Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3985 0 пікір 28 Наурыз, 2012 сағат 06:04

Қуат Саманбеков. «Қазақтың бәрі ұлтшыл болса, қазақ тілін үйрену оңай болар еді»

 

Соңғы кезде елiмiздiң әр жерiнде ұлтаралық алшақтық, ұлттардың бірін-бірі жатсынуы сияқты әңгімелер жиi айтылып жүр. «Қазақ жүрген жерге орыс аяқ баспайды», - деген сияқты сөздерді күнделікті тұрмыста жиі естуге болады. Қазіргі Қазақстан қоғамын зерттеуші социолог мамандар, журналистер, қоғам өкілдері де «Қазақстанда ұлтаралық араздық бар ма?» деген сауалға «ондай мәселе шынымен де Қазақстанда бар» деген тұжырым жасайды [www.azattyq.org/content/article/1172573.html].

Мысалы, 2007 жылы Алматыда Нұрболат Масанов атындағы пікірталас клубында осы тақырып төңірегінде әңгіме болып өткен еді. Пікірталаста сөз сөйлеген негізгі баяндамашы - Қазақстан патриоттар партиясының көсемі Ғани Қасымов «Қазақстанда ұлтаралық қатынастар мәселесі бар» деп тайға таңба басқандай анық айтса, оның сөзін құптаған ТМД және Балтық елдеріндегі көші-қон мәселесін тәуелсіз зерттеу кеңесінің сарапшысы, доктор Елена Садовская: «Ондай мәселенің бар екенінің айдан анықтығы соншама, оны айтпағанымыз, әлгі, «жалаңаш та болса, патшаның жаңа көйлегі қандай тамаша» дегенмен бірдей... Бізде ешқандай да «ұлтаралық татулық» жоқ! Айтылып жүргендердің бәрі аңыз! Бірақ, біздегі ахуал не? Ұлтаралық шиеленіс пе? Мәдениетаралық алшақтық па? Өзара жатсыну ма?», - деген болатын. Бұндай көзқарастар ғаламтор сайттарында да көп-ақ.

 

Соңғы кезде елiмiздiң әр жерiнде ұлтаралық алшақтық, ұлттардың бірін-бірі жатсынуы сияқты әңгімелер жиi айтылып жүр. «Қазақ жүрген жерге орыс аяқ баспайды», - деген сияқты сөздерді күнделікті тұрмыста жиі естуге болады. Қазіргі Қазақстан қоғамын зерттеуші социолог мамандар, журналистер, қоғам өкілдері де «Қазақстанда ұлтаралық араздық бар ма?» деген сауалға «ондай мәселе шынымен де Қазақстанда бар» деген тұжырым жасайды [www.azattyq.org/content/article/1172573.html].

Мысалы, 2007 жылы Алматыда Нұрболат Масанов атындағы пікірталас клубында осы тақырып төңірегінде әңгіме болып өткен еді. Пікірталаста сөз сөйлеген негізгі баяндамашы - Қазақстан патриоттар партиясының көсемі Ғани Қасымов «Қазақстанда ұлтаралық қатынастар мәселесі бар» деп тайға таңба басқандай анық айтса, оның сөзін құптаған ТМД және Балтық елдеріндегі көші-қон мәселесін тәуелсіз зерттеу кеңесінің сарапшысы, доктор Елена Садовская: «Ондай мәселенің бар екенінің айдан анықтығы соншама, оны айтпағанымыз, әлгі, «жалаңаш та болса, патшаның жаңа көйлегі қандай тамаша» дегенмен бірдей... Бізде ешқандай да «ұлтаралық татулық» жоқ! Айтылып жүргендердің бәрі аңыз! Бірақ, біздегі ахуал не? Ұлтаралық шиеленіс пе? Мәдениетаралық алшақтық па? Өзара жатсыну ма?», - деген болатын. Бұндай көзқарастар ғаламтор сайттарында да көп-ақ.

Ұлтаралық қарым-қатынасқа байланыстың пікірдің ала-құлалығы  меніңше, «қазақстандық қостілділіктің» ерекшелігінде болып отырған сияқты. Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілі тұрады-мыс. Олардың әрқайсысының өз тілдері бар. Сондай-ақ олардың  мемлекеттік тілге деген өзіндік қатынасы да бар. Сол себепті, ішкі тұрақтылық, бірлік, елдік, ұлтаралық татулық мәселелерін көтерген кезде, біздің қоғам қостілділіктің, тіпті, көп тілділіктің мәселелеріне бейжай қарай алмайтындығы кездейсоқтық емес.

Өйткені бізде тіл саясаты әлі де болса дұрыс шешілмей келеді. «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына да 22 жыл болды, бірақ ол Заңның орындалмай келе жатқанына да 22 болыпты...

Ресми түрде қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен, іс жүзінде жағдай мүлде басқа. Мамандардың айтуына қарағанда, Қазақстанда ұлтқа қатысты мемлекеттік саясат айқындалмаған. Сондықтан да мемлекеттік тіл мәселесі шешілмей келе жатыр.

Мәселен, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім: «Сөз жоқ «тіл - халықты біріктіретін фактор» болып табылады. Алайда тілдік саясат «орыс тілінің диалогтық қызметін сақтауға бағытталған» деген тұжырымға келіскім келмейді. Ұлт тілі - қазақ тілі қоғамның жетекші тілі ретінде өзінің рөлін атқармайынша, азаматтарды біріктіру жұмысы да ешқашан жүзеге аспайды», - дей келіп, «Мемлекеттік тіл қазақ жерінде тұратын барлық этникалық топтардың қатынас тіліне айналғанда ғана ұлттық бірліктің болашағын баянды етеді», - деген қорытынды жасаған  еді[http://www.zamana.kz/component/content/article/1-latest-news/1670-kazak-tili.html).

«Көпұлтты мемлекет бола тұрып, дискриминацияның қандай түріне де қарсы болатын заң...да жоқ», - дейді Е. Садовская. Доктордың «дискриминацияның қандай да түріне» дегені республикада «қазақ тілі өзге ұлт тілдеріне қысым жасайды-мыс» дегенді меңзеп отырған тәрізді. Ең «қызықтысы», орыс тілді басылымдардың беттерінен (әсіресе, интернет сайттарынан): «Большинство исследователей счиает, что основные причины миграции русского населения с территории Казахстана, носит «этнический» характер. Интересная точка зрения у О.И. Брусиной - «социальные традиции в жизни новых независимых государств Центральной Азии» служат фактором «выталкивания русскоязычного населения», - деген жолдарды көруге болады [ http://kz.ethnology.ru/win/rus-now.html].

Бір қараған кезде, Қазақ жерінде өзге ұлттарға күн көрсетілмей жатқан тәрізді. Шынында да, тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы өзге ұлттардың қазақтармен салыстырғанда үлес салмағы кемігені рас. Бұл, ең алдымен, ұлттардың тарихи отандарына қайту мүмкіндігінің тууымен түсіндіріледі. Сыртқы миграция мәселесі бір басқа және оның себептерін этникалық сипаттан гөрі, әлеуметтік-экономикалық сипаттан іздеу дұрысырақ.

Сондықтан, орыс тілді бауырларымыз дау-дамай шығаруға қаншалықты тырысса да, елімізде өзге ұлт тілдеріне, ең алдымен орыс тіліне, ешқандай қысымшылық, тіптен шектеу қойылып жатқан емес. Қайта еліміздің көпұлтты сипатын ескеріп, «өзіме емес, өзгеге» деген адал ниетпен тіл мен дін еркіндігін беріп, өзге ұлт өкілдерінің  Қазақстан жерінде еркін өмір сүруіне барлық мүмкіндіктер жасалған.

«Тіл туралы» заңның 21 бабында: «Көрнекті ақпараттық барлық мәтін мемлекеттік тілде сол немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң немесе төменгі жағына орналасады. Бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады», - деп көрсетілген. Осы тұста Елбасының биылғы Жолдауындағы тіл саясатына қатысты «Қазақ тілінің жоспарлы түрде дамуы орыс тіліне нұқсан келмейтіндей жағдайда жүзеге асады» деген жолдары да еріксіз еске түседі.

Тілге қатысты қазақтың өз ішінде қазір жік пайда болды. Мұхтар Мағауин өзінің «Ұлтсыздану ұраны» атты шығармасында қазіргі қазақтарды «таза қазақ, шала қазақ және ада қазақтар» деп үшке бөледі. Мұндағы таза қазақ деп отырғаны түсінікті болар, екінші санатқа қазақ тілін білетін, халық дәстүрін сақтайтын, бірақ өз тілінен гөрі, өзге тілде сөйлеуді артық көрген қазақтар қатарын жатқызады. Ада қазақтар дегеніміз ата-салтынан жұрдай, қазіргі қоғамның белсенді «өкілдері» (Айжан Оспанова. «Шала қазақ» в новом свете.//Астана. - №1 - 2012).

Қазіргі қазақтар арасында шала қазақтар саны артып келе жатыр. Қара көз ұл-қыздарымыздың орыс тілінде сөйлеп жүргенін жиі естімек түгілі, әдетке айналып бара жатқанын көресің. Кезінде, екі қазақ тұрып, араларына орыс келгенде ғана орысша сөйлеген қазақ бүгін бірін-бірі «приветпен» қарсы алады. Бара-бара бұның соңы насырға шабатыны хақ. Шалалық адалыққа апарып соқпақ.

«Қара орысты көргенде сары орысты әкім дерсің». Бұл ұғым ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының әкімшілік жүйесінде «тілмаштардың» көбейе бастығын кезінде пайда болғанға ұқсайды. Бұл тенденция әсіресе кеңестік заманда одан әрі күшейіп, қалың орыс тілді әлеумет тобын дүниеге әкелді. Тіпті, оларға қатысты қазақ қоғамында "төртінші жүз» деген ұғым да айтыла бастады. Ғылымда бұларды маргиналдар деп атайды.

Ресми емес деректерге қарағанда, маргиналдардың саны 2 млн шамасында. (На грани. 2х8.// Астана. - №1 - 2012) Ал Қазақстандағы бар қазақтың саны небары 10 миллионның ары-берісінде екенін ескеретін болсақ (оның ішінде «тазасы да, шаласы да, адасы да» бар), бұл төмен көрсеткіш емес.

Бұл ретте Александр Быктың сөздері еске түседі: «Почему русскому в Казахстане гораздо сложнее изучить казахский, чем русскому в Латвии - латвийский. Дело в том, что все казахи говорят на русском языке. Есть красивая мысль, жалко, не моя: "Для того, чтобы говорить хорошо, СНАЧАЛА нужно говорить ПЛОХО!". Мы, русские, не в состоянии преодолеть этот период "плохого" разговора на казахском языке. Разговор с казахом на "плохом" казахском мгновенно перейдет на "хороший" русский, которыми обе стороны владеют одинаково. В голову приходит шальная мысль: если бы все казахи стали националистами, это здорово помогло бы изучению казахского языка». («Навигатор». 13 қаңтар 2003 жыл).

Шынымен де, қазаққа «ұлтшылдық» жетіспейді. Өз ұлтына шын ықыласымен берілген, нағыз ұлтжанды азаматтар мүлдем жоқ емес, әрине бар. Десек те, олардың саны аз, «жалғыздың үні шықпас» демекші, даусын халыққа естірте алмай келеді. Ол ол ма, орыс ұлтының өкілдері «тырнақ астынан кір іздегендей» болып, қазақ тілінің мәртебесін асқақтатуға бағытталған үкіметтің әрекеттерінен сынап, жүк үстіне жүк үюмен әлек. Мысалы, саясаткер Михаил Сытник: «...функционально-лингвистические качества русского языка вытесняют профессиональную непригодность и научно-техническую неадекватность казахского языка», - деп, қазақ тілін түкке тұрғысыз, сондықтан одан арылу керек дегенді айтатын көрінеді. [http//www.contrtv.ru/print/1818/]. Бұл ұлттарды бір-біріне айдап салу, арандату емей, немене?

Тілге қатысты мемлекет саясаты түзелмей, елдің болашағы да түзелмейді. Дамыған мемлекеттердің қатарынан өзімізге тиесілі орнымызды қайтсек те болса аламыз деп жүргенде, тіл киесі ұрып жүрмесін. Орыс тілін күнделікті қолданылыстан алып тастай алмай жатқан уақытта енді «ағылшын тілін білмесең жұмысқа алмайды, түрік тілін білу керек» деген әңгімелер де шыға бастады. Жақында қоғамдық көлікте жүріп бара жатқанымда қазақ баласының ағылшын сөздерін жаттап отырғанын көрдім. Сосын шет тілде санай бастап еді, жанында отырған қыз бүлдіршін (байқағанымша сыныптасы болуы керек) «Ал менің ағам қытайша жақсы санай алады!» деп мақтанғанын естідім...

Әрине, шет тілдерін білу жақсы. Осыған байланысты айтылған Вольтердің «Көп тілді білу бір құлыптың көп кілтін иеленумен пара-пар» деген сөзі дұрыс та болар. Десек те, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Осы ретте Шоқайтанушы, ғалым, профессор Әбдіуақап Қараның мына бір  естелік сөзі ойыма оралады: «...Менің тұңғышым Германияда қызмет істеп жүргенімде дүние есігін ашты. Сонда риза болғаным: әкімшіліктен «Алдымен балаңызды ана тілінде тәрбиелеңіз. Өз тіліне жетік бала шет тілін жақсы меңгереді» деген мазмұндағы хат келді. Сондықтан балаға өзге тілді балабақшадан, бастауыш мектептен үйрету бекер».

 

Ақын Мұхтар Шаханов былай деп жазады: «адам өз тілінде сөйлеу мен ойлаудан айырылса, ұрпақ жалғастығы үзіледі, адамның болмысы өзгеріп, ата-баба рухының қарғысына ұшырамақ». Ал,  лингвист С. Қойгелдиев: « Тіл - бұл сөздер жиынтығы емес, бұл - ең алдымен, белгілі бір халыққа тән, түпнұсқа ойлау жүйесі» дейді. Ұлттық тіл - ұлттық сананың негізі.

Бүгінде біздің қоғам ата-баба мұрасынан қол үзгендей тәрізді. Тарихымыздағы талай «ақтаңдақтар» тарихи санамыздың қалыптасуына кедергі келтіргендей. Халықтың бай мұрасы, мол қазынасы тек тарих арқылы ғана жетпек. «Тарих -ұлт санасы, халық жады, халық тарихтан күш-қуат, шығармашылық шабыт пен болашаққа бағдар алады», - деген жолдар тегін айтылмаса керек.

Ақын, кинорежиссер Бақыт Қайырбеков «Астана» журналына берген сұхбатында бұған қатысты былай деген екен: «Қазақтың «Ақты жерге төкпе, босағаны аттама» деген тыйымдары бар. Олардың мәні неде? Сыры беймәлім. Тыйым болғасын істеуге болмайды да. Меніңше, ата-баба салты ұрпаққа өмір сүру тәсілдерін қалдырып кеткен сияқты. Біз болсақ, бұл тәсілдерді жете түсіне бермейміз. Біз ұрпақ сабақтастығын жоғалттық. Байланыс үзілгендей болды. Тыйымдардың сыры неде, бұл сұраққа менің апам да тіл қатпады».

Профессор А. Қашқымбаев «Тарихи сана - тәуелсіз Қазақстандағы рухани еркіндіктің факторы ретінде» деген мақаласында: «Қазақстандық жас буын өкілдері батыр-спартандықтардың жасаған ерліктерін, ортағасырлық Францияны шетел басқыншылығынан азат ету жолындағы әйгілі Жанна д'Арктың өр тұлғасын, Германияның бірігу жолындағы Бисмарктың «қанды-темір» принциптерін жақсы біле тұра, неге Жәңгір хан бастаған «қазақ спартандықтары», «қазақтың Жаннасы» бола алатын Сапар Мәтенқызы жайлы жете білмейді, білмегені өз алдына, түсінігі де қалыптаспаған. Дәл сол сияқты Әбілқайыр ханның, Махамбет Өтемісұлының, т.б. тұлғалары биік деңгейде танылмай жатыр...» деп жазады.

Ұлт тілі - ұлт тарихының тілі. Ұлттық тіл ұлттық болмыс негізі. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», өз тіліңде сөйле, өзгеге үлгі бол. Қазақтың басқаға емес, басқаның қазаққа қарап сөйлейтін заманы келіп жетті. «Тілде, пікірде, істе бірлік» керек. Тіл түзелмей, ел көгермейді. Ал қазақ қазақпен қазақша сөйлеспегенде, орысты (мысал үшін) қазақша қалай сөйлетпек?

Сондықтан, «Қазақстанда тұратын дисапоралардың қазақ тiлiн меңгеруi  бірлігімізді бекемдей түседі деп ойлайсыз ба?» деген сұраққа «иә» деп жауап бергендерді қолдар едім. Себебі, тіл - байланыс, қарым-қатынас құралы, ұлттар бірлігінің факторы. Тек ебін таба білсең болғаны.

Қуат Саманбеков,

Мемлекет тарихы институтының

кіші ғылыми қызметкері

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір