Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 12545 0 пікір 7 Наурыз, 2012 сағат 12:19

Арулар - асыл жандар!

8-нші наурыз - халықаралық әйелдер күні.

Әйелсіз дүние - тұл. Әлемнің жарығы - Ана. Бойымызға қуат, өмірімізге мазмұн дарытып отырған да аяулы аналар, асыл жарлар. Елдіктің, тыныштықтың, береке мен бірліктің әр шаңырақтың ұйытқысы болып отырған да осы аяулы жандар.

«Abai.kz» ақпараттық порталы ақ жаулықты аналарды, қыз-келіншектерді 8 наурыз мерекесімен құттықтап, шаңырақтарға шаттық, бақыт тілейді!

«Абай-ақпарат»

 

Абай Құнанбайұлы. Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы

 

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.

Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы,

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.

Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды.

Тақтадай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.

Етіндей жас баланың білегі бар,

Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.

Қолаң қара шашы бар жібек талды

Торғындай толқын ұрып көз таңдайды.

 

8-нші наурыз - халықаралық әйелдер күні.

Әйелсіз дүние - тұл. Әлемнің жарығы - Ана. Бойымызға қуат, өмірімізге мазмұн дарытып отырған да аяулы аналар, асыл жарлар. Елдіктің, тыныштықтың, береке мен бірліктің әр шаңырақтың ұйытқысы болып отырған да осы аяулы жандар.

«Abai.kz» ақпараттық порталы ақ жаулықты аналарды, қыз-келіншектерді 8 наурыз мерекесімен құттықтап, шаңырақтарға шаттық, бақыт тілейді!

«Абай-ақпарат»

 

Абай Құнанбайұлы. Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы

 

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.

Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы,

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.

Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды.

Тақтадай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.

Етіндей жас баланың білегі бар,

Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.

Қолаң қара шашы бар жібек талды

Торғындай толқын ұрып көз таңдайды.

 

Мұқағали Мақатаев. Арулар

 

Арулар - асыл жандар!

Шуақ боп шашылғандар,

Қуат боп тасынғандар,

Құшақ боп ашылғандар,

Арулар -  асыл жандар!

Арулар - асыл жарлар!

Арулар - әрбір үйдің шаңырағы,

Әрбір үйге от болып жағылады.

Әрбір үйде таң болып атты-дағы,

Әрбір үйге сәуле боп жамырады.

Жимайды-ау бір шашылған шуақтарын,

Саясына келеді-ау, шуақтағың.

Жамандыққа қиярсың қалай ғана,

Жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын.

Арулар - асыл жарлар, сағыныштар,

Өтініштер, құшақтар, жалыныштар...

Жек көрсе олар жүрегін мұз жасайды,

Жақсы көрсе балқытып, жанына ұстар.

Арулар - аяулылар, ардақтылар,

Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.

Арулар - тіршілікке күре тамыр,

Өмірді бір-біріне жалғап тұрар.

 

Сүйген ерін

 

Сүйгісі келе берер сүйген ерін,

Сүй, жаным!

Сүйкімді бір күйге енемін.

Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,

Ағытшы бешпетіңнің түймелерін?

Сүй, жаным!

Сүйе бергін, кім біледі...

Бір кезде еске аларсьң түнді, мені.

...Жалт етіп өте шыққан баяғыда,

Жастықтың талықсыған бір күні еді.

Ұялып, барады өтіп бұлақ - бала,

Бұйығып, үн қатпайды жылап қана.

Баланың маңдайынан сипалаған,

Дірілдеп айдан тамған шуақ қана.

Тау-аталар түкситіп қабақтарын,

- Ар аттадың,- дегендей,- қарақтарым.

Сүйген жүрек қалады есеңгіреп,

Есеңгіреп, білмеппіз таң атқанын.

Сүйген ерін сүйгісі келе берер,

О, жастық! Махаббат тап, көгере бер!

Сүйгемін жоқ, өлгемін - дер едім мен,

Сүйдің бе деп сұраса менен егер...

 

Төлеген Айбергенов. Ойлай бер мені...

 

Тағатсыз күткен ыстық үн,

Жаралы хал ғой - ғашық хал.

Күйсандық көрсең, бір тілін

Мені ойлап бар да, басып қал.

Тек қана көзге жас алма,

Ойлай бер мені күніге.

Махаббаттардың қашанда

Ойламау жеткен түбіне.

Жаныма қап ең жақын боп,

Жүректе бүгін сыздау көп.

Мен болсам кеттім ақын боп,

Азырақ бақытсыздау боп...

Жолығар болсам қайта мен

Сағыныш толы сол шақпен.

Бәрін де саған айтар ем

Жалғыз-ақ тамшы моншақпен.

***

Махаббат! Неткен алып, қайратты едің,

Мен сені мұншалық деп ойлап па едім.

Тұсаулап, табандатып тағдырымды,

Қолына қара көздің байлап бердің.

Көп екен өмір сыры білгізбеген,

Жаны пәк таныстым да бір қызбенен,

Түріліп шаттығымның томағасы,

Сырласа бастадым ай, жұлдызбенен.

Көз алмай қарай бердім кіл шыңдардан,

Қиялдан қолын созып құлшынды арман.

Әйтеуір, сол бір қызға кездестім де,

Тап болдым қуанышқа тыншымды алған.

 

Тұманбай Молдағалиев. 8 март

 

Әйелдердің күні дейді бұл күнді,

Бақтар жайнап, сайратады бұлбұлды.

Еркек түгел еркелерге берем деп,

Қолдарына ұстап апты бір гүлді.

Осынау күн - беделі бір өскен күн,

Жұрттың бәрін мен өзіме дос көрдім.

Қай қияға жұмсаса да баратын,

Әйелдерге антын бұзбас әскермін.

Ұмытылмай сонау жастық кездегі

Айтылады махаббаттың сөздері.

Гүлді ерекше ұнатады әйелдер,

Гүлдерге ұқсап тұрғаннан соң өздері.

Көктем алды Алатаудың өңірін,

Таңмен бірге әнге басты Бек інім.

Бір шоқ гүлді менде келем көтеріп,

Күлтайымның алайын деп көңілін.

 

Мұхтар Шаханов. Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ

 

Отырарда бір қадірлі қарияның қанатты

Тұлпар тектес аты бопты сүйсінткен бар алапты.

Мінезі сәл жайсыз екен шодыр бала іспетті, -

Шаршап-талып шөлдесе де арықтан су ішпепті.

Жек көргені жақын келсе, тарпып, теуіп тістепті,

Содан аяқ шідерленіп, бастан жүген түспепті.

Бозбалалар сымбатына көз тастайтын табына,

Қарияның ай дидарлы қызы бопты тағы да.

Сол жас ару, әкесіне былай депті бір күні:

- Әке, сенің дарқандығың шақырады күлкіні,

Қиқар, тентек мына атыңды мәпелеуді қоймайсың,

Айырбастап,

сатып,

сойып, неге көзін жоймайсың?

- Рас, қызым, сөзіңнің жоқ қатесі,

Аттың қиқар мінезі бар, - деп күрсінді әкесі, -

Тек бұл бейбақ - ат біткеннің зерегі,

Түскен кезде бәйгелерге, жарысқа,

Жаралғандай шабу үшін алысқа

Арын салып,

күшін, терін төгеді,

Бірақ сөзсіз бірінші боп келеді.

Әйгілеген елге күшін,

Сол ғаламат еңбегі үшін,

Қиқарлығын кешіруге болмай ма?!

Кешірмесек, бетте таңба қалмай ма?!

Аз ба елде тұлпарды асқан бағы бар,

Жуас,

көнбіс,

моп-момақан жабылар?!

Қасиетін сезбесе де, тәлім алар, табынар,

Жуасты әркез мақтайтын жұрт табылар.

Бәлкім, тұлпар сол үшін де ызалы,

Ызалыны бағалауға шабандаумыз біз әлі.

Нағыз еркек тұлпарға ұқсас, айнам-ау,

Саған қылмыс ол жайында ойламау.

Толғағы кем талғамыңа бар таңым,

Басыңа бақ қонбай ма деп қорқамын...

Дұрыс шығып әкесінің есебі,

Қыздың жолы болмай қапты деседі.

Ойлан, жуас жан іздеген, жар іздеген, жас талап,

Өмір сенің күткеніңнен әлдеқайда басқарақ,

Еркек сұлу көрінбей ме еркімен,

Еркіндіктің нұры ойнаған көркімен.

Жалғандыққа күрес ашқан ісімен,

Сүйгеніне берген қайсар сертімен

Және соны қорғай білген күшімен.

Ойлы әлемнің әйелдерсіз күні бар ма көктеген,

Әйтсе де мен әйелге ұқсас еркектерді жек көрем!

Еркектерге еліктеген әйелдің де аз табары,

Иә, әр жыныс өз мінезін сақтауымен бағалы.

Жігіт жігіт санала ма бұғып жүрсе тасаңда,

Өз пікірі жоқ еркектен қорқу керек қашанда!

Қанаттыны кері тартып, табандап,

Ұшар кезде ұша алмайтын шабандап,

Өз пікірі жоқ еркектер ел басқарса, не болмақ?!

Тоқтамайды еркектер мен телпектердің жарысы,

Ойлан, қалқам, еркекті еркек етіп келген - намысы.

Мықты кім бар намыс атты батырдан,

Бір сөз үшін қаншама еркек тіршіліктен жан кешті.

Бір сөз үшін жекпе-жекке шақырған

Қайсар Пушкин Дантесті.

Ар-намыстың құрбандығы

Аз болмапты, қайраулы әлі әділеттің балтасы.

Жердің аман тұрғандығы -

Сол намысқой еркектердің арқасы.

Әркез нұрлы үміт сеуіп алдымызда таң жатсын,

Қайғы келсе жеңілмейтін,

Бақыт келсе семірмейтін,

Ер мінезін қадірлейтін

Әйелдердің даңқы артсын!

Ал, жас ару, тұрмайды ешкім жолыңда,

Өз тағдырың дәл қазір өз қолыңда.

Талғамыңды әйгілей ме талабың,

Көкейіңді сезіп тұрмын, қарағым.

Айтқаныңнан шықпайтын,

Меселіңді жықпайтын,

Саған момын, жұп-жуас еркек керек,

Жо-жоқ, еркек емес-ау, телпек керек.

Егер бүгін қайта туса ұлы Абай,

Ол да саған қалар еді ұнамай.

Бақаның да әніне сай бағы бар,

Іздегенің жабы болса, табылар.

Нағыз бақыт тұяғымен тұлпардың,

Қиялымен сұңқардың

Өлшенетін мына ұшқыр заманда

Бірте-бірте құнсызданар бағаң да.

Мен сенемін, шын еркектің алдында

Қызаратын күн туады саған да...

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Тек ол күннің кеш келгені жаман да!

 

Жұматай Жақыпбаев. Ләйлә

 

О, Ләйлә

Мұңсызбын демеспін,

Қайғырса, қанатсыз емес кім?!

Бірақ та жынданып кететін,

Мен саған Мәжнүн емеспін!

Қара алмас көзді қасың да керік,
Қадалмас саған жан қайда?!
«Хамсадан» біздің ғасырға келіп
Қалып ең қалай паң Ләйлә?!

Жүрегім бұлай бүлінбес еді,
Кетпес еді ес-түсім.
Хиссадан шыққан күніңде сені
Көрдім мен биде кешкісін.

Жарқылдап жүзің, жайнады өңің,
Қарасам - қайта жоқ бопсың.
Өлеңнен келген Ләйләні менің
Өлеңім қалай тоқтатсын?!

Екеуміз екі ұдай жолды өттік,
Өрлерге жетелеп от кеуде.
Көп жанға дарыған сергектік
О, Ләйлә емге де жоқ менде.

Сонда да сен үшін көнем де,
Бұл басқа қилы бір бақ қонса.
Мен жылап жазған бір өлеңге
Күлді жұрт ішегі қатқанша.

Күлді жұрт. Қосыла күлдім мен,
Еріген секілді жеке мұң.
Сол жолы күлдім мен, білдім мен
Қайғың да қуаныш екенін.

Айта алмайтын бағасын кейде ерін дәл
Мерзімі бар сақталар бейненің де әр.
Күнде естесің - меңің бар ақ жүзіңде,
Биқасап көйлегің бар.

Жадым жақсы, жағымды қинамаймын,
Ибасы да асқақтау, илан, айым;
Көзді жұмсам, шығады бір көрініс
Ғажайып кинодайын.

Адам қатар өсірген айламенен
Айнала ағаш жап-жасыл айнала - емен,
Көлеңкеден шығасың... Басталады
Бір фильм «Ләйлә» деген.

Ғажап фильм осынау өңірдегі ең
Соны көріп мұңаям, көңілденем.
Жазып, қойып, шығарған режиссері
Бірақ оның Өмір деген.

Айыбым болса кеше жүр
Асқақтау жердің маралы.
Жырладым сені неше жыл
Жындантып неше қаланы?

Траптан түссең алға аттап,
Такаппар, асқақ түрменен,
Қалың ел сені ардақтап,
Қарсы алса деп ем гүлменен.

Дүние діні, тілі көп,
Дүрліге жылда той қамдап,
Ләйләнің туған күні деп
Ләйлісе деп ем мейрамдап.

Жетпеспін сонау арманға
Жеткенмен менде құдірет.
Ақынның тілін алған ба
Адамзат ауылы бір рет?!

Алдымнен менің жасыл тау, қызы таң күлген,
Өспірім күнім, тәуелсіз, тентек шағымда
Қаратал жақта бетпе-бет келіп қалдым мен
Биқасап киген бетіде мең бар сағымға.

Жанымда қалды жанары күндей сол өңі,
Ұмытқан жоқпын ернін де, екі-үш сөзін де.
Тектілік, шаттық, өрліктен басқа жоқ еді
Меңі бар жүзі менмендеу қара көзінде.

Аспанға щықты-ау асқақтап бала көңіл де,
Арнап ол маған аузынан гүлдер төгілсін!
Аспанға, Жерге, Ауаға, Баққа, Өмірге
Ақындық күшпен жаудырдым алғыс сол үшін.

Алдияр Өмір! Сағыныш күйін төгіп кіл,
Сарғайған кезім, саяқ та сартап шағымда
Қайтадан бір сәт, бір сәтке ғана жолықтыр
Ақ жүзді, меңді, атынан сұлу сағымға!

Ғажайып сәттің туарын сезіп те керім,
Күн мінез Ләйлә күлімдеп кезіккен едің..
Ерке жүректі, ер кеуде, ессіз құсыңның
Естімедің бе: «Ләй-лә», - деп ежіктегенін?!

Ойламай жүріп жан бар деп жалғанда керім,
Әлемнен мынау көңілім қалғанда менің
Өзіңді көріп өспірім, көзіңді көріп,
«Ақын болсам, - деп, - атақты», - армандап едім.

Жанымды жаншып жылатқан өкшең де... керім...
Басқаны көңілім баса алмай көксер менің?!
Арманым, саған атың мен затыңа лайық
Мәжнүн болып көрнекті, жетсем деп едім.

Тағдырға маған оңай бақ әперме деуші ем,
Ойлаушы ем жұрттың бәрін де әкем деп өңшең...
... Гүл ізеп жүріп күнінен айырылып қалған
Әпенде көрсең, сәлем айт, әпенде көрсең!

«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп күн,
«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп түн.

Дүниенің көріп жүрген күллі елін
Көрдім маған күннің қатты күлгенін.

Қатты күлді, әйелдерше күлді кеп:
«Сені тосып жүре ме ол, - деп, - үлбіреп?!»

Құшағы бар аялайтын аялы,
Түн мүсіркеп, түн кеп мені аяды.

Аяды кеп, аялады күлмеді,
Қоңыр үнмен жұбатты кеп түн мені:

«Мәңгі түнге жеткеніңше уақыт көп,
Күлкілі боп жүрісің де бақыт», - деп.

Аямайтын күн болып кел - бәрібір,
Аялайтын түн болып кел - бәрібір.

Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,
Қайыспастан қара жерше сүйемін.

Бастан өткен ғажайып сәт көбі ұмыт!..
Жан кіретін кез қайда екен бақтарға.
Ауызыңнан алқызыл гүл төгіліп,
Анадайдан өзің келе жатқанда?!

Өмір - ғажап! Сұлу болсын мұнан да,
Келісімнен тұрады оның күйі ішкі.
Жүректердің билеушісі туарда,
Оны иілтер жан тууға тиісті.

Туар, туар талай ғажап ұл да әлі,
Көш жолымен шайырлар да жиі өтпек.
Жұлдызымен қоса туған тұлғаны
Әкете алмас ешбір шайтан иектеп.

Он жетімде сен жайнаттың көзімді,
Үйрендім мен қарауды өсітп гүлге де.
Нағыз адам санаймын мен өзімді,
Сондықтан да қалай болған күнде де.

Өзі өскенмен суара алмас гүл өзін.
Оны әлпештер туған жердің құшағы.
Аққуларға тартты менің мінезім
Ол да ұнамды қасиеттің нышаны.

Мен қазақтың аққуынша сөйлермін
Гүлдесін деп болашақтың жас елі.
Бәрі-бәрі сенің сұлу бейнеңің
Тіл жеткісіз, айтып болмас әсері.

Мен өркен боп жайнаған жер құнарлы,
Ол жайында бере алмаспын жазып түк.
Жер астының суы өсірсе шынарды
Мені өсірді елімдегі нәзіктік.

Әңгіме өсер менің әрбір ізіме
Соны көрем мен көре алмас көп күннен.
Қара көзің және нұрлы жүзіңе
Мәңгі - бақи борыштар боп кеттім мен.

Қара алмас көзді қасың да керік,
Қадалмас саған жан қайда?!
«Хамсадан» біздің ғасырға келіп
Қалып ең қалай паң Ләйлә?!

Жүрегім бұлай бүлінбес еді,
Кетпес еді ес-түсім.
Хиссадан шыққан күніңде сені
Көрдім мен биде кешкісін.

Жарқылдап жүзің, жайнады өңің,
Қарасам - қайта жоқ бопсың.
Өлеңнен келген Ләйләні менің
Өлеңім қалай тоқтатсын?!

Айтқызбай қоймады ғой мұны ұятым,
Күште жоқ сыр бүгіп қап, жымиятын.
Жаным, сен - ақ кітапсың екі мың жыл
Толғанып тудыра алған Дүние - ақын.

Түрім жоқ мағынаңа сәрі қанар,
Тек сені төбесіне шығарады ар,
Кітапсың, бастан-аяқ жаттай алсам,
Мені де кемеңгер ғып шығара алар.

Көрді өмір кейітіп те сорлатып та,
Қойыным көзден ағар толды ақыққа.
Мен қашан мұқабаңды ашам сенің,
Мен қашан кенелемін сол бақытқа?!

«Айтамын жанның басқа әнін, -
Дедім де, - үміт жоқ енді», -
Ыза боп отқа тастадым
Өзіңе жазған өлеңді.

Қағазды баурап алды да,
Жалын кеп шеттен қармады.
Қалғаны түгел жанды да,
Бес әріп бар тұс жанбады.

Сарғыштау дақ бар бетінде,
Сол үшін өртпен дүрдараз.
Ошақтың қалды шетінде
«Ләйлә» деп құйттай бір қаңаз.

Жұлып кеп алдым ойланбай
Аз болар бұл сәт ойда тым.
Жүректен өшпей қойғандай,
Отқа да жанбай қойды атың.

Жуғам жоқ ащы жаңбырмен
Жасыған, мұңды жанарды.
Шашым да шәркез тағдырмен
Шатыраш ойнап ағарды.

Дүние сыртын бергенде,
Мырс еттім бейбіи көңілмен
Боз жусан өскен мен белде
Бозторғай сөзі төгілген.

Төресі қару-жарақтың
Төңкере алмас тақ көрдім.
Орынын қара шанақтың
Ойыма келді ап бергім.

«Жазмыштан» бірақ озбай тұр,
Жанары тауға қараған
Тарлан бір ашқан боздай тіл,
Бауырынан күнде жараған.

Қай гүлін сөздің төкпедім
Жолыңа сенің шын ұлы!
Алқара шашты көктемім,
Арманның жалғыз құлыны

Шығармай жүрдім бір де естен,
Ұмытып ұйқы-күлкіні,
Бір рет қана тілдескен
Бейнеңді сенің күн-түні.

Қай жұмыс мейлі істесем,
Қуат боп жүрдің көңілге.
Көзіме менің түспесең,
Не көрдім дер ем өмірде?!

Тәңірім талай түске енген,
Тентек те қылдың ақылды.
Ақындық жолға түскенде ем,
Жыр қылып сұлу атыңды.

Сұлулық - талант, жанымның
Қонған-ды саған дарыны,
Өспірім менің шағымның
Өшпеген жалғыз жалыны.

Қаншама арман болса елде,
Соншама маған өптіргін.
Қай күні қашан келсең де,
Күтіп жүр мені деп білгін.

Түсінбес жайым әлі бұл,
Жүректің жықпыл орманы.
Сұлусың маған бәрібір
Сүйегің келсе болғаны.

Жаныма кенет жеткен бақ,
Жалғыз-ақ сені көргенде.
Жанарың бір жалт еткенде-ақ,
Жалғызсың дегем сен менде.

Біраз тілді үйренгем жоқ тегіннен,
Бір кісідей білем барлық мұраны.
Шоң кеңсеге ертең барар едім мен,
Сені көргім келеді де тұрады.

Сағыныштың күш-қайраты неге осы
Мақсатыңды жерге алып ұрады?
Сен жүрген жер секілді бір жер өсі
Сені көргім келеді де тұрады.

Мен таппаған, мен айтпаған сөз қалмай,
Көбейсін деп қазекеңнің жыр-әні,
Дастандарды төгер едім қоғалмай
Сені көргім келеді де тұрады.

Салыңқырап кеттім білем, сірә, мен,
Арақтың да көп қой кесір, ылаңы.
Әр нарсенің басын шатып жылар ем
Сені көргім келеді де тұрады.

Мен нәзікпін, мызғымастай ер емен,
Құлағыма кірмейді елдің ұраны.
Баяғыда-ақ мен атылып өлер ем,
Сені көргім келеді де тұрады.

Таудан көшкін көше ме екен еңселі,
Ерір ме екен ағаштардың сеңсеңі?
Сенің қолың деген қол бар, мен соны,
Соны білгім келеді де тұрады.

Өзің жайлы ойланғасын туғалы
Өлең жолы болғандықтан қуғаны,
Өмір жайлы ойламайтын ақын аз,
Ойламайтын өлімі де туралы.

Армансыз жан көгере ме көктей ме?
Көз алдында жүрген мынау көп бейне
Ақынымыз, ардағымыз кетті деп,
Ойланады жылар ма екен деп кейде -

Сапарына аттанғанда ақырғы,
Жоғалттық деп қайта тумас ақынды.
Қабіріме қандай белгі қояды ел,
Қай көшеге береді деп атымды?

Қайтқамын жоқ қайда жүрсем бір беттен,
Жоқ мені өмір жөкей де еткен, дүр де еткен.
Дәме етпеймін мен ешқандай жоқтаудан,
Дәметпеймін мен ешқандай құрметтен.
Қанша жерге ұзартсам да көлемін,
Жетпес саған ешбір менің өлеңім.
Абайсызда газет-журнал жыртылар,
Сорымды да мен осыдан көремін.
Жүрсем-дағы, күлсем-дағы торығып,
Бар-ау менде ең соңғы үміт, сол үміт -
Бір күндері екеумізді білетін
қалар біреу бір сәт саған жолығып...
Алдыңа кеп қатты толқып отырып,
Біздер үшін ол да біраз опынып,
Мақтар мені: "Ішпейтін бір жігіт" деп,
Сенбе оған, сол бір сөзі өтірік.
Тілеулестен артық адам болар ма,
Ашылады-ау көмейдегі тоған да,
"Қыз-қырғынға көз тікпейді" десе егер,
Сенбе, жаным, сенбе, жаным, оған да.
Тілейтұғын жан болса егер саған бақ,
Мені өткізіп жібермейтін амалдап,
Иттерімді қаптар менің басыма
Достасқаннан қоштасқанша жамандап.
Тақса-дағы ол нендей айып, нендей сын,
Сөзін тыңда, тыңда сөзін бөлмей шын.
Ол егерде: "Сонша жаман қалпымен саған ғашық", -
десе ғана сенгейсің...

* * *

Ешкімге мұндай мінез берілмеген,
Күнім ең көптен бері көрінбеген.
Ойымда ештеме жоқ,
домбыра ойнап
Жатыр ем нағашымның төрінде мен.

Үстіне артылған соң дара білек,
Шанақта бір оқшау күй барады үдеп.
Төр. Бөлме. Бір кездері әжем кірді;
Бесінім қаза болып барады деп.

Мұратқа соныменен жетті ме екен,
Бір тілде күбірлеп ап кетті бөтен.
Селк еттім. Не деп кетті? Сөйтсем әжем
"Ләйлә, илло-алло"... деп тұр екен.

Онсыз да жойылса да саны аз күнә,
Сүреге ұйи қалды сабаз мына.
...Өлең не? Ішінде атың бар болған соң
Оқығым кеп жүр менің намазды да.

Кетер күнім... Келер, келер ол дағы,
Бір қаралы шеру шығар жолға әлі.
Сол бір кезде жан баласы жыламай
Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны.

 

Мұқағали Мақатаев. Сәби болғым келеді

Құс та болғым келмейді!

Қанатым бар.            .

Қанатым бар күмістен жаратылған.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған.

 

От та болғым келмейді!

Жылуым бар.

Жылуым бар, керек пе, жылыныңдар.

Әлди болғым келеді, әлди болғым -

Күн сәулесі ойнақтап тұлымында,

Отыратын анасы құлыным деп.

Қанаттанып өмірге ұшарымда,

Кесілмесін бәрібір тұсауым да.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Сәбиі жоқ Ананың құшағында.

Tap бесігі - кең жаһан тарылмаған,

Біреуге бар, біреуге табылмаған.-

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Ана сүті аузынан арылмаған.

 

МузАРТ тобы - Не деген көркем едің

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2145
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2550
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2362
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1660