Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3921 0 пікір 22 Наурыз, 2012 сағат 09:01

Дихан Қамзабекұлы. Академик Қирабаев

Білім саласына, әдеби-мәдени және ғылыми ортаға танымал Серік Смайылұлы Қирабаев - бүгінде ел ақсақалы, әдебиеттану абызы дәрежесіне жеткен тұлға.

Әдебиет, мәдениет және білім саласы мамандары үшін  «Академик Қирабаев» атанған абзал азаматтың кемі алпыс бес жылдан асатын шығармашылық дәуірі ұлтымен бірге жасап, халқының рухани тағдырымен бірге өріліп келеді десек жаңылыспаймыз.

Серік Қирабаевтың профессор пальтосынан шыққан сансыз шәкірттерінің бірі ретінде қарт ҚазПИ-дің ескі ғимараты мен сықырлаған парталары елестейтін тәтті түсімізде ол кісіні «ағай!» деп ағаласақ та, өңімізде «Академик Қирабаев» деп мақтанатынымыз рас.

Қазір ғылым талабының қиюы қашты ма, әлде адамдардың біліми талғамы әлсіреді ме, әйтеуір «мәртебелі Академия» дегенді де, «ҚР ҰҒА» дегенді де ұмыта бастағандаймыз. Қарапайым шенеунік пен PhD үміткерлеріне түсінікті болсын, біздің Серік ағай - Қаныш Сәтбаев құрған Академияның академигі. ҚР ҰҒА - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы. Яғни, ғылымның тасы өрге дөңгелеген кезең академиясының мүшесі.

Білім саласына, әдеби-мәдени және ғылыми ортаға танымал Серік Смайылұлы Қирабаев - бүгінде ел ақсақалы, әдебиеттану абызы дәрежесіне жеткен тұлға.

Әдебиет, мәдениет және білім саласы мамандары үшін  «Академик Қирабаев» атанған абзал азаматтың кемі алпыс бес жылдан асатын шығармашылық дәуірі ұлтымен бірге жасап, халқының рухани тағдырымен бірге өріліп келеді десек жаңылыспаймыз.

Серік Қирабаевтың профессор пальтосынан шыққан сансыз шәкірттерінің бірі ретінде қарт ҚазПИ-дің ескі ғимараты мен сықырлаған парталары елестейтін тәтті түсімізде ол кісіні «ағай!» деп ағаласақ та, өңімізде «Академик Қирабаев» деп мақтанатынымыз рас.

Қазір ғылым талабының қиюы қашты ма, әлде адамдардың біліми талғамы әлсіреді ме, әйтеуір «мәртебелі Академия» дегенді де, «ҚР ҰҒА» дегенді де ұмыта бастағандаймыз. Қарапайым шенеунік пен PhD үміткерлеріне түсінікті болсын, біздің Серік ағай - Қаныш Сәтбаев құрған Академияның академигі. ҚР ҰҒА - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы. Яғни, ғылымның тасы өрге дөңгелеген кезең академиясының мүшесі.

Академияның қазіргі жайы бәрімізге белгілі. Әдебиетші академик те ол туралы: «Академияның қоғамдық мәртебе алғаннан ұтқан ешнәрсесі жоқ. Қоғамдық Академия ғылымды ұйымдастыруға, ғылыми жұмыс жүргізуге қатыспайды. Академиялық клуб сияқты нәрсе» дейді. Әрине, бұл сөздің астарында ғалымының жаңаны жатырқауы емес, ғылымды ұйымдастырудың бүгінгі жағдайына деген жанашыр сезімі, жанкүйер ниеті тұнып тұр.

Мұндай сезім мен ниеттегі академиктің қаламынан не туды деген сұраққа көптомдық шығармаларының (Алматы, «Қазығұрт» баспасы, 2007) 1-томының алғысөзінен жауап табамыз. «30-ға жуық әдеби-сын және әдебиеттік зерттеу кітаптарын, 15-тей оқулықтар мен оқу құралдарын, 800-ден аса мақала жазыппын. Әрине, оның барлығы тап-таза «алтын» емес екені белгілі.  Соған қарамастан, кәсіби сыншы, әдебиет зерттеушісі болғандықтан, әдебиеттің көркемдік, эстетикалық сапасы үшін күреске белсенді араласа жүріп жазған еңбектерім де аз емес екен. ...Әдебиет деген белгілі бір штамппен дамымайтын, әртүрлі ойлап, шындықты өзінше түсініп бейнелейтін кәсіптің түрі ғой. Менің түсінігіммен жазған мақалаларым, сын пікірлерім де сол түрліше ұғым-түсініктің бірі».
Басқаны қайдам, Серік Смайылұлының осы сөздерінен біз ол кісінің адалдығын, қарапайымдылығын, қағидатшылдығын (принцип) көреміз.

Асылы, академик С.С.Қирабаев - бақытты ғалым. Өйткені, ол қиындықты да, қиындықтан сабақ алған кезеңді де, сол сабақтың кеңес заманы мен тәуелсіздік тұсындағы қызығын да, шыжығын да көрді және көріп келеді. Ғалым осы үдерістің бәрін әдебиет аясында қарастырады. «Әдебиет - ұлттық мәдениеттің бір саласы. Оның дамуы ұлттың тілімен, ділімен, ұғым-түсінігімен, парасатымен, дүниетанымымен тікелей байланысты. Осының бәрі көркем туынды арқылы көрініп, халықтың санасына сіңген, оның рухани өмірін қалыптастырған. Әдебиет туралы ғылым көркем әдебиеттің осы жолдағы ізденісін, ойлау мен бейнелеудің жолдарын жинақтайды, қорытындылайды»,- дейді ғалым.

Осы ретте Серік Смайылұлы Тәуелсіздік кезеңі әдебиеттануының міндеттерін нақты айқындап,  былай деп көрсетеді: «Ендігі жерде ұлттық әдебиеттің өзіндік көркем тәжірибесін жинақтайтын теориялық еңбектер жазылуы керек. Әдебиет дамуының ұлттық, басқаға ұқсамайтын сыпаттарын ашу, оны теориялық жағынан дәлелдеу - біздің көркемдік ойымызды жалпыадамзаттық ортақ мұраға апаратын бірден-бір жол».
Ал, осы жауапты да күрделі міндеттерді шешуге келгенде, ақсақал жасындағы әдебиетші «заманым өтті» деп отыра беру керек пе?.. Жоқ, Серік ағай ондайлардың сойынан емес. Сондықтан да ол: «Жастың ұлғаюы деген адам ырқынан тыс құбылыс. Адам еңбек еткеннен, жұмыстан шаршамайды.Тәуелсіздік кезеңіндегі барлық әдеби мұраны қайта қарау, жаңаша бағалау жұмыстарының ортасында жүрдім. Алаш жазушыларының ақталуы, олардың кітаптарының шығуы, зерттелуі менің басшылығыммен іске асты. Ол кезде әдебиет институтында директор едім. Қазір шығып жатқан он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» бас  редакторымын. Автор ретінде де қатыстым. Кеңес дәуіріне арналған үш томды түгелдей өзім басқарып, көп тарауларын жазып, редакциялап шығардым»,- деп шындықты әуезелейді.

Кейде «XX ғасыр әдебиеті мен әдебиеттануы несімен ерекшеленеді?» деген сұрақ қойыла қалса, оған: «Аталған ғасыр таланты терең, қабілеті ерен  ақын-жазушыларды шығарып қана қоймай, көркемөнерді түптеп зерттей алған әдебиетшілерді дүниеге әкелді» деп жауап қайырып жатамыз. Әдебиет (адабият) - арғы ғасырлардан жеткен сөз болса, әдебиетші - сол ғасырдың сөзі. Ұлт руханиятында әдебиетті жеке-дара зерттеу нысанасы етіп қарастыру XX ғасырдың басынан Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш тұлғаларының еңбегінің арқасында ғылым арнасына түсті. Оның буыны беки бастаған кезі - 20-жылдар болса, қаз-қаз тұрып, алға адымдаған шағы - 50-60 жылдар. Ұлт пешенесіне жазылған тағдыр солай болған шығар, әдебиет зерттеуді ғылым арнасына түсірген Алаш зиялыларының бәрі дерлік 30-жылдары тоталитаризм құрбаны боп кете барды. Ал бұл саланы қалыптастырған олардан кейінгі екі буынға әкімшіл-әміршіл жүйе жағдайында жұмыс жасау оңайға түспеді. Оның үстіне соңғыларының балалық шағы - қазақты жаппай қырған ашаршылық жылдарына, жасөспірім-бозбала кезі - фашизмге қарсы соғыс уақытына тура келді. Яғни, олар балалық бал дәуренімен, қамсыз бозбала шағымен амалсыз ерте қоштасты. Бұларды еңбек ерте есейтті. Сондықтан да осы толқын «руханияттың еңбекторысы» деген теңеуге әбден лайық.

Қазірде аға буын аталып отырған оларды бүгінгі орта буын «жиырма жетінің ардақтары» деп атайды. Бұл - «бір мың тоғыз жүз жиырма жетінші жылы туған талантты әдебиетшілер» деген сөз. Осы буынның көшбасындағы азаматтардың бірегейі - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Серік Қирабаев екені жұртқа мәлім.

Руханият еңбекторыларының әдебиеттану әлеміне алып келген не жағдай еді? Тарихқа сәл-пәл үңілейік. 1956 жылы өткен коммунистік партияның XX съезінен соң «ұлт рухына үңілуді» тыйған қатаң жағдай біршама түзуленді. Қуғын-сүргінге ұшырап, ондаған жылдар бойы туған топырағынан күшпен, зорлықпен аластатылған зиялылар елге орала бастады. Әдебиетте соны серпін, ерекше аяқалыс бірден көзге шалынды. 30-жылдары тіптен айтуға мүмкін емес руханияттағы тылсым құбылыстар шетінен сөз етіле бастады. Әдебиет пен мәдениеттегі «ақтаңдақтар» біртіндеп қайта бағасын алып, халық игілігіне айналып жатты. Бірақ бұл үдеріс тым баяу, қорғаншақтап жүрді. Коммунистік иррархияның ең жоғарғы баспалдағындағылар И.В.Сталин қазасынан соң жеке басқа табынушылықты, орынсыз саяси қуғын-сүргінді сын нысанасына алғанмен, тоталитаризмнің бет-пердесін ашу бағытындағы жұмыстарды дәйекті жүргізуге кейбірінің батылы, қайсыбірінің азаматтығы жетпеді. Өйткені олардың барлығы дерлік тұсында әр түрлі дәрежеде қуғын-сүргіннің көрігін қыздырғандар еді.

Алайда әдебиетіміз бұл жылдары солақайлыққа ұрынбай, әсіре саясиланбай, көркемдік қуаты айрықшаланып, бел-белестерге көтерілді. Әдебиеттану мен сынымыз да толысып, жүйелене түсті. «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» мен 6 кітаптан тұратын 3 томдық «Қазақ әдебиеті тарихы» жазылып, әдебиетке ынтызар қалың қауымға ұсынылды. Әдебиетшілер әдеби үдерістің өткені мен қазірі жайында монографиялар, іргелі зерттеулер жаза бастады. Бұл еңбектер бұрындары жазылған мақала-зерттеулерден ғылымилығымен, нақтылығымен, дәйектілігімен ерекшеленді. Әдебиеттану білімді, сындарлы пікірлі зерттеушілермен толықты. Коммунистік партияның әр түрлі қаулы-шешімдері оларды саясаттың насихатшысы еткізгісі келсе де, бұл жаңа толқын әдебиет туралы шын сөйлей алды. 50-жылдары саяси айып тағылып, қуғындалған Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев сынды қаламгерлер соны ойлы әдебиетшілерге көшбасшы болды. «Қазақ әдебиеті» газетінде әдебиеттің көкейтесті мәселелері жиі сөз етілді. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы дүниеге келді. Осы басылымда және «Әдебиет және искусство» журналында әдеби сындар басылып тұрды. Жыл сайын кеңейтілген әдеби жиындар өткізіліп, проза, поэзия, драматургия, сын салаларының барысына қорытындылар жасалды. Кеңес одағы республикаларының өзара әдебиет, мәдениет жағынан қарым-қатынасы, бірінен-бірі үйренуі, тәжірибе алмасуы жандана түсті. Жүріп өткен жолға қайта қарау, біткен іс пен келешек жұмыстарға бағдар жасау, парықтау, көркем туындыны тереңінен зерттеу, шығарманы әдеби үдеріспен біртұтас табиғи қалыпта талдау салтқа айналды.

1955 жылы 1-3 желтоқсанда Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының II пленумында әдебиетші Айқын Нұрқатов «Жас сыншылар мен әдебиет зерттеушілердің еңбегі» атты баяндама оқып, онда қазақ сыншыларын әдебиеттің теориясы мен методологиясын тыңғылықты меңгеріп, қаламгерлердің, шығармалардың жеке-дара ерекшеліктерін, артық-кемшілігін дөп тауып, шынайы, бейсаяси тұрғыда зерттеуге шақырды.

Әдебиеттануға белсене араласа бастаған орта буын сыншыларға әдебиеттің аға буын өкілдері өнеге көрсетті. М.Әуезовтің «Әр жыл ойлары», «Уақыт және әдебиет», «Мысли разных лет (по литературным тропам)» атты монография, ғылыми-сын еңбектері, С.Мұқановтың «Өсу жолдарымыз», «Жарқын жұлдыздар» атты еңбектері, Ә.Тәжібаевтың «Өмір және поэзия» зерттеуі жарық көрді. Аға және орта буын сыншылар бұл жылдары іргелі әдебиет сынының қанатын қатайтты. М.Қаратаевтың «Туған әдебиет туралы ойлар», «Шеберлік шыңына», «Мировозрение и мастерство», Е.Ысмайыловтың «Сын мен шығарма», «Жаңа белеске», Б.Кенжебаевтың «Шындық пен шеберлік», Қ.Жұмалиевтің «Стиль - өнер ерекшелігі», еңбектері жаряланып, осы бағытты С.Қирабаевтың «Өрлеу жолында», Р.Бердібаевтың «Әдебиет және өмір», А.Нұрқатовтың «Идея және образ», Қ.Нұрмақановтың «Литературные заметки», «Дәстүрлі достық», М.Базарбаевтың «Живые традиции», «Әдебиет және дәуір», Б.Сахариевтің «Уақыт тынысы» т.б. жинақтары толықтырды. Бұлар - қазақ әдебиеттануы мен сынының білік пен сапа деңгейіне көтерген еңбектер еді.

Аталған әдебиетшілер еңбегінен көркемөнердің теориясы мен методологиясын әжептәуір меңгергені, әдебиеттің ұлттық ерекшеліктерін жіті айыра алатындығы айқын көрінді. Олардың әдеби зерттеулері, аңсарлары өзімен бір дәуірде, яғни кеңес дәуірінде туған Ғ.Тоғжановтың «Әдебиет және сын мәселелері» (1929), Е.Бекеновтің «Ұлт қозғалысы және ұлтшылдық әдебиет» (1935) атты еңбектерімен салыстырғанда анағұрлым байыптылығымен, бейсаясилығымен айрықшаланды.

50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында республика өмірінде әдебиет пен мәдениетке игі ықпал ететін, көркемөнер сынының шыңдалуына себепші түрлі ғылыми, танымдық, мәдени шаралар тұрақты жүргізіліп отырды. Олардың бірсыпырасы коммунистік партияның кезекті шешім, қаулысына орайластырып өткізілсе де, негізінен бұл жиындарда әдебиеттің көкейкесті мәселелері көтерілді. Мұны көріп, астанадан ауылға дейінгі мәдени-шығармашыл қауым селт етіп, серпілді. Көркемөнерді бағалайтын халық «әдебиет - елдің жаны» екенін қайта түсінгендей болды.

Жеке басқа табынушылық әшкереленгеннен кейінгі уақыттағы әдебиеттану мен сынның барысы сөз етіле қалғанда, жазғытұрымға  көктей дүркірей көрінген алды сол шақта 30 жастағы талантты әдебиетші һәм сыншы жастар легіне қарап «жаңа толқын келді» деп тұжырымдаймыз. Бұл толқын - кешегі қаламгер ағаларының жазықсыз құрбан болғаның білген, өздері де ептеп саясаттың содырлығын көрген, әдебиеттанудың ақсап жатқан тұстарын аңғарған жастар еді. Олардың лек-легімен әдебиеттануға келуіне, бір жағынан, халықтың рухани өрлеуі мен серпілуі себепші болды.

Жаңа толқынның талантты өкілдері ретінде Серік Қирабаев, Айқын Нұрқатов, Қалжан Нұрмаханов, Мырзабек Дүйсенов, Мүсілім Базарбаев, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Зәки Ахметов, Сейділда Ордалиев, Баламер Сахариев, Бекмұрат Уақатов, Әнуар Дербісәлин, Нығымет Ғабдуллин, Темірбек Қожакеев, Әбділхамит Нарымбетов, Көбей Сейдаханов, Тұрлыбек Сыдықов, Шерияздан Елеукенов, Шәмшиябану Сәтбаева, Үшкілтай Субханбердина сынды жастар шығармашылығы айқын көрініп, халыққа таныла басталды.

Отызында әдебиеттанудың ордасын бұзбай қабырғасын қатайтуға білек сыбана кіріскен Серік Қирабаев жылымық жылдары әдебиет тарихын зерттеу мен тұсындағы әдеби үдеріске сын жазуды қатар алып жүрді. Ғалым әдебиет тарихына ағартушы қаламгер Спандияр Көбеевтің есімін кіргізіп, 1958 жылы ол жөнінде монография жариялады. Сыншы өз тұсындағы әдеби үдеріске жіті қарап, Ғабиден Мұстафин мен Мұқан Иманжановтың қаламгерлік қабілет-қарымын анықтады. 1956 жылы «Ғабиден Мұстафин» атты сыни-ғұмырнамалық әліптемесі жарық  көрді. Ал, 1959 жылы ол Мұқан Иманжановтың  шығармаларын жинастырып, алғысөз жазып жариялады. 1960 жылы сыншының «Өрлеу жолында» атты жинағы жарық көрді. Ғалымының бұл жылдардағы зерттеуінің бір бөлігі С.Сейфуллин шығармашылығымен байланысты. Зерттеушінің 1962 жылы «Сәкен Сейфуллин» атты монография басылып шықты. Серік Смайылұлы осы кезеңде орта мектептің 9 және 10-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазуға да атсалысты. Бұл шақты академик былай деп еске алады: «50-жылдардың басында Қазақстанды «ұлтшылдықпен күрес» науқаны биледі. Мектеп оқулықтарынан «қателер» тауып, Қажым, Есмағамбет сынды ағаларымызды ұстап әкетті. Мектеп оқулықсыз қалды. Сол кезде оқу министрлігі мені, Мүсілімді, Айқынды, Зейнолланы жинап алып, оқулық жаздырды. Кейін Қажекеңдер айдаудан келді. Ол кісіні авторлардың бірі ретінде қалдырғанымда, қарсы болғандар кездесті. Мен дәлелдеп атын қалдыруға себепші болдым. Сөйтіп өзі дүниеден өтсе де, оқулықтардағы аты жаңа оқулық авторлары шыққанша түскен жоқ».
Ғалым сонымен бірге жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттеріне арнап «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (Б. Кенжебайұлымен бірігіп), «Кеңес дәуіріндегі әдебиет» атты оқулық та жазды. Профессор С.Қирабаевтың оқулығынан сан мыңдаған қазақ шәкірттері әдебиет пен әдебиеттанудың әліппесін үйренді.

Жалпы академик С.Қирабаевтың ұстаздарына деген құрметі, ниеті бәрімізге үлгі. Мысалы, ол академик Қ.Жұмалиевті «іркері болмайтын, барын шәкірттерінен аямаған ұстаз» деп бағаласа, С.Аманжолов, А.Ысқақов, Т.Нұртазин, Ш.Сарыбаев сынды профессорларды - «үйреткені көп ұстаздарым» деп ардақтап еске алады.
Дей тұрғанымен, «әдебиет алыптары» атанған Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов секілді Секеңнің сыйлас, құрметтес ұстаз-ағаларын ілтипатпен атап кетудің жөні бар. Осы алыптармен аралас-құралас болып, әрқашан таланты түгесілмеген Жазушылар одағының маңызды шараларының ортасында жүрген Серік Қирабаев әдеби қауым туралы ықыласты сөзін төмендегіше жеткізеді: «Қырық жылдан астам жазушылар ортасында болып, одақ жұмысының қыры мен сырына қанығу мен үшін үлкен өмір мектебі еді».

Әдебиетке жиырма үш жасында келген талантты жас сыншы, әдебиетші, ғалым  А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Қ.Жұбанов бір кездері қызмет жасап, ғалымды мектеп калыптастырған Абай атындағы ҚазПИ-де студент те, аспирант та болып, білім нәрімен сусындады. Көп оқыды, көп тоқыды. Қазақ баспасөзіне студент күнінен араласты. Аспирантурада оқи жүріп «Әдебиет және искусство» журналының қызметкері болды. Ал бұл басылымнын төңірегіне топтасқан қаламгерлер рухани салада соны серпіннің атмосферасын жасады.

Қаламгер сол тарихи 50-жылдардан бері ұлт баспасөзінің, Міржақып Дулаұлынша айтқанда «ұлт үмесінің», қайнауында жүрді. Алғаш «Пионер» журналын (қазір "Ақ желкен") басқарды, кейін «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі "Егемен Қазақстан") газетінің бөлімін меңгереді. 1958 жылдан күні бүгінге дейін өзі түлеп ұшқан ҚазПИ-де ұстаздық етеді. Академик Қ.Жұмалиевтен кейін жиырма жыл осы оқу орнының қазақ әдебиеті кафедрасын басқарды. Бес жылдай институттың проректоры болды. 1988 жылдан 1995 жылға дейін Ұлттық ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтын басқарды. Осы ірі ғылым ордасының директоры бола жүріп, институттың абайтану бөліміне жетекшілік етті. Астанада Елбасының бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашылғанда, жасының егде тартып қалғанына қарамай, осы оқу орнының әдебиеттану және алаштану саласын қалыптастырып дамытуға қол ұшын берді.

Жоғарыда аталған ірілі-ұсақты қызмет дәрежесіне С.С.Қирабаев табан ақы, маңдай терінің арқасында жетті. Мысалы, әдебиеттің көшбасшы мекемесіне ол кісіні институт ұжымы қалап шақыртып, көпшілік дауыспен сайлағанын бүгінде зиялы қауым тегіс біле бермейді.

Ғалым Серік Смайылұлы әдебиет тарихына іргелі зерттеулерімен Спандияр Көбейұлын, Сәкен Сейфоллаұлын, Жүсіпбек Аймауытұлын, Ғабиден Мұстафинді ендірді. Рас, бұл қаламгерлер - тарихта орны бар азаматтар. Бірақ сол орынды анықтап-дәлелдеу, шығармашылығына талдау жасау, баға беру, ғылымның еншісінде болса, осы миссияны С.С.Қирабаев абыроймен атқарып шықты. Жоғарыда аталған азаматтардың әрқайсысының өмірі мен шығармашылығы туралы бір-бір монография жазды. Спандияр мұрасынан - каңдидаттық, Сәкен шығармашылығынан - докторлық диссертация қорғады. Әдебиеттану ғылымы мен ғылыми жобаларды ұйымдастырудағы бастамашыл еңбегі еленіп, Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі (академик) болып сайланды, ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды.

Сыншы ретінде Серік Смайылұлы 50-жылдардан Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі әдебиетте өз үні бар жасамыс та, жас та ақын-жазушылардың шығармаларына әділ талдау жасады. Әдебиетші айталық, марқұм Мұқан Иманжанов пен Жұмағали Саин шығармашылығындағы шеберлік һәм ерекшелікті 50-жылдары-ақ дөп айта алды. Сондай-ақ ол марқұм Оралхан Бөкеев прозасындағы психологизм сырын, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Б.Қыдырбекұлы т.б. романдарындағы тарихи шыңайылық пен көркемдік шешім мәселесін, Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ф.Оңғарсынова, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев т.б. поэзиясындағы лиризм, пафос, философиялық ой-толғам жайын жан-жақты қарастырады. Зерттеуші С.Қирабаев әркез әдебиеттің өткен жолы мен қазіргі бағыт-бағдарын салыстыра отырып талдау жүргізді. Бұл ретте ол ХVІІІ-ХІХ ғасыр ақын-жазушыларының шығармаларына, әсіресе "зар заман" әдебиетінің өкілдеріне, Абай мен оның төңірегіндегі ақындарға, Шоқан мен Ыбырайға, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит мұрасына қайта-қайта оралып, өз тұсыңдағы қаламгер еңбегіне алдыңғылардың биігінен қарады. Әдебиетіміздегі көркемдік пен шеберліктің эволюциясына ғылыми сипаттама беруге көп қайрат жұмсады. Ғалымның «Өрлеу жолында», «Октябрь және қазақ әдебиеті», «Әдебиет және дәуір талабы», «Революция және әдебиет» (2 том), «Шыңдық пен шығарма», «Талантқа құрмет», «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», «¥лт тәуелсіздігі және әдебиет», «Тәуелсіздік рухымен», «Тарих және әдебиет», «Өмір тағылымдары» т.б. кітаптары жоғарыдағы пікірімізді растайды.

Әлбетте, ғалымның еңбегі жазған кітабының санымен емес, сапасымен өлшенсе керек. Осы тұрғыдан келгенде Серік Смайылұлының әрбір кітабы оқырман көкейінен шығып, әдебиеттанудың көкейтесті зәруліктерін шешуге жәрдемін тигізді. Академик С.Қирабаев - қырықтан аса ғылым кандидатьна жетекшілік етіп, жиырмадан аса ғылым докторына кеңес беріпті. Бұл - алпыс еңбекке бағыт сілтеді, кемі алпыс ғылыми жаңалықтың ашылуына мұрындық болды деген сөз. Сондай-ақ ғылыми жетекші болуда ешқашан сан қуған емес. Әлі есімде, бір жолы белсенділеу әріптесіне ол кісінің: «Шай ішкен жеріңе кандидаттық, ет жеген жеріңе докторлық қорғатқаның жарасапас. Ғылымды ғылымның адамына қорғат» дегені бар. Жалпы академиктік атақтың жауапкершілігі де, талабы да осындайда байқалса керек.
Өз басым Серік Смайылұлын 1983 жылдан білемін. Аспайтын, менмендіктен ада, сырт келбеті де, жан дүниесі де ғалым деген ұғымның тура баламасындай осы жаннан кісілік қасиет анық байқалатын. Студент күнімізде талапшыл, жастарды тынбай ғылымға шақыратын профессор С.Қирабаевты білуші едік. Оқу бітірген соң, Құдай бұйырып, осы кісі басқарған ғылыми-зерттеу институтына қабылданғанда, Секеңнің әділдігіне тағы көзіміз жетті. Жасырып не керек, 80-жылдары Алматыдағы қазақ оқығандары жұмыс істейтін мекемелердің ағзасын түрлі "...шылдық" пен "...шілдік" дерт әбден меңдеген еді. Академия да осыдан құралақан емес-тін. Ғабиден Мұстафиндей ірі тұлғадан тәлім алған Серік Смайылұлы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қызметкерлерін жаппай ғылымға жұмылдыра алды. Бос әңгіме өздігінен тыйылып, жайына қалды. Секеңнің объективтілігін барлық ғалымдар айтып жүрді. Институтты басқарған жылдары ғалым кең ауқымда ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Қолжазба орталығын, абайтану, ежелгі әдебиет бөлімдерін ашты. Талантты жастарға өзі жеке хабарласып (көп лауазымды адам мұндайды кішірею деп біледі), оларды ғылымға тартты. Ұлтымызға танымал Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы, Құлбек Ергөбек, Тұрсын Жұртбай, Тұрсынжан Шапай, Бейсенбай Байғали ғылымға қаламгерлік мен деректанудан Секеңнің тұсында келді.

Бұл жылдары руханиятта «ақтаңдақ» тұлғаларды тарихқа ендіру мәселесі көтерілген еді. Секең тиісті орындардан қаржы тауып, жастарды Мәскеу, Петербор, Орынбор, Омбы, Ташкент, Қазан, Уфа т.б. қалалардың архивтеріне жіберіп, Шәкәрім, Ахмет, Әлихан, Ғұмар, Мәшһүр Жүсіп, Мағжан, Смағұл, Қошке, Жүсіпбек, Міржақып сынды тұлғалардың еңбектерін, оларға қатысты  кұжаттарды жинатты. Осыңдай игі миссия маған да бұйырды, ескі мұраға ықыласымды аударғаны үшін ұстазымызға әрқашан қарыздармыз.
90-жылдардағы академик Серік Қирабаевтың елеулі еңбегі - дана да дара ақын Абай Құнанбайұлының 2 томдық академиялық шығармалар жинағы мен ақын туралы зерттеулердің жазылуына мұрындық болуы еді. Сырт көзге көріне бермейтін бейнеті көп осы жұмысты Секең ақының 150 жылдық меретойынан үш-төрт жыл бұрын бастады. Нәтижесінде білікті абайтанушылар тобы құрылды. Бұл топ Абайдың бұрынғы басылымдарында қате жазылып келген 250-ден астам сөзді қалпына келтірді. Ақынның әрбір сөзі, әрбір сөйлемі ғылым таразысына салынды. Сөйтіп үлкен мәтінтанушылық жұмыс жүргізді.

Серік Смайылұлы ғалым, сыншы ретінде ғылыми орта мен оқырманға қаншама тұлғаның шығармашылық даралығын, ерекшелігін талдап, саралап жеткізе алды. Сыншының қазіргі әдеби үдеріс туралы жазған еңбектері де аз емес. Мұның бәрінен де Секеңнің оқушылар талғамын қалыптастыруға деген ниеті, әдебиет деңгейін көтеруге деген жанашыр көңілі байқалады. Сондықтан 60-70 жылдардағы әдеби жиын-съездерді, әдеби жинақтарды, басылымдарды сыншы Серік Қирабаев есімінсіз елестету қиын. «Әдебиет - ардың ісі» деген нақыл сол шақтың сипатын дәл көрсете алады. Аталған шақта әдебиет пен әдебиеттану да тоқырау емес, өрлеу болғанын руханиятқа ықыласты жұрт жақсы біледі.

Дей тұрғанмен, ғалым С.Қирабаевтың тұлғасы халыққа қазақ әдебиеті оқулығының авторы ретінде де аса ыстық. Оқулық - бала көзқарасын қалыптастырушы, оқулық - жаны ақ парақ бала мен ғылымның арасындағы дәнекер. Бұл орайда Серік Смайылұлы А.Байтұрсынұлы бастаған отандық оқулық жазу ісіне табанды түрде еңбек сіңіргенін айтқан лазым. 1952 жылдан бері жарты ғасыр үзіліссіз мектепке, жоғары оқу орындарына қазақ әдебиеті бойынша оқулық пен оқу құралдарын жазып келеді десек, біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ көргенде оған көзі анық жетер. Елу жылда миллиондаған қазақ баласы мектеп көрді. Солардың ішінен мыңдаған жазушы, сан мыңдаған мұғалім шықты. Ал осылардың бәрі - Секең сияқты оқулық авторларының шәкірті десек, қателесеміз бе? Біреу жас болып, біреу қаймана болып оқулық авторының кім екеніне кезінде назар аударған жоқ шығар. Бірақ бұған қарап, бұл азаматтардың рухани әлемі толықпады дей алмаспыз. Сондай-ақ, оларға С.Қирабаевтай оқулық авторы ғалымдардың да нағыз ұстаз болғанын ешкім теріс демес.

Секеңді жақсы әрі жақын танитын шәкірттері біледі, ол кісі ешқашан «мен түгенді бітірдім, мынаны орындап тастадым» деп кеудесін соқпайды. Менмендікке бармайды. Нағыз ұстаз, шын ғалым қалпында қанағатшылықпен, адамшылықпен жүреді. Жас әдебиетшілер арасында ол кісінің әділдігі, сөзі мен ісі бір жерден шыққан азаматтығы жиі әңгіме етіледі.
80-жылдардың соңынан бастап бізде ояну және ойлану, яки ел болу үдерісі жүріп жатыр. Бұны «Тәуелсіздіктің мәнін және қадірін түсіну үдерісі» десек қателеспеспіз. Мұндайда асығыстық - жау, байыптылық - дос болатыны түсінікті. Осы аталған уақытта қазақ баспасөзінде академик Серік Қирабаев әдебиет, өнер, білім туралы қаншама сұхбат берді немесе нешеме байыпты мақала жазды. Солардың ішінде 90-жылдардың басындағы «Туған әдебиетіміз бен өнерімізге кім жанашыр болады?» атты үндеу-мақаласы, ғылыми мамандарды әзірлеу проблемасы туралы мақаласы, 1990-2000 жылдары жарияланған сұхбаттары әдеби-ғылыми ортаны, елді бейжай қалдырмады. Соның бірінде академик: «Қай заманда болса да әдебиет уақыт шындығы мен тарихты жазу негізінде өрістеген. Тәуелсіздік заманында да солай болуға тиісті» деп жазды. Тағы бірде: «Дәстүр әр халықтың ұлттық тұрақты ұғым-түсінігі, көзқарасы негізінде туады, көркемдік ойлаудың ұлттық ерекшеліктеріне сүйенеді» деп тұжырымдады.
Өмір - мектеп, ғалымның ғұмыры мен шығармашылығы - таңдаулы мектеп. Алдағы кезде де Секеңнің әдебиет пен әдебиеттану ақсақалы ретінде тұлғалар мұрасы мен мұратын қалың оқырманға кеңінен аша беретініне сенімдіміз.

Қазір академик Серік Қирабаев өзі дамытқан М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында және ұзақ жылдар бойы ғылыми-біліми байланысын үзбеген Абай атындағы ҚазПИ-де (ҚазҰПУ) қызмет істейді. Астананың ғылыми ортасымен де қоян-қолтық байланыста. Ғылымда да, білім саласында да салиқалы ақсақал Секеңнің әдемі қартайып келе жатқаны да жарасымды әрі тағылымды.
Ақылы кемел, пайымы терең, жады мықты ғалым, ұстаз, әдебиетші Серік Смайылұлының шығармашылығы мен кісілік қасиетінен отандастарымыз, жалпы оқығандар алуға тиіс тағылым аз болмаса керек.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,
профессор

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2021
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2437
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2022
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587