Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
3591 6 пікір 15 Желтоқсан, 2020 сағат 15:28

Дәурен Қуат «Құрмет» орденімен марапатталды

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен белгілі ғалымдар, мәдениет және әдебиет қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбектері «Құрмет» орденімен бағаланды.

Олардың қатарында жазушы, Махмұд Қашқари атындағы сыйлықтың иегері, Abai.kz ақпараттық порталының құрушысы, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры» ҚҚ Президенті, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат та бар. 

Дәурен Қасенұлын «Құрмет» орденін алуымен құттықтай отырып, жазушы, журналист Сәкен Сыбанбайдың мына бір жазбасын оқырман назарына ұсынамыз. 


Біздің «Құрмет»-ті дәурен

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы, журналист Дәурен Қуат «Құрмет» орденімен марапатталды!

Дәуреннің қандай құрметке де лайық бейнетқор, іскер, алғыр азамат екенін, өз ісінің кәсіби шебері, нағыз майталманы екенін ел жақсы біледі. Журналистикаға өзіндік бөлек қолтаңбасымен, дара үнімен келген ол ә дегеннен-ақ саяси-әлеуметтік мақаланың өзін қазақтың шұрайлы тілімен шырайын келтіре жазатын әрі көркем, әрі ойнақы, жатық стилімен ерекшеленген еді. Кейін келе Дәуреннің осы жүрдек қаламының ұшына ұйыған құнарлы сөз мәйегі оның шығармашылық қиялын шарықтатып, жазушылық қырын ашты. «Қорғасын әріптің уын жұта» жүріп (С.Бердіқұлов) жастайынан шыңдалған оның газетті оқылымды да тартымды етіп шығарудың түрлі әдісін игергені сонша, кезінде өзі басқарған «Алтын орда», «Жас қазақ», енді, міне, бүгінгі «Қазақ әдебиеті» басылымдары оқырман іздеп оқитын газетке айналды.

2009 жылы «Жас қазақтан» кеткеннен кейін Дәуреннің бірер ай тым-тырыс қалғаны рас. Бірақ ол қарап жатушы ма еді, жаңа дәуірдің талабын ескеріп, алда ғаламтор заманы келе жатқанын бағамдап, тың жобалар ойлап жатыпты. Көп ұзамай «abai.kz» атты қазақ тіліндегі тұңғыш ақпараттық-сараптамалық порталды жарқ еткізді! Сол «Абай. Кз» бүгінде үлкен ақпараттық күшке айналды, интернет кеңістігінде қазақша контенттің молаюына орасан зор үлес қосты. Әлі де қосып келеді.

Дәурен досымыз шығармашылық жұмыспен шектеліп қалмай, енді елдің әлеуметтік-саяси өміріне де араласып көрмекке бел буыпты. Халықтық-демократиялық һәм патриоттық «Ауыл» партиясының атынан Парламент мәжілісінің депутаттығына түсіп, «тәуекел» деп, бақ сынап отырған жайы бар. Ауылдың қамын ойлау - қазақтың қамын ойлау деген сөз. Жасанды толеранттылықты, әсіресақтықты, жалтақтықты жиып қойып, Парламент мінберінен қазақтың мүддесін ашық қорғап, ұлттың сөзін сөйлейтін адамдар қазір бізге өте қажет. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханды пір тұтатын Дәурен Қуат - сондай азаматтың бірі деп білемін.

Марапатың да, қадамың да құтты болсын, ағай!

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1521
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1372
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1122
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1148