Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6873 0 пікір 2 Сәуір, 2012 сағат 10:42

Тұрсын Жұртбай. «БАЙТҰРСЫНОВ – БАЯҒЫ БАЙТҰРСЫНОВ» (жалғасы)

Бесінші тарау:   «БАЙТҰРСЫНОВ - БАЯҒЫ БАЙТҰРСЫНОВ»(Омаров Елдес Омарұлы және басқалар туралы іс)

Бесінші тарау:   «БАЙТҰРСЫНОВ - БАЯҒЫ БАЙТҰРСЫНОВ»(Омаров Елдес Омарұлы және басқалар туралы іс)

1.Ахмет Байтұрсынов 1928 жылдың 5 қазанында Алматыға көшіп келіп, КазПИ-де сабақ берді.1929 жылы көкек айының 19 күнi «Советская степь» газетiнде Ораз Исаев пен Iзмұқан Құрамысовтың ұйымдастыруымен Ғаббас Тоғжанов пен Әбдiрахман Байдiлдин, Х. Жүсiпбеков, С. Сапарбеков,            О. Жандосов қол қойған ашық хат жарияланды. Бұл ашық хат  Ахмет Байтұрсынов бастатқан алаш азаматтарын «құрбандыққа шалудағы» ең соңғы шешушi соққының мiндетiн атқарды. Голощекиннiң айызын қандыру үшін:«Бiр топ жолдастар - «Правда» газетiнiң және «Әдебиет энциклопедиясының» редакциялық алқасына кейбiр жазушы - қазақтардың творчествосына баға беруде  «Энциклопедияда» жiберiлген қате пiкiрлерге орай қарсылық - хат жолдады. Көпшiлiктiң ерекше назарын аударған осы хатты толық жариялап отырмыз», - деген түсiнiкпен жарияланды.Алаштың ардақтыларын түрменiң босағасынан бiрақ шығарған «Жазушы - қазақтардың творчествосы туралы» хатта:«Құрметтi жолдастар»! Бiздiң пiкiрiмiзше, Әуезов пен Байтұрсыновтың шығармаларына маркстiк көзқарасқа мүлдем жат баға берiлген......Байтұрсынов туралы берiлген баға да дәл емес. Рас, революцияға дейiн Байтұрсынов қазақтың ұлттық зиялыларының жетекшiлерiнiң бiрi болды, патшалық саясатқа қарсы күрестi, сол кезде ол қазақ тұрмысындағы алдыңғы қатарлы буржуазиялық революционер боп табылды. Алайда мұның барлығы ешкiмге де: «Байтұрсынов - қазақтың аса көрнектi ақыны» деуге құқық бермейдi. ... Ол ақын болған жоқ. Ол публицист болды және публицист болып қалады. Байтұрсынов буржуазиялық ұлтшыл - қазақ байларының идеологы болып қала бередi... Ол контрреволюциялық идеологияны уағыздады. Бүгiнгi қазақ қоғамы Байтұрсыновты бiздiң партиямызға қарсы күрескен және күресiп келе жатқан реакциялық алашордашыл интелегенцияның бiр көсемi деп санайды.«Әдебиет энциклопедиясының» редакция алқасы жiберген қателiктердi түзету мүддесiн көздеген бiздiң бұл пiкiрiмiзге «Правданың» бетiнен орын беруiңiздi өтiнемiз. Коммунистiк сәлеммен: О. Исаев, Ә. Құрамысов, Ғ. Тоғжанов, С. Сапарбеков,     О. Жандосов, Х. Жүсiпбеков, А. Байдiлдин», - деп жазылды.

<!--pagebreak-->

Міне, осындай мемлекеттiң атынан жасалған ресми айыптау мәлiмдемесінен кейін бiр айдың iшiнде Ахмет пен Жүсiпбек, Мағжан қамауға алынды.1929 жылдың 2 маусымында Қызылорда қаласында өтетін әдебиетшілер мен тілшілердің жиналысына шақырылады да, сол жерде қамауға алынып, қайтадан Алматының түрмесіне жөнелтіледі.Тергеудің ІІІ томы Ахмет Байтұрсыновтың анкетасымен ашылған. Байтұрсынов Ахмет 1870 (нағында 1873 ж. - Т.Ж.) Қостанай облысының Торғай ауданында туған. Қаруында әйелі, үш баласы бар. «Алаш» партиясының мүшесі болған, 1921 жылы  ВКП(б) мүшелігне өткен, 1921 жылы партиялық тазалау кезінде ұйымнан өзін тыс ұстағаны үшін шығарылған. Қазір партияда жоқ.  Кеңес өкіметі тұсында сотқа тартылмаған. Арнайы орта білімді. КазПИ-дің оқытушысы.1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистік ұйымдардың басшысы Валидовпен байланыс жасағаны үшін, қылмыскер деп табылды. Сондай-ақ 1927 жылы қырда (?) қарулы көтерілісті дайындау туралы мәселені талқылауға қатысты. Сол үшін РСФСР қылмысты істер кодексінің 58 статьясының 2, 4 және 11 тармақтарына сәйкес жасаған қылмысы бойынша жазаға тартылды. Сол жылы 12 маусымнан бастап қыэметтен босатылды. 20 маусым күні үйіне тінту жэүргізіліп, кітаптары, қойын дәптері, іс жүргізу қатиралары, қолжазбалары, ъхаттары тәргіленді.Халықтың басына қара бұлт боп үйіріліп, миллиондаған адамдардың обалына қалып, қазасын арқалаған қасіретті «58-статьяның» Қазақстандағы алғашқы тауқыметті таңбасы «Ахмет Байтұрсынов бастатқан ұлтшыл-буржуазияшыл контрреволюционерлердің «қылмысты ісіне» басылды. Бұл - статья жеке тұлғалардың қоғамдық-саяси қайраткерлігі мен азаматтық көзқарасына басылған таңбасы ғана емес, сонымен қатар жалпы жеке адамның ақыл-ойына, ар-ожданына, жан-жүрегіне басылған «кеңестік қарғыс таңба» болатын. Ахмет Байтұрсынов «58-дің» барлық зорлық-зомбылығын көріп, азап-қазабын тартты. Мұхтар Әуезовтың естелігіне жүгінсек, Ахаң - А.Байтұрсынов әр күні: бүгін кімнен не сұрайтынын, қандай «айғақ» ұсынатынын алдын-ала болжап, дәл тауып отырады екен. Өйткені түрмеде көп отырып тақыстанған кеңестік большевиктер қолданып отырған отаршыл жазалау жүйесінің әккі тәсілдерінің бәрі де Байтұрсыновқа бұрыннан таныс болатын. Себебі, түрме Ахаңа - А.Байтұрсыновқа әкеден қалған «мұра», ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан «дәстүр» болатын». Сондықтан да ол түрмеден тыс толтырылған анкеталардағы:«Қандай елге, қандай руға жатасың. Бұрынғы шыққан тегің кім және олардың әлеуметтік дәрежесі қандай», - деген сұрақтардың барлығына:«Ұлттық озбырлықтың зардабын жасымнан тартып өстім. Әкем және әкемнің ағасы өктемшіл ояздың зорлығына қарсы шыққаны үшін итжеккенге жер аударылды», - деп жауап қайырып отырған.Ал мұның астарында тауқыметті асау тағдырдың табы жатты. Ахмет мүшел жасқа - он үшке толғанда әкесі Байтұрсын мен ағасы Ақтас Торғай уезінің кәрі оязы Яковлевті сабап, басын жарғаны үшін 15 жылға Сібірге айдалды. Ақтастың әйелі олармен бірге итжеккенге еріп барып, аң терісін илейді, құлақшын, тымақ, етік тігіп, қаржы тауып, оған тамақ сатып алып, түрмедегі күйеуі мен қайнысына жеткізіп тұрады. Сөйтіп, қазақтың қарапайым әйелі екі азаматты азап пен аштықтың тырнағынан арашалап қалады. Тағы да сол тұстағы  анкеталардағы:«Ақпан төңкерісіне дейін немен шұғылдандыңыз. Сотталдыңыз ба? Сотталсаңыз не үшін сотталдыңыз?», - деген сұраққа үнемі:А.Байтұрсынов: «Қазақ халқының талап-тілегін білдірген 1905 жылғы шағымын - Петицияны жазуға қатысқаным үшін 1909-1910 жылдары түрмеге қамалдым. Сол үшін қазақ арасында өмір сүру құқынан айырылдым», - деп жауап берген.Шындығына жүгінсек, бұл қысқа қайырылған мәтінің астарында Ахмет Байтұрсыновтың ғана емес, жалпы қазақ ұлтының арыз-арманы жатыр еді. «1905 жылдың басында ішкі-сыртқы төңкерістік тегеуірінге шыдай алмаған патша өкіметі: «халық сайлаған өкілдердің кеңесін шақыруға, бұқара мұңын жеткізетін шағым-арыздарды (петицияны) жазуға рұқсат берді. Бұл қазақтардың арасында ұлт-азаттық қозғалысын оятты. 1905 жылдың сәуіріндегі бұл еркіндік патша жарлығымен бекітілді. Көктемнен бастап адам көп жиналатын жайлау мен жәрмеңкелерде қазақ елінің қамын ойлайтын түселдер ашылып, патша ағзамға қаратылған ұлт мүдделері хатқа түсіп, қол қойылды. Сөйтіп, 1905 жылдың маусымында Қарқаралы оязындағы Қоянды жәрмеңкесінде 14 500 қазақтың қолы қойылған Петиция Министрлер кеңесінің төрағасына жолданды. Бұл - азаттық аңсаған халықтың оянған санасының тұңғыш үн қатуы еді. Онда: тәуелсіз діни мүфтият, жер, сот, мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлау мәселелері талап етілді. Бұл манифест қазақ тіліне аударылып, қыр еліне таралды. Қазақтардың басына барша адамның теңдігі, ұждан бостандығы, халық билігі туралы сөздер айтатын, естен кетпес ерекше күндер туды. Мұны ұйымдастырғандар: отаны мен туған ұлтының бақытын ойлайтын ұлт зиялылары, соның ішінде ұлт көсемдері" - Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов еді. Қазақтың жандарм тыңшылары Ахметтің соңына түсіп, 1909 жылы 1 шілде күні тұтқындап, Семейдің түрмесіне қамады. Онда 1910 жылдың 21 ақпанына дейін сұрақ-жауапсыз жатты. Бұл оқиға Ресейдегі революциялық рухтағы «Речь» атты газеттің назарын аударып, онда «Қазақ ақыны Ахмет Байтұрсынов түрмеде» деген мақала жарияланды. «Қапастағы қазақ педагогы», «бұратана халықтың зиялысы» А.Байтұрсыновтың азаматтық құқығының аяққа басқандығы туралы мақаланың авторы Дума мүшесі Н.Скалокубов Ішкі істер министрі П.Г.Курловқа:«Семей мен Өскеменнің түрмелерінде көп айдан бері ешқандай сотсыз-тергеусіз қапаста отырған бірнеше қазақ зиялылары маған шағым жолдап, өздерінің және олардың үй-ішінің аса күйінішті жағдайына назар аударуды өтініпті. Сондай-ақ, Семей түрмесінде жатқан Ахмет Байтұрсыновтың әйелінен және жергілікті тұрғындардан оның ісі мен жағдайын анықтауды ұсыныс жасаған хат алдым. Байтұрсынов - қазақтың ақыны, Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударған. Ол Қарқаралыдағы орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі болған. Семей губернаторы оған:қазақ халқының атынан Император Ағзамға талап-тілек білдірген хатты - Петицияны жазуға қатысты, содан кейін, менің сенімді адамдарымның мәліметі бойынша, мүлдем негізсіз - қазақтардың арасына сеператистік идеяны тараттыжәне алым-салықты төлемеді,- деген кінә таққан.Ол 1 шілде күні тұтқындалған, бірақ осы күнге дейін оған ешқандай қылмысын айғақтайтын айып таға алмай отыр. Өскеменнің (Семей обл.) түрмесінде отырған тұтқынның 11 қазан күні маған жазған хатыңда: оларды - тұтқындарды, «аяусыз тепкілейтінін» хабарлады», - деп жазып Ахметтің ар-намысын қорғады.Ішкі істер министрінің іс қағазына 7 желтоқсан күні тіркелген Дума мүшесінің мәліметі аяқсыз қалмай, дер кезінде «кеңсе айналымына» түсті. Алты ай бойы қозғалмаған іс шұғыл түрде қолға алынып, ешқандай да айып тағылмастан, шұғыл түрде: А.Байтұрсынов:"Бір тәуліктің ішінде Семей қаласын тастап шықсын, үш жыл бойы қазақ даласынан сырт жерде тұрсын", - деген үкім шығарылды.Бұл өкімге орай Ахмет Байтұрсынов ғылыми-мәдени дәстүрі бар, қазақтың оқыған азаматтары жиналған Орынбор қаласынтаңдап алып, "өз еркімен" жер аударылды.Тағдырдың тәлкегінде шек болсашы. Араға тура жиырма жыл салып (1909 жылдың 1 шілдесі - 1929 жылдың 2 маусымы), Ахмет Байтұрсынов тағы да түрмеге түсті. Біріншісі, Ленин дәл тауып айтқан «езілген халықтар түрмесі» атанған патшалық самодержавиенің абақтысы. Онда езілген халқының азаттығын аңсағаны үшін қамалды. Екіншісі, тағы да Ленин айтқан, "езілген халықтарға еркіндік берген" Халық Комиссарлары Кеңесінің Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ-дің) түрмесі. Бұл жолы азат еліне сіңірген еңбегі үшін ұсталды. Сонымен Ахмет Байтұрсынов «1921 жылы Орынбор қаласында «астыртын контрреволюциялық ұйым» құрды ма, жоқ па? Бұқарадағы мұхаррамшылардың - «басмашылардың» қозғалысына қосылған Валидовпен кеңес өкіметіне бірігіп күресу туралы құпия хат алысқаны рас па, жалған ба? Оған жауап iздеп, қосымша тергеу жүргiзбей-ақ, З.Валидовтің "Естеліктеріндегі" жазбаларына және Қазақ ССР Жоғары сотының 1989 жылғы 4 қарашадағы анықтамасына жүгiнсек, шындықтың беті толық ашылады:Жалпы, А.Байтұрсынов пен З.Валидов таныс па еді өзі, таныс болса, қай уақыттан бері таныс?З.Валидов: «1912 жылы ... Әлихан Бөкейхановтың үйінде бірнеше күн тұрдым. Оған Ахмет Байтұрсынов қонаққа келіп жатыр екен. Біз ұзақ әңгімелестік, түркі тарихына қазақ хандарын қалай кіріктіру керектігін ойластырдық. Бұл, екінші кітапты жаза бастау деген сөз еді».А.Байтұрсынов: «Валидовпен мен Самара құрылтайында (1918 жыл) таныстым».З.Валидов: «...Біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық...  Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді».А.Байтұрсынов: «Бұдан кейін Валидовпен Москвада кездестім. Ол бұл  кезде кеңес өкіметі жағына шыққан болатын».Т.Рысқұлов: «Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттикад уә теракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттикад уә теракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә теракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды», - деп жазады... Москваға барсымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды...Бұдан кейін біз Валидовтің, Сұлтанғалиевтің, Байтұрсыновтың қатысуымен кеңес өткізді, - делінеді... Байтұрсыновқа келетін болсақ, ол біз келмей тұрып Орынборға кетіп қалған болатын...».А.Байтұрсынов: «Шындығын айтсам, 20-жылы Мәскеуде қызмет істеп жүргенімде онымен бірнеше рет кездестім».Е.Омаров: «Мәскеудің сыртында біздің бастаңғы ұйымдастырғанымыз есімде. Оған мына адамдар қатысты: мен, Абдолла Бөкейханов, Байтұрсынов, Танашев, содан кейін Ермеков және Валидов болды-ау деймін. Сонымен бірге Башқұрстан мен Татарстанның өкілдіктерінің бірнеше қызметкерлері, оның ішінде Сейдғалиев пе, әлде Сұлтанғалиев па бір адам болды, ал осы екеуінің нақты қайсысы болды, оны ашып айта алмаймын. Бастаңғының аты - бастаңғы, іштік - жедік, түстендік. Бізбен бірге башқұрт пен татар қызметкерлерінің әйелдері болды. Осы бастаңғыдан кейін Валидовпен кездескен емеспін. Бұл бастаңғыда біз саяси мәселелерді, оның ішінде ұлттық өлкелер туралы мәселені талқыладық па, жоқ па, ол жағы есімде қалмапты. Мүмкін ондай әңгімелер айтылса - айтылған да шығар. Байтұрсынов ол кезде ВКП /б/-ның мүшесі болатын, сондықтан да барлық партияда жоқтарды оның мүшелігіне өтуге үгіттеді. Байтұрсынов ол кезде менің өзіме жеке ұсыныс жасады. Ермеков Байтұрсыновтың ұсынысын қызу қолдады, бірақ та оның өзі неге екенін білмеймін, өтпей қалды. ВКП /б/ туралы "Алашорданың" арнайы нұсқауы болған - болмағанын білмеймін. Менің өзім де Байтұрсыновтың сол ұсынысын жақтадым, Бөкейханов Әлихан да бұл пікірді қостады».Тергеу ісінің қорытындысынан: «1. Алашордашыларға кешірім жасалғаннан кейін де, 1921 жылы Валидов пен Ермековке қосылып кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық астыртын ұйым құрған. «Валидов, Байтұрсынов, Ермеков үшеуі Москвада болған кезінде астыртын ұйым құру қажеттігін ақылдасты» (Әділевтің мәлімдемесі, 1 том, 10-бет). Аталған ұйымға (Орынбор) Байтұрсынов, Бөкейханов, Сәрсенов, Омаров, Болғанбаев кірген» (сонда, 1- том, 11 -бет).З.Валидов: «Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр - Т.Ж.) кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін біздің алдымызға міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29 маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін, - деген сылтау айтып Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдық».А.Байтұрсынов: «Москвадан Орынборға ауысқан соң Валидовпен кездескен емеспін және ешқандай хат алысқамын жоқ».З.Валидов: «... «Түркістан ұлттар бірлігінің» Ташкенттегі құрылтайына Түркістан саясатының белді тұлғалары - Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады (445-бет)... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды».Д.Әділев: «Бұрынғы «Алашорда» үкіметінің Орынбордағы өкілдері бұған қуанды және Бұқараға екі адам жіберу керек десті. Ақыр соңында  алашордашылардың тобына жаңа кірген мені мен Болғанбаев екеумізді іссапарға барсын деп шешті. Ұйым құрамына Байтұрсынов, Бөкейханов, Сәрсенов, Омаров, Болғанбаев және мен кірдім. Болғанбаевқа Бөкейханов - төраға, Байтұрсынов - мүше, Сәрсенов - хатшы ретінде қолдарын қойған мандат берілді. Оған «Алашорданың» немесе оның Торғайдағы бөлімінің мөрі басылды. Сәрсенов Биахмет «Алашорда» үкіметінің үйлестіруші хатшысы болатын. Айтпақшы мен кеткеннен кейін біраздан соң ол қайтыс болды. Ұйымды (Ташкенттегі - Т.Ж.)  ұйымдастырушылардың бірі оның бауыры (Даниал Сәрсенов - Т.Ж.) болатын. Қолындағы мандат арқылы Болғанбаевқа шет елдіктермен келісім жүргізуге толық өкілдік берілді. Оған ебін тауып Ташкенттегі астыртын ұйыммен байланыс жасау тапсырылды. Маған Ташкентке алдын-ала жүріп кетіп, жалпы жағдай туралы баяндау міндеті жүктелді...».Жоғарға соттың анықтамасы: «...Әдiлевтің берген жауабын Байтұрсынов та, Бөкейханов та растамады және төмендегiндей түсiнiк бердi: олар «Алашорда» таратылып, 1920 жылы Совет өкiметi жағына шыққаннан кейiн ешқандай да саяси iспен айналыспаған, ешқандай контрреволюциялық ұйым құрмаған. Бұл жөнiнде берген Әдiлевтің жауабы ойдан шығарылған, олар Валидовтен ешқандай да хат алмаған. Оларға (Байтұрсынов пен Бөкейхановқа-Т.Ж.) Валидовтың бағдарламасы (платформасы) белгiлi болатын, бiрақ та оған бұлардың ешқандай қатысы жоқ".А.Байтұрсынов (Д.Досжанның жарияланымы бойынша): «Қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір, Валидов шетелге кетіп қалыпты.. Не Германииға, не Түркияда жүр екен дегенді естідім.  Ал Валидов 21-жылы Орта Азияда тұрыпты дегенді өз басым білген де, естіген де емеспін. Бұл туралы әңгіме қозғауға уақыт болмады. Орынбор қаласында тұрғанымда, Бұхардан, сонда тұрған Валидовтен 21-жылы почта арқылы болсын, не арнайы барып келген  адам арқылы болсын, ешқандай хат-хабар алған емеспін.Ал Болғанбаевты 1913 жылдан бері білемін, алғаш рет Орынборда кездестік. Ол сонда оқып жүрген болатын, «Қазақ» газетін шығара бастағанымда кеңсеге жиі-жиі келіп тұрды. Газет редакциясында істемесе де, тұрақты түрде мақала жазып, қолғабысын тигізді. Мен Болғанбаевты Бұхарадағы  Валидовке елші етіп жіберген емеспін, оған ешқашан, ешқандай мандат сеніп тапсырмағаным да анық. Менің қазіргі бар зейінім ғылыми жұмыстың төңірегінде. Одан өзгені ойлауға уақытым да, мұршам да жоқ. Сондықтан да кеңес өкіметінің қандай да бір мәселе туралы қаулыларымен жақсы таныс емеспін. Саясатпен айналысуды мүлдем қойғамын». Жоғарға соттың анықтамасы: «Сонымен қатар, Байтұрсынов Әдiлевпен бетпе-бет кездесiп, куәласқанда, ол (Байтұрсынов) соңғы адамға (Әдiловке): «Алаш» партиясы құрылған күннен бастап, оның (Әділевтың) ағасымен пікір араздығы бар екендігін, сондықтан да бұған (Әдiлевке) ешнәрсенi сенiп тапсырмайтындығын айтты. Өз кезегінде Әдiлев өзiнiң ағасының Байтұрсыновпен қырғи қабақ, дұшпандық қарым-қатынаста болғандығын мойындады. Беттесу (Д.Досжановтың жарияланымы бойынша): Сұрақ: 21-жылы, Орынбор қаласында, ұлтшылдардың жиналысы өтіп жатқанда өзіңіздің Валидовтен хат алғаныңыз туралы Бөкейхановқа, Сәрсеновке, Әділовке хабарлағаныңыз есіңізде ме?Жауап: Валидовтен ешқандай хат алған емеспін. Ондай хатты  алған болсам, онда оны көпшіліктің алдында жайып салмас едім.

<!--pagebreak-->

Есі дұрыс, логикалық ойлау жүйесі дұрыс кісі олай етпейді.Әділовқа сұрақ: Байтұрсыновтың Валидовтен хат алғаны туралы хабарды қандай жағдайда естіген едіңіз. Есіңізге түсіріңіз. Жауап: хаттың келгені туралы хабарды дәл кімнен естігенімді білмеймін, әйтеуір жиналыста оқылғанға дейін естігенім анық. Бөкейханов, менің өзім, Омаров, Болғанбаев қатысып отырған ұлтшыл қайраткерлердің бас қосуында   әлгі хатың оқылғаны әлі есімде».Байтұрсынов: «Әділов, сенің айтқаныңа сенсек, әлгі хат құпия шифрмен жазылған көрінеді, ендеше сол құпия жазуды оқитын «кілт» қайда екен?Әділов: «Кілт» хаттың ішінде болатын, жиналысқа қатынасқан адамдардың барлығы, оның ішінде мен де ол «кілтті» көрдік.Байтұрсынов: Құпия жазумен жазылған хаттың оқитын «кілті» іщіне  қоса салынған ол қандай құпия хат ?Әділов: Әрине, айласы мол Валидовдің хат пен шифрді бөлек сақтауы әбден ықтимал. Өйткені хат бөтен біреудің қолына түссе оның шифрі өзінде қалады, құпия ашылмайды. Байтұрсынов: Ешқандай хатты жұрт алдында оқымағанымды, оның үстіне Әділовтің көзінше ешқашан да ондайға бармайтынымды үзілді-кесілді мәлімдеймін. Біріншіден: ол кезде Әділов жетік танымайтынмын, екіншіден: Бүкілқазақ съезінде мұның ағасы Әділов Бәйсейіт Қырғыз Орталық Атқару комитетінің мүшелігіне ұсынылған менің кандидатурама қарсы болып, сөз сөйлеген. Әлгі айтылған хатты ала қалған күнде де, қымсыны-қысылмайтын пысықай серіктестерден көрі, Дулатов пен Бөкейхановқа көбірек сенген болар едім. Тергеу ісінің қорытындысы: «Осы ұйымға мүше болып жүрген кезінде контрреволюционер Валидовпен байланыс жасап тұрған. Ол үшін Валидов екеуі құпия шифрді пайдаланған. 1921 жылғы наурызда Орынбор өткен мәжілісте «Байтұрсынов Валидовтен алған хатты оқиды ... Хатты Валидов тек қана сандардан тұратын шифрмен жазған... ал, Байтұрсыновта мұндай құпия хатты оқи алатын кілт болған» (Әділвтің мәлімдемесі, 1 том, 51-бет)».Әділов: «Мені ұлтшыл ретінде Байтұрсыновтың білмеуі мүмкін емес. Олай дейтін себебім: Валидовтен әлгі хат келгенге дейін жоғарыда аты аталған кісілермен арамызда сенім орнағаны, олармен бірге жұмыс істеп жүргеніміз анық. Менің ағама келетін болсам: мен оның ырқымен ешқашан да жүріп көрген емеспін, мұны Байтұрсынов жақсы біледі».Тергеу ісінің қорытындысы: «Басмашылар талқандалғаннан кейін шет елге қашып кеткен Валидовпен байланыс жасап тұруға Байтұрсынов әрекеттенген. 1925 жылы Бакуде өткен тюрокологтер съезінде «Байтұрсынов пен Байсейітов түрік профессоры Куперелла Задамен кездесіп, Валидов жөнінде сұраған» (Әділевтің мәлімдемесі, 1 том, 1-бет). Германияда оқитын шәкірттер арқылы Валидовпен хат жазысып тұруға арналған арнаулы шифр алғызған, оны 1928 жылға дейін үйінде сақтап келген. «...1925, не 24 жылы Германияда тері өңдеу кәсібін оқып жүрген Битілеуов Дамулла елге келді, Битілеуов маған әр түрлі тері қиындылары жапсырылған кітапты көрсетті (есімде қалғанын айтып тұрмын)... сол кітапта Валидовтің Битілеуов арқылы беріп жіберген шифрі жазылған болатын.«... Бұл шрифді дәптеріме көшіріп алғам, 1928 жылы, Алматыда құртып жібердім». «Шифрді әлдебір түсініспестік, күдік болмасы үшін жойып жібердім. Бұл тақырыпқа жаңадан қосып, аларым жоқ» (Байтұрсыновтың мәлімдемесі)».«Әділовқа сұрақ: Командировкаға жүрер алдында мандатты кімнен алдыңыз, соны айтыңыз.Жауап: Оқу-ағарту ісі наркомының өкімі бойынша маған командировка берілді, бұрынғы нарком Байтұрсыновтың кеңсесіне барып, Сәрсеновтің көзінше, Сәрсенов пен Байтұрсыновтың қолы қойылған жасанды мандатты алдым. Төменгі қабаттағы финанс бөлімінен, европалық (орыс болуы керек) пішінді кассирден ақша алдым. ...Болғанбаев пен мені Ташкентке жіберу жөніндегі мәжіліс төменгі қабаттағы Омаровтың бөлмесінде, кең  бөлменің бұрышында өткенін білемін. Байтұрсынов: Болғанбаевтың мандатына қол қойған емеспін, Болғанбаевтың атын естігенім болмаса, мұндай іске байланысты араласып, беттесіп көрген кісі емеспін. Осыған байланысты Әділовқа мынадай сауал қойғым келеді: Болғанбаевқа берілген мандат қай тілде жазылған еді?Әділов: Орыс тілінде жазылған.Байтұрсынов: Мұны қалай түсінуге болады? Валидовтің орыс тілін өте нашар білетіні баршаға мәлім, хатты жазып отырған - қазақтар, ендеше орысша жазудың қажеттігі жоқ жерде орыс тілінде мандат жазудың мәнісі не? ... Соны ойлап барып,  әңгімелескеніміз дұрыс болар. Әділов: Мандат Валидовтің өзіне тікелей жазылған жоқ, ол Болғанбаевтың  шет елге шығуы үшін жасалған құжат. Мандатта Болғанбаевқа: «Алашорда» үкіметінің атынан қай жерде болмасын, қашан болмасын шетел мемлекеттерімен астыртын ұйымға көмектесу үшін келіссөз жүргізуге құқылы деген өкілет берілген. Байтұрсынов: Мандат неге орыс тілінде жазылды деген сұрақ туып отыр ғой. Оған шкім күдіктенбес үшін, құпиялықты сақтау үшін қазақша жазуға болатын еді ғой.Әділов: Қазақ тілін шет елде ешкім білмейді.Байтұрсынов: Үш кісі қол қойған, мөрі жоқ мандаттың құжаттық күші болады деп ойлайсыз ба?Әділов: Мандатқа «Алашорданың» Торғай бөлімшесінің мөрі басылған.Байтұрсыновқа сұрақ: Ташкент пен Бұхараға барып қайтқаннан кейін Әділовтің не істеп жүргенінен хабарыңыз болды ма?Байтұрсынов: Жоқ, хабарым болған емес. Әділов жел қуған ебелек секілді, бірде көрінеді, бірде жоқ болып кетеді, оның қайда жүргенін ешкімнен сұраған емеспін. 21 жылы Ташкентке барар алдында, командировкаға шығу үшін оған ешқандай жасанды құжат берген жоқпын... Мүмкін, әлдекімдер сыртымнан жалған мәлімет берген шығар.Жауап: Мандатқа қол қойған Бөкейханов, Байтұрсынов және Сәрсенов. Мандат жұқа ақ манфактураның (қолдан жасалған қағаз) қиындысына жазылған.Байтұрсынов: Қандай да бір мандатқа ешқашанда қол қойған емеспін, мүмкін менің қолыма ұқсатып біреулер жалған қол қойған шығар. Болғанбаевқа сұрақ: Сіз өзіңіздің жол сапар мақсатыңызды Валидовке барып, қайтып келген соң Байтұрсыновқа өзіңіздің іссапарыңыз туралы есеп берген боларсыз?Жауап: Күзде, Бұхарадан қайтып  келген соң  Орынборға келдім. Онда Байтұрсыновпен кездестім. Барып-қайтқан сапарым туралы есеп беруге тиіс болатынмын. Қазір анық есіме түсіре алмай тұрмын, есеп берген сияқтымын. Валидов мен ойлағандай мінезді адам емес екен, егер ол ойлағанымдай адам болса, олнда Байтұрсыновқа айтпаған болар едім. Соған қарап есеп бердім деп ойлаймын. Егер түсінбестік жағдай туса есімде сақталар еді ғой. Байтұрсынов: Болғанбаев ешқашан менің алдымда есеп берген емес. Болғанбаев айтып тұрған Советтер съезінде Валидов атына арналған, манфактура қиындысына жазылған мандатты көргенім бар, әйтсе де оған қол қойған емеспін».Жоғарға соттың анықтамасы: «Дулатов та, Омаров та, Есполов та, Болғанбаев та, Бiрiмжанов та, Жәленов те және басқалар да контрреволюциялық ұйым құрғандығы жөнiндегi Әдiлевтің сөзiнiң жалған екендiгiн дәлелдедi».Жоғарға соттың анықтамасы: «Содан кейiн аталған адамдардың барлығы да тұтқындалып, олардың бiрнешеуiн ерiксiз түрде «мойындаттырған жауап» алынды. ...Соның iшiнде, бiрнеше рет қатарынан жүргiзiлген тергеуден соң, Болғанбаев мынадай жауап бердi: Валидовтен келген хатты Сәрсеновтiң бөлмесiнде оқыған Бөкейханов, ал Байтұрсынов онда мүлдем жоқ болатын. Жасырын ұйым ашу туралы әңгiме қозғалмады. Валидовке мұны (Болғанбаевті) жiберудi ұйғарды, ал Әдiлов болса - мұнымен бiрге баруға өз бетiнше тiлек бiлдiрдi, өйткенi ол (Әдiлев) Валидовтың көмегi арқылы шет елге өтiп кетудi көздедi. Оған да мандат берiлдi, бiрақ ешқандай да мөр басылған жоқ. Валидовке қандай да бiр уәде бермеу туралы ұсыныс жасады. Сонымен, тергеудегi жауаптан көрiнiп отырғандай бiр ғана оқиға туралы Әдiлев пен Болғанбаевтiң жауаптарында үлкен қайшылық бар, бұл Әдiловтің берген барлық жауаптарының дұрыстығына күмән тудырады, сондықтан да бұлар қылмысты негіз бола алмайды».Iстiң бет алысы ОГПУ тергеушiлерiне (әрине, Голощекинге де) ұнамады. «Қылмысты iске» «жаңа куәгерлер» тартып, оларды айыпкер, экстремист, контрреволюционер етiп көрсетуге тырысты. Өйткенi «ұлтшыл», «пантюркист», «контрреволюционер» деген ұғымды саяси-идеологиялық сахнада «ойнату» үшiн әуелi оны «тiрiлту» қажет-тiн. Түрмедегі «белсенді қолжаулық ойыншының» бірі және бірегейі Ә.Байділдин: «Х партсъезге арнап Байтұрсынов ұлт мәселесі жөнінде бағдарлама жазды. Байтұрсынов жасаған платформаның көшірмесі менің қолыма түсті, олар мұны ұлтшылдар мен коммунистердің арасына таратты. Бұл құжаттың көшірмесі өзге документтермен бірге Орал қаласында жоғалып кетті. Байтұрсынов жазған бұл платформаны маған не Сәдуақасов, не Әуезов берді. Платформаны жазған сол кездегі партия мүшесі Байтұрсынов. Маған, Байділдинге берілген жоғарыда айтылған құжатқа Сәдуақасовтың, Бөкейхановтың, Досовтың, Әшімовтің, Омаровтың және Байтұрсыновтың қолы қойылған болатын. Мендегі тура сол құжаттың көшірмесі  еді. Бұл құжат партиялық ұстанымдарға қарама-қайшы келетін, ол құжат партия және кеңес құрылымында ұлттық көзқарасты жүзеге асыруға бағытталған. Кеңестердің екінші құрылтайы кезіндегі қазақ өкілдерінің алдында жасаған Әуезовтің баяндамасы осы платформаның негіне құрылды. Ташкенттен Иса Тоқтабаев пен Бариев деген біреу келді. Рысқұлов өзінің ұлт мәселесі жөніндегі тезистерін тықпалап жүргені есімде. ХІ немесе ХІІ партия съезінің қарсаңындағы Өлкелік комитеттегі мәжілісте ол осы тезистерінің негізінде сөйледі. ІІ партконференцияда менің де сөйлегенім есімде, менің сөзімді Авдеев Рысқұловтың жылжымалы тезисі деп бағалады. Бұл тезистер басшылыққа алу үшін партия мүшелеріне таратылып берілді», - деп көрсетті.Шындап келгенде, тергеу орындары 1921 жылы контрреволюциялық астыртын ұйымның құрылған-құрылмағанына ықылас қойып, бас ауыртып жатпады. Тіпті партиялық құжаттарды да тергеу ісіне тікті .Тек тағылатын айыптың неғұрлым көп болуына тырысты. Әйтпесе, коммунистік этика бойынша партияның тарихына қатысты ешқандай құжат ешқашанда құқық орындарының хаттамаларына тіркелмеуге тиісті болатын. Мысалы, А.Байтұрсыновтың үйінде сақталған ІІІ коминтернде қаралатын ұлттық мәселелердің, соның ішінде әлі де қаулысы шықпаған Қазақ автономисы мәселесінің дұрыс шешілуі үшін Төреқұловтың, Сафаровтың, Жандосовтың, Қожановтың, Асфандияровтың, Авдеевтің, Саматовтың, Алмановтың, Кировтың, Сәдуақасовтың, Бөкейханов Ғабдолдың, Досовтың, Омаровтың және Байтұрсыновтың қолы қойылған «Қазақстанның партия-кеңес басшыларының ұлт мәселесі жөніндегі тезистері» де тәргіленіп, түсінік талап етті. Онда:

<!--pagebreak-->

«1. Кеңестік құрылысты орнатудағы партия-кеңес жұмыстарының негізі  - кеңестік ұлттық автономияларды құру ісін тұрақты түрде жоспармен жүзеге асыруда жатыр. 2. Ұлттық теңдікті сақтау үшін ұлттық мамандар - ұйымдастырушы, инженер, мұғалім, телеграфистер, әріп терушілер, жұмысшылар, мамандар дайындау қажет. Әйтпесе, завод-фабрикплпрдың жұмысшыларының өзі ұлттық қанаушы тапқа айналып, езілген ұлттың ұлт азаттық қозғалысына ұласып кетуі мүмкін. 3. Мәдениет майданын жандандыру керек. 4. Соны жүзеге асыруда ұлттық сенімді ояту керек», - деген талап қойылған Осы құжатқа орай тергеушіге А.Байтұрсынов (Д.Досжанның жарияланымы бойынша): «Мен, Байтұрсынов төмендегі жайтты мәлімдеймін. Өзімді қамауға алғанда үйімді тінту кезінде табылған, 20- немесе 21- жылдары Түркістан Орталық Атқару комитетінің қызметкерлері жазған, қазақ оқығандары Сауақасов, Бөкейханов  Ғабдолла, Досов, Омаров қол қойған ұлт мәселесі жөніндегі тезистер туралы сұрап тұрсыз. Олардың мазмұны дәл қазір жадымда жоқ. Оның тікелей кімге жазылғанын білмеймін, Ташкенттен Москваға кетіп бара жатқан Сафаров пен Төреқұлов танысып шығып, пікір білдіруге маған берген болуы мүмкін. Орынборда өткен бүкілқазақ мәжілісінде және Совнаркомның кеңесінде Төреқұлов пен Сафаров тезистерді түсіндіріп бергені есімде. Жиналыста бұл тезиске  пәлендей бір түзетулер жасалды ма, жоқ па, ол жағы есімде жоқ. ВКП(б) Орталық Комитетіне кімдер алып барды,  жоғары жаққа жеткізілді ме, жоқ па, ол жағын білмеймін. Жоғарыда аты аталған қазақ қызметкерлері қол қойған тезисті тарихи құжат ретінде сақтап жүрдім. Есімде қалғаны, сол тезисті талқылауға тек қана коммунистер қатынасты. Тезисте Совет өкіметіне, оның төңкерісшіл саясатына қайшы келетін ешқандай пікір айтылған емес», - деп мәлімдеме жасады.Кезінде кеңес одағы бойынша Лениннің толық шығармалар жинағына енгізілмеген, яғни, компартияның өзінен де құпия сақталып келген мақалалары  туралы үлкен пікір таласы өткен еді. Қайта құру идесы да «ұлттардың өзін өзі билеу еркі» туралы қозғалыс та сол сексенінші жылдары басталып еді. А.Байтұрсынов пен З.Валидовке, Т.Рысқұловқа қатысты  жоғарыдағы тергеу ісіндегі құжатқа партиялық тұрғыдан:«Ұлт және отарлау мәселесі жөніндегі комиссия өткізген Коминтерннің ІІ конгресіне дайындалған Тезистің алғашқы нұсқасы 1920 жылы 5 маусым күні «Башқұрт және Татар республикасы, Қазақстан, Түркістан, оның тәжірибелері» деген ескертелер мен сол кезде Москвада жүрген А.Байтұсыновқа (Қазақ өлкелік ревкомының төрағасының орынбасары),  Түркістан атқару комитетінің төрағасы Т.Рысқұловқа, Башқұрт ревкомының төрағасы З.Валидовке жолданады. Осы ескертпелерге Бұқар республикасының атынан Файзулла Хожаев та қол қояды. Жолданған материалдарды Ленин ішінара пайдаланған. Коминтерн индиялық Мабендранат Ройдың да жобасын қабылдайды. Сол жылы 25 шілдеде Ленин: «Пролетарият табы мүлдем жоқ Түркістан, тағы да басқа артта қалған елдерде коммунистер билікті өз қолына алуы тиіс, бұқара қауымның тәуелсіз саяси ойлау қабілетін ояту, кеңестік мемлекет құрылымын насихаттау, экономикалық тұрғыдан көмектесу, отаршылық қанаудан азат ету қажет», сөйледі», - деп «Түсініктеме» берілді. Сол жолғы кездесуде Лениннің Валидовке:«Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыч пролетариятына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де Шығыстағы отар елдерге еуропалық пролетарияттың - ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың басшылығы жойылмайды», - деген үзілді-кесілді айтылған бұл пікірі бодан ұлттардың намысына тиді.Оның басты себебі - 1919 жылдың соңынан бастап Түркістанда ұлттардың өзін өзі билеу құқы жөнінде үлкен пікір таласы өрбіген болатын. Т.Рысқұлов: Түрік халықтары республикасы мен Түркі компартиясын құруды ұсынды. «Түрккомиссияның» мүшелері оған қарсы шықты. Коминтерннің конгресіндегі Лениннің сөзі мұның бәрі бос қиял екенін көрсетті. Кеңес бостандығы дегеніміз - коммунистік колонизаторлық екенін жоғарыда аттары аталған түркі жұртының саяси көсемдері түгелдей түсінді. З.Валидов астыртын күресті таңдады, А.Байтұрсынов ұлтының санасын оятуды мақсат етті. Т.Рысқұлов пен Ф.Хожаев сол жолы саяси сақнадан уақытша ысырылды. Қазақ өлкесінің әскери-революциялық комитетінің мүшесі А.Байтұрсыновтың орынына РКП(б) қазақ облыстық бюросының мүшелігіне С.Меңдешев тағайындалды. Ол келе сала:«2. Қандай да бір қарсы күресуге қабілетті саяси ағымды ұстанатын қазақ зиялылары жоқ, болған да емес. Кездейсоқ пайда болып, негізсіз құрылған «Алашорданың» әні айтылып бітті», - деген өзінің алғашқы «саяси үкімін» шығарды.Іле-шала Ахмет Байтұрсыновты кеңес өкіметінің ең басты әрі қасиетті құралы - партиялық билеттен айырды. Өзін себепсізден себепсіз және бұған хабарламай үнсіз шығарылғанын басыну деп санаған А.Байтұрсынов партия ұйымына шағым жазды. Онда: Қырғыз-қазақ (бұдан кейін қазақ деп түзетілді - Т.Ж) халық, ағарту комиссариатының коммунистік ұясының хатшысы партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияның қаулысы бойынша менің партиядан шығарылғанымды мәлімдеді. Маған жеткізілген хабарға қарағанда, менің шығарылуыма, біріншіден, партия жиналыстарына қатыспағандығым, екіншіден, мүшелік жарнаны уақытысымен төлемегендігім және үшіншіден, менің, Алашорда ұйымына қатысқандығым сылтау болса керек.Маған қойылып отырған бұл айыптардың қайсынан болсын мен бас тартпаймын.Қазақстандағы кеңес өкіметі өмірінің үш жылы ішінде РКП ұйымдарының қазақтар арасында жүргізген жұмысының қай саласын алсақ та ешқандай алға жылжушылық болмады. Неге осылай болды? Жұмысқа кедергі жасаған не? Бұл сауалды ешкім де өзіне қоймады және ешкім де бұл туралы байыппен ой жүгіртіп көрген емес.Жаңа шындықты түсіну үшін секунд де жетіп жатады, ал оған бой үйретуге, оны игеріп кетуге ондаған жылдар аздық етеді. Жеке адамның немесе қоғам тіршілігі қағидаларының орташа дәрежесіне азды-көпті сай келетін ақиқаттар мен идеялар ғана біршама жеңіл қабылданып, меңгеріліп кете алады. Көптеген утопистердің  экономикалық жоспарларының іске асыру үстінде сәтсіздікке ұшырауы - олардың мән-мағынасының жоқтығьнан емес, өз заманының жағдайына сәйкес келмегендігінен жүзеге аспай қалды, өйткені адамдар санасында айтарлықтай даярлығы бар негіз таба алмауының салдары болды.Қашан да болса теория жедел түрде алға басады да, практика болса баяу жылжиды, өмір жалқаулана сүйретіліп, үнемі артта қалады да, алысқа ұзап озып кеткен ғылым сәулесін әрең сезінеді. Адам еркіне үзақ уақыт бойы әсер еткен сезімдер оның жанына өте терең еніп, дағдыға, салтқа айланады да, содан соң оның іргетасын қиратып, тірегін шайқаса да өзінің орнын қорғай береді.Біздің алдымызда білім жағынан артта қалған, сезім тұрғысынан қарағанда өзінің әдет-ғұрпына берік батқан, сонымен бірге жедел түрде даму қажеттігін сезінген әр кезеңде прогресс дөңгелегіне жармасатын қазақ халқы түр. Бұл халықта әдеби кітаптар ғана емес, өзінің ана тіліндегі оқулықтары да жоқ, яғни қандай болса да мәдени-ағарту жұмысын бастауға негіз боларлық басты құралдын өзі жоқ..Негізінде қазақтар арасында саяси-ағартушылық, үгіт-насихаттық, партиялық және әр түрлі басқа да жұмыстарды жүргізу қажеттілігі мойындалып, бұл үшін бір қатар ұйымдар мен мекемелер құрылған болатын. Аталған жұмыстар қазақтар арасында жүргізіліп отыр ма? - Жоқ. Қазақтар ортасындағы жұмыстың ең қарапайым түрі - кітапханалар мен оқу үйлерін ашудың өзі мүмкін болмай отыр. Қазақ тілінде әдеби кітаптарды шығармай тұрып, қазақтарға кітапханалар мен оқу үйлерін ашамыз деудің өзі күлкілі жайт болып табылады.Қазақтар үшін де, жалпы алғанда қараңғы қалың бұқара үшін де коммунизм идеясы, Гейненің сөзімен айтқанда «шақырылмаған бөтен қонақ». Халық бұқарасының саналылық жағынан алғанда мешеулігі, ал сезімі жағынан түрлі тереңірек өзгерістерге деген бейімсіздігі көпке белгілі шындық. Коммунизм идеясы қырғыздарға тез арада қонбайды. Біз оны «атты әскер шабуылымен» еңгізе алмаймыз, біз оны ұзаққа созылатын қатаң жүйелі ісіміз арқылы орнықтыра аламыз. Ал бұл үшін ешқандай қолайлы алғы-шарттары болмаса да, шапшаң түрде табысқа жетеміз деп сенетін жолдастар қатты қателеседі. Қазақ өлкесінің кең байтақтығы, тұрғын халықтың шашыранды орналасуы себепті, темір жолдардың жоқтығы және басқа қатынас құралдары мен байланыстың қиыншылықтары, қазақтар арасында қандай да болмасын жұмысты тез қарқынмен жүргіземін деп, әсіресе үгіт-насихат және мәдени-ағарту жұмыстарын жүргіземін деп армандаудың артық екендігін көрсетеді.Аталған салалар бойынша жұмыс жоспары ұзақ мерзімге арналып жасалынып, айқын жетістіктерге жететіндей болуы керек. Біз қазақтар ортасында коммунизм идеясын тарату жұмысын қазақ халқына қызмет етуге арнайы даярланған үгітшілер мен насихатшыларды Қазақстанға толтыру арқылы, не болмағанда қазақ тілінде әдебиетгі мол етіп шығару арқылы, ал дұрысында, осы екі тәсілдің екеуімен де жолға қоя аламыз. Бірақ мұның алғашқысы немесе соңғысы болсын, ең басты негіз - қазақ тілінде оқулықтар жасалмайынша бос қиял болып қала береді.Қандай болмасын тілде дұрыс оқып, жазу үшін алдымен осы тілдің ережелерін білу қажет, ал тілдің ережелері осы тілдің өзінен, оның қасиеттері мен зандылықтарынан келіп шығады. Қазақ тілі жеткілікті түрде танылып, зерттелген жоқ. Тіліміздің өзіне тән ерекшеліктері мен қағидаларын игере отырып, зерттеу үстінде оның ережелерін    тұжырымдауға тура келеді. Ереженің әрқайсысы оның дүрыстығын растайтын халықтың ауыз әдебиетінен алынған көптеген үлгі-нұсқаларын зерделеп түйіндеуден келіп шығады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыс қиындығы мол, еңбекті көп керек ететін іс, көп уақыт пен орнықтылықты қажет етеді.Мен қазақтар арасында жүргізілетін мәдени істердің ішінде қазақ тілінде оқулықтар жазу жөніндегі жұмысымды өзімнің басты қызметім деп санай отырып, өзге жұмыстарға тек аса қажеткілік туғанда ғана белгілі мөлшерде уақыт бөліп отырдым. Мен РКП программасын ұзақ уақыт бойы қазақ халқын азат етудің жолдарын іздестіруден соң барып қабылдаған едім. Өтінішімнің 3,4 және 5-баптарында мен неліктен партияға кіретінімді айқын жазған едім. Партияның программасын ешқандай жеңіл ойсыз және өзімді өзім алдаусыратпастан саналы түрде қабылдай отырып, мен өзімнің пікірімді айтуға хұқым бар деп есептеймін, қазақтар арасындағы жұмыстардың бағыттары мен әдіс-тәсілдері жайында өзіндік ой-пайымдауларымды білдіруге еркінмін деп санаймын.Халық ағарту комиссары бола отырып, КЦИК Төралқасының мүшесі әрі қазақ оқулықтарын жасау жөніндегі редакциялық алқаның төрағасы ретінде мен екінің бірін таңдауға: не қазақ тілінің оқулықтарын даярлау ісімен айналысуды, немесе, шынын айтатын болсақ, мен сияқты басқа да қазақ жолдастарға ешқандай пайдасы жоқ партиялық жиналыстарға қатысуды қалауға мәжбүр ететін жағдайға тап болдым. Мен мұнын алғашқысын қаладым, неге десеңіз, өзімді қазақ тілі турасындағы енбекке икемдірек және пайдалырақпын деп ойлаймын, бұл саладағы менің қызметім партиялық жиналыстардағы отырыстармен салыстырғанда анағұрым нәтижелірек болатындығына еш шүбем жоқ.Партия жиналыстарына жұмсалуға тиісті уақытты мен босқа (ойын-сауыққа) яки партия қызметіне еш пайдасыз істерге жұмсаған болсам ғана, жиналысқа қатыспауым туралы айыпталуымның мән-мағынасы болар еді. Дәл осы сияқты жарнаны уақытысында төлемеуім жөнінде кінәлануда да баспа станогы РКП қолында болмаған жағдайда орынды болар ма еді, ал станок партия қолында тұрғанда мүшелік жарнаның төлену мезгілі партиялық істерде айтарлықтай маңызды рөл ойнамайды.Менің Алашорда ұйымына қатысуым туралы айыпталуыма келсек, бұл жөнінде мені партияға алған партия ұйымы жақсы білді. Менің өтінішімді және партияға кіргенімді хабарлап, өлкелік басылымда жария еткен де солар еді. Мен «Алашорданы» алғашқы құрушылардың бірімін және де осы ұйымнын ішінен кеңес өкіметін бірінші болып мойындаған да мен едім. Кеңес өкіметі жағына шығуға мәжбүр етілдім дейтіндер жаңылысады. Бұған аса қажеттілік ол кезде болған жоқ, өйткені мен кеңес өкіметі жағына 1919 жылдың басында, Колчак әскері Самара маңында тұрғанда өткенмін.Осы айтқанды ескере келе, менің іс-қимылдарымның маңызы кемдеу жағын көріп, жұмысымның маңыздырақ тұстарын көрмеген партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияға мүше жолдастардың бұл іске қатынасында жеткілікті дәрежеде байыптылық таныта алмаған деп түйемін. Егер де мені коммунистік идеяға қайшы келетін әрекеттерім үшін партиядан шығаратын болса, жұмған аузымды ашпас едім. Ондай қадамдар мен қылықтарға мен барғам жоқ, сондықтан мені партиядан шығару туралы комиссияның қаулысын қанағаттандырарлық негізі жоқ деп есептеп, оны өзгертуді өтінемін.  1921ж. 15 қарашасы. Орынбор қаласы», - деген пікір білдірген.Бұл қалайда партияда қалдыру туралы өтініш емес, себебі: біріншіден, партия жиналыстарына қатыспаған, екіншіден, мүшелік жарнаны уақытысымен төлемеген және үшіншіден, «Алашорда» ұйымына қатысқан». Ал бұл үшеуінен артық партиялық күнә болмайтын. Ең бастысы, Ахмет Байтұрсыновтың  «Алашордаға» қатысты өмiрбаяны болатын. ОГПУ-дiң де, Голощекиннiң де көздеген түпкi нысанасы және барынша әшекерелеуге тырысқан қылмысы осы.Ал, шынтуайтына көшкенде, алашордашылардың өкiмет тарапынан алған, кешiрiмiн бұлар «кешiргiсi» келмедi, жазықсыз құтылғандарын әдiлетсiз шешiм деп бағалап, қалайда сот арқылы үкiм шығаруға ұмтылды. Әрине, олар жазаның ең ауыр түрiне кесiлуге тиiстi сияқты көрiндi.

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір