Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Дабыл 3340 6 пікір 17 Ақпан, 2021 сағат 18:28

Үкімет кедейлікпен қалай күреспек?..

Коронавирус пандемиясы мен экономикалық дағдарыс қос бүйырден қысқан қазіргідей тар кезеңде ел азаматтарының тұрмысы тұралап қалғаны белгілі. Осыны айтып, қоғамдық саясаткерлер мен сарапшылар сан мәрте дабыл қағып жатыр. Былтырғы жылы Үкімет те әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен күнкөрістің төменгі шегіне түскен отбасыларды қолдау үшін қосымша жәрдемпұл бөлгені белгілі. Әрине, аты дардай болғанымен, заты азын-аулақ сол ақшаны алуға өтініш білдіргендер саны миллиондап есептелді. Бұл да өз кезегінде, ел халқының тұрмыс-тіршілігінің тарылғанын көрсетті.

Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі уақта елімізде күнкөріс деңгейі төмендегендердің саны 1 миллионнан асып жығылады екен. Өткен жылмен салыстырғанда, елімізде кедейлік көрсеткіші 21 пайызға көбейгені және факт.

Осы мәселені бүгін Парламент депутаты Ерлан Саиров Мәжілісте көтеріп, Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдапты. Оған депутаттар - Елнұр Бейсенбаев пен Юрий Жулин де қолдап қол қойған.

Сонымен, депуттар елдегі кедейлікті жою үшін қандай ұсыныстар айтты? Қараңыз:


 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЕДЕЙЛІК ПРОБЛЕМАСЫН

ауыздықтау жөніндегі

Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі
Асқар Маминге депутаттық сауал

Ресми деректер Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 1 млн 065 мың адамнан асқандығын көрсетеді. Өткен жылмен салыстырғанда, кедейлік деңгейі 21%-ға өсіп отыр.

Халықтың кедейлігі ұлттық қауіпсіздікке тікелей кері әсер ететін басты проблема!

Аса өзекті мәселе - ауылдағы кедейлік.

«Nur Otan» партиясы «әлеуметтік мұқтаж адамдар мәселесін экономикалық тұрғыда шешу маңызды» деп есептейді.

Бұл мәселені шешудің оңтайлы әдісі әл-ауқаты төмен азаматтарды микрокредитпен қамтамасыз ете отырып, адамдардың бизнес-сауатын арттыру.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Үкіметке берген тапсырмасында микрокредит проблемасына баса назар аударды.

Енді мәселені Үкімет қалай шешеді деген сұрақ туады.

1. «Еңбек» бағдарламасының несиелендіру бағыты бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындарына 43,3 млрд теңгеге 11 294 жуық несие берілді.

Осы бағдарлама аясындағы биылғы жылдың бюджеті 20 млрд теңгені ғана құрап отыр. Яғни, биыл шағын несие алушылардың саны 5200-ге азаяды.

Пандемия кезінде, Ұлттық экономика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің кері позициясы бізге түсініксіз.

2. Микрокредиттеудегі басты проблема - кепілзат мәселесі.

Бұл проблеманы несиеге кепілдік беру механизмін енгізу арқылы нақты шешетін уақыт жетті.

3. Биыл Атамекен және жергілікті әкімдіктердің қатысуымен шағын несие ұйымдарын ашу жоспарланып отыр. Ниет дұрыс, бірақ өзінің тиімділігін көрсете білген, оңтайлы жұмыс істеп тұрған, 10 жыл шағын несие беру тәжірибесі бар ауыл шарушалығын қаржылай қолдау қоры не себепті жабылмақ?

Мемлекет, қарапайым халық мүддесі тұрғысынан қорды сақтау қажет! Өйткені, өздері қиналып отырған ауылдағы ұсақ шаруалар мен зәру адамдар қаржы көзінен мүлдемге қағылу қаупі басым.

4. Ауылда микро-бизнесті дамытудың басты аспектісі тұтыну және қызмет көрсету кооперативтерін құру. Халықаралық тәжірибеде бұл кооперативтер өнімді өңдеу, өткізуге көмектесу, ветеренария, мал азығын дайындау, озық білім таратумен айналысады. Осындай кооперативтерді әсіресе шалғай елді мекендерде құру өте өзекті.

5. Шалғай елді мекендерге арзандатылған микро несие жеткізудің де инфрақұрылымын жасау маңызды. Банкілер мен микрокредит ұйымдары қала жанындағы елді мекендерді ғана қамтиды. Алыстағы ауыл арзан несиеге зәру, жеткізетін амал жоқтың қасы.

Бұл жөнінде де Президент Тоқаев «бірнеше аймақтарда «егістіктен сөреге дейін» кооперациялық тізбек» жасау жөнінде Өкіметке нақты тапсырма берген. Осы бастама бойынша 2-млн ауыл тұрғынының кірісін өсіру қарастырылған. Бүгінде, бұл тапсырма формальды орындалды, қаржы көзі зәру адамдарға жетпеді деген пікір бар.

Ауылшаруашылық министрлігі осы бастама бойынша, қанша зәру адамға нақты көмек көрсетілді деген есеп бергені абзал!

Бізге әрбір адамның тағдыры қымбат!

Сондықтан, осы мәселені заңда белгіленген мерзімде қарастырып, жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен, Мәжіліс депутаттары «Nur-Otan» партиясы фракциясы мүшелері:

Ерлан Саиров,

Елнұр Бейсенбаев,

Юрий Жулин.

Abai.kz

6 пікір