Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ақмылтық 5383 7 пікір 9 Ақпан, 2021 сағат 21:45

Октябрь қашан Әлихан ауданы болады?

Қарағанды облысында Октябрь деген аудан бар. Қарағандының құрамындағы әкімшілік-аумақтық бөлік деп саналады. Халық саны 250 мыңға жуықтайды (2018 жылғы есеп бойынша). Ресми тілі – қазақ тілі. Аудан 1938 жылы құрылған. 1961 жылға дейін Сталин ауданы деп аталып келген.

Октябрь ауданы Қарағанды облысындағы ірі аудандардың бірі. Оған Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беру туралы сөз айтылып келе жатқанына да он жылға жуықтады. Жергілікті халық, қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері т.б. бұл мәселені жыл сайын облыстық және республикалық деңгейде көтергенімен, «Октябрь» деген қанды ауыз қызыл өкімет тұсында таңылған советтік атау Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылында өзгерген жоқ! Оны өзгертуге бастамашыл топтар мен оларды қолдаған жергілікті халықтың ғана ниеті болмаса, биліктілер тарапынан кейде құрғақ уәде, кейде қызыл сөз, кейді тіпті, мардымды жауап та болмай келген еді.

Міне, осы мәселе жақын арада шешімін тауып, Қарағанды жұрты советтік атауға қош айтатын көрінеді. Олай дейтініміз - қоғам белсендісі, саясаткер Бейбіт Құлмағамбет бүгін өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында отыз жылда өзгермеген Октябрь ауданына жақын арада Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның есімі берілетінін айтып, сүйіншіледі.


«Қалың қазақ Елі, сүйінші !

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының атауын ауыстырып, Әлихан Бөкейхан есімін берілуін қолдапты!

Қала ауданы атауының өзгертілуі бекітілген арнайы процедураға негізделген. Қоғамдық тыңдаулардың өтуі , қала мәслихаты депутаттарының дауыс беруі және ономастиқалық комиссияның арнайы жұмыстарының жүргізілуін қажет ететін күрделі және уақыт талап ететін іс екені барлығымызға белгілі. Өз уақытымен өтетін жұмыс, бастама болса жарияланды, негізгі бағыт белгіленді.

Бүгін бұл тарихи маңызы бар жаңалықты, облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек мырза «Ақ жол» партиясы филиалы басшысы Ермек Абильдинмен өткізген кездесу кезінде хабарлаған екен.

Қарағанды қаласының белсенді азаматтарының жылдар бойы көтеріп жүрген маңызды мәселесі ақырында оң шешімін тауып, президент Қ.К.Тоқаев мырза бұл шешімді қолдапты!

Бұл - Алаш қайраткері, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхан атамызға лайық Ұлы сый, үлкен құрмет! Октябрь ауданы деген, коммунистік жүйенің атының орнына Алаш Орда қайраткерінің есімінің дәл қазір берілуінде үлкен мән-мағына жатыр. Бұл соңғы кездегі Егемендігімізге, мемлекет тұрақтылығына қарсы кейбір сыртқы және ішкі күштерге уақытында берілген жауап. Мемлекетіміздің ұлттық мүддеге негізделген жаңа ішкі және сыртқы саясат жүргізе бастағанының далелі. Тәуелсіз еліміз - Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!», - деп жазды Бейбіт Құлмағамбет.


Біз Бейбіт мырзаға шұғыл хабарласып, ақпараттың анық-қанығын сұраған едік, бұл туралы толық әрі нақты ақпарат әлі айтылмаған екен. «Жақын арада белгілі болар. Әлі қыруар жұмыс бар. Бұл бастамасы», - деген жауап алдық.

Тақырыпқа тұздық. Жоғарыда біз Қарағандының Октябрь ауданына Ұлт көсемі, Алаш қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның есімін беру туралы бастама он жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айттық. Әр жолы халық талап қойған сайын, облыс басшылары да бұл мәселені жылы жауып келген еді. Солардың бірсыпыра мысалы:

Картинки по запросу "Жеңіс Қасымбек"

Әуелі Жеңіс Қасымбек. Қарағанды облысының қазіргі әкімі. Жоғарыдағы ақпарат бойынша, Октябрь ауданына Әлиханның есімі берілетіні туралы Президент шешімін естірткен осы әкім. Жасы 45-те. Бұрын Үкіметте министр, премьер-министрдің орынбасары болған. Қарағанды облысына 2019 жылдың қыркүйегінде барған.

Жеңіс Қасымбекке дейін облысты басқарған екі әкім де Октябрь ауданының атын ауыстыру туралы дүйім жұртқа уәде беріп, аяғында орындамай, орындай алмай кеткен.

Картинки по запросу "Нұрмұхамбет Әбдібеков"

Сөзінен тайқыған әкім - Нұрмұхамбет Әбдібеков

2017 жылдың ақпаны:

Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков халыққа есеп беру жиынын өткізіп, Октябрь ауданының атын ауыстыру туралы сұраққа жауап бере алмаған.

Сол жолы халық талабын қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов айтқан еді. Әкім Әбдібеков не «ақ» деген жоқ, не «қара» деген жоқ. «Сұрақ қабылданды», - деп қысқа ғана қайырған.

Нұрмұхамбет Әбдібеков облысты 2014-2017 жылдар аралығында басқарған. Ол облыс басқарған 2016 жылы Алаш көсемінің 150 жылдың мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді. Аты дардай болғанымен, атап өтудің ырымы ғана жасалды. Сол тойда жаңағы әкім Әбдібеков: «Қарағанды облысын­да Әлихан Бөкейхан атындағы аудан пайда болады», деп мәлімдеді.

Әкім айтып, сүйіншілеген әлгі хабар дереу ақпарат құралдарында таралды. Артынан ілі-шала оншақты ғана мүшесі бар «Сарыарқа» дейтін азшылық топтан құралған клуб әкімнің бұл бастамасына ынта-шынтасымен қарсы екенін жеткізді. Үлкен тойда тұтас халықтың алдында уәде берген әкім 10 адамнан тұратын клубтан қаймығып, бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырды.

Картинки по запросу "Ерлан Қошанов"

Уәде берген тағы бір әкім – Ерлан Қошанов

2018 жылдың ақпаны: Сол кездегі облыс басшысы Ерлан Қошанов халыққа есеп беру жиынында «Әлихан Бөкей­хан­ның есімін – Октябрь ауданына беру қашан шешіледі», деген сұраққа: «Бұл әкімнің бұйрығымен шешілетін мәселе емес. Сол ауданда 250 мыңнан аса адам тұрады. Сол халықтың пікірімен санасып, әуелі аудан көлемінде, қала көлемінде тыңдаулар өткізіп, солай жасау керек. Егер ресми жауап берсем де қол қойып шешіле салатын шаруа емес. Азамат ретін­де, осы елдің тұрғыны ретінде сізбен келісе­мін.

Сіз «Қыр баласы» дегенді блесіз бе? Ол – Әлихан Бөкейханның бүркеншік аты. 1920 жыл­дары «Қазақ» газетіне осы есіммен Әлихан Бөкей­хан мақала жазған. «Қалтқысыз қызмет істе­ген, елге еңбегі сіңген тұлғаның есімі қағазда емес, жүрек­тің түпкірінде сақталуы керек» деп жаза­ды. Әлихан Бөкейханның есімі жүрегі­міз­дің түбінде сақтаулы. Әкім болып тұрғанда соған әрекет жасаймын деп уәде беремін», - деген еді Ерлан Қошанов.

Ерлан Қошанов 2017 жылдың наурызы мен 2019 жылдың қыркүйегі аралығында облыс басшысы болды. Бірақ, мәселе шешілген жоқ! Қазір Ерлан Жақанұлы Президент Әкімшілігінің жетекшісі.

Түйін. Жеңіс Қасымбекке дейін ел-жұрттың алдында уәде берген екі әкім де сөздерінде тұрған жоқ. Алаш қайраткерінің есімін ауданға беру мәселесі қазақ билігінің, Қазақстан билігінің қолынан соңғы отыз жылда келген жоқ. Ұлт көсе­міне құрмет көрсету, оның еңбегі мен есімін келер ұрпаққа насихаттау ісі бір ауданның атауын ауыстыруға қа­рап қалмағаны да рас. Алайда қазақ үшін қан­қасап Октябрьден Алаш арысы анағұр­лым қадірлі екенін уәдешіл әкімдердің есіне және бір мәрте сала кеткен артық болмас...

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің отызыншы жылы. Ендеше, етектен тартып, кері сүйреген әлдебіреулердің ығына жығыла бермей, Алаш көсемі Әлиханның әруағы алдындағы парызымызды өтеуге тиістіміз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

7 пікір