Жұма, 26 Сәуір 2024
5930 1 пікір 5 Наурыз, 2021 сағат 13:36

Қазақстанда бес мұнайгаз-химия зауыты салынбақ

ҚР Энергетика министрлігі мұнайгаз-химияны дамыту жөнінде ұлттық жоба әзірлейді. Жобаға сәйкес, Қазақстанда 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысы аяқталады. Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталған жұмыс мұнайгаз-химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету, мұнайгаз-химия кластерін құру, қайта өңдеуді дамыту мәселелерін шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға мүмкіндік береді-мыс.

Одан бөлек, мұнайгаз-химия жобасын іске асыру кезінде оның қажеттіліктерін ескере отырып, ел Үкіметі мен инвестор арасында жеке келісім әзірлеу мәселесі де пысықталып жатқан көрінеді.

Сөйтіп, аталған шаралар 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Оның ішінде Атырау облысындағы үш зауыт:

- қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт;

- техникалық газдар: қуаты 57 млн.текше метр азот және 34 млн. текше метр құрғақ сығылған ауа өндіру бойынша;

- қуаты жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіру бойынша үш зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Шымкентте қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен және Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізаты базасында қуаты жылына 57 мың тонна бензинге арналған октан арттырғыш қоспаларды өндіретін жаңа зауыттың құрылысы аяқталады.

Оралда қуаты 182 мың тонна метанол (82 мың тонна) және гликоль (100 мың тонна) өндіретін зауыт салынатын болады.

- Күтілетін нәтиже: өндіріс көлемі 9 есе артып, 2 млн. тонна мұнайгаз- химия өнімін; ел экономикасына инвестициялар көлемі шамамен $3,9 млрд. құрайды. Осылайша, базалық мұнайгаз-химия өнімін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін берік негіз болады, бұл біздің шикізат экономикасын әртараптандыру және технологиялық дамуға ұмтылу жөніндегі стратегиямызға сәйкес келеді, - деді министр.

Abai.kz

1 пікір