Сейсенбі, 27 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110684. Жазылғандар — 105766. Қайтыс болғандар — 1796
Жаңалықтар 2524 0 пікір 23 Ақпан, 2012 сағат 05:24

Сәбит Байдалы. «Ақ жол» ұстанымы - «Алаш аманатымен» ұштасады

Саяси жағынан кемеленіп, өз дамуының сапалық жаңа деңгейіне көтерілген Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы әрбір қазақстандыққа өз отбасының және өз елінің игілігі үшін өз қабілетін іске асыруына жаңа мүмкіндіктер ашатын өзгерістер жасап, қарышты қадаммен алға өрлейтін кез келді деп санайды. Қазіргі кезеңде еліміздің алдында уақтылы және лайықты назар аударуды талап ететін жаңа тарихи қажеттіліктер тұр. Сондықтан Қазақстан атқарылған істермен мақтанып қана қоймай, қатардағы азаматтардың өмірін жақсарту жолында үнемі жұмыс істеп, қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық салаларында жаңа көзқарастар іздеуі керек.

Саяси жағынан кемеленіп, өз дамуының сапалық жаңа деңгейіне көтерілген Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы әрбір қазақстандыққа өз отбасының және өз елінің игілігі үшін өз қабілетін іске асыруына жаңа мүмкіндіктер ашатын өзгерістер жасап, қарышты қадаммен алға өрлейтін кез келді деп санайды. Қазіргі кезеңде еліміздің алдында уақтылы және лайықты назар аударуды талап ететін жаңа тарихи қажеттіліктер тұр. Сондықтан Қазақстан атқарылған істермен мақтанып қана қоймай, қатардағы азаматтардың өмірін жақсарту жолында үнемі жұмыс істеп, қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық салаларында жаңа көзқарастар іздеуі керек.

Біздің партиямыз ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамын біртіндеп өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді мақсат еткен «Алаш» қозғалысы ізбасарларының бірі. Бұл туралы 2011 жылдың 2 шілдесінде «Ақ жол» партиясының жаңа көшбасшысы болып сайланған Азат Перуашев «Ақ жол» ҚДП ҮІІІ съезінде айтты. «Ақ жол» партиясы кешегі «Алаш» партиясының рухани ізбасары ретінде Қазақ елі тәуелсіздігін ту етіп көтерген партия. Қазақтың бостандығы үшін күрескен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлы тұлғалар бастаған ізгі жолды жалғастырып отырған партия». Мұны тым асыра айтқандық деп санағандар болды. Ал Партия лидерінің өзі «Алаш айнасы» газетіне кейінірек берген сұхбатында «керісінше, біз осы пайымды жеріне жеткізіп айта алмай жүрміз. Менің ойымша, «Ақ жол» партиясы қазақтың ХХІ ғасырдағы «Алаш» партиясы болуы тиіс. Кім не десе, о десін, Алашорда тарихы - азат елдің өт­кен тарихы. Мұны естен шығармауға тиіс­піз»,- деді. Тарихи жадыға адалдық танытып және ұрпақ сабақтастығына ұмтылудың өзі - шынайы ұлттық рухтың жемісі. Болашақта партияның қандай ресурстар мен мүмкіндіктерге ие болатынына қарамастан, оның қазірдің өзінде тарихи баға жетпес құндылықтар мен ізгілікті бағдарды көре білуінің өзі маңызды.

Әлихан Бөкейханов «Қазақтың тарихы» деген еңбегінде: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашағына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», - деп жазады. Заманында бар қазақтың қам­қо­ры­­на, сүйенішіне айналған «Алаш» партиясының саяси тұжырымдамасына, ала­шордашылардың саяси өмір жолы мен қызметіне қарап отырып, сол дәуірдегі сая­си, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін жоймағанын байқайсыз. Қазақ хал­қының дербес ел ретіндегі тағдыры, тарихы, мемлекеттік дербестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, күн тәр­ті­бінен түскен жоқ.

«Ақ жол» партиясының бүгінгі ұстанымы да ғасырлар бойы еліміздің егемендігі, ұлтымыздың еркіндігі үшін жан алып, жан беріскен ата-бабаларымыздың, әкелеріміз­дің аманатымен ұштасып жатыр. «Алаш Орда» қайраткерлері ХХ ғасырдың басында-ақ ұлттық бірлікті, экономикалық даму мен либералды-демократиялық құндылықтарды бірінші орынға қойды. Олардың ұлттық дәстүр мен еуропалық, әлемдік өркениетті ұштастырып, білімді, мәдениетті, озық ел қалыптастыру идеясы бүгінгі «Ақ жол» партиясының мақсат-міндетімен үндесіп жатыр. Саяси ұстаным тұрғысынан алғанда «Ақ жол» партиясының кредосы да - либера­лизм. Жеке азаматтың қабілет-қарымын, мүмкіндіктерін ашудың бірден-бір жолы - осы либерализм. Әзірге адамзат баласы бұдан артық идея ойлап таба алған жоқ. Либерализмнің заманауи мұраты әрбір адамның іс-әрекет бостандығы, саяси мәні бар ақпараттармен ашық алмасу, мемлекет пен шіркеудің биліктерін шектеу, құқықтың, жеке меншіктің үстемдігі және жеке кәсіпкерліктің бостандығы болып табылады. Монархтардың тәңір берген құдіретті құқықтары және діннің дүниетанымның жалғыз қайнар көзі ретіндегі рөлі сияқты мемлекеттіліктің негізі саналған бұрынғы теорияларының көптеген қағидаларын либерализм жоққа шығарды. Либерализмнің іргелі принциптеріне бүгінгі таңда жаратылысқа жақын табиғи құқықтар (өмір сүру, жеке бостандық және меншік құқықтарын қоса алғанда), сондай-ақ басқа да азаматтық құқықтарды тану; заң алдындағы тең құқықтылық және теңдік; нарықтық экономика, үкіметтің жауапкершілігі және мемлекеттік биліктің айқындығы жатады.

Әлихан Бөкейханов Алаштың саяси көсемі болған тарихи тұлға. Голощекин «Қазақтар Қазақстанды қалай басқару керектігі туралы менен емес, Мәскеудегі Бөкейхановтан ақыл сұрайды» дейді екен. Оның қазақ халқының тарихын­дағы рөлін осыдан-ақ аңғара беруге бола­ды. Жалпы, біз Бөкейхановты ғана емес, қазақ халқы­ның азаттығы мен бостандығы жолында күрескен барлық қайраткерлерді төбемізге ту етіп көтеруге тиіспіз. Осы қозғалыстың тағы бір көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға - оқу керек! Бай болуға - кәсіп керек! Күшті болуға - бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек! деген еді. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян қазақ» деп жар салса,  Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел - ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт - жойылған жұрт»- депті. Түйіндеп айтқанда, уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал.

Ол үшін «Ақ жол» партиясы елдегі «Ұлт тағдыры», «Ұлы дала», «Әділет», «Болашақ» сияқты ұлттық қозғалыстар мен бірлестіктермен өзара түсіністік пен ынтымақтастық орната отырып, бірлесіп іс-қимылдар жасауға ұмтылып отыр. Өткен жылдың соңына қарай осы аталған ұйымдардың жетекшілері Дос Көшім,  Айдос Сарым, Бейбіт Қойшыбаев, Дәурен Бабамұратов «Ақ жолдың» Парламент Мәжілісіне өтетініне сенім білдіре отырып, партияға өздерінің аманаттарын тапсырған еді. Жалпы «Ақ жол» партиясы ұлт, халық мүддесін бірінші орынға қоятын кез келген шараларды жиын-форумдарды басқа қоғамдық ұйымдармен бірге өткізуге әрдайым дайын болып жүр. Ұлттың тарихының, Қазақ руханиятының, мәдениетінің, тілінің мәселелері, демократия мәселелері ешкімнің меншігі емес, көпке ортақ құндылықтар. Оны өзгелерге қимай басыбайлы меншіктеп алып, басқалардың айналысқанын ауырлау, сол мәселелерде жекелеген ұстанымдарда өзімен келіспегендерді жалмажан кінәлау, тіпті қаралауды жаны сүйетіндерден ойымызда, бойымызда артық тұрғаны жөн. Қазақстан деген ортақ шаңырақтағы ортақ істе неғұрлым жұмылып, жұмыс атқарғанымыз абзал. Ұлттың мүддесіне қатысты жұмыстар белгілі бір мерекелердің қарсаңында немесе сайлау науқандарының кезінде ғана емес, ұдайы жүргізіліп жатуы тиіс.

Жақында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Мәжілістегі депутаттық фракциясы жоғарыда аталған қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Онда «Алаш» мұрасын, қазақ халқының тағдыры мен тарихын, ұлттық мүддесі мен ұлттық құндылықтарын, тілі мен ділін сақтап, жаңғыртып, дамыту жайы кеңінен талқыланды. Мемлекет, қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің жолдары қарастырылды. Бұл кездесу «Ақ жол» партиясы мен ұлттық-патриоттық күштер арасында орнаған қарым-қатынастың, ынтымақтастықтың заңды жалғасындай болды. Оған қатысушылар «Ақ жол» партиясының мемлекетшіл, ұлтжанды бастамаларына әрдайым қолдау білдіретіндерін жеткізді. Депутаттық фракция мүшелеріне «Мемлекеттік тіл», «Ономастика», «Жарнама» туралы заңдардың жобаларын дайындауға атсалысуға шұғыл кірісетіндіктерін айтты. Жиын соңында қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы Қоғамдық комитетінің негізінде Алаштың идеялық мұраларын зерделеудің практикалық жобаларымен, Қазақстан тарихының қайғылы оқиғаларына әділ баға беру проблемаларының, сондай-ақ ұлттық мүдделерді қозғау және қорғау мәселелерімен терең айналысатын белгілі зияткерлер өкілдері арасынан «Алаш аманаты» тәуелсіз Қоғамдық комитеті құрылды. Оның төрағасы болып Дос Көшім бірауыздан сайланды.

«Ақ жол» партиясы тек қана кәсіпкерлер партиясы ғана емес, сонымен қатар «Алаш» партиясының ізбасарларының бірі ретінде ұлт мүддесін ілгері жылжытатын және қорғайтын, сондай-ақ нақты істердің партиясы болғандықтан алдағы уақытта ең алдымен былтырғы басталған істердің аяқсыз қалмауы үшін күш-жігер жұмсамақ. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде: «Еркіндік аңсаған қазақ халқының өршіл мінезі, намысты жаныған жастар көтерілісі Желтоқсанда жанартаудай жарқ етіп, жаңа тарихымызға елеулі із қалдырды» деп айрықша атап өтті. Ендеше, «Ақ жол» желтоқсанның 25 жылдығына байланысты көтерген: желтоқсан оқиғасын қазақ жастарының коммунистік тоталитаризмге қарсы көтерілісі ретінде ресми тану, барлық облыс орталықтарында Желтоқсан көтерілісі монументін (Алматы қаласындағы монументке ұқсас) тұрғызу, Қазақстан тарихы оқулықтарында Республиканың тәуелсіздігі үшін қазақ халқының тарихындағы бетбұрыс оқиға ретінде желтоқсан көтерілісіне және оның маңызына ерекше назар аудару секілді бастамаларын, сондай-ақ, жастардың 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар үшін қалалық қоғамдық көлікте тегін жүріп-тұруды белгілеу  жөніндегі бастаған жұмысын ақырына дейін жеткізуге тырысады.

Қазақ тілі мен руханиятын дамытудың жауапкершілігін «Ақ жол» партиясы өз мойнына алуға дайын. Қазіргі таңда Үкіметтің тілге қатысты саясаты босаң. Оны ширату керек. Билік мұны өзінің ең қастерлі міндеті деп мойындауы қажет. «Ақ жол» партиясы ҚР-ның 2010-2020 жылдарға арналған жаңа Ұлттық саясатының Тұжырымдамасын жасады. Сонда көрсетілген шараларды табандылықпен алға жылжыта береді. Бұл құжат салмақты саясаттанушылардың жоғары бағасын алған, көпшілік қолдауына ие болған құжат. Осы тұжырымдаманың көптеген қағидаттары «Ақ жол» партиясының сайлауалды тұғырнамасына енген. Ал бұл Тұғырнама сайлауалды құжат ғана емес, сайлаудан кейінгі істеріміздің де бағдарламасы.

Ұлт, Мемлекет және ұлттың күретамыры - Тіл ұғымдары: біртұтас ұғымдар. Бұл егемендігін алған қай елдің болмасын саяси-философиялық  іргетасы. Ендеше, мемлекеттік тілді игеру және дамыту, оған өзінің тиісті мәртебесін беру мәселесі өне бойы «кейінге қалдырылатын», «екінші дәрежелі» міндет деп емес, мемлекеттік құрылыстың ең басым мақсаттарының бірі деп қарастырылуы тиіс. «Ақ жол» партиясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракциясы Мемлекеттік тіл туралы заңның әзірленіп, қабылдануына, Қазақстан Республикасының азаматтығын қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекіттіруге күш салады. Партия мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді басым бағыттарының бірі санайды. Осы төңіректегі дау-дамайларды, лепірме сөздерді азайтып, нақты істер жасауға ұмтылады. Мәселен, партия Қазақстанның барлық облыстарында ересектерге мемлекеттік тілді оқытып-үйрететін жексенбілік мектептер желісін ашуды жоспарлап отыр. Тілді оқыту үш деңгей бойынша жүргізіледі: жаңадан үйренушілер үшін, жалғастырушылар үшін және тереңдетіп оқыту бойынша. Ұйымдастыру жұмыстарына, әдістемелік құралдарға, оқытушылардың жалақысына жұмсалатын қаржыны «Ақ жол» партиясы өз мойнына алады. Жоғарыда аталған курстар жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тілді оқытып-үйретуге арналған әдістемеліктерге байқау жариялады. Байқауға мемлекеттік тілді оқыту жөнінде әдістемелер даярлайтын авторлар, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар, жоғарғы және орта оқу орындары, ғалымдар, оқытушылар, шығармашылық және қоғамдық ұйымдар қатыса алады. Біз қазіргі таңда мемлекеттік тіл болып отырған қазақ тілінің күнделікті өмір пен отандастарымыздың өзара қарым-қатынасында кеңінен қолданылуы Алаш арыстарының да аңсаған арманы болғанын ешуақытта естен шығармаймыз.

«Алаш» - қазақ тарихы мен мәдени мұрасының ең озық, айшықты кезеңі. Заманауи мағынадағы қазақтың тұңғыш Ұлт Кеңесі - Алашорда үкіметінің 1917 жылғы 13 желтоқсанда құрылғаны белгілі. Алаш автономиясының жариялануы мен Алашорда үкіметінің құрылуы қазақ халқының дербестік пен тәуелсіздікке ұмтылысын ешкімнің ешқашан жоя алмайтынының жарқын дәлелі болды. Алаштың ұлы қайраткерлерінің жанқиярлық ағартушылық, саяси, азаматтық қызметтері қазақ санасын қысқа уақыт ішінде жаңа деңгейге көтерді, өшпес терең із қалдырды. Ғұмыры ұзақ болмаса да Алаштың сол кездегі көшбасшы серкелері қазақтың өз мемлекетін басқару деңгейіне жеткенін, қазақ қоғамының, қазақ халқының мемлекеттікке лайық ел екендігін паш етті. Сондықтан 2017 жылы Алашорданың 100 жылдығына дейін бұхараға да, билікке де Алашорданы Алаш арыстары әруағына лайық абыройлы да көлемді, мағыналы да тәрбиелі ұлықтау қажет екенін ұғындыра беруіміз керек. Ол үшін нақты қадамның бірі ретінде «Ақ жолдықтар» жыл сайын 13 желтоқсанда Алашорда күніне арналған ірі ағарту шараларын республиканың барлық аймақтарында өткізетін болады. Сол арқылы қоғамдық санада «Алашорда күнін» қалыптастыруға тырысады. Болашақта бұл күнді қазақ тарихындағы ұлы оқиға ретінде - ресми түрде аталып өтетін датаға айналдыру қажет. «Ақ жол» партиясы оқта-текте айтылып жүрген Астанада «Алашорда» аллеясын ашып, онда Алаш қайраткерлерінің ескерткіштерін орнату мәселесінің түбегейлі шешім табуының  жолдарын да қарастырады.

Тағы бір маңызды мәселе осыған сабақтаса отырып туындайды. Ол қазақ еліне жұт болып келген 1932 жылғы аштық. Оған биыл 80 жыл толады. Демограф ғалымдар ХХ ғасырдың 1920-24; 1931-34 жылдардағы қызыл империяның қолдан ұйымдастырылған екі ашаршылық болмағанда, қазақтың саны қазіргі таңда кем дегенде 30-35 миллион болар еді деген ғылыми  болжамдар жасағаны мәлім. Кейбір зерттеушілер бұдан да көп сандарды атайды. Қалай болғанда ашаршылықтан сол кезеңде қазақтың қынадай қырылғаны анық және оның салдары қазақ ұлтының сандық және сапалық өсуін ұзақ мерзімге тежегені анық. Сонау жиырмасыншы жылдарда басталып, біртіндеп күш алған саяси репрессия ақырында 1937 жылдың қанды террорына ұласты. Саяси қуғын-сүргіннің «мерейтойына» да 75 жыл болып қалыпты.  Кеңес билігі алаш зиялыларының 99 пайызын қырып тастады. Ұзақ жылдарға созылған геноцидтік саясаттың нәтижесінде Қазақ халқы басқарушы саяси тұлғаларынан, озық ойлы зиялыларынан айырылды. «Ақ жол» партиясы ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы (1920-1940 жылдардағы) кеңестік биліктің Қазақстанда жүргізген геноцидтік саясаты, саяси репрессиялар туралы тарихи шындық біздің елімізде кең ауқымды ғылыми зерттеу нысанына айналуы тиіс деп санайды. Бұл бізге ғана емес, болашақ ұрпақ үшін аса маңызды. Өйткені, тарихын түгендеп, қоғамдық сананы рухани сауықтыруға ұмтылмаған ұлттың болашағының жарқын болуы күмәнді.

Қазақстан тарихындағы осы бір қайғылы оқиғаларға жұртшылықтың назарын аудару үшін биыл «Ақ жол» партиясы ғылыми-практикалық конференциялар өткізеді. Бұл жұмысқа қазақ халқына жасалған қаскөй зұлымдықтың терең, тамырлы мәнін, келтірген зардабын, мәселенің құқықтық жағын, геноцидтің империялық саясатының, саяси қуғын-сүргіннің опасыздық сипатын жан-жақты ашуға қабілетті тарихшы-ғалымдар, саясаттанушылар, қоғамтанушылар, заңгер-ғалымдар, құқық қорғаушылар тартылады.

Біз партия ісінде басымдықтардың бірі болып отырған халық арасында  жүргізілетін үгіт-насихат, саяси-ағартушылық жұмыстарымызда аталған тақырыптарды кеңінен қамтитын боламыз. Тұтастай алғанда, «Ақ жолды» халық үшін атқарып жатқан, алда атқаратын іргелі істерінде Алаш арыстарының мұқалмас рухы жігерлендіріп, жаңа жетістіктерге жетелей беретініне сенімдіміз.

Сәбит Байдалы,

«Ақ жол» партиясы

Орталық аппараты

идеология бөлімінің директоры

«Абай-ақпарат»

0 пікір