Жұма, 10 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3682 0 пікір 2 Шілде, 2009 сағат 19:19

Өтеген КҮМIСБАЕВ. ФИРДОУСИДIҢ СӨЗI

Бүгiнде 70 жасқа толып отырған белгiлi шығыстанушы ғалым, ақын Өтеген Күмiсбаев ұзақ жылдар бойы Шығыс әдебиетi мен мәдениетiн зерттей жүрiп, сол елдердiң әйгiлi сөз зергерлерiнiң шығармаларын қазақ тiлiне тәржiмалау iсiнде де көп тер төккен азамат. Төменде ғалымның парсы әдебиетiнiң классигi Фирдоуси өмiрiне қатысты еңбегiн оқырман назарына ұсынып отырмыз.
“Шахнама” деп аталатын кiтабым дүниеге оңай келген жоқ, шырағым. Осы шығармама отыз бес жыл өмiрiм кеттi. Шаштарым ағарып, тiстерiм түсiп, белiм бүгiлгенше жаздым. “Шахнама” заманның қиын уақытында туды, бұл да бiр iштен туған перзентiм едi ғой, ұзақ тербеттiм. Ел араладым, қариялардан дастандар тыңдап, құлағыма құйдым. Көне кiтаптардың беттерiн аштым, өзiме керегiн алдым.

Бүгiнде 70 жасқа толып отырған белгiлi шығыстанушы ғалым, ақын Өтеген Күмiсбаев ұзақ жылдар бойы Шығыс әдебиетi мен мәдениетiн зерттей жүрiп, сол елдердiң әйгiлi сөз зергерлерiнiң шығармаларын қазақ тiлiне тәржiмалау iсiнде де көп тер төккен азамат. Төменде ғалымның парсы әдебиетiнiң классигi Фирдоуси өмiрiне қатысты еңбегiн оқырман назарына ұсынып отырмыз.
“Шахнама” деп аталатын кiтабым дүниеге оңай келген жоқ, шырағым. Осы шығармама отыз бес жыл өмiрiм кеттi. Шаштарым ағарып, тiстерiм түсiп, белiм бүгiлгенше жаздым. “Шахнама” заманның қиын уақытында туды, бұл да бiр iштен туған перзентiм едi ғой, ұзақ тербеттiм. Ел араладым, қариялардан дастандар тыңдап, құлағыма құйдым. Көне кiтаптардың беттерiн аштым, өзiме керегiн алдым.
Мен бұл дастанымды жаза бастағанда елiмiзге, жерiмiзге арабтар басып кiрiп, қылыштарынан қан тамшылап тұрды. Олар бiздi басып жаншып, бас бостандығымызды жойып, жермен жексен еткiсi келдi. Әсiресе, дiлiмiздi, тiлiмiздi жоюға кiрiстi. Жайқалған жасыл елiмiз араб арғымақтарының тұяқтарының астында жаншылып жатты. Бiрақ, бiз де ержүрек елмiз ғой, тiземiздi түгел бүге қойған жоқпыз. Бiз екi жағдайда тiзе бүгушi едiк. Сәбилердi сүйгенде және мөлдiр бұлақтардан су iшкенде ғана еңкеюшi едiк. Бiз төбеден төнiп тұрған қылыштан қорыққанымыз жоқ, бiздер дiнiмiз, тiлiмiз, дiлiмiз жоғалады, құриды екен деп қорықтық. Сол үшiн басқыншыларға қарсы күрестiк.
Мен Ұлы Сөзден артық қуатты қаруды көргенiм жоқ. Елiмiзге, жерiмiзге шабуыл жасағандарда Шахнаманы қарсы қойдым. Туған халқымның намысын, ерлiгiн қорғайтын деген игi мақсатпен Сөзден қорған жасадым. Бар шеберлiгiмдi салдым, менiң қолымды, қаламымды ешкiм қаққан жоқ. Маңдайымды Шығыстан шыққан күнге тосып, арқамды аяулы халқымның арманына тiредiм. Күнi-түнi қаламымды құрғатпай жаздым, аш-жалаңаш күндерiм де болды, бiрақ кейiн шегiнгенiм жоқ, үнемi алға адымдай бердiм. Маған оттан да ыстық Отаным қуат бердi.
Менiң сөзiм ешкiмнен қорыққан жоқ, бiр пенденiң алдында тiзесiн бүккен жоқ, өйткенi, әрбiр жыр жолын жүрек қанымен, лүпiлiмен суарып отырдым. Шындық шырағымен жылытып жаздым. Иранның елу патшалығының, елу ерiнiң тарихын өлеңмен жазып шығу оңай ма?! Күндiз күлкiм, түнде ұйқым аз болды, кем жедiм, кем ұйықтадым, көп тыңдадым, кем сөйледiм.
Сөйтiп Сөздiң сазын кешiп жүрген жылдарымның бiрiнде қолымдағы азамат боп қалған жалғыз балам ауруға шалдықты. Қолымнан келгеннiң бәрiн жасадым. Отыздан асып өзiме қолғанат боп қалған ұлымның көз алдымда қиналғаны жаныма қатты батты. Анасы болса көп жылдар бұрын о дүниеге өтiп кеткен-дi. Белгiлi емшiлердi де әкелдiм, алайда, кесел асқынып, әл бермей жатыр дейдi. Олай жүгiрдiм, былай жүгiрдiм, жаным екеу болса бiреуiн балама берер ем, тiптi жалғыз жанымды да алсын дер едiм. Дегенмен, айтқаныма, жылағаныма тағдыр көнеме. Тамаққа тiрелген түйiншектей кептелiп тұрып алды, не әрi өтпейдi, не берi өтпейдi. Оты өштi, ошағы сөндi деген осы ма екен. Қарға баласын «аппағым» дейдi. Арқамды сүйеген, қолымды ұзартқан жалғызым едi. Өмiрдiң сапары қысқа деген осы ма. Өткен өмiр қайта келмейдi. Бiр күнi балам қиналды, жастығын түзеп, қасынан кетпедiм, қолдарын уқалай бердiм.
— Әке, — деп ауыр күрсiнiп тынып қалды.
— Жалғыз қалып бара жатырсыз жапа шегесiз-ау,–дедi.
— Құрбаның болайын құлыным, менi көп ойламашы, сенiң алдыңда кетсем арманым болмас едi.
— Әке, сiздiң даңқыңыз жердiң жүзiн аралап кетедi. “Шахнаманы” аяқтаңыз, — дедi.
— Құдай қуат берсе бiтiремiн қарғам.
— Мен кетiп барамын, қолжазбаңызды әрi қарай кiм көшiрер екен, — дедi ұлым.
— Тәңiрiм көмектесер, тәлкегiне тастамас. Тек сенiң... Сақалымды жуып кеткен көз жасымды балама байқатпайын деп, әнтек оң жағыма бұрылдым.
— Әке, жабықпа, жылама. Берiк болғайсың жалғыз өтiнiшiм бар — дедi.
— Айта ғой жаным.
— Менi анамның қасына апарып қойыңыз. Сол сөздердi айтуы мұң екен, сүйрiктей саусақтары сылқ етiп төсектен түсiп кеттi. Ажал ажарыңа да қарамайды, базарыңа да қарамайды, жасқа да, кәрiге де қарамайды деген сол-ау. Оңаша үйде баламның басын құшақтап отырып қалдым. Менiң дегенiм емес, құдайдың дегенi болды. Әркiм өз қазын аққудай көредi. Арғымақ аттай ойнап жүрген жалғызым жардан құлады. Салым суға кеттi. Көзiмнiң қуанышы ғайып болды. Басымды тауға да, тасқа да соқтым. Соңғы үмiтiм едi. Алайын десе ажалға шара бар ма. Қолымнан жұлып әкеттi.
Көршi-қолаң жиналып, баламды анасының жанына апарып жерледiк. Даланы көктұман басты, жүретiн жол көрiнбейдi. Аяқтарымды әсер басып ақырын үйге келдiм. Үйiм мұздап кетiптi, от жақтым. Жанған оттың жалынына жақын отырып, үсуге бет алған саусақтарымды жылыттым. Балам жататын төсек қаңырап бос қалған. Құдай-ау, баламның алдында өзiм неге кетпедiм деп кемсеңдедiм. Амалым қанша, ол бiрiншi боп менi тастап жөнелдi. Қу қаламмен қу қағазды кемiрiп жалғыз қалдым бақсының моласындай боп. Бiр апта бойы аза тұтып қолыма қалам алмадым, алсам дiрiлдеп жаза алмадым.
Бiр күнi қалжырап көзiм iлiнiп кеткен екен деймiн. Балам кәдiмгiдей от жағып отыр. Басын ақпен орап алған, үстiнде кестелi шапаны бар, жүзi жарқын. “Әке, кешегi жазғаныңды көшiрiп қойдым, шайыңыз дайын” дейдi. Өңiмдегiдей жылдам түрегелiп, қасына келiп отырамын. Жанған оттың жалыны жанды жiбiтiп барады. “Әке, жазыңыз” деп, қолыма қауырсын қаламды ұстатады. Қаламды ала бергенiмде оянып кетсем, түсiм екен.
Таңертең таққа отырғандай боп, қайтадан жазуға кiрiсiп кеттiм. Қолдарым жүйрiк аттың шашасындай шаң қабады. Рүстем, Сохраб, Ысфандияр, Бижан мен Маниже кейiпкерлерiмен жаңадан жүздесiп табысқандай болдым. Әсiресе, Рүстем жайына келгенде жүдә шабыттанып кетемiн. Себебi, Рүстем батыр — “Шахнаманың” бас бақаны, белдi қаһарманы, осынау қыруар оқиғалардың өзегi. Кiмдi, ненi айтсам да Рүстемге әлсiн-әлсiн ораламын. “Шахнама” дастанындағы батырлар мен ғашықтар өзегiмдi жарып шыққан жарқын жұлдыздарым секiлдi. Қиялыма қанат бiтiрiп, шабытыма шырай бередi. Мен солармен бiрге дамылдап, солармен бiрге оянамын.
Менi алысқа апаратын жолдар сияқты.
САМҰРЫҚ ҚҰС ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Самұрық құс жайындағы аңыздай әдемi дастанды “Шахнама” кiтабына желi етiп тартқан Фирдоуси осынау ғажайып аңызға өзi де таң қалады. Кәрi құлақтардан естiгенi ме, көне көздерден көргенi ме, ескi ертегiлерден жинағаны ма, әйтеуiр осы қызық хикая ақынның қауырсын қаламынан сом алтынның сынығындай құйылып түсе қалған.
Фирдоуси дәл осы тарауды баласына арнап жазған секiлдi. “Тыңда балам, тағдырдың Саммен қандай ойын ойнағанын” деп бастайды ол осы дастанын. Сонымен Систанның әкiмi Сам батырдың көп уақытқа дейiн баласы болмайды. Күндердiң күнiнде гаремде ай десе аузы, күн десе көзi бар, жүзi роза гүлiндей жұмсақ, шаштары қап-қара бiр тұтқынға түскен сұлу қыз пайда болады. Тоқалы ма, әйелi ме ол жағы айтылмаған. Уақыт жылжып өте бередi. Бiр күнi жаңағы жарқ еткен сұлу Самнан күндей жап-жарық бiр ұл туады. Туған сәбидiң жүзi күнге ұқсайды, ал шаштары аппақ. Бұл уақиғаны Самнан бiр жетiге дейiн қорқып жасырады, бәрi жылап-сықтайды. Самнан “кәрi ұл” туғаны несi деседi. Содан iштерiнен батылдау бiр арыстандай айбатты әйел шығып, Самға барып айтады. “Балаңның денесi күмiстей, бетi жұмақтай, жалғыз бiр кемшiлiгi, шашы аппақ” дейдi. Даңқты батырым жазмыш солай шығар дейдi. Сам сәбидiң ұйықтап жатқан бөлмесiне барса бәрi рас, батыр өзiн қоярға жер таппайды. Сарай ақсүйектерiне, батырларға не деймiн, перi немесе дию екен деймiн бе деп, бұрқан-тарқан болады.
Сонымен Сам баланы Ираннан тыс жерге апарып тастауға әмiр бередi. Баланы Каф тауының басына Самұрық құс мекен еткен шыңға жеткiзiп тастайды. Сол арада Самұрықтың балапандары ашығып, алып құс жем iздеуге шығады. Содан тау басынан жылаған сәбидiң үнiн естидi. Бала күн қыздырған тастың үстiнде жатыр екен. Самұрық бұлттардың арасынан түсiп, баланы бармағымен бүрiп алып, Альбруз тауына әкелiп қояды.
Самұрықтың балапандары сұлу балаға таң қалысып, оған тез үйренiсiп кетедi. Балаға жұмсақ ет әкеледi, емшегiн бередi. Көп уақыт өтедi, Зал өседi, бойы кипаристей тiп-тiк, денесi ақкүмiстей тұлғалы әрi биiк, әрi күштi болады. Бұл тұста Залдың әкесi Сам бiр түс көредi. Түсiнде үндiнiң бiр салт аттысы келiп оған қуанышты хабар жеткiзедi, «сенiң балаң тiрi» дейдi. Ертеңiне Сам бiлгiштерiн, данагөйлерiн жинап алып, түстiң мәнiсiн сұрайды. «Сен бала Залға зорлық қиянат жасапсың» дейдi олар. Тiптi арыстан мен жолбарыс та, балық пен қолтырауын да өз ұрпағын бұлай қорламас едi. Ендi тек Құдай алдында ғана күнәңдi мойында, дұрыс жолды Сол сiлтейдi деседi олар.
Сам екiншi мәрте қасиеттi түс көредi. Түсiнде бiр тамаша жiгiт әскер бастап келе жатады; сол жағында ақылманы, оң жағында кеңесшiсi ақ сүйектен. Ақылманы алға шығып Самға сен құдайдан безгенсiң, “ойларың таза емес”, “асыраушы етiп құсшы жалдап алғансын”, сен перзентiңдi ақ шашты деп неге кiнәлайсың, ендi өзiңнiң де сақал-шашың ағарып кеттi емес пе. Сенiң ұлыңды жаратқанның өзi асырады ғой, одан артық мейiрiмдi асыраушы бар ма? Сенiң өзiң махаббат пен рақымшылдықтан жұрдай болған жоқсың ба” дейдi. Сам түсiнде арыстандай ашуланып, торға түскендей жылап оянады. Өкiнедi, бармағын тiстейдi.
Таң атысымен Сам сәбиiн қалдырған тауға жетедi. Ол басына құс ұшып жете алмайтын аспан жұлдызымен таласқан тау шыңын көредi. Шың басында хош иiстi ағаш пен тастан жасалған қорғанды байқайды. Сам тiзесiн бүгiп, Жаратқаннан жәрдем сұрайды. “Егер сол бала менiң ұрығымнан жаралса, көп қателескен Құлыңа қолұшын бер тау басына өрмелеп шығайын”, деп жалбарынады.
Самның жалынышты үнiн Самұрық естiп қалады да Залға: “Тау етегiне сенiң батыр әкең келiп тұр, ол сенiң алдыңда кiнәсiн мойындады, арын кiрден аршып алды, сенi заңды ұлым деп таныды. Ендiгi менiң мiндетiм — сенi әкеңе табыс ету” дейдi. “О Самұрық, дедi сонда Зал қолдарын жайып, сенiң ұяң — менiң жарыққа бөленген үйiме айналды, сенiң қос қанатың менiң патшалық шам-шырағыма айналды, мен неден кеммiн” дейдi Зал. Сонда Самұрық тұрып: “Сен жерге түскенде ғана нағыз тәжге ие боласың, сонда саған менiң ұям керек болмай қалады. Әкеңе бар, тағдырыңды сына” дейдi. “Менiң қауырсынымнан ал, ол саған менiң жарығымды жеткiзiп тұрады. Егер бiр пәлеге ұшырап қалсаң қауырсынымды отқа таста сол сәтте қара бұлт болып саған ұшып келемiн де қауiптен құтқарамын” дейдi.
Зал келiсiмiн бередi. Самұрық аспандан ұшып баланы әкесiне алып келедi. Сам батыр тұлғалы баласын көргенде өкiрiп жылап жiбередi де Самұрыққа басын иiп, Жаратқанға тәубе етедi. Баласына қарап тұрып оның патша бола алатын бейнесiне сүйсiнедi, баласынан кешiрiм өтiнедi. Сөйтiп әкесi мен баласы мақсат-мұратына жетедi.
ФИРДОУСИ ЖӘНЕ “ШАХНАМА”
Көңiл аудар даналардың сөзiне, Адал жанды өнеге тұт өзiңе демекшi, Фирдоуси дүниенiң әйгiлi кiтабы “Шахнамаға” кiрiскенде сол Дакикиден қалған 1000 жолдан бастап кетедi. Мұнысы ересен адамгершiлiк едi. Дакикиден бiр уыс дән қалып едi, содан Фирдоуси бидайдың қасиетiн тапты, iнжудiң құнын бағалай бiлдi. Сандықта жатқан жұпардың iсiн сыртқа шығарды.
Фирдоуси — жұмақ деген мағынаны бередi. Бұл ақынның тахаллусi (қосымша аты) Шығыс ақындарында екi ат болған. Фирдоуси кедейленген ақсүйек — диханның отбасында дүниеге келген. Кейiн келе ол дана, ғалым атанған, көп тiлдердi меңгерген. Фирдоусидың жастық шағы Саманидтер мемлекетiнiң дәуiр сүрген кезеңiмен тұспа-тұс келедi. Жас кезiнен бiлiм қуады. Иран патшаларының тарихын жазуды армандайды. VII ғасырда Иран жерiн арабтар басып алған едi, бiрақ тiлiн, дiлiн өшiре алмады. IХ ғасырға таман парсылар бас көтере бастады, жергiлiктi династиялар халық наразылығына сүйенедi. Орта Азия, Иран, Ауғаныстанды билеген Саманидтер әулиетi 874 жылы таққа отырып, жүз жыл билiк құрады. Олар туған тiлдi — парсы тiлiн, мәдениетiн, дәстүрiн қорғады. Ақынның балалық, жастық шағы өткен Хорасан өлкесi күшейген едi.
Фирдоусидың “Шахнаманы” жазғандағы мақсаты, кiтабы үшiн сұлтаннан алған сыйлыққа шаруаларға арнап плотина салдырып беру едi. Аңыз солай дейдi, аңыз да шындықтың шырағынан туады. “Шахнаманы” жазар алдында Фирдоуси қыруар материалдар жинайды, небiр шежiре, хикая, дастандардың көгiнен тартып көңiлiнiң көкжиегiне ту тiгедi. Сол қасиеттi тудан берiк ұстау керектiгiн сезiнедi. Фирдоуси ұлы Сөздiң күшiмен сарай мен халықты, ақсүйектер мен диқаншыларды бiрiктiргiсi келедi. Отанды сақтап қалу керек деген ой кеудесiнде көрiк боп жағылады.
Фирдоуси асықты, өйткенi көшпелi түрiк тайпаларының дүмпуi Саманидтер сарайына жақындап қалып едi. Соншама неге асығасың дегендерге ол: “бола алмаймын сабырлы, сабырлы емес уақыт” деп жауап бердi. Ақын 994 жылы эпопеясының бiрiншi нұсқасын жазып бiтiрдi. Ал, 999 жылы Саманидтер сарайы құлап, астанасы Бухараны түркi караханидтер басып алып, тiзе бүктiрдi. Тақ басына Саманидтердiң жалдамалы гвардиясынан шыққан Сұлтан Махмуд Газнауи келдi.
Бұл уақытта Фирдоуси де жас емес едi, әкесi болса баяғыда о дүниеге көшiп кеткен. Дән терген диқаншының жағдайы мүшкiл едi. Күнi-түнi жазумен отырды. Ауыр тұрмыстың тауқымет-азабын кешкен әйелi де қайтыс болған. Қолда қалған жалғыз азаматы Аржасып ол да ауру. Кейде үйiнде бiр үзiм нан болмай қалатын. Деседе “Шахнама” жазыла бердi, кең байтақ теңiздiң айдынына түсiп кеткендей әсерде едi. Фирдоуси сол алып айдынмен жалғыз жүздi, не жағадан шығармын, не батып кетермiн, Нар тәуекел дедi ол.
Сөйттi де ұлы шайыр 1010 жылы “Шахнаманың” соңғы екiншi нұсқасын бiтiрдi. Азамат болып қалған баласы дүниеден озды. Фирдоуси мүлдем жалғыз қалды. Әлсiреп жанған балауыз шамның түбiнде түндер бойы отырып “Шахнаманы” тамамдады. Таққа түркi сұлтаны Махмудқа поэмасын апаруға мәжбүр едi, басқа жол көрiнбедi. Фирдоуси шаршап-шалдығып, талай жол азабын кешiп, сұлтан Махмудтың резиденциясына Газнаға келедi. Махмудқа арнап жазған мақтау одасы да бар едi, онсыз болмайды. Сарай ақындары Унсури, Асжади және Фаррухи оны миықтарынан күлiп қарсы алды. Шаңға бөккен, тұлабойы алба-жұлба есуас шалға не керек екен дейдi. Қақпаның есiгiн аштыртмайды. Шарт мынау: үш ақын үш жолын айтады, қалған төртiншi жолын Фирдоуси суырып айтады. Сәттi шықса сарайға кiредi. Унсури бастайды: “Ай да сенiң ажарыңнан көмескiлеу көрiнер”. Асжади екiншi жолын айтады: “Ақ жүзiңдi көргенде гүлбағында гүл не дер”. Фаррухи жалғастырады: “Кiрпiктерiң тесiп өтер қалқанды”. Ендi үшеуi Фирдоусиге қарайды, төртiншi жолмен түйiндеу кезегi сенiкi. “Жiбергендей Пашанға жебелерiн Гив егер” деп Фирдоуси түйiп тастайды. Ендi сұлтан “Шахнама” үшiн сый берем деген уәдесiн орындайтын шығар деп ойлайды.
Сарай қақпасы айқара ашылады. Фирдоуси тақта бiздей қадалып отырған сұлтан Махмудтың алдына барып, тiзесiн бүгедi. Аяулы ақын айбарлы үнiмен “Шахнамасын” оқи бастайды. Бiр кезде сұлтан Махмуд қолын көтердi, бiрақ қызу, шабытты оқуға кiрiскен ақын оны байқамады. Иранның атақтысы Рүстем батырдың ерлiктерi айтылғанда сұлтаннан сабыр кетiп қалды. “Шахнаманың” әр жолына бiр динар алтын берем деген сөзiнен бас тартады.
— Тоқтат, Фирдоуси, жетер, сенiң Рүстемiңдi алып ұратын менiң әскерiмде ондаған Рүстемдер бар, ендi тоқтат, арғы жағын тыңдағым келмейдi, — дейдi сұлтан ақырып. Ақын алам деген сыйдың орнына сын садағына iлiктi. Қолжазбасын асықпай жинап алды да, сыртқа шығып кеттi.
— Ашуы кернеген ақын сұлтан Махмудқа арнаған сатирасын жазды, ол өтiрiк де мысқыл сатира халық арасына тез жайылып кеттi.
Жақсылық қолыңнан келмедi ме, жамандық жасама. Құлап бара жатқанның қолынан ұстап, тайып кетсе сүйеп қал — ау. Әнiки “Авеста” әңгiмелерiн тыңдаған сайын Фирдоусиге осындай ой қорытындылары қалып отырады. Пiскен егiннiң бiр уыс дәнiн уыстап тұрып, бүкiл дала, тауларының дәмiн татқандай болады.
Бертiн келе араб, ескi парсы, грек, түрiк тiлдерiн меңгерген Фирдоуси иран халық дастандарының өмiршеңдiгiне, көркемдiгiне таң қалды.
ҚАШҚЫН АҚЫН
Сұлтанды өлтiрiп сабаған сатираның жаңғырығы Махмудтың құлағына тез жетедi. Сұлтан: “тезiрек ұстап алып, пiл табанына салып өлтiрiңдер” деп әмiр бередi. Сол күннен бастап Фирдоуси қашқын ақын атанады. Қыстақтан қыстаққа, таудан тасқа тығылып кете барады. Халық Фирдоусиды сұлтан қаһарынан құтқарып, алыстарға ұзатып сала бередi. Сатираның ащы уы жерден жерге, елден елге жетiп, жетесiз сұлтанды сөзбен жерлейдi. Сонда Фирдоуси Махмуд сұлтанға хатында не деген екен:
Кешiрдiң шаһы Махмуд хан
Ойлап-ойлап мен аң-таң.
Уәде Алланың аты деп,
Айтып кеткен қандай жан?

Уәдесiне тұрмаса
Бұл адамның несi адам?
Адамға “ұлық” ат қойған
Уәдесiз болса несi адам?!

Сылап-сипап қайырса,
Қолға қарға қонар ма?
Қондырғанмен қолыңа
Қаршығадай болар ма?

Алтынменен аптаса,
Күмiспенен күптесе...
Ескi құлағы елбеңдеп
Есегi тұлпар болар ма?

Жарқанаттың сүймесi —
Жарқыраған күн көзi
Күнсiз жерге үйренiп,
Сүйiп алған түндi өзi
— деп Фирдоуси уәдесiз сұлтанды қарғаға, есекке, жарқанатқа теңейдi. Сөйтiп сүйкiмсiз сұлтан бүкiл дүйiм жұртқа масқара болады. Мiне, осыдан кейiн Фирдоуси сұлтанның қолына тiрi түсе қалса иленген қамырдай пiл табанының астында жатқан болар едi. Өйткенi, осы өлеңiнде ақын сұлтан Махмудты құлға, уәдесiз наданға теңейдi. Фирдоуси Иран шекарасынан асып Бағдатқа дейiн барып жетедi. Ең алдымен Гератқа, одан Табристанға, сосын Иракқа Буидтер сарайына барып тығылады. Осында сексен жасқа толған Фирдоуси өзiнiң екiншi романтикалық поэмасын атақты “Жүсiп — Зылихасын” жазады. 10 000 жолдан тұратын дастанның сюжетiн ақын “Құраннан” алған едi. Шаршаған, шалдыққан автор отанынан алыс жерде жазған махаббат жыры арқылы бар мұңын төгiп салады. Ол оның ең соңғы шығармасы едi. Иран патшаларының тарихын тамаша өлеңмен айтып берген ақын ендi күллi Шығысқа әйгiлi махаббат мұңына ақырғы шабытын арнайды, ендi мұсылманшылыққа бiржолата бет бұруды ойлайды. Фирдоусиден кейiн көптеген парсы ақындары осы тақырыпты жырлады.
Әбден қажып, қартайған ақын туған жерi Тусқа оралады, ондағы ойы өмiрiн осында аяқтамақ едi. Тағдыр менен неге айналды дейдi ол.
Менiң даңқым әлемге кетер тарап,
Мен жазған жәдiгерге жүрер қарап.
Өлмеймiн мен мәңгiлiк өмiрлiмiн,
Мен шашқан сөз тұқымы тұрса жарап — дейдi “Шахнаманың” соңғы жолдарында Фирдоуси. Шын мәнiсiнде “Шахнаманың” жазылғанына он ғасырдан асып кеттi. Алыстаған сайын Фирдоуси шыңы биiктеп барады.
Бiр күнi сұлтан Махмуд аңнан қайтып келе жатқан-ды. Бiр баубақшаның тұсынан өте бергенде әуездi жырды құлағы шалып қалып, тыңдай қалады. Сұлтан сөздiң сұлулығына, мақамына таңданады. “Бiлiңдершi бұл жыр жолдары кiмдiкi екен”. Сол заматта уәзiрi бұл Фирдоуси “Шахнамасынан” үзiндiлер дейдi. Сұлтан әдiлетсiз болғаны есiне түсiп, санын соғып қалды. Табанда керуен әзiрлеуге пәрман бередi. Жүк тиелген он екi түйесi бар көш барлық сый-сыяпатымен Газнадан Тусқа қарай жылжып бередi. Бұл ұлы шайыр Фирдоусиге арналған құрмет едi.
Түстiң бiр қақпасынан ақынға арналған сый керуенi кiрiп келе жатқанда қарама-қарсы жақтағы қақпадан табыт көтерген қаралы жиын шұбатылып шығып келе жатыр едi. Бұл қаралы топ Фирдоусидi соңғы сапарға алып шыққан едi.

 

 

Өтеген КҮМIСБАЕВ
«Түркістан» газеті» 2 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1894
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1958
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1648
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1497