Жұма, 17 Мамыр 2024
Әңгіме 3714 5 пікір 18 Желтоқсан, 2020 сағат 12:23

Үкіметке хат (сатира)

Баласы Түзелместің ойламаған жерден «қатын алғым келеді» дегенін естіген Қисықтың аузы қисайып кете жаздады.

-Немене?- деді ол өз құлағына өзі сенбегендей.

-Қатын алғым келеді деп тұрған жоқпын ба?

-Қатыны несі,- деді Қисық әлі де мәңгіріп, қайдағы қатынды айтып тұрсың?

-Қайдағы екенін қайтесіз, үйленгім келеді.

-Үйленгім келеді дейді! Үйленгені несі? О, нақұрыс! Есі түзу адам қазіргі заманда қатын ала ма? Жұрт нанға ақша таппай жүрсе, бұл қатын алғысы келеді-ей. Қарай гөр дәмесінің зорын. Мұндай да ақымақ болады екен-ау. Жүре бер, қатынды қайтесің. Қатын алып, ұшпаққа шығармын дейсің бе?

-Сонда қашанға дейін жүре беруім керек?

-Жүре бер. Енді бір он жыл жүре тұрсаң, тура қырыққа келесің. Оған дейін азық-түлік арзандап, заманның «аузы» түзеліп қалар.

-Ал егер түзелмесе ше?

-Онда тағы бір он жыл күт. Қайда асығасың? Қартайғанда алған қатын кәмпит сияқты тәтті болады. Ал қазір алсаң, қадірін білмейсің. Асықпа. Үкімет алдымен ауылды көркейтсін. Жұмыс тауып берсін. Сосын ақылдасармыз.

-Жұмыс тауып бермесе ше?

-Е, онда қатынды үкіметтің өзі алып берсін.

Түзелмес есікті тарс еткізіп, шығып кетті. Қисық өзімен өзі қалып, күбірлеп отыр.

«Апыр ай, бұған қатынды қалай алып берем. Тіпті өзінің үстінде дені түзу киімі де жоқ. Ағайын туыстардың да шаруасы шамалы. Сонда не істеуім керек? Әлде үкіметке хат жазсам ба екен»? Осы ойдың санасында сәуле беруі мұң екен, бір құдіретті күш «жаз, жаз» деп желкелеп тұрғандай болды.

Қолына қалам алып: «Құрметті Премьер-министр!» деп алдындағы ақ қағазға айбақтата бастады. «Сізге осы хатты жазып отырған шалғайдағы көгермегір Көктемес ауылының Қисық деген қара шалы.

Мәселе мынадай: Менің Түзелмес деген ақымақ балам ай-шай жоқ аяқ астынан қатын аламын деп қиғылықты салып жатыр. Жұрт дұрыс тамаққа жарымай жүрсе, бұл күшік қатын алғысы келеді. Есі түзу адам қазіргі заманда қатын ала ма? Бұдан оншақты жыл бұрын азын-аулақ мал ұстайтын едік. Кейін жерді жекеменшікке алып алған Көкірек деген көкбет сол жерді өзі жаратқандай мал жайғыздырмай қойды. Ауылымыз «баяғыда» быт-шыты шыққан. Көбік деген крестианымыз жемнің де, шөптің де бағасын аспандатып жіберді. Сосын бар малдың көзін құртқанбыз. Енді бәрі менің азын-аулақ пенсияма «аузын ашып» отыр. Осыны менің «күшігім» түсінгісі келмейді. Өзінің дұрыс киімі де жоқ. «Қайыршыға жел қарсы» дегендей, құлақшынын әр жерден күйе жеп тастаған. Етігі де жыртық. Бірақ байғұс бала осы сиқына қарамай, қатын алғысы келеді. Қатын оның не теңі.

Сіз қалай ойлайсыз, осынысы жөн бе? Мен қате айтып тұрған жоқпын ба? Мен ол нақұрысқа қатынды қайтесің, қатын алып ұшпаққа шығармын дейсің бе, қатынсыз жүре бер дедім. Ол болса, беті бүлк етпей, қашанға дейін жүре беремін дейді. Мен «үкімет ауылды көркейтсін. Жерді жекеге беруін қойсын.  Жұмыс орындарын ашсын» дедім. Ол үкімет олай істемесе ше деп аузын қисаңдатты. Онда қатынды үкімет өзі алып берсін дедім. Ол ашуланып шығып кетті.

Құрметті Премьер-министр! Жағдай осылай. Біздің жақта қатынды қазір коммерсанттар мен крестиандар ғана алады. Жұмысы, малы жоқтар балаларына қатын алып беруді тоқтатты. Мұны менің мәңкүс балам мүлде түсінгісі келмейді. Сонда екеуміздің сөзіміздің қайсысы дұрыс? Қазіргі ауылдың «аузы қисайып», «көзі ақиып», «қояншығы» ұстап тұрған мына заманда баламның маған қатын алып бер деп талап қоюға заң жүзінде қақысы бар ма? Жоқ әлде бұл жағдай заңда көрсетілмеген бе? Менің оған қатынсыз жүре бер деген сөзіме сіз қалай қарайсыз, қолдайсыз ба? Жоқ әлде оған қатынды үкімет атынан өзіңіз алып бересіз бе? Онда баламның бөркі қазандай болып, «Үкімет алып берген қатыным» деп мәз-мейрам болып жүрер еді-ау. Мен де оған қатынды өзім алып бергендей-ақ қопиып жүрер едім».

Қисық тағы не жазсам екен деп қиялдап, біраз жатты. Ақыры ой түбіне жете алмай, сол жатқан күйінде қор ете қалды. Ертеңіне жазған хатын айнала іздеп, таба алмады. Түзелмес көрген жоқпын деп бет бақтырмады. Содан бері Қисық үкіметке хатын «әне жазамын, міне жазамын» деумен әлі мойны жар бермей келеді.

Дамир Әбішев

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2124
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2533
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2259
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1640