Сенбі, 27 Сәуір 2024
Аңыз Абай 4783 10 пікір 4 Қаңтар, 2021 сағат 14:48

Абайдың жартасы

Дүние әлем жаралғалы бері қанша ықылым замандар өтті. Адамзат қауымының ұлы салқар көші қаншама дәуірлерді артқа тастады.  Адам қиялының ғажайып туындысы ұлы мәртебелі поэзия өркениетке жол ашты. Поэзия тәңірінің адам санасына жаққан оты. Ал, ақындар жер бетіне тәңірлік ұлы миссия арқалап келген ғарыштық тұлғалар. Олар о бастан махаббатпен ғұмыр кешіп, адамзаттың бақыты үшін күресумен келеді. Ақын жаны самарқаулыққа қарсы. Сондықтан да олар әлемнің өлі тыныштығын жиі бұзады. Ола жер рухын сезініп, ғарыштық санада ғұмыр кешеді. Сондай бір ұлы жаратылыс иесі 19-ғасырда киелі қазақ топырағында дүниеге келіпті. Ол  - Ұлы Абай еді. Әлемдік әдебиет тарихында өте сирек кездесетін Абай барша адамзатқа ортақ тұлға. Ол адамның баласы болып өмір сүріп, күллі адамзатты бір туған бауырым деп аялап сүйе білді. Ол ең қиын уақытта туған халқына қорған болды. Алашын адастырмай, тәңірінің тура жолына бастады. 

Тыңдаңыз «Алланың өзіде рас, сөзі де рас» немесе «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Бұл тәңіріні танып, оған шын берілген ең таза ғазиз жүректен шыққан киелі сөз. Сөз емес, күллі адамзат баласына арнап айтылған ұлы өсиет. Оны айтқан қазақтың ұлы ақыны һәкім Абай. 

Абай әуелден-ақ адамзатты бір туған бауырым деп аялап, тәңіріні жүрекпен танығаң. Өйткені, күллі адам баласының шыққан тегі, сыйынар тәңірі біреу. Соны толық сезіне алмаған адамзат әлі күнге дейін адасумен келеді. Сол адасулар өз- ара жауласуға апарып соқты. Соның салдарынан жер-бетіне қисапсыз көп қан төгілді. Оларды бұл күйге түсіріп, күнәға батырған тура жолдан тайдырушы ібіліс болатын. Тарихтаң мәлім, адамзат коғамы бастаң кешкең  әртүрлі «измдер» адамзатты адасудайын адастырды. Сондай сойқан адасуларды бастан кешкен елдің бірі – біздің қазақ халқы. Абай Алаш жұртын сол адасулардан, біржола құрдымға кетуден аман сақтап қалды. Әлі де адасқан адам баласына тура жол сілтеумен келеді. Оның ұлылығы мен данышпандығы осында. Ұлы ақынның қаламынан туған ұлы шығармалар бүгінде күллі адамзаттың ортақ рухани мұрасына айналып кетті. Абай өз шығармалары арқылы адамзатты сана тәуелділігінен арылып, рух бостандығында ғұмыр кешуге тәрбиелейді. Абайдың «Азамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлеңінің  өңін айналдырып, түсіндіргілері келеді бүгінгі ғалымдар. Олардың тұжырымдары бойынша Абай қазіргі жаһандану үдерісіне сай келетін интернационалист. Оның тұлғалық ерекшелігін осылай айқындағылары келеді. Бұл түбірінен қате пікір. Советтік дәуірде интернационализм рухында тәрбиеленген ұрпақ өкілдеріне солай көрінуі әбден мүмкін. Ал, шындығында интернационалист ұлттық топыраққа тамыр тарта алмайды. Ол тамырсыз ағаш секілді. Тағдырсыз Құдайға сенбейтін пұшайман феномен. Онда тұрақты отан да болмайды. Ал, Абай таза ұлттық феномен. Ол адамзатты тәңірді тануға, оған қарсы келмеуге шақырады. 

Абай тумысынан дін мұсылман ұлт ақыны. Шәкірті Көкбай ол туралы «Еуропа ғалымдарын оқығанда мұсылманшылықпен салыстырып отыратын» дейді. Демек Абай әрқаңдай  өркениет әкелетін ұлы жетістіктермен қоса, қиындықтардың да болатынын күні бұрын сезе белген. Оның ақындық интуициясы мен көріпкелдік қасиетінің күштілігі әр өлеңінен, қара сөздерінен айқын білініп тұрады. Сондықтан да Абай уақыттың алдын ала білген тұлған. Халқын алда келе жатқан нәубеттен сақтап қалу үшін жан аямай күресті. Ол күрес бүгінгі тілмен айтқанда рухани отаршылдыққа қарсы күрес болатын. Ең ғажабы ол күрес қазір де тоқтаған жоқ. Несіне намыстанамыз. Біз бүгін де шын мағынасындағы рухани азат халық емеспіз.

Әлемдік әдебиеттерді оқып отырғанда өзара ұқсас факт үнемі алдымыздан шығады. Ол әрқандай халықтан шыққан ұлт ақындарының өзінің халқын шынайы махаббатпен аялап сүйетіндігі және сол халқының қайғы-қасіретін жан жүрегімен сезіне алатындығы. Абайды оқып отырғанда халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жылаған жаралы жүректің жанайқайын естисің. Өзің де қосыла егіліп жылайсың.

«Халқым надан болған соң, надан болмай қайтейін» дейді ыза мен наладан көкірегі қарсы айырылған кемеңгер.  Солай күңіренбей қайтеді, бүкіл қазақ елі мен жері өзгенің жемсауында кетіп бара жатса. Еш амалы қалмаған көкірегі шерге толы ақын тағдырға налып, тәңірге жалбарынып айдаладағы меңіреу , жартасқа мұңын шақты. Сонда барып жаны сәл терезе тауып, тыншығандай болған. Алып жартастан шыққан ұлы жаңғырық ұлы Абайдың өз дауысы болатын. Өйткені, ұлы ақын ол кезде  өзімен өзі жападан-жалғыз қалған. Оны түсінген ешкім болған жоқ. Сондықтан да ол ұлы тәңірі мен табиғатқа мұң шақпағанда қайтеді?

19-ғасырда қазақ даласында хандық түзімнің біржола жойылуы отаршылдық дәуірдің басы болды. Қазақтың сірге жияр соңғы ханы Кенесары бастаған ұлт азаттық көтерілісі жеңіліспен аяқталды. Сөйтіп, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың өз ақыл-ой сенімінен туған дәстүрлі қоғамдық жүйе күйреді. Бұл халықты тамырынан айыру болатын. Абай міне осындай алмағайып аласапыран дәуірде өмір сүрді. Ұлы ақынның өмір сүрген уақыты мен заманы, жасаған ортасы өте күрделі болды. Дәл сол 19-ғасырда қазақ даласының үстінен «не өмір, не өлім» деген гамлеттік сауал төніп тұрды. Ұлы ақын көз алдында жүріп жатқан озбырлық пен оспадарлыққа төзе алмады. Оған өзінің «ақындық менін» қарсы қойды. 

Қалың елім, қазағым қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі май бірі қан боп енді екі ұртың, дейді ақын. Халқына осалай араша түсті. Бірақ ол жалғыз еді.

Жақсы мен жаманды айыра алмау деген не сұмдық. Бұл өз басымен ойлаудан қалған, өзгенің айтқанына көніп, айдағанына жүретін тобырға айналу, халықтық адасу деген сөз. Өйткені, тоғышар тобыр қай кезде де ішкені мен жегеніне мәз болып өткен. Соның барлығын көріп, біліп отырған ақындық жүрек қалай шыдасын. Ол жүрек жыламай, жараланбай қайтеді. Үнсіз қалуға болмайды. Құлай сақтасын! Абай әсте олай ете алмайды. Ол халқына араша түсіп, адасқан жұртын тура жолға бастау керек. Ол үшін халқының көкірек көзін ашып, надандықтан құтқару керек. Бірақ оны түсінген жан болмады. Тіпті сол тұстағы тұтас қазақ қоғамы оны қабылдаған жоқ. Сондықтан ол зұлымдық пен қатыгездікке қас надандыққа бір өзі майдан ашып, жалғыз күресті. Оған ойсерік болған өлең ғана. Табиғатпен сырласып, тәңіріге мұң шағып, ақ қағаздың бетіне ащы запыран ойларын төкті. 

Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл,
Не жазып кетсе жайы сол
Мейлің илан мейлің күл, дегенді жаны күйзеліп, жүрегі қан жылап отырып жазды, данышпан. Ал біз соны толық түсіне алдық па? Бұл сұраққа толыққанды жуап беруге келгенде мұзға айдаған түйеше тайсаұтай береміз. Өйткені, Абайдың ой мұхитына  тереңіне бойлай алмаймыз. Абайдың тылсым терең құпиялығы да осында. Ғалымдар сырттай қызықтағаны болмаса, астарына толық үңіле алмайды. 

Әлемдік әдебиет тарихында өз халқын аялай сүйіп, аямай сынаған бір ақын болса ол –  Абай дер едім. Абай халқын рухани ездік пен надандықтан арылтып, өлімнің масыл ұйқысынан оятып, көкірегіне мәңгі сөнбес сенім шырағын жақты. 19-ғасырда Абай тарих сахнасына көтерілмегенде, қазақ халқы мәңгілік құлдықта ғұмыр кешіп, тобырға айналып, жер бетінен әлдеқашан жойылып кеткен болар еді де, жоғалған халықтар қатарында гиннестің рекортар  кітабына енер еді. Ал қазақ тілі өлі тілге айналар еді. Халқын аман сақтап қалу үшін ұлы ақын ел ісіне араласып, билік тізгінін ұстады.

Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап, дейді Абай. Не сонда, ол билік масы, шен құмар болды дейсіз бе? Кешіріңіз, Абайға билік неге қажет болды. Тағы да сол халқын құлдықтан құтқару үшін, керенау жұртты келешек тура жолға бастау үшін. Алабүлік жайлап, адасқан Алаш елін ақиқатты ардақ тұтқан адамзаттың шынайы өркениет көшіне қосу үшін. Бұл жолда әлемнің ойшылдарын тереңінен оқып, зерделеді. Империялық озбыр биліктен тепкі көріп, қазақтың дархан даласынан пана тапқан орыстың демократ ойшылдарымен достасты. Оларға шынайы шығыстың ғашайып шындығын жайып салды. Ол шығыс өркениетінің шырақшысы болды. Абай туған халқын ақыл-ойдың ақ жолына осылай бастады. Ал біз сол жолмен тура жүріп келеміз бе?

Адамзат ақыл-ой алыптарының бірегейінен саналатын Абай шын мәніндегі ақыл-ойдың айсбергі. Бүгінге дейін Абай туралы қанша зерттеу еңбектер жазылды, жазылып та жатыр. Сонда да Абайды толық танып үлгерген жоқпыз. Олардың барлығы шындап келгенде Абайдың жұмбағын шешу жолындағы талпыныс қана. Егер Абайдын жұмбағы толық шешілер болса, онда Алаш елінің алдынан жұмаққа ұқсас ғажайып көркем әлемнің алтын қақпасы айқара ашылар еді. Абайдың жұмбағы ол – тылсым сырға толы әлемнің жұмбағы, шешуі қиын жанның жұмбағы. Данышпанның күллі адамзатты сүйген жүрегінің түбіне терең бойлауға қауқарсызбыз. «Махаббат пен ғадауат майдандасқан» сол ғазиз жүрек соғуын тоқтатқалы да ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бірақ оның ақиқат ілімі ізгі ниетті адам баласын адамды сүйіп, Алланың һикметін сезінуге тәрбиелеумен келеді. Өйткені, оның ілімі Һақты тануға арналады. Ол бүгінгі тілмен айтқанда Тәңіріні тану ілімі. Ол туралы данышпан: «Күдіз-түні ойымда бірақ Тәңірі, өзіне ғашық еткен оның әмірі» дейді. Шынында да туасы дін мұсылман баласының ой-санасынан Ұлы жаратқан еш уақытта кетпейді. Құдай адамның жүрегінде деген сөз бар. Бұл ретте Абай өз халқына арнап шынайы таза мұсылмандықтың мектебін қалыптастырған тұлға. Халықты әр қандай зұлматтан құтқарушы құдірет ол – қасиетті дін. Ал бүгінгі қазақ қоғамында осы салада да адасып жүргендер қаншама. Абай діни фанатизм мен ұлттық игаизммен қоңсы қонбаған. Дүмше молдалар мен көркөкірек дала шонжарларының ешқайсысымен тұз-дәмі жараспаған. Керісінше олармен бітіспес майдан ашып, күрескен. Абайдың күресі – ақиқат жолындағы күрес. Ол күрес әлі де жалғасуда. Демек, Абай қай кезде де қазақ қоғамының рухани көшбасшысы болып келді, бола да береді. 

Өткен 20-ғасырдың адамзат қауымы мен қоғамы үшін әкелген жетістігімен қоса тарттырған тауқыметі де орасан зор болды. Коммунизмнің есірік утопиясы жайлаған қазақ қоғамы жаппай дінсіздену жолына түсіп, құрдымға кетуге шақ қалды. Соның кесірінен Құдайдан безген құбыжық қауым пайда болды. Атеистік қоғам Алланың өзін жоққа шағырды. Адамдардың санасын ібіліс иектеді. Міне осы кезде Абай ібіліспен ашық айқасқа түсіп, халқының жүрегін таза сақтап қалды. Егер жүрек ластанса, онда халық (Адам) азғындап, тексіз тобырға айналады. Қоғамды жайлаған ібіліс Абайдың күресінің арқасында қазақтың жүрегін жаулай алмады. Ақын бұл ретте мыңмен емес, миллиондаған санасын сайтан жаулаған тексіз тобырмен  бір өзі майдан ашып күресті. Зұлымдық жайлаған зұлмат заманда қараша халқын өлімнен арашалады. Өйткені, оның ілімі о бастан Тәңіріні тануға арналған. Абай сол қатыгез уақыттың өзінде Алашына Алланың ақ жолын тура нұсқай білді. Соның арқасында қызыл террор қазақты түбегейлі құртып жібере алмады. Бүгінде жиі айтылып жүрген тәуелсіздіктен кейінгі кезде әдеби лексиконнан берік орын алған рухани ортаршылдыққа қарсы күрес термині о баста Абайдан басталған. Өйткені, Абай әуелден рухани езгіге ашық қарсы күрескен тұлға.

Ібіліске ілесіп, алданған қауым, Құдайдың өзіне қарсы шықты. Құдай жоқ деп даурықты. Бүкіл қоғам Құдайға қарсы күресті. Өзгелер әкелген «ұлы өркениеттің» құрбанына айналған бірнеше ұрпаққа бүгінде аянышпен мүсіркей қарайсың. Бұл індеттен қазақ қоғамы әлі толық арылып болған жоқ. Алданған, зағипқа айналған ұрпақ Тәңір алдындағы ол күнәларынан арылу үшін Абайды оқуы керек. Сонда ғана олардың көкірек көздері ашылып, жүреуктеріне иман дарып, Тәңір алдында күнәларынан арылады. Жан мен тән толық тазарып, шын мағынасындағы рухани тәуелсіз азат адамға айналады. Әнес, сонда Абайдың Толық адам тұжырымдамасы ақиқатқа айналып, қазақ халқы толық тәуелсіздікке жетіп, біз армандаған моноұлтты мемлекеттілік орнайды. Өйтпесе, баяғы жартас бір жартас күйінде қала береді. Рухани отар елді кім болса сол билеп-төстей береді. Рухани бұғауланбаған ел ғана барлық қиындықтарды еңсере алады. Отаршылдықтың ең қиын түрі де рухани отаршылдық. Отарлаудың бұл түрі қазір әлемде өзгеше сипат ала бастады. Біз бетпе-бет келіп отырған бүгінгі уақыттың ең ащы шындығы жаңа түсін өзгерткен отаршылдық. Жаһандану заманындағы ең үлкен қауіп-қатер де осы болмақ. 

Абай халықты түбегейлі күйреуден аман сақтап қалудың жолы рухани тәуелсіздікке жету екенін дәл уақытында білді. Ол халықтың ішкі тәуелсіздігіне сенді. Кеңес дәуірінде бұлай айту мүлде мүмкін емес болатын. Тіпті ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі бұл тақырыпты айналып өтті. Кеңестік идеологияға барынша сенген ғалымдар Абайды сол уақыттың көзқарасымен прогрессивті дамудың ту ұстаушысы ретінде санады. Тіпті егер Абай сәл ұзағырақ жасағанда Қазан төңкерісін қабылдаған болар еді деп те соқты. Тәуелсіздіктен кейін абайтануда тың тақырыптар қозғалып, жаңаша көзқарастар қалыптаса бастады. Бірақ, Абайды әлі де болса өзіміз толықтай танып және өзге жұрттарға танытып кете алғанымыз жоқ. 

Абайды оқып отырған кезде санаңызда тәуелсіздік туралы ой қылаң беріп, біртіндеп орныға түседі. Өзіңді бостан рухты сезіне бастайсың. Тіршілікте адам баласына ең бірінші керегі еркіндік екенін ұғына түсесің. Өйткені Абай о бастан еркін ойлы, бостан рухты ақын. Егер ол ондай қасиетке ие болмаса, онда оның бүкіл адамзатқа ортақ ақыл-ой алыбы болуы да мүмкін емес еді. Оның кемеңгерлігі де сонда. Өз заманының ғана емес, келешектің де адамы бола алды. Өз уақытының мұңын ған мұңдаған жоқ, келешекті де болжай білді. Тәңірінің ықылас нұры ерекше түскен осынау ғазиз жүректі ғажайып жаратылыс иесі қазақ даласына Тәңірілік ұлы миссияны атқару үшін келгені еш күмән тудырмайды.  

«Тәнірінің күні жарқырап», дейді данышпан. Демек, Абай халқының жүрегіне Құдайылық рух пен сананы дарыта алған тұлға. Егер ондай рух сана болмаса, Құдайсыз тобырлармен болған күресте оларды жеңу мүмкін емес еді. Ібіліс жайлаған Құдайсыз қоғамда Абай халқының бойына  Құдайлық рухтың құдіретін дарытты. Біз оны әлі толық сезіне алған жоқпыз. Жалпы, абайтану бұл өзгеше тұрпатты қазіргі заманғы мүлде жаңа ғылым. Нақты айтқанда, ол тәңірітану ғылымы. Шындап келгенде жалпы поэзия дегеніміз өзі осы емес пе. Абайдың ілімі ізгі ниетті адам баласын осы мақсатқа жетелейді. Абайдан кейін қазақ қоғамы халықтың рухани көшін алға бастайтын әлемдік деңгейдегі ақыл-ой алыбы, көшбасшы тұлғаны туа алған жоқ. Өйткені, дәл оңдай ұлы тұлғаны туатын өз дәстүрінен тамыр алып, өмір сүретін қоғамдық орта болған жоқ. Ол болса тамырын тереңнен алатын дәстүрлі қазақ қоғамы болатын. Абайдан кейінгі қоғамдық жүйе тұлғаның тарих сахнасына шығуына мүмкіндік бермеді. Керісінше, ұлтқа тірек болатын көсем тұлғаларды жойып жіберді. Мәселен, Алаш арыстары. Бұл енді бүкіл ұлттың тамырына  балта шабу болатын. Егер Мұхтар Әуезовтей кемеңгер жазушы болмағанда, Абай да феодализмнің жыршысы ретінде қара тізімге ілініп кететін еді де, рухани езгіге ұшырап, нағыз халықтық адасу сонда болатын еді. Осы үшін де күллі Алаш жұрты Әуезовке ғұмыр бойы алғыс айтып өтуі керек.

Отаршылдар қазақты халық ретінде жер бетінен біржола жойып жіберудің неше түрлі айла-тәсілдеріңе бармады дейсіз. Геноцидтік саясат халықтың табиғи генін бұзуға дейін барды. Қазақ халқы ұлтты жоюдың экспериментіне, қазақ даласы тәжірибе алаңына айналды. Бірақ, санасын улағанмен жүрегін жаулай алмады. Өйткені, ол жүректе бірінші Құдай, екінші Абай бар еді. Құдайды құрту қолдан келмесе, Абайды Алаштың санасынан өшіру мүмкін болмады.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайдың өзі де, сөзі де қазақтың Һақты сүйген ғазиз жүрегінде жатталып қалған болатын. Сналарын сайтан жаулаған тексіз тобыр қанша жерден Құдай жоқ деп даурықса да, ол жүректі бәрібір жаулай алмады. Құдайдың қарғысына ұшыраған озбыр қоғам құрдымға кетті. Кешегі зұлмат заманда Абай көзге көрінбейтін соғыста бір өзі миллиондармен алысты. Ол женді

Қазақ көркем ойы ерте қалыптасқан халық. Көркем ойы толық қалыптаспаған ұлт толыққанды ұлт бола алмайды. Әлемде теңдесі жоқ сан ғасырлық тарихқа ие бай мәдени мұраны тудырушы халық дүниенің өзге де байырғы мәдениеті дамыған халықтары қатарынан өзінің тең құқылы орынын ала алды және ол оған барынша лайықты. Абай сол халықтың көркем ойын әлемдік аренаға алып шықты. Ал оны насихаттап, күллі әлемге таныту әр ұрпақтың еншісінде. Біз өзіміздің рухани жетістігіміз бен халықтық деңгейімізді тек өз тұлғаларымызға қарап өлшеуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде тұлғатануда кемшін соғатын тұстарымыз көп. Міндетті түрде өз ұлыларымызды өзгенің ұлыларының көлеңкесінде көргіміз келеді. Соған дағдыланғанбыз. Ол өткеннен қалған құлдық сана. Іштей біліп тұрсақ та, өзгеден артықтығымызды ашып айтуға батылымыз жетпей тұрады. Абайтануда да бұл жарым-жан көзқарас әлі де болса шаң беріп қалады. Бұл біздің әлсіздігіміз. Бұдан арылатын уақыт жетті. Өзгенің ұлылары қазаққа рухани өлшем де, тірек те бола алмайды. Олай дейтініміз, әр қандай халық өзінше бөлек жаратылыс иесі. Абай ешқандай дала Пушкині емес, Әуезов шығыстың Шолоховы емес. Абай да, Әуезов те күллі түрік, қала берді барша шығыс халықтарының мақтанышы саналатын әлемдік масштабтағы әйдік тұлғалар. Осылай түсінуіміз керек. Сонда ғана шынайы тәуелсіз ұлттық ой-сана қалыптасады. 

Толық тәуелсіздікке жетіп, толыққанды ұлт атану үшін біз өзімізді үнемі рухани тұрғыда жетілдіріп отыруымыз керек. Сонда ғана тұтас  ұлт болып, рухани жаңғырамыз. Мемлекет басшысының рухани салаға назар аударып, оны Абайдан бастауы бүкіл халықтан қолдау тапқан жақсы бастама. Бірақ бұл бір мезеттік науқандық шара деңгейінде қалып қоймауы керек. Себебі Абай бір реткі аталып өтетін дата емес. Ол мыңжылдықтарға кететін мәңгілік дата. Бүгінгі ұрпақтың міндеті мен парызы Абайды әлемге таныту арқылы жас ұрпақтың жадында бірегей тәуелсіз ой-сана қалыптасытру. Абайдың арманы мен мұраты да сол. Бұл ұлы мұрат, ұлы миссия. Ғасырлық тәуелділіктен арылып, халықтың жадын жаңғыртуда Абайдың алар орны ерекше. Жаппай жаһандануға бет алған қазіргі қиын уақытта Абай халқына тағы да қорған болуда. Ұлы ақын өзінің ұлы Тәңірі алдындағы ұлы миссиясын ұрпағымен бірге орындауда. 

Абайдың туған күні ұлы далаға Алланың ықылас нұры ерекше түскен, ақ жарылқап ырысты күн болса, ұлы ақынның фәни жалғанмен қош айтысқан күні қазақтың басынан бағы тайып, мойнына қасірет қамытын киген күн. Сол уақыттан бастап өзгенің рухани отарына айналдық. Оның ұзаққа созылған тауқыметінен әлі толық арылып болған жоқпыз. Ол бүгінгі рухани өмірімізден де сезіліп тұрады. Абайдан кейінгі қазақ қоғамы тек адасулардан тұрды. Абайды түсіну және түсіндіру үшін құрғақ талдау аздық етеді. Ол үшін сезімтал ақындық жүрек керек. Сонда ғана ұлы ақынның рухымен тілдесе аласыз. Жүрегімнің түбіне терең бойла дегенді Абай жайдан-жай жазды дейсіз бе. Оның жүрегі Һақты сүйген ғазиз жүрек. «Ақынның жүрегі Алланың қазынасы» дегенді ақырзаман Пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с). айтқан. Абайдың жүрегі сондай қазынаға толы кіршіксіз таза жүрек. Оның тереңіне шындап бойлай алу мына дүниеде ілуде біреуге ғана бұйыратын бақыт. Абайды түсіндіремін деп әуреленудің қажеті жоқ. Әркім өз зердесімен түсінуі керек. Тек сонда көңіл көзің ашылып, жан сарайың нұрланып, ақылман адамға айналасың. Жалпы, поэзия түсіндіруге келмейтін жанр. Ол тек түйсіну мен сезінуден тұрады. Оның тылсым құпиясы сонда. Абайдың жұмбағында осы тұрғыдан ұғынған абзал. Абай әлі толық ашылмаған құпияға толы жұмбақ әлем. Қызыл сөзді қанша сапырғанымызбен біз оның құпиясын ашып, тереңіне бойлай алмаймыз. Мына әлем қандай жұмбақ шексіз болса, Абай да сондай жұмбақ, сондай шексіз. Жан мен тәннің шын қоштасуын Абайды оқып отырғанда білеміз.

Абайдың қара сөздерін оқып отырып, өзгеше әлемге еніп кеткендей боласыз. Бұл мүлде жанры айқындалмаған шығарма. Ешкім оның жанрын әлі күнге дейін анықтап бере алған жоқ. Бұл да жұмбақ. Шешіп көріңіз. Бұл ешқандай трактат та, ғақлия да емес. Бұл Абайдың барша адамзатқа арнап қалдырған ұлы өсиет кітабы. Біздің халықтық өмір сүру кодексіміз. Абай халықты қара түнек әлемнен алып шықты. Оның өлмес өмірлік ілімі коммунизмнің сананы улаған есірік утопиясын жүрекке дарытпады. Иә, жүрек таза болуы керек. Жүрек ластанса, адам азып, сайтанға айналады. Абайды жас ұрпақ ой көзімен оқып, жүрекке жаттап тоқу керек. Ол үшін ең бірінші жүрек таза болу керек. Тек сонда мына дүниенің о баста қалай жаралғанын, адам болып туудың қандай бақыт екенін толық сезіне аласыз. Оның құдіретіне бас иіп, адамша таза ғұмыр сүруге дағдыланасыз. Өйткені, Абай ізгі ниетті адам баласына қай кезде де өз ілімі арқылы адамдықты қастер тұтытып, адалдыққа негізделген ақиқат жолын нұсқайды. Жапан түзеде біржұтым суға зар болып, шөлде қалған адамның таңдайына тамған алғашқы жаңбыр тамшысына шөлі қандай қанса, Абайды жүрекпен түсініп оқыған адамның да жансусыны сондай қанады. Абайдың әр сөзі шаршаған жанның таңдайына татыр ғұмыр сусыны. Оны мейрі қанып ішкен адам бақытты. 

Халық, ел уақыты келгенде қайта түлеп жаңғырады. Өйткені оның табиғаты соны қажет етеді. Қазақ халқы ұзаққа созылған құлдық өмірден құтылып, тәуелсіз ел атанғанына 30 жыл болды. Бірақ қанымызға сіңген құлдық психологиядан толықтай арылып болған жоқпыз. Бұл нәубеттен түбегейлі арылудың бірдін-бір жолы өткендегі ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, тарихымызда өткен ұлттық ойдың басында тұратын ұлы тұлғаларымызды ұлықтауда жатыр. Нақытарық айтқанда, тұлғатануды дұрыстап жолға қоюымыз керек. Өйткені, әр халықтың әр дәуірде маңдайына Тәңірі сыйлаған табиғаты тосын ұлы тұлғалар болады. Шүкір. Қазақ халқы бұл тұрғыда барынша бақытты халық, олжалы ел. Оған дәлел, халықтық тарихымызда өткен ұлтына ұран болған даңғайыр тұлғаларымыз. Сол ұлылардың ұлысы Ұлы Абай. Абайсыз қазақ халқы әлем алдында өзінің ұлттық болмысын айқындай алмайды. Сондықтан да Абай халықтың құтқарушысы саналады. Бүгінгі міндет Абайды әлемдік деңгейде үздіксіз насихаттау керек. Сол арқылы біз өзімізді бүкіл әлемнің алдында тамырың тереңен алатың, бай тарихи, мәдени-мұраға ие мәдениетті ұлт екенімізді дәлелдей аламыз. Бұл ретте ерекше назар аударатын жайт ол – ақын шығармаларын шет тілдеріне аударған кезде асығыстық болмауы керек. Онда Абайды өзіміз орға жығамыз. Жалпы, поэзияны аудару өте қиын. Ол кімнің де болсын оң жамбасына келе бермейді. Бірақ соған қарамастан кілтін тауып аударуға күш салу керек. Тілді жетік меңгеру бір басқа, ақындық өнер бір басқа.

Ұлы данышпан өзінің Тәңір алдындағы ұлы миссиясын толық атқарып болып, ғарыштық сапарға аттанып кеткеннен кейін арада ғасырға жуық уақыт өткенде Алаш жұрты ата-бабалар армандаған азаттыққа жетті. Ұлы рухтар отаны ұлы дала өлі ұйқыдан дүр сілкініп оянды. Абайдың алып жартасынан шыққан ұлы жаңғырық аспан астын кернеп кетті. Қиянатың құрбаны болған ұлы аруақтар азаттық алған Алашымен қайта қауышты. Қасиетті қазақ даласы ібілістен тазартылды. Тәңірінің күні жарқырап шығып, жан бақытқа кенелді. Адам рухы азаттық алды. Әлемнің бар жұмбағын бойына жиған ұлы табиғаттың өзіндей тылсым, сырлы алып жартастан шыққан ұлы жаңғырық, ақиқат сөзі Абай сөзі. Ұлы уақыт желімен жарысып бүгінге жетті. Ешқандай зұлым күш оны тоқтата алған жоқ. Өйткенің ғаламның жұмбағын шешу оңай болғанмен, адамның жұмбағын (ақынның) шешу қиын. Сондай бір туасы жұмбақ жаратылыс иесі кеудесіне күллі әлем сыйып кеткен адамзаттың ардағы ұлы Абай.

Иә, Тәңірінің күні жарқырап шығып, зұлымдықтың күні біржола батты. Ар-намыстың ақ туы қайта желбіреді. Ұлы Абайдың ұлы арманы орындалды. Айы толықсып туған алып аспан астында адамзаттың бәрін сүйген Абайдың алып жартасы тұр. 

Мұқаш Кожахметұлы

Abai.kz

10 пікір