Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 6387 14 пікір 10 Наурыз, 2021 сағат 13:09

Ши Жинпиң Қытайды кедейліктен құтқарды ма?

25 ақпанда өткен «Кедейліктен құтылудың шешуші шайқасын бүкіл мемлекет бойынша қорытындылау жиналысында» ҚХР төрағасы Ши Жинпиң: «Біздің халықты кедейлікпен күрестегі шешуші шайқасымыз тұтастай жеңіске жетті. Қолданыстағы критерий бойынша 98,99 млн кедей шаруа тұтасымен кедейліктен құтылды (өз билігі мерзіміндегі нәтижені меңзейді – автор.). 832 аудан кедей деген аттан арылып, 128 мың қыстақ кедейлік қамытынан шықты. Біз тұтас өңірлерді қамтитын кедейлік мәселесін шешіп, абсолютты кедейлікті жою сынды міндетті орындап шығып, адамзат тарихында тасқа таңбаланатын тағы бір ғажапты жараттық!», - деп жариялады.

Қытайдың премьер-министрі Ли Кэчиаң 5 науырызда Қытай халық құрылтайына берген жылдық есебінде: «Жыл басында есепте тұрған 5,51 млн кедей шаруалардың толығымен кедейліктен құтылып, 52 кедей ауданның кедейлік қалпағын шешті», - деп мәлімдеді.

Қытайдың кедейлікті еңсерудегі еңбегі атап айтуға тұрарлық. Өткен ғасырдың 80 жылдары Қытай экономикалық реформасын бастаған тұста, ондағы 1 млрд халық Қытайдың өз есебімен де, БҰҰ өлшемімен де кедей тұратын. 40 жылдық реформа мен есікті ашудың нәтижесінде 800 млн-ға жуық қытайлықтың кедейлік қамытынан сытылып шыққандығы және оның ДЖБ өлшеміне сай осы жылдардағы жер шарындағы кедейліктен құтылған халықтың 70%-дан астамын ұстағаны БҰҰ мен халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған-ды. Мысалы, 2002 жылы абсолютты өлшеммен (отбасылық табысы 100 мың юан) санағанда, қытайлықтардың 99%-ы төмен кірістілер санатында еді. Айлық кірісі 1000 юанға жетпейтіндер 1,008 млрд адамды (жалпы халық санының 84%-ы), 2000 юанға жетпейтіндер 1,25 млрд адамды (97%) құрайтын-ды. 2002 жылдан бері қарай төмен кірісті қытайлықтардың 400 млн-ы орташа кірістілер санатына өтті. ( Zhejiang University прфессоры Li Shi, Қытай халық университеті профессорлары Yue Ximing, Luo Chuliang, «The Finаncial Times»). 2012 жылғы ҚКП 18 съезінен бір жылдан кейін-ақ, 2013 жылы Қытай басшылығы «кедейлікті дәп баса сүйемелдеу» принципін бекітіп, осыған сай бірсыпыра механизмдерді жасақтаған. Сонан бері бұл тақырып ел басқарудың күн тәртібінен түсіп көрмегені де ақиқат. Шидің баяндауынша, «Партияның 18 съезінен бері орта есеппен алғанда жылына 10 млн адам, яғни ортақал бір мемлекеттің жан санына пара-пар адам кедейлікпен қоштасып отырған».

Қош делік. Дегенмен, 2020 жылғы СOVID-19 індетінен кейінгі Қытай тұрғындарының, әсіресе оның әлеуметтік әлсіз қорғалған бөлігінің нақтылы жағдайы мен күйзелісті көңіл-күйінің сықпыты ел басшысы тұжырымының реал өмірге қабыспайтын дүмбілез тұстарының барын аңғартатындай. Қытайлық «Төре сөз емес» сайты 2020 жылы 28 қарашада Қытай халық университетінің профессоры Yue Ximing қатарлы үш прoфессордың зерттеу дерегіне сілтеме жасай отыра, мынадай деректерді мәлім етеді. 2020 жылдың бірінші маусымында Қытайда 460 мың кәсіпорын жабылған, мұның 26 мыңы экспорттық компаниялар. Осы мезгілде eлдегі борышкерлер саны 780 млн-ға жетіп, қарыздарын уақытылы өтей алмағандар 300 млн адамды құраған. Мұның ішінде заңды ұлғаусар бүлдіргендер 5,7 млн адамға жетеді. Былайша айтқанда, 250 қытайлықтың біреуі «емқонбас» саналады. Бұлардан сырт мына бір цифрларға да сәп салғайсыз. Бүкіл Қытай бойынша дене және аяқ массажымен шұғылданушылар саны аз дегенде 11 млн адамды құрайды, ал олардың жалақысы айына 1500 юан көлемінде ғана. 5 юандық ерін бояғыштың айлық сатылымы 100 мың данадан артады. Бұл нені білдіреді? Ресми мәліметтің өзі елдегі жұмыссыздықты 6,2% деп отыр. Демек елде еңбек жасындағы 43,4 млн жұмыс күші табыссыз жүр деген сөз.

«The Financial Times» басылымының Қытай тілді нұсқасы 2020 жылы 21 шілдеде ғалымдардың Бейжиң Педагогикалық Институтының Қытайдағы табыс бөлісін зерттеу тобының 2018 жылғы зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, Қытай тұрғындарының 2019 жылғы табыс топтарына бөлінісін есептеп шыққанын жазады. Ғалымдар онда «Мемлекеттік статистика агенттігінің тіркеудегі тұрғындар табысы жайлы мәліметтерін негізге алып, біз айына 500 юаннан аз табатындардың санының 110 млн, 1000 юаннан аз табатындардың 310 млн, 2000 юаннан аз табатындардың 710 млн адам екенін межелеп отырмыз.

Үкіметтің ресми өлшеміне сай ауылдардағы абсолютты кедейлер саны 10 млн-ға жетпегенімен, қыруар тұрғынның табысы сол кедейлік сызығында тұр, олардың ертең-ақ кедейлік иіріміне қайта құлап кету қаупі бар», деп пайымдайды. Осы жерде мемлекеттік статагенттік жариялаған Қытай үкіметінің 2019 жылғы бүкіл Қытайлық ауыл-қыстақ тұрғындарына белгілеген кедейлік сызығының 3747 юан екендігін ескерте кетудің мәні зор.

2020 жылдың 25 тамызында Қытайдың дамуды зерттеу қорының «орташа-төмен табысты тұрғындар жігінің тұтынушылық қуатын өсіру және экономиканың елішілік үлкен айналымы» тақырыбында өткізген конференциясында Zhejiang University профессоры Li Shi: «Қытайдың төмен табысты тобының қанша адам екендігі жайында мамандар әрқалай айтады. Біздің межемізше ол 900-1000 млн адамды құрауы керек» дейді. («Қытай оқымыстылары» сайты, 19.09.2020.)

Қытай отбасыларының қаржылық жағдайы жобасы (CHFS) анықтаған мәліметтер, 2019 жылы Қытайда қарттардың жасы жетіп зейнетақы алатындардың 38,2%, зейнетақылық қамсыздандырумен қамтылғандардың 48,2% ұстайтынын, 13,6%-ының ештеңе алмайтындығын, ал кедейлік есебіндегі қарттардың 30%-ының ешқандай қаржылық қайнарсыз отырғандығын көрсетіп береді (Wang yi зерттеу орталығының сайты, 25.10.2020). Осы арада Қытайда зейнет жасына жеткендер санының 300 млн-нан асып жығылатынына назар аударыңыз.

Өткен жылы Ши Жинпиңнің шақыруымен өткізілген Қытайдың экономика және гуманитарлық сала мамандары жиналысына (2020 жылы 24 тамыз) қатысып қайтқан Гонь Конг университетінің профессоры Zheng Yongnan Сингапурлық «Singapore Press Holdings»-ке былай деп сұхбат береді: «Қытай статагенттігінің жариялаған мәліметінше 2019 жылғы Қытай тұрғындарының қолма-қол жарата алатын кірісі 30733 юан, ауыл-қыстақ тұрғындарынікі тиісінше 16021 юан, яғни айына 1300 юан. Ал осы жылғы кедей өңірлерде тұратын ауыл-қыстақ тұрғындарының нақты жарата алатын кірісі 11567 юан,  айына шаққанда 966 юан, яғни айына 1000 юанға жетпейді деген сөз. Бұл премьер-минстр Ли Кэчиаң атаған 1000 юаннан төмен табыс табатындардың саны 600 млн-ға жетеді дегенімен сәйкес келеді». Өйткені бұл 600 млн адамның өзгешелігі сол, басым көбі ауылды жерлерде, оның ішінде орта және батыс өңірлерде тұрады. («Өткен-кеткенге шолу» сайты, 28.08.2020).

Осы арада жаңағы Ли Кэчиаңның 1000 юанына соға кетудің маңызы айырықша. Өйткені төраға Ши 2020 жылды Қытайдағы кедейлікті түбегейлі еңсерудің сірге жияр жылы етіп бекіткен-ді. Ал премьер-минстр Ли болса 2020 жылы 28 мамырда өткізген кезекті бринфингте: «Қытай елі жан саны аса көп дамушы мемлекет. Біздегі жан басына шақандағы кіріс 30000 юан. Алайда 600 млн адамның ай сайынғы кірісі 1000 юандай ғана. 1000 юан орташа қалаларда үйге жал ақы төлеуге де жетпес. Міне, індетке тап болып отырмыз. Ендеше, індеттен кейінгі маңызды мәселе халық тұрмысы болғалы тұр», деп мәлімдеген. Ол ары қарай: «Біздегі жәрдемақы алатындар, жұмыссыздық өтемақысын алушылар, ерекше көмекке зәрулер мұрнағы жылдары 60 млн шамасында болса, біз биыл бұл сан тағы да көбеюі мүмкін деп отырмыз», деп көрсеткен. Ол және жуық жылдары қатаң шектеліп келген қала-кенттердегі жайма базарларға рұқсат беріп, халықтың табыс көзін қарастыруларына мүмкіндік беруді ұсынған. Іле-шала «жайма экономика» шешек атып сала берген.

Келтірілген зерттеу мәліметтері мен цифрлар тұрғысынан бажайласақ, Ши төраға сүйіншілеген мәліметтердің бір сәкусіні бар сықылды. Ол мәлімдеген цифрлар нақтылы өмірден тым алшақ кеткен сыңайлы. Мұның бірнеше түрлі себебі болуы мүмкін. Ең бастысы төраға өзі ауыз жаппай дәріптейтін «социалистік жүйенің артықшылығы», яғни жоспарлау мен есеп беру бәсекесі. Қытайдың ғасырлармен көгенделген кедейлік тарихын өзі билік құрған тұсында ақырлап тарихта қалғысы келген Ши төраға, ҚКП-ның өмірге келгенінің 100 жылдығына Қытайдағы кедейлікті жоюмен сый жасағысы келген. Сол үшін де 2020 жыл кедейлікпен күрестің шешуші шайқасының жеңіске жетер жылы болып «белгіленген». Жоспар алынған екен, оны орындау керек. Төраға үшін солай. Ал жоспарды орындаушылар үшін басшылықтың айтқанын қалтқысыз орындау, асыра орындау, сөйтіп көзге түсу тіпті де керек. Халықтың нақтылы жағдайы қалай, мамандардың дөп басар дәйектері нені меңзейді, жоспардың орындалу барысы мен нәтижелері қисынға келе ме, жоқ па, ол әңгіменің астар бетінде қала бермек. Социалистік дағды солай. Ендеше, субъективтік құлқы да соған бейім төрағаның өз көмекшілері мен мұраттастарының мәлімдегеніне сенбеуге қақысы да, олардың жазып бергендерін сүзгілеуге мүмкіндігі де жоқ. Аналар: «біз айтқаныңыздай кедейліктен құтылдық», деді.  Бұл кісі: «құтылыппыз», деді. Болды! «Бірсыпыра БАҚ пен органдар жұрттың табыс мөлшерін асыра бағалайды немесе бай мен кедейдің табысын араластырды да, орташа табыс арқылы төмен табыстылардың үлесін төмендетіп көрсетеді. Сөйтіп, «халықы бай, мемлекеті күшті» экономикалық келбетті әсірелеп әкеле қояды». («The Financial Times», қытайша, 21.07.2020).

Онан кейінгі себеп те Ши төрағаның дара билеуге деген құлшынысына саяды. Ши төраға 2012 жылы билікке келе сала-ақ, Дэн қалыптастырған ұжымдық шешім қабылдау принципін бұзып, түрлі құйтұрқылықтармен құқықты өзіне жинағаны мәлім. Соның бір есебінде салалар бойынша комитеттер немесе басқару группаларын жасақтап, оларға тағы өзі басшы болып отыру арқылы атқарушы биліктің құқықтарын жымқыруын атауға болады. Мысалы, ол қаржы, бюджет, өнеркәсіп, агроэкономика, цифрлық даму сияқты нешелеген басқару группаларын құрып, үкіметті онда болуға тиісті құқықтық құралдар мен ел басқаруға араласу тетіктерінен түбірімен ажыратып тастады. Сарапшылардың санауынша ол кісі осындай группалардың 40 шақтысына төраға екен. Сонымен, қоғам және халықпен бетекі қызмет жасайтын атқарушы үкімет елдің реал экономикалық-әлеуметтік жағдайына пайым жасап, оған ықпал ететін функциясынан айырылып қалды. Қазіргі премьер-минстрден Қытайдың ілгергі сол лауазымдағы тұлғаларының айбаты мен ықпалының көлеңкесін де көре алмайсыз. Нәтижесі тексерілмеген цифр, сүзгіленбеген пайым, логикасыз уәж, ең ақыры кедейліктен құлан-таза айыққан, арманына қол созым қалған «Ұлы Қытай».

Мұнда халықтың социалистік үгітпен жуылған санасы, биліктің дегеніне парықсыз көну, әлеуметтік желінің жетегіндегі қараңғы ұлтшылдық пен даңғаза популизмнің әсерінің де жетерлік екендігін айту парыз.

Қорыта келгенде, әлеуметтік зерттеулер мен мамандардың талдауы, халықтың «жайма экономикаға» жапатармағай лап қоюы - Ши төрағаның Қытайдың кедейліктен құтылуы жайлы тұжырымын теріске шығаратын сыңайлы.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1591
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1489
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1237
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1210