Сенбі, 4 Мамыр 2024
Деп жатыр 4595 2 пікір 9 Ақпан, 2021 сағат 15:21

Зеленский: «Совет газеттерін оқымаңыз»

Украина президенті Владимир Зеленский Facebook парақшасында елдегі «112 Украина», «NewsOne» және «ZIK» телеарналарының жабылуына қатысты пікір білдіріп, оларға салынған санкцияларды заңды, ақылға қонымды және әділ деп атады.

Зеленский өз пікірінде «украин жазушысы» Михаил Булгаковтың сөзін мысалға келтірді.

«Булгаковтың: «Түскі астың алдында кеңес газеттерін оқымаңыз» деген сөзі бар. Классиктің сөзін сәл өзгертуге рұқсат етіңіз: Егер асыңыздың демін кетіргіңіз келмесе, сатылған БАҚ пен қалталылардың қолшоқпары болған телеарнаны көрмеңіз»,- деді Зеленский.

Сонымен қатар Ол, өз мәлімдемесін орыс тілінде түсіруі де кездейсоқтық емес екенін айтты.

«Өкінішке қарай, біздің адамдар орыс тіліндегі шылғи өтірік ақпараттар ағынының астында қалды. Бұл өтіріктерді жоққа шығару үшін, мен шындықты осы тілде айтып отырмын», - деді ол.

Сондай-ақ, Украина президенті телеарналардың жұмысына тыйым салуын қауіптің алдын алу деп бағалады.

«Кім-кімге де оккупацияланған аймақтармен бизнес жасау қалыпты нәрсе болса, сол аймақтардағы заңсыз, псевдоқұрылымдармен жұмыс істеу тиімді болса, сәйкесінше олар да Украинаға қауіпті деген сөз. Демек, мемлекет те олармен күреседі. Бұл қалыпты жағдай. Мен де президент ретінде мұндай қатерлердің алдын алу үшін қолымда бар кез келген заңды құралдармен әрекет етемін және оған міндеттімін. Салынған санкция да соның бір дәлелі»,- деді президент.

Зеленскийдің айтуынша, санкция салу туралы шешім 2014 жылы Украина аумағында соғыс жүріп жатқан сәтте қабылданған. Себебі, сол уақытта аталған арналар пропагандамен айналысқан.

«Сол жылдан бастап бізде санкциялар туралы Заң бар. Осы Заңға және Украина Конституциясына сәйкес, Украинаның Жоғарғы Радасының ұсыныстары мен оның 2018 жылғы Жарлығы негізінде, сонымен қатар Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің мәліметтері негізінде арналардың иесіне санкция салу және арналардың Украина аумағында хабар таратуын тоқтау туралы шешім қабылданған. Бұл салмақты шешімді қабылдау қажет болды», - деді Зеленский.

;feature=emb_title

Сонымен қатар, Украина президенті аталған шешімнің әділетті екенін айтты.

«Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің бұл шешімі заңды, ақылға қонымды, ең бастысы - әділетті. Мұны АҚШ, Еуроодақ пен Үлкен жетілік елдері толығымен қолдайды. Олар цензура мен ұлттық қауіпсіздіктің айырмасын анық көріп отыр»,- деді ол.

Зеленскийдің айтуынша, аталған арналар ақпаратты бұрмалаумен айналысып, Украина мен Ресей арасындағы соғысты жоққа шығарып сөйлеген.

«Бұл үш арна да халыққа жалған ақапарат таратқан. Олар екі ел арасындағы соғысты көре тұра, Ресей агрессиясы жоқ деп сөйлеген. Ал, шын мәнінде ол бар. Мәселен, олар Украина мен Ресей азаматтары соғысып жатыр деген жоқ. Керісінше, бұл біздің ішкі қақтығысымыз деп сөйледі»,- дейді Зеленский.

Картинки по запросу "михаил саакашвили"

Ал, Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Путиннің санкция салынған үш арнаны бір жарым миллиард долларға сатып алғанын айтты.

«Кезінде Грузияда Путин миллиардер Иванишвилиге өзінің сайлау науқанын жүргізу үшін 2 миллиард доллар бөлген. Ол осы ақшаға көптеген грузин саясаткерлері мен сайлаушыларын сатып алды. Бірақ ең бастысы, осы ақшаға ол өзінің агитациясын жасады және басқа бұқаралық ақпарат құралдарын сатып алды. Содан кейін біз оған қарсы демократиялық әдістермен ғана әрекет етуге болады деп ойладық. Бірақ, біз қателескен едік... Ал, Зеленский дәл қазір дұрыс қадамға барды. Себебі бұл агрессор елдің гибридті соғысынан өзін-өзі қорғау әрекеті. Оның ең маңызды бөлігі бұқаралық ақпарат құралдары.

Біз білетіндей, Путин Медведчукке бұқаралық ақпарат құралдарын сатып алу үшін бір жарым миллиард доллар бөлді. Сөйтіп ол үш арнаны сатып алды»,- деп жазды саясаткер.

Алайда, ол Зеленскийдің бұл шешімі үлкен қауіпке апаратынын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл тек процестің бастамасы ғана. Сондықтан, Зеленский бұл күрделі соғыста өте шешуші қадамдарға баруы тиіс.

«Соғыс басталды және жеңіске жету керек. Өйткені бұл соғыстағы жеңіліс - Украина мемлекетінің күйреуіне апарады. Сондықтан, жеңістен басқа жол жоқ»,- деді Саакашвили.

Айта кетейік, бұған дейін Украина перзиденті «Оппозициялық платформа - Өмір үшін» (OPZH) партиясынан сайланған Жоғарғы Раданың депутаты Тарас Козак пен оған тиесілі «112 Украина»  «NewsOne» және «ZIK» телеарналарына санкция салу туралы жарлыққа қол қойды. 

Ал, бүгін БАҚ беттерінде Украин әскерінің НАТО-мен әскери жаттығу өткізетіні туралы ақпарат жарияланды.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1070
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 965
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 713
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 815