардың бірі емес пе ?
-Ұрғашыны, тіфу әйел адамды ұруға бола ма екен ?
-Енді не істейміз оны ?
(Осы жерде Марс қиналыңқырап қалды, сөз таппағандықтан емес, ол сөзді көсем түсінбейтіндіктен. Кино көрсет, дүкен аралат, ресторанға апар дейін десе,  олардың бірі де Тас дәуірінде жоқ..)
-Қыдыртыңыз ең болмаса...
-Жүр, өзің көрсет бұл не екенін.
Үшеулеп үңгірден шығып кетті. Түнерген қалың орман. Көз тоқтататын ештеңе жоқ, ааыстан бір апанды көргенде Марс байғұс қуанып кетті.
-Анау не ?
-Білмеймін, бұрын болмаған жерім, қазір қарап көрейін.
-Тұра тұрыңыз, гендер бойынша мекен-жайға ең әуелі әйелді кіргізеді.

Бірінші болып кірген әйелді іштен алпамсадай бір мақұлық бас салып, «көсе»   атанып жүрген бейшараны талап-жеп жатқанын пайдаланып, екеуі әрең аман қалды.
-Япырмай, ә? Мына гендер деген тендерден де тамаша нәрсе екен, енді осыдан кейін мен тексерілмеген үңгір-апандарға бірінші болып әйелдерді кіргізуге жарлық қыламын, жігіттерім үнем болатын болды, сен енді ешқайда кетпе, менің кеңесшім боласың, аңға да шықпайсың, мына апанға қамап қоямын, тамағың бәрі әзір болады, - деп көсілді көсем.
Марс тамағында түймені басуға әрең үлгерді...

...Әп дегенде Ежелгі Русьтен бір-ақ шықты. Жүрегі әлі атқақтап тұр, жабайы оған жүн-жүн қолын созғанына пәлен мың жыл уақыт өткенімен, ол үшін бір секунд та болған жоқ қой. Енді тап болған жері орман алаңқайындағы шағын бір құжыраның маңы екен, ежелгі славян тілінде сәлем беріп кіріп барды, құжыраның іші жабайының үңгіріне қарағанда шүкірлеу, бірақ бәрібір тар екен, үйшіктің ортасын бір пеш бөліп тұр, жапсарлас сенегінен сиырдың күйіс қайырып, шошқаның қорсылдағаны естіледі. Үстел басында бір мұжық қара нанмен ботқаны шықшыттап ұрып отыр, әйелі болуы керек, қасында нарт қызыл бір маржа бәйек болып квас құйып шырқ үйірілуде: аяқ-қолынан ауызы да қалысар емес, бір нәрсе деп бұрқылдап сөйлеп жүр. (Жалпы, оның не деп жүргенін түсіну үшін полиглот болу міндетті емес, дүние жүзінің әйелдері күйеулеріне «сен әлі жүрсің ана бәленшелерде керемет кәсе бар не коттедж бар» деген сарындағы әңгімелер айтады.) Жабайыға айтылған әңгіме оған да айтылды.
-Менде жылы орын біреу, ол анау пештің үсті, оған сен айтқандай тендер жарияласам, оны бәрібір ана кәрі қақбас-менің әкем жеңіп шығады, ақшасы көптігінен емес, әрине, айқайы көптігінен. Сондықтан бұның өтпейді. Енді гендеріңді түсіндір, - деді мұжық аз-кем түсінісіп сөйлескен соң.
Марстың маңдайынан тағы да тер сорғалап кетті: мына қарадүрсінге әйел сыйлауды қалай үйретсе екен?! Біраз уақыт үнсіз қалды.
-Сен, жігіт, айтарыңды мұқият ойлана бер, мен асығыспын-жер жыртуым керек. Ішің пысса гусли тарт, әйеліммен ойнап-күл.
-Тұра тұрыңыз, әйелдің еркекпен тең дәрежеде жұмыс істеуге қақысы бар, жыныстық белгі бойынша еңбек дискриминациясы болмауы тиіс, мына жұмыс ерлердікі, ал мынау әйелдердікі деп жіктеу де қате, жұбайыңыз да бірге жер жыртсын.
Мұжық басын қасып біраз тұрды да «шайтан алғыр, сенің мына айтқаның ақыл екен, қалай менің басыма бұрын келмеген, әй, қатын, ыдыс-аяғыңды сосын жуасың, жүр жер жыртамыз», - деп маржасын алдына салып шыға берді.
Сәлден соң гендердің жеті атасын бірдей сыбап орыс маржасы мұжығымен бірге жер жыртып бара жатты.    Бұл жұптың жанында Марс бір адым қалмастан өзінің гендерін уағыздаймын деп ол екеуінен де қатты қалжырап шаршады.
Әдетте мұжық жұыстан келгенен кейін «қатын, тамақ,» деп ақырып үстел басына қонжиятын-ды, бұл жолы оларды шал ақырып қарсы алды:
-Аштан өлтіресіңдер ме, түге, бәрің бірдей қаңғып қайда жүрсіңдер(шалдың да мұжықтың да әр сөзінің артында өздері «тұздық» деп атайтын бірнеше сөз жүреді, тоқсан жерден тіл білгенмен Марс оны түсіне алмады, кейбір жерін түсінсе де ылғи бір-бірінің әке-шешесін еске алудың қаншалықты қажет екеніне басы жетпеді)?
-Өздерің бірдеңе пісіре қоймадыңдар ма ?
-Әне-біздің «бірдеңеміз», нанға арнаған ашытқы пештің үстіндегі суға түсіп кетті, ашығаны басылсын деп секер салып едім, түсініксіз бір нәрсе пайда болды-қарны ашқан балалар кешке таман шыдамай, дәміне қарамастан ішіп алғасын дырылдатып гусли тартып мазамды алды, «қойыңдар» деген менің жағама жармасқасын көсеумен «көсеп» отырып, жаңа ғана сыртқа қуып шықтым. Мә, өзің ішіп көр атаукерені.

Басқа ішетін нәрсе жоқ болғасын бәрі жабылып лай сусынды пияз тістеп отырып аш қарынға соғып алды, содан бәрінің көңілдері көтеріліп, түнімен әуелі әңгіме, артынан көршілерді аралап, гусли тартып, би биледі. Таңға таман мынандай тамаша сусынды ойлап табуға себепші болған гендерге әбден риза мұжық Марсты, ал  Марс маржаны құшақтап ұйқыға кетті. Түске таман бастары қазандай болып ісіп, тілдері салақтап ауыздарына сыймай жатқан оларды түнде таяқ жеген көршілері оятты, су сұрап шөлдеген оларға жаза ретінде тұздалған қиярдың рассолы және кешеден қалған сасық жынды судың қалғанын зорлап ішкізді. Бұндай жазадан кейін жазғандардың жаны кіріп, көршілермен кешедегідей болмағанымен тең дәрежеде келіссөз жүргізу дәрежесіне жетті. Келіссөз таңға таман үстел астында аяқталды...Осындай үстел үстінде басталып, астында аяқталатын отырыстар бүкіл деревняда сәнге айналып, жер жырту жайына қалды. Күзге жақын сәл-пәл естері кірген олар аштан өліп қалмау үшін астық тартып алу мақсатында көрші деревняға соғыс ашты. Бұл соғыста кім жеңгені белгісіз, бәзбіреулердің айтуынша арақ жеңіпті. Марс мұндай маскүнем ауылда гендер саясатын терең енгізуге мүмкіндік болмағасын сапарын әрі қарай жалғастырды. Ежелгі Русьте ұзағырақ жүріп, батареясы отырыңқырап қалғасын бірнеше дәуірге соқпай өту керек болды, сондай ниетпен қаттырақ басылған түйме қазақтың ауылынан бір-ақ шығарды.

Жаңа ғана, мың жыл бұрын ішкен-жегені әлі басыла қоймай дүбәрә қалыпта киіз үйдің табалдырығынан «Ассаумағалейкум» деп аттады. Қонақты жақсы көретін қазекем Марстың асты-үстіне түсіп, айналып-толғанып төрге отырғызып қойды. Атын-жөнін, шаруа-мақсатын да сұрайтын түрі көрінбейді. Амал жоқ Марс әңгімені өзі бастады:
-Біз гендер бойынша тендерді ұтып шыққанбыз, соның жұмысымен жүрміз.
- Тендір-мендір деген не ол, балам?- деп сұрады отағасы.

Уақыт бойынша сапар шегу деген оңай шаруа емес, негізі тендер дегенге Марс бір тың мысал келтірмекші еді, тұла бойын басқан зіл мен мың жыл болса да әлі толық тарай қоймаған арақтың уыты ештеңе ойлатпады, оның үстіне мына кісілер өте сыпайы, қонақжай, не десең де келісе беретін сияқты, баяғы сүрленген мысалды айтса да жарар.
-Мысалы, сіздің үйде жарық, жылы, жұмсақ, бір ерекше орын бар емес пе ?
-Домалақ киіз үйге жарық бірдей түседі, қай жерге көрпе жайылса, сол жер жайлы, қарағым. Қазақтың үйінің ерекше емес жері жоқ: табалдырық-босаға да, төр мен шаңырақ та бәрі киелі. Егер ең құрметтісі-төр десек оған өзің сияқты қонақтар, жасы мен орны үлкендер отырады. Басқаның таласы жоқ .Төрге жақын жер-сондай-ақ қыз балалардың орны, оларды «қонақ» деп құрметтейтін атам қазақ қыздарын төменге отырғызбайды. Сондықтан «төр кімдікі» деген дау бізде болмайды, бәрі бөлініп шешіліп қойған, ең бастысы бәрі бұған разы.
-Жақсы,- деді Марс, - бірақ Сіз міне, рахаттанып шәй ішіп отырсыз, әйеліңіз бәріне тамақ салып, шәй құйып шаршайды ғой, екеуіңіз неге кезектесіп құймайсыз?
-Бәйбіше, мына қонаққа өзің жауап бер, - деді отағасы.
-Кендір қайным, қазан-ошақтың құлағын ұстау-мен үшін ауыртпалық емес, үлкен абырой, үй ішінің берекесіне үлес қосу. Мысалы, мына қара балама екі ожау сорпа жеткілікті, одан аз болса тоймай қалады, көп болса ішілмей ысырап болады. Шеттегі сары балаға үш ожаудан сәл асырып құямын, қасымдағы қоңыр қозыма бір ожаудың өзі көп(қара басып Марс әйелдің қозы, құлыншақ, балапандарының,... санынан шатысып қалды. Не болса да ақырын күтті)
-...солай, Кендір қайным, бұл іс түз адамы-еркектің қолынан келмейді, - деп қысқа қайырды отанасы.
-Ал бұған сендік делік. Бірақ осылай еркектің асты-үстіне түсіп, бабы мен баласын тауып отырған әйелдің үстіне тоқал алу осы қазақтың дәстүрі емес пе?- деп мырс етті Марс.
- Кендіржан, өзің көріп отырсың, бала-шаға Құдайға шүкір біразға барып қалды, ағаң әлі тың, маған да демалыс және мына бала-шағаны бағып-қағуға көмектесетін бір сіңлі керек. Ағаңа қалай айтарымды білмей қысылып жүр едім, тілеуіңді бергір, Кендіржан, сенің келіп осындай әңгімені бастағаның жақсы болды.

Мұны естіген Марс әбден түңіліп кетті, әңгіменің ар жағын тыңдай алмай мынандай қараңғылық, қазы-карта, қымыздың қосарланған соққысынан қара тер болып тамағын ағытамын дегенде қолы байқамай түймеге тиіп, үй иелерін аң-таң қылып жоқ болды. Түймеге қол тигесін ол әрине өзінің нұсқаулығына сәйкес Марсты уақыт бойынша біраз тағы бір уақыт белдеулерінен алып өткендей болды. Бірақ әдейілеп, дұрыс, мығым басылмағандықтан  тап сол бұрынғы қазақтың жерінде пайда қылды. Дәлірек айтсақ біздің үйден атып шықты. Шынымды айтайын, мен түк те таң қалғаным жоқ: соңғы 15-20 жылда қайта құруды, нарықтық экономиканы, экономикалық жайнау мен жайлауға куә болған, тіпті теп-тегіс жерде жер сілкінісін көрген мен сияқтылар үшін таң қалу - өте қат сезім.  Сондықтан маған тендерді де, гендерді де көп түсіндіріп қажеті жоқ..  Марс бірден іске кірісті.
-Сіздерде неге әйелдер арасында әкім, депутат, министрлер аз?
-Болғысы келмейтін шығар, мүмкін.
-Қалай болғысы келмейді, кімнің бастық болғысы келмеуі мүмкін?
-Сіз біздегі ахуалмен жеткілікті таныс емес шығарсыз, қазір коррупциямен күрес науқаны қызып жатыр, бұндайда басшы орынға ықыластылардың саны кемиді, сәл шыдай тұрыңыз, бәрін 50/50 қыламыз.
-Неге еркек әйелге қарағанда көп табады?
-Себебі егер еркек әйелге қарағанда аз табатын болса, оған мамасы ұрсады, әйелі сөйлейді. Осы екеуін разы қылу да гендерлік саясаттың бөлігі емес пе?
-Неге мекемелерде еркектер әйел затына қырындайды, қол жүгіртеді?
Сол кезде әңгімеге мынаның бәрін тыңдап тұрған әйелім келіп араласып жақсы болды.
-Сіз қай мекемеде, кім кімге қырындап жүргенін нақтырақ айтып, фактімен сөйлеңіз.

Марс бұған келісіп факты жинауға шығып кетті, мен «үф» деп демімді алдым.

Марс содан  қайтып келген жоқ. Бірақ звондап хабарласты: батарейкасы мүлдем отырып біздің уақытта біржолата қалыпты. Бірақ дауысы ашық-жарқын. Соған қарағанда шаруасы жақсы жүріп жатқан сияқты.
Одан басқа тағы біреу хабарласты уақыт мәшинасымен енді қызтекелердің құқығын қорғап, шаруасын соғатын біреу келіпті-міс деп. Қыз бен қызтекенің жоғын жоқтаушылар Сіздің үйге де соғып қалар, дайын отырыңыз.

«Абай-ақпарат»

0 пікір