Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Әттең... 5092 9 пікір 16 Ақпан, 2021 сағат 13:55

Қарағанды КСРО-мен қоштасқысы келмей ме?

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Демек елде сүйегі қураған КСРО-ның, қанқұйлы коммунистік жүйенің сарқыншағы да қалмауы керек еді.

Бірақ бізде бәрі басқаша болып тұр. Жыл сайын 9 мамырда қып-қызыл жалаумен көше аралайтын топтың қарасы әлі көп. КСРО кезіндегі әскери формаларды киіп, сол кездің орден-медалін тағып жүретіндер қанша ма? Мұны аз десеңіз, 2018 жылы елде комсомолдың 100 жылдығы өте жоғары деңгейде аталып өтті. Оған биліктің биік мінберінде отырған бұрынғы және қазіргі ірі шенеуніктер қатысты. Осы көріністердің бәрі Қазақстанды кеңес одағының елесі әлі кезіп жүргенін көрсетеді. Тіпті біздің елде өзін тәуелісіз Қазақстанның емес, КСРО-ның азаматы санайтындар да бар болуы мүмкін...

Осындай коммунистік көзқарастағы жерлестеріміз Қарағанды өңірінен тағы бойы көрсетті. Атап айтқанда Қарағанды облысы, Ақбастау ауылының көптеген тұрғыны көк тудан гөрі қып-қызыл орақ пен балғаның бейнесін артық көретінін аңғартты.

«31 канал» телеарнасының хабарлауынша, аталған ауыл шетінде Совет одағының символы орақ пен балғаның ескерткіші болған екен. Жақында жергілікті белсенділер орақ-балға ескерткішін құлатып тастап, орнына көк туымызды желбіретіп іліп қойған екен.

Бірақ кейбір тұрғындар ауыл маңында көк тудың желбірегенін жақтырмай, оны жұлып тастап, бұрынғы орақ-балға ескерткішін қайта орнатқан. Осыған байланысты, ауыл тұрғындары үш күннен бері екі тарапқа бөлініп дауласып жатқан көрінеді. Бір жағы КСРО символының көзін құртамыз десе, екінші тарап көк тудан гөрі қызыл орақ-балғамыз қымбат деп санайды.

Тіпті кейбір тұрғын "орақ-балға ескерткішін құлатқандарды құзырлы орган қызметкерлері жазаласа", деген. Олардың ойынша, орақ-балға ауылдың символы екен. Бала-шаға сол ескерткіштің жанына суретке түседі екен. Бізді таңқалдырғаны, осы пікірді айтқан азаматтар тәуелсіз елдің жеткіншектері үшін КСРО-ның еш құны жоқ екенін неге білмейді екен?

Жергілікті белсенділер көк туды жұлып тастап, орақ-балғаны орнатқандардың әрекетіне ашуланып, совет үкіметі символын қайта тұрғызуға келмейтіндей етіп, сындырып тастапты.

Ал жергілікті билік орақ-балға ескерткішінің әкімдіктің қарамағына кірмейтінін айтып отыр. Атқамінерлер жұртышылықпен келісіп, орақ пен балғаның орнына «Ақбастау менің жүрегімде» монументін қоюды жоспарлап отыр екен.

Тәуелсіз елдің туынан қызыл империяның символын артық көретін азаматтарымыз бен комсомолдың 100 жылдығын қуана тойлайтын шенеуніктеріміз тұрғанда кеңес одағын естен шығара алмайтын секілдіміз. Егемендігімізге 30 жыл толса да, ұлттық идеология жасалмай, мемлекеттік тілдің тұғырына қона алмай, ұлттық мемлекет құра алмай отырғанымыздың басты себебі де осы шығар. Халқымыз бен билігіміз КСРО-ның елесінен арылмай, толық тәуелсізбіз деп айта алмаймыз...

Abai.kz

9 пікір