Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Айқай 4454 23 пікір 9 Наурыз, 2021 сағат 14:34

«Әр әйел жалғызым!» шеруі - ЛГБТ шеруі ме?

Кеше, 8 наурыз күні (Халықаралық әйелдер мерекесі) Алматыда гендерлік теңдікке үндеген бірқатар қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғаушы ұйымдардың бірлескен бейбіт шеруі өтті. Оған жергілікті әкімдік 13 ақпанда рұқсат берген. БАҚ: «Бұл - феминист белсенділердің биліктің келісімін алып өткізген алғашқы акциясы», - деп жазады.

Шеруді ұйымдастырушылар: «Феминита», «КазФем», «SVET», «ФемАгора», «ФемСреда» атты қоғамдық ұйымдар болған. Бейбіт шеруге қатысқандар Алматыдағы Ганди паркінде жиналып, кейін сол маңайдағы (5 шақырым жер) Ғылым академиясына қарай жаяу жүріп өткен. Сонан соң, Ғылым академиясының алдындағы Ш.Уәлиханов ескерткішінің алдында бейбіт митинг өткізген. Бейбіт митинг пен шеру келісілген уақытта (15:30-да) аяқталған.

Оған қатысушылар «Әр әйел жалғызым!»,  «Феминизм Қазақстанды құтқарады!», «Ел болам десең әйеліңді сыйла!», «Келін сіздің құлыңыз емес!», «Қызға 40 үйден бостандық!», «Ұрады, өйткені заң соның жағында!» т.б. ұрансөздар жазылған плакаттар ұстап шыққан. Сонымен қатар, ол плакаттарда отбасындағы және қоғамдағы әйелдерге зорлық-зомбылықты тыю, әйелдердің еркін еңбек етуі мен білім алуына құқықтық қамқорлық жасау т.б. туралы талаптар жазылған. Шерушілердің арасында лесби, гей, бисексуалдар мен трансгендерлер (ЛГБТ) туын көтеріп шыққандар да болған.

«Азаттық» сайтының ақпаратынша, кешегі шеруге келген белсенділер тұрмыстағы әлімжеттікке қатысты әкімшілік емес, қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартуды талап еткен. Олар қоғамда және отбасында әйелдердің құқы жиі бұзылатынын және оларға «заң араша түспейтінін» айтқан.

Кешегі өткен бейбіт шеруге қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі қаққа жарылған. Олардың бір тобы – шерулер әйел құқының қорғалуын талап етушілер десе, екіншілері – кешегі шеруді ЛГБТ өкілдерімен байланыстырған. Қараңыз:

Возможно, это изображение (1 человек и стоит)

(Сурет әлеуметтік желіден алынды)

Жер үшін емес, «жатыры» үшін күресіп жатыр!

Ләззат Ахатова:

«Әкесін сабағанды көріп едік, бірақ арбаға таңып қойып, сабағанды бірінші көруім», - дейтін сөз бар еді, қазақта. Сол сияқты митингтің, шерудің түрін көріп ек, әйел құқығын, феминизмді сылтауратып, ЛГБТ-ның туын жалаулатып, азғындықты насихаттайтын шеруді де көз көрді-ау.. Бұрын ондай шерулерді батыстық елдерден көруші едік, енді қазақ топырағына да жетті..

Бабалар қасық қаны қалғанша, күрескен жерімізде, сол батырлардың «ориентациясы» ауысқан лесбиянка мен гей ұрпағы жер үшін емес, «жатыры» үшін күресіп жатыр..

Ананың жатыры - ұрпақ көбейтетін қасиетті жер емес пе? Оны айқайлап айтпаушы еді. Санасыз, мәңгүрт қазақтардың арқасында оған да жеттік. Сол жатырдан қанша ұрпақ өрбіп, алтын құрсақты Аналар қазақ деген ұлттың жер бетінен жойылып кетуінен сақтамап па еді?..

P.S. Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар.. Қазақтың өрімдей қыздарын өздеріне тәуелді екенін пайдаланып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, ер адамдарға деген сенімін жоғалтатын, обал-сауап деген ұғымнан жұрдай, нәпсіқұмар қазақтың азаматсымақтары да ойлану керек».

Тіл шеруіне жол жоқ - жын шеруіне жол көп!

Қазыбек Иса:

«2020 жылы 15 желтоқсанда, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тілді қолдау туралы митинг өткізбекші болғанда, билік пандемияны желеу етіп, рұқсат бермеді. МЕМЛЕКЕТ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІН ҚОЛДАУ МИТИНГІСІНЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ! Негізі Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да, Мемлекеттік тілін қолдау үшін митингі сұрап, депутаттық сауал жасап жүрген ел әлемде жалғыз Қазақстан ғана! Ал сол күні ресми рұқсат берілмесе де, митингіге шыға беруге билік рұқсат беріп қойған әдеттегідей үйреншікті сценариймен кезекті оншақты адам шықты...

Ал кеше Алматыдағы гендерлік теңдік тақырыбымен әйелдер құқын қорғауға арналған шеру болып өтті.

Әрине, әйел құқын қорғау қашанда маңызды. Қазақ халқы о бастан үкілеген қызын төрге отырғызып, аяулы ананы ардақтап, асыл жарын құрметтеп өскен халық. Бірақ, ешуақытта қазақ әйелі пір тұтатын ерімен өзін теңестіріп, ерсілік жасамаған, әйелге тән әдебімен, пайым-парасатымен қасиетті саналады. Қазақтың батырлар жырын алсаңыз да, Алпамыс батырмен бірге Гүлбаршын, Қобыландымен Құртқа, Ер Тарғынмен Ақжүніс қатар айтылып, дәріптеліп келе жатыр.

Бірақ кешегі шеру ішіндегі «Жатырымыз өзіміздікі, оны не істейтінімізді өзіміз шешеміз» деген ұрандар көтерген, құрамы күмәнді топтарды көргенде қаны бар елдің қаны қайнауда...

Шеруде бір жыныстылардың бір-біріне үйленуін үндейтін, жезөкшелердің құқын қорғауға шақырған жын-жыбырлардың жалаулары да жалбырап жүр екен...

Қазақ әйелдерінің қолынан «Менің жатырым-менің ережелерім», «Күштің жынысы жоқ», «Ана болу міндет емес» деген ұрандарды көру қандай қасірет еді?!.

«Бүгінгі акцияны ұйымдастырған «Феминита» феминистік бастама тобының негізін қалаған белсенділер Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Қазақстанда лесби, бисексуал, квир, трансгендер қауым өкілдері, жыныстық қызмет көрсететін әйелдер құқығы қорғалмай, қорғансыздың күйін кешіп келе жатқанына көпшіліктің назарын аударды», - деп жазады «Азаттық».

Яғни, Тіл шеруіне жол жоқ - жын шеруіне жол көп болып тұр шындығын айтқанда.

Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қолы зорға жеткен қасиетті Тәуелсіздіктің 30 жылдығын -Тәуелсіздік бесігі болған Алматыда осындай Ұлттық ұғым мен салт-дәстүрімізге жат масқара шерумен бастап қарсы алудамыз!..

Осы біздің елде Ұлттық идеология деген бар ма?

Азаттықты асқақтататын, Ұлтты сақтап қалатын Ұлттық идеологияны қашан қолға аламыз?».

Феминизмді түсіну үшін қазаққа әлі бір ғасыр керек сияқты...

Yelnur Alimova:

«Әйел құқықтары, феминизм деген не екенін түсіну үшін қазаққа әлі бір ғасыр керек сияқты. Бағаш (Бағашар Тұрсынбайұлы – ред.) «адамдықтан безу» депті. Кеше біреулер ЛГБТ-мен шатастырып отыр. Мұны жазып отырғандар — журналистер. Қоғамның басқа өкілдері, оқырмандар осы тілшілердің адастыратын ақпаратын оқып отыр.

Келінге келсек, құл көретін дәстүр әлі бар. Әйел біреудің құлы емес.

Феминизм туралы көп оқып білу керек. Қазір әйелдердің дауыс беріп жүргені, ерлермен саясатқа қатар араласуы — феминизм арқасы. Феминизм деген ғылымда үлкен бағыт бар. Оны құбыжық қылып көрсетудің қажеті жоқ. Көп оқиық, көкжиекті кеңейтейік».

«Ұлттық дәстүрдің» артына тығылып, көлгірсу орынсыз...

Қасым Аманжол:

«Жүсіпбек «Ақбілекті» жазды, Әуезов «Қорғансыздың күнін» жазды, Мағжан «Шолпанның күнәсін» жазды. Абай да, Шәкәрім де өз теңіне қосылғысы келген қарындастың жағында болды. Қорланған, зорланған, ар-намысы аяққа тапталған, өлтірілген қыздың тағдыры 100 жыл бұрынғы ойшылдардың жүрегін ауыртты, араша түсірді. Бұлар советтің айдауымен ғана осыған барды деп айта алмассыз...

Бүгінде отбасындағы қорлықтың кесірінен жүздеген әйел құрбан болса, тіпті бір қарындас жапа шексе Абай айтпақшы «замандасының бәрі виноват». Кешегі шеру - сол, түрлі теңсіздік пен қорлықтан соң, үйінде шешесін әкесі шаштан сүйреп сабағанын көргеннен соң, тіпті таксист ағайдың қаршадай қызға қылмыңдаған, жан жаралаған дөрекілігінен соң лықсып туған қарсылық рефлексі. Рас, нешетүрлі қайшылықтары мен сіз қабылдауға ауыр қисындары да кездесуі мүмкін. Алайда, қоғамымызда әйелді қорлайтын соңғы еркек бар кезде феминистік шеруді жалпы айыптап, «ұлттық дәстүрдің» артына тығылып, көлгірсу орынсыз.

Аймауытов бола алмаспыз, бірақ азамат боп қалайық, жігіттер».

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1568
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1457
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1205
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1190