Сенбі, 4 Мамыр 2024
Дат 3930 17 пікір 25 Желтоқсан, 2020 сағат 12:11

Бұл сізге үлкен сын болмақ, Ақсақалов мырза!

Тәуелсіздігіміздің түғырын бекем етуде елді-мекен мен жер-су аттарының жаппай қазақшалануының маңызы өзге де пәрменді шаралардан ешбір кем емес. Өйткені ол бір кездерде ата-бабамыз қойып кеткен қастерлі белгі болғандықтан, оның патриоттық асыл сезімді қалыптастырудағы орны ерекше. Ендеше, мұны ұсақ-түйек дүние немесе қазіргі уақытта емес, кейінірек те шешілетін нәрсе деп қарау - үлкен қателік. Оның үстіне бұл атаулар кейінгі кезде саяси рең алып, қазақ жеріне көз алартушылардың құйтырқы «көздіріне» айналып отыр.

Мәселен, көршіміздің Никонов, Жириновский және Федоров секілді арандатушылары «әне, қалаларының аттары қашанда «Павлодар, Петропавел» секілді болып келеді. Осының өзі-ақ бұл жерлер орыстікі екендігін білдірмей ме?» деп пәлсапа соқпасына кім кепіл? 

Міне, сондықтан да өткендегі «Намыс» жастар қоғалысының бастамасы қай қазақты да бей-жай қалдырмас деп ойлаймыз. Олардың Петропавел қаласын Қызылжар етіп өзгерту талап еткен петицияны аймақ әкімі Құмар Ақсақаловқа тапсыруы жастарымыздың тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы жасаған үлкен бір қадамы десек, артық айтқандық болмас.

Біріншіден, бұл өзгеріс Ресей шовинистерінің өздерінше дәйек етіп ұстайтын  «уәжсымағынан» айырады. Ал, екіншіден бұл қадам еліміздегі анау Павлодар секілді әлі де мұрты бұзылмай жатқан отаршылдықтың «ауыр мұрасынан» арылуға жәрдемдеседі. Бұл шаруаның дәл қазіргі уақытта атқарылуы Ресейдегі кейбір бұзық ниеттегілерге қазақ елінің патриоттық рухта тәрбиеленген жастар толқынының өсіп келе жатқандығын, олар азаттық жолында аянбай күресе білетіндігін танытып, бір тәубесіне келтірері сөзсіз. Сосын, мүмкін, келешекте аяғын байқап басар да. Қанша дегенмен баяғы ұлы державалық саясаттың бүгінгі таңда уақыты өтіп бара жатқандығы, ондай ескірген ұғымның соны ту етіп ұстаған елдің өзіне түптің түбінде үлкен зиян, орасан алапат әкелерін сезінулері тиіс. Олай болмаған жағдайда, ол елдердің болашағы бұлыңғыр. Мүмкін көршіміздің кейбір саясаткерсымақтардың мұнысы соңғы рет тұяқ серпуі де шығар, кім біліпті? Саясат дегенің де жықпыл-жықпылы көп, мың қатпарлы, бір саусағы бүгулі дүние ғой.

Ендігі мәселе осы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа тікелей тірелері сөзсіз. Әкім дегенің атадан балаға мұра етіп қалдыратын лауазым емес қой. Оның да мерзімі шектеулі. Ол орынтаққа ешкім де мәңгілік жабысып қалған емес. Уақыты келгенде орынды босатып, басқа жаққа қарай жылжисың. Әңгіме сол жұмсақ орындықта қанша отырғаныңда емес, қайта, қандай игілікті іс тындырып, кейін атыңды халық қадірлеп айтып жүретін жақсы дүниелермен есте қаларыңда. Азамат есебінде бұл сізге үлкен сын болмақ, Ақсақалов мырза!

«Темірді қызған кезде соқ» дегендей, осындай аласапыран уақытта белді бекем буып жіберіп, жұрттың бәрін әбден зәразап қылған, бүгінгі заман талабына да сай келмейтін екі діни әулиелердің есіміндегі шаһардың тарихи «Қызылжар» атауын қайтаруға пәрмен берсеңіз, сіздің алдыңыздағы талай әкімдер шеше алмаған қиын түйінді тарқатып, азаматқа лайық іс тындырар едіңіз. Халықтан алғыс алуға осы бір кішкене ғана ісіңіз толық жетіп жатыр. Ештеңеден қорқып-үркудің қажеті жоқ. Жоғары жақтағы азаматтар да ол үшін сізді тым жазғыра қоймас. Олар да тәуелсіз қазақ елінің атқа мінген азаматтары ғой. Түсінетіндігіне сенімдіміз. Ал енді қала атын өзгертуге қарсы болып, сіздің шаужайыңызға жармасып, өздерінше дүрлігіп жүрген сепаратистік ниеттегі азғана топтан онша қорқа да қоймассыз. Сіз қанша дегенмен өмірлік те, саяси да мықты тәжірибеден өткен, мемлекеттік те, партиялық та жұмыстан мол хабары бар жан ретінде оларға басу айтуға, керек болса мықты да бұлтартпас дәлелмен сабасына түсіруге еркіңіз мен сауатыңыздың толық жететіндігіне күмәніміз жоқ. 

Сайып келгенде, бұл қадамыңыз өзіңіз туып-өскен Қостанай облысына да үлкен әсерін тигізері сөзсіз. Өйткені мұнда да қазақи атауды сұранып тұрған елді-мекендер жетерлік. Мәселен, осындағы Рудный мен Лисаков секілді қалалардың есімдерінің қазақилануы да уақытын күтіп тұрған шаруалардың бірі. Қайдағы бір аты да заты да белгісіз орыстың Федоров дегені де мықты бір ауданның атын иеленіп тұр. Мен бұрынғы кеңес кезінен қалған, әлі де сол дәуірдің белгісіндей болдып тұрған орысша селолардың қалың дүрмегі жайлы тіпті де ауызға алып тұрғаным жоқ.

Атамыз қазақ «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» дегенді бекер айтпаған болар. Намыс, елге деген сүйіспеншілік, сол жолға ғұмырын арнау, туған жердің топырағын да тәу ету бос сөздер емес, олар қызғыштай қорғайтын қасиетті дүниелер. Ал олрадың алдында жай қызметкер де, әкім де бірдей. 

Айтпағымвыз осы еді. Қалғанын Құмар Ақсақаловтың ар-намысы мен елжандылығына байланысты.

Жайберген Болатов

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1050
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 932
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 693
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 789