Сенбі, 4 Мамыр 2024
Деп жатыр 3619 6 пікір 2 Қаңтар, 2021 сағат 14:45

«Абай» телехикаясы құбылыс па?..

немесе бесінші фильм

Деректі фильмдерді есепке алмағанда, Абай туралы ең алғашқы фильм 1945 жылы қазіргі «Қазақфильмнің» алдында Алматы көркем және хроникалық фильмдер студиясында Григорий Рошальдің және Ефим Аронның режиссерлік етуімен Мұхтар Әуезовтың романының желісімен «Абай әндері» (кей деректерде «Абай өлеңдері» деп аударылыпты-авт.) деген атпен дүниеге келген екен.

Фильм қазақ қоғамы, сол кезеңдегі халықтың тұрмыс-тіршілігі мен ру аралық қарама-қайшылықтары әрі Абай өмірі мен ақын өнері екі арнада жарыса жарқын кестеленіп бейнеленген бірден-бір алғашқы кинотуынды болған. Ал, арада табаны күректей жарты ғасырдан соң ақынның 150 жылдығына орай 1995 жылы Ардақ Жамансарыұлы Әмірқұловтың екі бөлімнен түратын, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісімен жазылған сценарий бойынша «Абай» атты көркем фильмі өмірге келіпті. Үшінші фильм хәкім Абайдың 175 жылдық мерей тойына байланысты үлкен жоба ретінде түсірілген, алты сериалдан түратын «Qazaqstan» корпорациясының төл туындысы «Абай» телехикаясы. Көп күткенді көппен бірге көрдік... Төртіншісі, «Хабар» телеарнасының өнімі «Абай жолы» болмақ. Қысқа уақытта іркес-тіркес екі бірдей телехикаяның эфирге тіке жол тартуы, сөз жоқ, тау тұлғалы Абай туралы Президентіміздің ұлттың ұлық перзентті ретінде қозғаған жарқын бастамасының пәрмені деп білдік. Әуелі, атқарылған іргелі игі іске Абайды ардақтаған алаш жұрты дән разы. Енді, назар аударатын бір жайт, аталған ең алғашқы фильм Абай өмірге келгеннен кейін ары-берісі жоқ тура 100 жылда немесе Кеңестік кезеңде тойланбаған 100 жылдығында жарыққа шықса, келесі фильм одан 50 жылдан соң, үшінші мен төртінші фильм екіншісінен 25 жылдан кейін қалың көрерменімен қауышты. Байқап отырғаныңыздай, жасалған жұмыстың арасы тым алшақ болса да, Абайға деген құрмет біртіндеп артып отырған. Қайнар Олжай айтқандай, Қазақ топырағында өнердің жаңа саласы кино пайда болысымен ақын бейнесі экранда айшықтала бастады.

Бүгінгі таңда Абай сияқты ұлттың бірегей тұлғаларын экран арқылы жоғары деңгейде дәріптеу – заман талабы, цифрлы жаһандану кезеңіне сәйкес үлкен біліктілік. Аталған «Абай» телефильмнің көркемдік кеңесшісі Дулат Исабеков: «Абай» телехикаясы телефильмдердің ішінде үлкен құбылыс болып қабылдануы мүмкін, депті. Иә, сәтті шықса бәрі де мүмкін, алайда экрандағы туынды туралы көзқарақты көрерменнің ой-тұжырымы мүлдем басқаша. Балық басынан шіриді демекші, байқауымызша телетуындыда орын алған көп олқылықтар мен кемшіліктердің жалғыз қайнар көзі – фильм сценарийінде болса керек. Құлақ естіп, көз көрген деректерге жүгінсек, Сериалдың сценарийі телеарнаның көркемдік кеңесі мен зиялы қауымның сүзгісінен өткен. Сценарий төңірегінде үлкен тартыстар болған. Кеңесші ретінде, Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметтің пікірлеріне ұдайы жүгініп отырдық, деген шығармашылық топ. Ал, сценарий бойынша соңғы нүктені жазушы, драматург Дулат Исабеков қойған. Ол кісінің айтуынша әр алты сериалдың бәрін қайта жаздырған. Ол туралы телеарнаның басқарма төрайымы Лаззат Танысбай: Сценарий төңірегінде үлкен тартыстар болды. Соңғы нүктені Дулат Исабеков ағамыздың араласуымен қойдық, дегені бар. Әрине себепсіз емес. Демек даудың басы Дайрабайдың көк сиыры дегендей, сценарийден ши шыққаны шындық.

Әлемдік киноматография тарихында әйгілі ағылшын және америкалық кинорежиссер, сценарист, продюсер Альфред Хичкок деген данышпан: «Ұлы фильм жасау үшін үш нәрсе керек: Сценарий, сценарий және тағы да сценарий», деп айтқан екен. Ой ойлайтын мерей тойдың тұсында, әсіресе біз ескеретін өте өзекті, сара сөз. Өкінішке орай, көркемдік кеңесте күнде жиын, талай талқы болған. Тіпті, сонда сараланған сериал сценарийін қайтадан жаздырғанның өзінде «кино, театрдан бөлек әлем», «асыл дәстүрді жаңғырту», «ұлтты мақтаныш ету, жырлау» қарапайым қағидаттарды қаперге алмаған қаншама кемшін тұстары тайға таңба басқандай менмұндалап тұр. Керек десеңіз, Алмахан Мұхаметқалиқызының: «Абай» фильмінен күткенім көп еді», деген көркем сынында көзге түртіп көрсеткен көрнекті кемшіліктерден аяқ алып жүре алмайсыз. Оқыған болсаңыз, оған Қалиакпар Үсемханның: «Абай туралы айтар көп», деген білікті талдауын қосыңыз. Мың бір комментарий тағы бар. Қарның ашып, қадірің қашады. Егер де Исабеков араласып сценарийді қайтадан жаздырмағанда, Сержан Зәкерұлының сценарийінен шу шықпас па еді? Немесе ешкім ештеңені кесіп-пішпей, сол қалпы бойынша түсірсе қандай дүние экранға шығар еді, сұмдық-ай?! Әлде молдалар көбейіп кетті ме?.. Түсініксіз. Себебі, Лаззат Танысбайқызы айтқан әу бастағы қобалжу, қорқыныштарды болдырмау үшін үлкен жауапкершілік арқалап ауқымды жобаның басы-қасында басқа емес, Абайтаушы-ғалым Мекемтас ақсақал, аты зор жазушы, драматорг Дулат Исабеков пен көркемдік кеңесшілер күндіз-түні жүрді емес пе?! Ал олардың қасында қарымды қаламгер, батыл журналист, білдей бас редактор ретінде Қайнар Олжай жай жүрген жан ба, деген ойға қаласың. Қайрекеңнің: Фильм финалында өзгеше шешім табады. Сериалдың алдыңғы «Абайлардан» (1945 жылғы «Абай» мен 1995 жылғы «Абай жолын» меңзеп отыр – авт.) өзгеше тұстары да осы, депті. Бірақ, сериалдың сіркежияр соңы көптің көңіліне бірден қона қояры неғайбыл.

Қысқасы сценарийді емін-еркін отырып, толық жаңалауға немесе бәйге жариялап қайта таңдауға уақыт мүмкіндік бермеген. Орын алған бұл жағдай өз кезегінде асығыстыққа ұрындырды. Төрт компанияның ішінен таңдау түсіп, мемлекеттік телеарнаға сенім артқан режиссер Мұрат Бидосов: Түсірілім жұмыстары екі айдан астам уақытқа созылды, дейді. Сонымен, ақталуға келмейтін сан түрлі себептен қас пен көздің арасында аузы жоқ, мұрны жоқ домалақ дүние туыла салған. Соған қарамастан «Абай» апыл-ғапыл Түркияға жол тартып кетіпті. Айыбы болса, арысы Абайдың, берісі Әуезовтың аруағы кешірсін!

Жә, 100+50+25+5. Бесіншісі фильм, Сатыбалды Нарымбетов, Талғат Теменов, Тұңғышбай Жаманқұловтар естелік айтып еске салатын, басқа өнер жанашырлары растайтын, қазақ киносының нары Әзірбайжан Мәмбетов ертеде армандап кеткен, көңілден шығар көп сериалды көркем-тарихи фильм қашан экранға шығып, Абайды әлемге жарқыратар!.. Мүмкін, енді 5 жылдан соң, Абайдың 180 жылдығында...

Думан Аманұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1055
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 941
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 697
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 795