Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
4271 2 пікір 7 Наурыз, 2021 сағат 11:49

Түркіменстандағы ахуал: жұмыссыз әйел өзін өртеп жіберді

Түркіменстанда әлеуметтік жағдайдың төмендеуі шарықтау шегіне жетті. 3-наурыз күні Саят атырабындағы Тазе ауылының тұрғыны өзін өртеп, көз жұмған. Бұл туралы «Хроники Туркменистана» тәуелсіз журналистер бірлестігі хабарлады.

Ыкбал Егенбердиеваның екі қызы бар. Күйеуі екеуінің тұрақты жұмысы болмапты. Олар жерді жалға алып, астық егіп, күн көрген. Алайда ол кәсіптері айтарлықтай пайда әкелмеген. Сондықтан Ыкбал базарда жеміс-жидек сатуға мәжбүр болыпты. Пандемияға байланысты базарлардың жабылуы, отбасын мүлде қаржысыз қалдырған.

Өмірінің соңғы күндерінде Ыкбал депрессияда жүріпті. 3-наурызда ол жертөлеге түсіп, өзін өртеп жіберген. Алған жарақатынан ауруханаға барар жолда көз жұмыпты.  Жергілікті билік жерлеу рәсіміне көмектеспепті. Әдетте жергілікті билік тарапынан ұн, күріш, сәбіз берілетін.

Түркіменстанда соңғы жылдары әлеуметтік жағдай нашарлап кетті. Халық күнделікті қажет заттарды алу үшін күнұзаққа кезекке тұруда. Нан, сүт, жұмыртқа өнімдерінің тапшылығы байқалады.

Abai.kz

 

2 пікір