Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Қазақ жері 5302 10 пікір 4 Наурыз, 2021 сағат 13:15

Қазақ жерінің киелігі жайлы...

Алла Тағала Адам ата мен Хауа ананы жаратып, одан ұрпақ өрбітіп, кейінірек оларды тайпа, халық, ұлттарға бөліп отырғаны мәлім. Осы тұрғыда түрік бұтағынан тараған қазақ елінің ілкідегі даму тарихынан бастап саралай отырсақ, оның Жаратушының ерекше назарына ілігіп, сүйікті құлдарының бірі болғанына куә боламыз. Бұны ең алдымен, қазақ жерінің ұлан-ғайыр кеңдігі мен оның киелігінен көреміз. Еліміз барлық уақыттарда, қиын-қыстау замандарда да  жерді көзінің қарашығындай сақтап, оған аса айрықша мән берген. Жер тақырыбына байланысты халық фольклоры ортағасырлық Асан қайғы бабамыздың адам тіршілігіне ыңғайлы, жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс іздеп, қазақтың ұшы-қиыры жоқ жерлерін кезіп жүргендігінен хабар беретінін еске алса болады. Ол жер үстіндегі жұмақ – Жерұйықты іздеген екен.

Дей тұрғанмен, бабамыздың «тіршілікке жайлы» жер іздеп шабылғаны көңілге аса қонбайтын секілді. Өйткені, ортағасырда өмір сүрген әр қазақ үшін оның туып-өскен және ата бейіті жатқан жерлерінен артық мекен табылмас, бөтен жер іздеп шарқ ұрмайды ғой. Біздіңше бақсылық қасиеті бар Асан қайғы Жаратушының назарына іліккен, онымен байланыста болған еліміздің аса киелі жерлерін іздеген. Сол сокральды жерлерден буырқанып шығып жатқан тылсым күштер адамды Аллаға жақындатып, ерекше пассионарлық қажыр мен қайрат беретініне сенген болар. Осы әрекеттер арқылы ол халқына ұтымды өзгерістер әкеліп, оларға бақытты өмір сыйламақ болған.

Шығыстың ортағасырлық тарихында киелі жерлерден шығатын тылсым күшке байланысты идеялар (философиялық тас/көк тас, Тибеттегі Шамбала тасы) ғалымдар мен бақсылар арасында кеңінен тарағандықтан оны заманында озық ойлы тұлғалардың бірі болған бабамыздың білмеуі мүмкін емес деген ойдамыз.

Киелі жерлер идеясы қазіргі кезде Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып (100 аса жалпыұлттық, 500 жергілікті маңызы бар киелі нысандар), игі жұмыстар жүзеге асуда. Осыған орай, аталған тізімге қосымша толықтырулар енгізіп, кейбіреуінің киелігін аша түссек деген ойдамыз.

Адам ата мен Хауа ананың жер бетіне түсуі туралы әртүрлі әңгіме-аңыздар көптеген халықтарда бар. Қазақта тараған кейбір аңыз бойынша, олар мұз құрсанған Балқаш көліне түсіпті деген сөз бар. Сонда Адам ата тізесімен, Хауа ана жотасымен бір бірінен бөлек жерлерге түсіп, сол мүшелерін ауыртып алса керек. Әлі күнге дейін еркек мұздаса тізесін жылытар, әйел тоңса арқасын пешке қарататын әдеті қалса керек. Осы Алла Тағала үмбеттерінің көлге түсуі судың қасиетін ерекше арттырып, оны еркек пен әйелдің символикалық жақындығын бейнелейтін ащы мен тұщы қылып бөлсе керек. Алла Тағала үмбеттеріне сол суды қалай жаратқандығының белгісі ретінде Құран-кәрімнің аятында былай келтіреді: «Ол сондай Алла, екі теңізді қоя берді. Мынау тәтті, сүйкімді және анау тұзды, ащы. Екі арасына (қосылып, араласпас үшін) бөгет салды» (Құран кәрім, 25 сүре, 53 аят).

Бұл аяттан Балқаш көлінің Алла Тағаланың қасиетті Құран-кәрімінен орын алғандығын көреміз. Өзінің осындай суларды ерекше жаратып отырғандығын дүниеге паш еткен Алла Тағаланың қасиетті кітабына кірген қазақтың Балқашын Алланың нұры түскен, қасиетті су деп атаса болады. Иісі мұсылман халықтарының ішінде осындай құдіретті сапамен жаралған сулар некен саяқ ұшырасады. Жаратушы мұндай көлді тек қасиетті жерге беріп, оның жағасын жайлаған халықты өзгелерден ерекше жаратылған өзінің сүйікті құлдары қатарына жатқызатындығын білдірсе керек.

Оксфорд университетінің оқытушысы,  ғалым Бэри Юнипер «Алманың арғы тегі» және жазушы Кристофер Роббинс «Қазақстан-алманың отаны» атты кіта­птарында Іле Алатауының жабайы бау­ларында «жаннат бағынан қал­ған алма ағаштарының» ар­ғы тегі әлі күнге дейін өседі деп жаз­ған. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германияның бірқатар жетекші ғылыми орталықтарының зерттеулері осы пікірді растап, дүниежүзінде өсірілетін алма сорттарының анасы Іле Алатауының апорт-сиверс алмасы екендігін, оның генетикалық туыстығын  ДНК құрылымын зерттеу арқылы қуаттап берді. Бұның өзі Алматы, Талғар мен Есіктіде өсетін апорт дүниежүзінде өсірілетін алма сорттарының  генетикалық базасы, негізі екендігі дәлелденіп, оның ежелгі тарихтан келе жатқан кереметтің бір сынығы, адамзаттың ортақ игілігі екендігін аңғартады.

Бұл дәйек Адам ата мен Хауа ананың Балқаш көлінен көшіп отырып ежелгі Жетісу жеріне келгендігінен және осы жерден өніп, өскендігінің бір белгісі болар. Адам ата мен Хауа ананың тұрақты орнына айналған жер содан бастап «Жер жаннаты - Жетісу» деген қанатты сөзге айналса керек!

О дүниенің жаннатында өскен Адам ата мен Хауа ана өзінің ұрпақтарына қасиетті кітаптарда айтылған әңгімеге сәйкес «Алла Тағала жаннатта өсіп тұрған алма ағашының жемісін «алма, тиме!» деп бұйрық берді, алайда біз шайтанның азғыруының нәтижесінде ол бұйрықты бұзып алдық» деп, өкініштерін білдіріп отырған. Содан бері ол мәуелі ағаш – Алма атанып, бізге сол ежелгі тілде, түпнұсқада жетсе керек. Бұл сөз Алланың сөзі, оның үмбеттеріне айтқан өсиеті. Өзге халықтар бұны ұмытты, бірақ қазақ тілінде сақталып қалған.

Түпнұсқа демекші, Алла Тағаланың пендесін қазақ «Адам» деген ортақ сөзбен атап, бұл сөз де қазақ тілінде бабамыздың төл атауында сақталған! Өзге халықтарда адам атауы өз тілдерінде әртүрлі аталады, мысалы, Алланың пендесі орысша – человек, ағылшынша–мэн, армянша (Нұх пайғамбар сонда тұрақтаған деген сөзге қарамастан)-мард, арапша-инсан, испанша-персонас, итальянша-персона умана, иомо, малайзия тілінде-лелаки болып атайды екен. Тек парсы тіліне түркіден «адам» болып өтсе керек. Осы тақырыпты қаузағанда, «қабырғаммен кеңесе­йін» деген өзге халықтарда кездеспейтін сөз тіркесі сонау ежелгі заманнан «әйеліммен ақылдаса­йын» деген ұғыммен өзгеріссіз келе жатқандығына куә боламыз. Өйткені, Адам Атамыз Алла Тағаладан өзіне серік тауып беруді сұрағанда, Жаратушы сол Адам Атаның бір қабырғасын суырып а­лып, серік етіп Хауа Анамызды жарат­қан екен деген аңыз бар ғой.

Қазақ жерінің Құран кәрім немесе мұсылман хадистері хикаяларымен өзара тығыз байланыстығын көрсететін тағы да бір мысал - ол Нұх пайғамбар кемесінің ежелгі Қазығұрт тауына келіп тоқтағаны болып табылады. Адамзаттың ежелгі киелі кітаптарында кеменің белгілі бір тауға келіп тоқтағаны айтылмағанын және сол адам жаратылғаннан бергі замандарда биік таулардың шөгіп отыратынын ескерсек бұл аңыздың тарихта орын алғанына сенесің.

Осы тақырыпта қалам тербеген ортағасырлық Рашидиддин Фазлуллахтың айтуы бойынша, Нұх пайғамбар үлкен ұлы Иафетке (оны түркілер Олжай хан деген екен) шығыс халықтары және Түркістанның айналасындағы жерлерді берген екен. Ол көшпенді болып қыстауы Қарақұмдағы Барсық, ал жайлауы Сайрам мен Талас қалаларына жақын орналасқан Өртау мен Көртау ауылдары болған екен (Centreasia, Р.Абдуллаев: Узбеки-дворяне тюркских народов, а сарты-предприниматели Центральной Азии. 19.10.11). Нұх пайғамбардың өз баласына Қазығұрт өлкесінің жанынан жер беруі де жоғарыдағы аңызбен іштей логикалы үйлесімін тапқан дерек ретінде санауға болар.

Киелі орындардың санатына Байқоңыр ғарыш айлағын да жатқызуға болады. Кезінде Байқоңырды Совет одағының ғарыш айлағына айналдырудың басты себептері оның экватор жазықтығына жақындығы, жер айналуы жылдамдығының (секундына 316 метр) зымыранды ұшыруға тиімділігі  мен одан тікелей ғарышқа тез ұшып шығуды қамтамасыз ететін порталының бар екеніне байланысты болған. Американың «Канаверал», Ресейдің «Восточный» ғарыш айлақтарынан ұшырылған зымырандар Байқоңырдан тиісінше 10 және 4 есе қымбатқа түседі екен.

Қазақ аңыздарында Қорқыт атамыздың Байқоңырды «жер кіндігі» деп айтқан сөзін ескерсек сол айлақтан адам баласының Алла Тағаламен тікелей байланысқа шығу қасиетіне ие болған киелі жер ретінде қарастырса болады.

Киелі орындар санын кеңейтіп, тарқата айтар болсақ болашақта оның тізіміне кейінгі кезде БАҚ аясында кеңінен айтылып жүрген ұлы Шыңғысханның туып өскен жерлерін (Шығыс Қазақстан облысы, Бұқтарма) де қосуға болар.

Осымен, апорттың дүниежүзіндегі алма сорттарының  аналығы болуы, оның «жер жаннаты» Жетісуда өсуі, Балқаш көлінің, Байқоңырдың және Қазығұрттың киелігі Жаратушының басқа пенделеріне қарағанда қазақ жеріне деген өзгеше көзқарасы мен махаббатын білдіреді деген ойдамыз. Қасиетімен қатар тіршілікте пайдалануға жарату мақсатында ол бүкіл Қазақстан аумағын пайдалы қазбалармен толтырып отырса, «Жер жаннатында көкөніс, ағаш өспей қалар» деген оймен Жетісуды жер асты байлықтарынан көбінесе кенде қылып жаратқан.

Сонымен, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» ретінде айтарымыз, қазақ жері ата-бабаларымыздың «білектің күші, найзаның ұшымен» жанталасып жүріп қорғап, үрім-бұтақтарына қалдырып кеткен аманаты ғана емес, сонымен бірге Алла Тағаланың нұры түскен ерекше киесімен қымбатты. Біле білсек, Қазақ жері ол үшін қан төккен барлық шахидтердің  армандаған «Жерұйығы» және аса жауапкершілікті талап ететін жалпы ұлттық идеяға сұранып тұрған тақырып! Сондықтан осындай киелі жерді қорғау, ел егемендігін, тәуелсіздігін тұрақты етіп келесі ұрпаққа жеткізе білу біздің жауапкершілігіміз ғана емес, ол Алла Тағаланың алдындағы қасиетті парызымыз! Бұл соңғы кезде кейбір көршілеріміздің біздің жерлерге көз алартуы жағдайында аса өзекті болып саналады. Алланың сүйіктісі болу ол – үлкен жауапкершілікті талап етеді және Алланың күткен биігінен көріне білуді біздің тағдырымызға жазылғанын қалаймыз.

Осындай ілуде біреуге ғана нәсіп болған жерімізді көздің қарашығындай сақтау керек деген ойдамыз, әсіресе қоршаған орта мен экологиялық проблемаларды шешу кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Осы киелі санап отырған Балқаш көлі, Жетісу, Қазығұрт, Байқоңыр мен қазақстандық Алтайда қаншама экологиялық мәселелер қордаланып қалған десеңші! Сондықтан, ниетімізді түзеп, аталған мәселелерді шешу жолында белсенділік танытайық, ағайын.

Осы мойнымызға парыз болып жүктелген істі орындау жолында Жаратушыға мінәжат етіп, оның сүйікті құлы екендігімізді растап отыруымыз да қажет шығар. Реті келгенде айтар болсақ, 20-шы ғасырдың басындағы ашаршылық себептерінен қазақ халқының қырылуы бізге сол жылдары большевиктерге еріп, ислам дінін тәрк еткені үшін Жаратушының жіберген жазасы секілді болады да тұрады. Өйткені, «жерде және суда болған бақытсыздықтар адамның қолымен жасағандығына жаза ретінде болады, олардың өздерінің жасаған жамандықтарының бір бөлігін сезіну үшін істеледі. Мүмкін олар (ақиқаттың жолына) қайтып келер» (30 сүре, 41 аят). Сондықтан байқайық, Алла Тағаланың кәріне ұшырамайық.

Жалпы, Алла рахымшыл, мейірбан. Осы игілікті істе өзінің көмегін аямай, әрқашан демеп отыратынына кәміл сенеміз!

Руслан Ахмет,

Дипломатия ардагері, шығыстанушы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар