Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 6061 3 пікір 4 Наурыз, 2021 сағат 14:04

Мәжіліс жанынан партияаралық Кеңес құрылады

Бүгін ҚР Мәжілісінде елімізде тіркелген партия өкілдерінің кездесуі өтті. Жиын барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин Мәжіліс жанынан партияаралық Кеңес құру туралы ұсыныс айтты.

Партия өкілдерінің мәжілісте өткен жиынына «Ақ жол», «Adal»,  ЖСДП, «Ауыл» және Қазақстан халық партиясының өкілдері қатысты.

Отырыста сөз алған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин, барлық партияның алға қойған мақсаты Елбасы мен Мемлекет Басшысының бастамаларын қолдау екенін баса айтты.

-Әрқайсымыздың алға қойған міндеттеріміз, жұмыс істеу тәсілдеріміз, жоспарларымыз әртүрлі болғанымен, түпкі мақсатымыз бір. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халқымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етіп, үлес қосу жөніндегі бастамаларын қолдау, елімізді дамыту,- деді Мәжіліс Төрағасы.

Палата спикерінің айтуынша, бұл тұрғыда Мәжіліс үнемі тәуелсіз сарапшылармен, журналистермен, қоғамдық ұйым өкілдерімен жария және қолжетімді түрде жұмыс істеп келе жатыр.

-Біз парламенттік және парламенттік емес партиялардың диалогын кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға талпынамыз. Ол үшін Мәжіліс жанынан партияаралық Кеңес жұмысын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл жаңа пікірталас алаңында талқыланатын ұсыныстар мен ұсынымдар Заң шығару жүйесін одан әрі тиімді етуге мүмкіндік береді деген үмітіміз бар. Жалпы алғанда, біз ұсынып отырған партияаралық кеңес аясындағы ынтымақтастық өзекті мәселелерді шешудің тиімді құралы болады деп сенемін,-деді Нығматуллин.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, аталған партияаралық кеңес консультативтік – кеңесші орган қызметін атқаруы керек. Сондай-ақ, Нұрлан Зайроллаұлы депутаттық корпустың партия өкілдерінің қандай да бір заң жобалары негізінде жұмыс топтарының құрамына кіруге мүдделі болатынын білдіреді. Яғни, партия мүшелерінің ұсынысы тек қана сөз жүзінде қалмауын қадағалау қажет.

-Сіздің ұсыныстарыңыз, идеяларыңыз іс жүзінде жүзеге асуы тиіс. Біз бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.Мұндай келісім мен ынтымақтастық парламенттік партиялар үшін де пайдалы болады деп сенемін,- деді Нұрлан Нығматуллин кездесуге қатысып отырған азаматтарға.

Ал, кездесуге келген партия өкілдері аталған ұсыныстың Мәжіліс жұмысындағы жаңа бетбұрыс екеніне тоқталды. Отырыс барысында сөз алған  Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы А. Рахымжанов, «Adal» партиясының хатшысы Э. Жұмағазиев және  «Ауыл» патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Т. Рахымбеков Мәжіліс Төрағасы ұсынған бастаманы бірден қолдайтындарын айтты.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында берген тапсырмаларына, оның ішінде жаңа Заң жобаларын әзірлеу туралы мәселеге назар аударды.

Мәжіліс жиынын қорытындылаған палата спикері парияаралық кеңестің тұрақты жұмыс алаңына айналуы керектігін айтты.

-Бір партияаралық Кеңесті тұрақты жұмыс істейтін жұмыс алаңына айналдыруға тиіспіз. Ол жерде Парламенттегі заңнамалық процестіуһң барлық сатыларында пайдаланылатын ұсыныстар әзірленеді. Бұл кейін Заң шығару тармақтарында қолданылатын болады, -деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин.

Abai.kz

3 пікір