Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңғырық 5723 8 пікір 9 Желтоқсан, 2020 сағат 15:29

Желтоқсан көтерілісі һәм Венгр революциясы

КСРО-ның саяси және идеологиялық ықпалынын босау үшін болған күрестің керемет үлгісін 1956 жылы Венгр көтерілісі көрсетті. Кеңес одағы шығыс блоктағы мемлекетті басқару үшін Венгрияда алғаш рет қарулы күштерді қолдануға мәжбүр болды. Венгрия тарихында бұл оқиғалар «Венгр революциясы» деп аталады. КСРО тарихында «социализмге қарсы венгр көтерілісі» деп сипатталады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында Венгрия фашистердің жағында соғысқан ел болатын және кеңес әскерлері Венгрияны неміс фашизмнен азат еткен. Бірақ, соғыс аяқталғаннан кейін, елде коммунистерге қарсы диверсиялық жұмыстар жүргізген ұйымдардың саны көп болды. 1945 жылғы 4 қарашадағы сайлауда коммунистер 17% ғана дауыс алды.

Алайда Кеңес билігінің көмегімен М.Ракоши басқарған венгр коммунисттері үкімет құрды. «Сталиннің сүйікті шәкірті атанған» Ракоши сол Сталиннен үлгі алып – индустрияландыру және ұжымдастыру, кез-келген диссидентті жою және католик шіркеуіне қарсы күресті күштеп жүзеге асырды. Мемлекет венгр қауіпсіздік қызметі арқылы басқарылды. 650 мың венгр азаматы саяси қуғынға ұшырады, 400 мыңы түрмеге отырғызылды.

Сталин қайтыс болғаннан кейін, Ракоши  қатты сынға ұшырады. 1953 жылы Имре Надь Венгрияның басшысы қызметіне тағайындалды. Ол Венгрияда партия мен демократиялық реформалардың жақтаушысы болған еді. Ол жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамытуға көбірек көңіл бөлуді, салықтарды азайтып, жалақыны көбейтуді, саяси қуғын-сүргін саясатын тоқтатуды қолдаған. Алайда мұндай прогрессивті шешімдер коммунисттік билікке жақпады.

Венгр көтерілісі

Венгриядағы көтеріліс 16 қазан күні студенттік наразылықтардан басталды. 1956 жылғы 23 қазанда Будапеште 200 мың венгр Надты үкіметке қайтару, еркін сайлау өткізу және кеңестік әскерлерді елден шығару керектігін талап етті. Үкімет қарсыластары жергілікті казармалардан қару-жарақтарды тартып алды. Сталинге арналған 25 метрлік ескерткішті құлатты.

Ал 24 қазан күні таңғы уақытта кеңестік үкімет бұйрығы бойынша кеңес әскерлері Будапештке кірді: 300-ге жуық танк, брондалған автокөліктер, пушкалар, 6000 сарбаз... 25 қазанда демонстрация кезінде белгісіз адамдар кеңес жауынгерлеріне оқ атады. Бірнеше адам қаза тауып және бірнешесі ауыр жарақат алады. Жауап ретінде кеңес әскері наразылыққа шыққан венгрлерге қарсы қару қолданады. Кейбір деректерде, екі жақтан 100-ге жуық адам қаза тапқаны айтылады. Осыдан кейін Венгриядағы жағдай нашарлап, наразылар венгр коммунистері мен қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасай бастайды. Адам шығыны көбейеді.

30 қазанда Кеңес үкіметі өз әскерлерін шығаруға мәжбүр болады. Жұрт мұны «реакциялық күштерге қарсы жұмысшылардың әділ және прогрессивті қозғалысы» деп атайды. Келесі күні Н.Хрущев бұл қадамды Батыстың «барлық прогресшіл күштеріне және әлемдік социализмге» қарсы қастандық деп айыптады. Оны басқа елдердің коммунист басшылары да қолдаған.

1956 жылы 4 қарашада маршал Жуковтың басшылығымен «Шығыс» әскери операциясы басталады: 30 мыңға жуық жауынгер, 1000 танк және басқа брондалған техника қолданылады. Бұл операция кезінде тіпті Венгр әскерлері бейтарап қалып, 6 қарашада Будапештте «реакцияшыл» қарсылық жойылады. Ал 11 қарашаға дейін Венгрияда көтеріліс толық күшпен басылды.

Ресми деректер бойынша, осы операция кезінде 669 кеңес жауынгері, көтеріліске шыққан 2 652 адам қаза тапқан. 348 әскер және 19 226 адам жарақат алады. 1956 жылы оқиғалардан кейін Венгриядан 200 мыңнан астам адам қоныс аударған екен.

Сол көтеріліске қатысушыларға қатысты сот процесстері өтіп, 300-ден астам адам өлім жазасына кесіледі. Имре Надь 1958 жылғы 16 маусымда сотталып, 1989 жылы толығымен ақталды және «Венгрияның ұлттық қаһарманы» деп танылады.

Кеңес үкіметі осы оқиғалардан кейін қатты үрейленеді және жаңа ұсыныс жасап, «Варшава келісіміне кіретін елдер ел арасында саяси және насихаттық жұмыстарды нығайтуға күш салуы тиіс» дейді. Венгр көтерілісі «нағыз социализм мен прогреске қарсы Батыстың көмегімен жасалған бүлік» деп жарияланды.

Содан бері қырық жыл өтті. Кеңес мемлекеті 1991 жылы құрдымға кетті. Ал 1956 жылғы венгрлердің көтерілісі нағыз бостандық, еркіндік пен егемендік үшін болған күрес екені тарихи дәлелденді. Дамудың социалистік жолы уақыттың сынағына төтеп бере алмағай, КСРО-ның қираған жерлерінде жаңа мемлекеттер пайда болды.

Айту керек, қазіргі Ресей бұрынғы кеңестік идеологияны ысырып қоюға тырысқанымен, Путин оның кейбір элементтерін әлі де қолдануға тырысып келеді.

Желтоқсан көтерілісі

1956 жылғы Венгиядағы көтерелістен кейін, 1986 жылы Қазақстанда Желтоқсан көтерілісі болды. Осы көтерілістің басты мақсаты –  егемендікке, Тәуелсіздікке қол жеткізу еді. Биыл 34 жыл. Бұл көтеріліс КСРО-да М.С.Горбачев билікке келген және «Қайта құру» деп аталатын бастама көтерілген кезде болды.

«Брежневтің соңғы жылдары» деп аталатын КСРО халық шаруашылығындағы тоқырау - өндіруші күштерді жоспарлау мен орналастырудағы командалық-бюрократиялық жүйенің қарама-қайшылықтары мен кемшіліктерін ашты. Ұлттық экономиканың салалық құрылымы теріс формаларға ие болды. Машина жасау министрлігі, түсті металдар министрлігі, энергетика министрлігі, мелиорация министрлігі және қорғаныс министрлігі сияқты бөлімдер Қазақ КСР аумағында нақты меншік иелеріне айналды. Әр түрлі жоспарларды құру және жаңа кен орындарын игеру кезінде республиканың мүдделері іс жүзінде ескерілмеді. Бөлінген барлық қаражаттың көп бөлігі өндіруші салаларға жұмсалды. Халыққа қажет тауарлардың 60%-ы республикадан тыс жерлерден әкелінді. Әлемде бірде-бір ел экономиканың осындай қисық, отарлық құрылымын көрген жоқ. Идеологиялық тоталитаризм және ғылым мен білімді қаржыландырудың қалдық принципі адамның рухани әлемінің дамуына теріс әсер етті.

Ғылым ресми биліктің, билік саясатының мойынсұнғыш «шенеуніктеріне» айналды, ал мәдениет ұлттық тамырынан айрылды.

1954-1986 жж. республикада қазақ тілінде оқытатын 600-ден астам мектеп жабылды. Қазақ тілі көптеген қоғамдық орындарда қолданыстан айырылып, тұрмыстық тілге айналды. Ұлттық мәдениеттен және тілден алыстаудың бұл ұзақ процесі белгілі манқұрттардың (мәңгүрт) пайда болуына әкеліп соқтырды.

Сонымен, Орталықтың дәстүрлі командалық іс-әрекеттері мен қайта құрудың демократиялық қағидалары арасында айқын қайшылық туды. Алғашқы жарияланған мақсаттар мен сол кездегі шындық арасындағы елеулі қайшылықтардың нәтижесі Желтоқсан көтерілісі болды.

Наразылықтың тағы бір басты себебі – Қазақстанның жоғарғы басшылығындағы өзгерістер еді. Бұл демократиялық жолмен болады деп күтілген. Бірақ олай болмады.

1950 жылдардың ортасында Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру басталды және бұрынғы Кеңес одағының Еуропадағы аумақтарынан «тың жерлерді игеретіндердің» үлкен толқыны республикамызға ағылды. Бұл саясат қазақ жерін бөлуге және республикамыздың ұлттық тұтастығын құртуға бағытталған еді.

Кеңес үкіметінің басшысы Хрущев Қазақ КСР-ін Батыс, Тың және басқа өлкелерге бөлу идеясын алға тартты, ол бойынша Қазақстанның солтүстік және тың аумақтары кейіннен РСФСР құрамына енуі тиіс еді.

Хрущевтің осы «ұлтаралық саясатын» түсінген қазақ патриоттары қазақ жерінің бірлігі мен тұтастығын сақтауға тырысты. Сондықтан, «Менің Қазақстаным» әні жазылды. Бұл қазақ халқының Хрущев саясатына наразылығы еді. Бұл әннің алғашқы орындаушысы халықтың сүйіктісі Жамал Омарова болды. 1960-1970 жылдары ол Қазақ КСР-нің республикалық радиосында жиі айтылып тұрды. 1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы қазақ студенттеріне күш берген де дәл осы ән болды.

15 желтоқсанда Алматыға КОКП ОК мүшесі Г. Разумовский және Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин келді. 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумында Колбин жоғары партия органдарының республикалық бірінші хатшысы қызметіне ұсынылды. Қазақстандағы партиялық элита «талқылаусыз» дауыс берді, сөйтіп, партияның барлық нормалары мен жарғысын бұза отырып, Қазақстанмен мүлде байланысы жоқ және жергілікті жағдайды білмейтін адам республиканың басшысы болып сайланды.

Бұл қазақты басыну ретінде қабылданды және наразылық туғызды. 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы жастары республиканың мүдделерін ескермеуге қарсы наразылық ретінде көшеге шықты. Демонстрация бейбіт болды, мемлекетке немесе үкіметке қарсы ұрандар болған жоқ, азаматтар өздерінің конституциялық құқығын пайдаланды. Бірақ билік диалогқа келгісі келмеді. Террор мен репрессияға жүгініп, демонстранттарға қарсы әскер мен милиция жіберді. Осылайша, Конституция мен Кеңес заңдары қайтадан өрескел бұзылды.

Билік темір дубинкалармен және сапер күректермен қаруланған әскер, милиция мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың орыстілді жұмысшыларынан құралған отрядтарды қазақ жастарына қарсы қояды. Кей мәліметтер бойынша, 17-18 желтоқсандағы қайғылы оқиғалар кезінде 150-ден астам демонстрант қаза тапқан. Алматыда 540 адам медициналық мекемелерге, 200-ден астамы ауруханаға түскен. 1700-ден астам адам түрлі жарақат алған.

Демонстрацияны тарату үшін сапер күректер, қызметтік иттер қолданылды. Адамдарды суық суға батырып, ұсталғандарды ұрып-соғып, жартылай жалаңаш адамдарды қала сыртына шығарды. Демонстрацияның күшпен таратылуы туралы хабар бүкіл Қазақстанды дүрліктірді. Осыған ұқсас оқиғалар республиканың көптеген қалаларында да өткенімен, билік басып отырды.

Халық көтерілісінің аяғы қатыгез репрессиямен аяқталды. 900-ге жуық адам әкімшілік жазаға тартылды, 99 адам сотталды. Тек астанада жоғары оқу орындарынан 264 адам, комсомолдан 758 адам, партиядан 52 адам шығарылды. Комсомолдық және партиялық жазалар 1400-ге жуық адамға қолданылды. Ішкі істер органдарынан 1200 адам, көлік және медициналық мекемелерден 300 адам жұмыстан шығарылды. Университеттің 12 ректоры қызметінен кетті. Тергеу мен сот процедуралары кезінде ережелер өрескел бұзылды. Билік Сталиннен кейінгі кезеңде бұрын-соңды болмаған репрессия жасап, ұлттық интеллигенцияны қудалауды бастады.

1987 жылдың басында КОКП ОК қарар қабылдады. Онда желтоқсан көретілісі «қазақ ұлтшылдығының» көрінісі деп жарияланды. 1987 жылы жұмыс орындарына және жоғары оқу орындарына түсуге пайыздық квоталар енгізілді. Бұл практика азаматтардың ұлттық құрамына қарамастан теңдігінің конституциялық принциптерін бұзу болып табылатын еді.

Г.Колбиннің «интернационализм және қазақ тілін үйрену қажеттілігі» туралы демагогиялық мәлімдемесі білімге қол жетімділіктің жабылуы және байырғы тұрғындардың ішінен «ұлтшылдар» мен «жемқор шенеуніктерді» іздеумен қатар жүргізілді. Соған қарамастан, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы бүкіл Кеңес Одағының саяси өмірін демократияландырудың катализаторы болғанын және КСРО халықтары үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызы барын атап өткен жөн. Сонымен қатар, бұл бұрынғы КСРО аумағында қалыптасқан саяси жүйеге қарсы алғашқы демократиялық көтеріліс болды. Ол қазақ халқының тәуелсіздік пен егемендікке қол жеткізуіне жол ашты.

Бірінші, Хрущев ана тілін үйренудің ерікті екенін жариялады, содан кейін Брежнев русификация саясатына тағы бір қадам жасады. Ол орыс тілін ұлттық республикалар үшін мемлекетаралық тіл ғана емес, республикалардың өздері мен тұрғындары үшін мемлекеттік тіл деп жариялады. Үшінші, жаңа тарих тұжырымдамасына сүйене отырып, кеңестік тарихшыларды орыс емес халықтардың бүкіл тарихын қайта жазуға мәжбүр еткен Брежнев басшылығы болды. Жаңа тарихи тұжырымдама тек анти-ғылыми ғана емес, сонымен қатар ашық анти-тарихи еді.

Жоғарыда аталған үш тұжырымдаманың негізін құрайтын үш қағида ұсынылды:

бірінші қағида - барлық орыс емес халықтар патшалық империяға өздері ерікті түрде қосылды;

екінші қағида - бұған қарсы тұрған ұлт-азаттық қозғалыстар реакциялық қозғалыстар болды;

үшінші қағида - бұл халықтардың патша империясына қосылуы олар үшін тарихи прогрессивті әрекет болды.

Түйін. Венгрия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани: «Азаттық жолындағы күрес, көтеріліс – өте маңызды мәселе. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі (1986) мен Будапештегі Қазан көтерілісі (1956) – адамзат тарихында орны бар, әлемдік мәртебеге ие көтерілістер!» – деген баға берді.

Алматыдағы Желтоқсан мен Будапештегі Қазан  көтерілістерінің тарихи маңыздылығы туралы айтқанда – осы екі ұлт-азаттық көтерілістер екі халықтың тарихи дербестігі мен тәуелсіздігіне, онымен қатар орыс-кеңес империясының ыдырауына әкелген тарихи оқиғалар деп толық айтуға болады!

Керімсал Жұбатқанов,

Қазақ-Орыс халықаралық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1569
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1460
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1206
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1191