Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3448 0 пікір 8 Ақпан, 2012 сағат 11:01

Мәуен Хамзаұлы. Асқақ рухтың алдаспаны

Адамзат қоғамындағы даму заңдылығының біз біле бермес ерекше бір құбылысы дейміз бе, тіпті тағдырдың, жазмыштың ұйғарғаны дейміз бе, әйтеуір, бір ақиқаттың бар екендігі айқын: ол - ғасырлардың тоғысқан тұсында, уақыт тұрғысынан алғанда өліара кезеңдерде тарих сахнасына сирек қайталанатын айрықша тұлғалардың шығатындығы. Әлімхан Ермеков - сондай ғажайып тарихи тұлғалардың бірі. Ол Алашорда қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дәулетов, М.Жұмабаев, Б.Қаратаев, М.Шоқаев, т.б. секілді уақыт тынысын, жаңа қоғамның талап-тілегінен ту­ын­­даған саяси-экономикалық, рухани-әлеу­меттік идеологиялық саясатты, отарлауды, ұлт­тық сананы бұғаулауды мақсат еткен пат­ша­лық, кейіннен кеңестік ұстанымды сұң­ғы­лалық­­­пен сезіне білді, түйсіне білді.

Адамзат қоғамындағы даму заңдылығының біз біле бермес ерекше бір құбылысы дейміз бе, тіпті тағдырдың, жазмыштың ұйғарғаны дейміз бе, әйтеуір, бір ақиқаттың бар екендігі айқын: ол - ғасырлардың тоғысқан тұсында, уақыт тұрғысынан алғанда өліара кезеңдерде тарих сахнасына сирек қайталанатын айрықша тұлғалардың шығатындығы. Әлімхан Ермеков - сондай ғажайып тарихи тұлғалардың бірі. Ол Алашорда қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дәулетов, М.Жұмабаев, Б.Қаратаев, М.Шоқаев, т.б. секілді уақыт тынысын, жаңа қоғамның талап-тілегінен ту­ын­­даған саяси-экономикалық, рухани-әлеу­меттік идеологиялық саясатты, отарлауды, ұлт­тық сананы бұғаулауды мақсат еткен пат­ша­лық, кейіннен кеңестік ұстанымды сұң­ғы­лалық­­­пен сезіне білді, түйсіне білді.

Қазақ деген халықтың басына киілген бо­дан­­дық ноқтасының тым тарылып кететінін түсінген ол өз серіктерімен тығырықтан шығар жол іздеді. Ұлттық болмысқа негізделген ха­лық­­тық руханият­тың, ғұмыр кешу салтының ғасырлар бойы қалыптасып, сыннан өткен түрлерінің келе-келе құрдымға кетіп, жоқ бо­ларын, табан астында тапталарын жан-тәнімен ұғынды. Әлімхан Әбеуұлы қазақтың ұлт ре­тінде, халық ретінде тарих толқынындағы то­пан су астында қалмай, аман қалуының жолы - рух биіктігінде, қажымас қай­рат пен асқақ зияткерлікте екенін сезіне алды. Осы­дан келіп, күн тәртібіне ұлттық сананың оянып, кемел­денуіне бірден-бір дәнекер болатын партия құ­ру мәселесі қойылған еді.

Сөйтіп, өмірге қоғамдық, тарихи қажет­ті­ліктердің негізінде алашорда қозғалысы, алаш­ор­да партиясы, сәл кейінірек Алашорда өкіметі келді.

Жаңа жағдайдың аласапыран сәтінде Ә.Бөкейха­нов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхаме­дов, М.Шоқай, Ә.Ермеков, т.б. ұлттық мем­ле­кет құруды мақсат етті. Алаш қозғалысы қа­зақ­тың дербес мемлекетін құрып, қалыптас­тыруда алғышарттар жасайтын маңызды тетік деп саналды. Жүз ойланып, мың толғанған алашордалықтар өз алдына экономикалық, сая­си, рухани тұрғыдан алғанда, өзге елдермен тере­зесі тең, дипломатиялық қарым-қатынас ор­ната алатын, достық, бейбіт ынтымақтастық байланыс жасай алатын қазақ мемлекетін құрудың уақыты келді деп есептеді. Демек, ал­аш қозғалысының басшылары пікірінше, ұлттық сананың жетілгені, дамығаны олардың осы­нау ұлы істі бастауына мүмкіндік берген бола­тын. Міне, қазіргі таңда, яғни тәуел­сіз­дік­тің бүгінгі биігінен өткен тарихымызға үңіл­генде, басты назарда ұстайтын жайтымыз осы бол­са керек. ХХ ғасырдың басы - ұлттық сана­ның мейлінше жетілген кезеңі.

Ә.Ермеков өз пікірлестерімен бірге жер бе­тін­дегі барша халықтың тарихын жетік білді. Адам мен қоғам, адам мен тарих, қоғамдық дамудағы жеке тұлғаның рөлі, экономикалық мүмкіндіктердің жан басына шаққандағы жеке үлесі т.б. мәселелер қатаң да нақты сараптан өткізілді. Олар өз халқының ұлттық сипат, ерек­­ше­­ліктерін, адамзат қоғамы ауқымында ала­­тын орнын, өзгеге ұқсай бермес асылдарын, жал­пы адамзаттық құндылықтар қатарынан табы­лар өзіндік үлесін Уақыт және Кеңістік сия­қ­ты философиялық ұғымдар аясында зердеден өткізді. Қазақтың басын қосып, жеке ұлттық мемлекет жасаймыз деп бел байлаған­да, ұлт бойындағы қайталана бермейтін бол­мыс, асқақ рух, бай тарих, ғажайып мол руха­ният мұрасы Ә.Ермеков сияқты алашорда қай­рат­­кер­­лерінің қиялына қанат бітіріп, жігерлен­дір­генін естен шығармауымыз қажет.

Ойды ой қозғайды, сөз реті келген соң бір жәйт­тің басын аша кеткен жөн. Еліміз тәуел­сіз­­дігін жариялағаннан бері күні бүгінге дейін алаш­орда жайлы, оның көсемдері жайлы бір­шама еңбектер жарық көрді, әлі де жарық көр­мек. Солардың біразында, өкінішке қарай, ал­аш­­орда қайраткерлерін кеңес, партия қызметін атқарған танымал тұлғаларға қарсы қою, оларды өзара жаулық, дұшпандық қатынаста болды деген пікірлердің қылаң беріп қалатыны жасырын емес. Алайда көптеген тарихи құжат­тарды, әр тарихи есімнің қоғамдық-әлеуметтік, тарих аясындағы өз халқына деген қарызы мен парызын зерттеушілік көзбен үңіле отырып зерделегенде, бір нәрсеге даусыз көзің жетеді. Ол - мейлі, С.Сейфуллин болсын немесе А.Бай­­тұрсынов болсын, өз өмірінің мән-маңызы да, мазмұны да туған халқына қызмет ету деген азаматтық ұстанымды ғұмырла­ры­ның темірқазығы деп ұғынғаны. Бұндай ұлы қасиетті тарих пен тағдыр екінің біріне бұй­ырта бермеген. Олардың ірілігі ғана емес, ұлылы­ғы да осынау мақсат-мұраттардан туындап жатыр. Бөкейханов та, Байтұрсынов та, сондай-ақ Сейфуллин де, Мұқанов та өз елінің айрықша өркендеп, өркениетті жұрттар қатарына қосылуын мәңгі-бақи армандап өтті, шама-шарықтарынша сол мақсат жолында еңбек етті, тіпті жанын да қиды. Алайда ұлы арманға жету үшін таңдап алған жолдары әр түрлі еді. Сәкен Сейфуллин мен оның пікір­лес­­тері халқының болашағына деген үмітін кеңес үкіметі мен коммунистік-большевиктік пар­­тиямен байланыстырды, Бөкейханов, Байтұрсынов, Ермеков барлық үмітін қазақтың дербес, тәуелсіз мемлекеттігімен, Алашорда үкі­­метімен тығыз байланысты қарастырды, яғни мақсат - біреу еді, тек таңдап алынған жол ғана бір-бірінен бөлек болатын. Ұлы мұ­рат жолында негізгі мақсатқа жету үшін олар­дың пікір, көзқарастарында жекелеген ал­шақтық болғаны жасыратын нәрсе емес, бірақ олар бір-біріне дұшпандық пиғылда болған емес, жеке бастың мүддесінен гөрі, халықтық мүддені жоғары қойғанын ерекше айтуымыз қажет. Оларды табыстырып, халқы жүктеп отырған парызды орындауда ұйыстырған жайт - ұлттық мүдде екенін қай зерттеуші болса да қаперіне алуы керек дегіміз келеді.

Алашорда қайраткерлері - Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жанын қиған жандар. Олар - өз елінің осы мақсатты көздеген ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің қатарына жатады. Солардың бірі - Әлімхан Ермеков  ХХ ғасыр­­дың басында халқымыздың азаттығы үшін зияткерлік күрес туын көтерген қайрат­кер. Ол жаңа заманға, жаңа дәуірге лайық күрес, әдіс-тәсілдерді игеру қажеттігін сезінді, солай істеді де. Ол - Махатма Ганди, Сун Ят Сен, Кемәл Ататүрік т.б. халықаралық деңгей­дегі қайраткерлермен деңгейлес тұлға. Барлық елдердің тарихи тұлғаларын тізбей-ақ қояйық, тек Азия мен Африка құрлығында ұлт-азаттық кү­р­ес көсемдері үнділік Неру, индонезиялық Сукарно, египеттік Насырды алсақ та жеткі­лікті, бұлардың ешқайсысы Бөкейханов, Қаратаев, Байтұрсынов, Жұмабаев, Ермеков­тер көрген зорлық-зомбылықты, азапты, кемсітушілікті бастан кешкен жоқ. Неру сияқ­ты тұлғалар өз мақсаттарына жетті, ажал тыр­нағынан аман қалды, халқы олардың қолына бил­ік берді, өз тағдырын сенімді қолға тап­сырды. Ал біздің ұлттық қайраткерлер арғы-бергі әлемдік тарихта аты қалған танымал тұлғалардың көпшілігінен биік болмаса, аласа емес еді. Алайда тоталитарлық жүйе оларды табанымен таптады, жоқ қылды.

Алаштың айтулы ардақтысы Әлімхан Әбеуұлы бұрынғы Қарқаралы уезіндегі қазіргі Ақтоғай ауданының Бөріктас деген жерінде 1891 жылы дүниеге келген. Жеті жасында Қар­қа­­ралыдағы үш жылдық орыс мектебіне оқуға барып, 1905 жылы Семейдегі гимназияға түседі де, оны алтын медальмен аяқтайды. Таби­ға­тына біткен зеректік, алғырлық, тектілік гимназия оқыту­шыларын да бей-жай қалдырмаса керек, ол сол тұста прогресшіл көзқарастағы мұғалімдермен, атап айтқанда, математик Ф.Дульский, тарихшы Д.Юринскийлермен жақсы қарым-қатынаста болды. Сол кездегі ереже бойынша ол конкурстық негізде екі оқу орнының бірі - Петербургтегі по­ли­­техникалық, екіншісі - Томскідегі техно­­логиялық институттардың бірінде оқуға құқылы еді. Әлімхан Әбеуұлы Томск технологиялық инс­ти­тутын таңдайды. Аталмыш оқу орны ол үшін бі­лім мен ғылымның қайнар көзі болып қана қойған жоқ, сонымен бірге азамат болып қалыптасуына, дүние­таным көкжиегінің кеңеюіне алғышарттар жасады. Томскіде тағдыр оны қазақтың фоль­клор­лық мұраларын тірнектеп жинаған, Шоқанның досы болған Г.Потанинмен жолықтырды, профес­сор М.Усовпен таныстырды. Институт түлегі, геолог Н.Урванцев және т.б. жақын байланыста болуы да осы Томск кезеңіне жатады.

Егер ғасыр басында дүниеге келген Алашорда қоз­ғалысының, сәл кейінірек Алашорда партиясы мен үкіметінің басшысы Ә.Бөкейханов, идеялық жетекшісі А.Байтұрсынов болса, Қырғыз автоно­мия­­сын құрудағы бүкіл істің басы-қасында Ә.Ер­мек­ов болғанын айтуымыз керек. Алашорда қай­рат­керлері тағдырдың өздеріне жүктеген тарихи мис­­сиясын абыроймен орындады. Аз ғана уақыт өмір сүрген Алашорда 1920 жылдың көктемінде не ақ­тардан, не қызылдардан тірек таппай, ком­мунистік-большевиктік жүйенің құрбаны болып, өз қыз­метін тоқтатты. Оның көсемдерін кеңестік жүйе түрлі қызметтерге пайдаланып, бұқара халықтың сеніміне кіруге тырысты. Алаш ардагерлері жаңа жағдайда түрлі лауазымды қызметтер атқарып, халқына қызмет етуге тырысты. Бірақ ешқайсысы да ұлттық, дербес, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру идеясынан бас тартқан жоқ. Бұны айтып отырған себебіміз: Ә.Ермековтің Томскіде оқып жүрген ке­зінде қаладағы жоғары оқу орындарында оқитын мұ­­сылман студенттерінің қоғамын құруы, ағар­тушылық, жәрдем беру істерімен айналысуы, Әзір­бай­жан, Осетия, Татарстан, Башқұрт, Балқар, Сібір т.б. жерлерден келген шәкірттердің үнемі жина­лып, келелі кеңес құруы осы жоғарыдағы ойлары­мызға толық дәлел бола алады. Әлекеңнің танымал саяси қайраткерлер Карпов, Ғайсин, Хаким­овтармен пікірлес, сырлас болуы осы қоғамның жұ­мысы бары­сында қалыптасқан.

Қоғамдық мемлекеттік құрылымдардың ал­ма­суы Ә.Ермековтің біліммен сусындауына ғана емес, мүмкіндігі туған әр жайтты ұтымды да тиімді пай­да­­лануға итермеледі. Әлихан Әбеуұлы ерте ме, кеш пе, Америка құрлығын жаулауға аттанған еуропа­лық­­тардың жерге, оның байлығына қызық­қан, аш­көз­­дікпен жергілікті халықты резер­вуарларға тоғытқан әрекетінен коммунистік-больше­­виктік жүйенің әлдеқайда терең, әлдеқайда жымысқы саясат ұстанып отырғанын білмеді деп айту қиын, дүлей, өктем күшке қарсы тұрар қау­қар­­дың жоқтығын да терең сезінді. Бүгін болмаса, ертең өздерінің ешкімге керегі жоқ боп қаларын да білді. Расында да солай еді. Абылай заманы әл­де­­­қашан өткен болатын. Тіпті оның ержүрек неме­ресі Кене­сары ханның қалың бұқараны соңынан ер­те алған жанкешті әрекеті де келмеске кеткен еді. Алапат жүйенің соңынан қыруар адамның еріп, ақ боп, қызыл боп соғысып, өз бауыр, өз туыс­қанын бау­ыз­дап, қанқұмарлыққа белшесінен батқанын арғы-бергі тарихта ешкім де білмейтін. Ол тек кеңестік заманның алғашқы кезеңінде бұрынғы КСРО атты империяда ғана жүзеге асты. Мәселе жеке бір адамның немесе бірнеше адамның тарихтың даму заңдылығын өзгертіп, басқа арнаға салып жіберуінде емес, миллиондаған адамдардың наным-сенімін өз дегеніне жұмсауды шебер ұйымдас­тырған ғаламат қауіпті де қатерлі жүйеде болатын. Өздерінің пешенесіне тағдырдың не әзірлеп отыр­ғанын алаш қайраткерлері түсінбеді деуге бол­майды. Мынау жарық дүниеде енді қанша жүре алады, ол жағы беймәлім, бірақ бұйырған уақытты олар жаңа жағдайда жаңа мақсаттарға бағыт­­тады. Сон­дықтан да болса керек, Әлекең Томск жерінде Потанинмен танысуын ұтымды пайдалана білді. Егде ғалымның үйінде талай рет болып жүріп Г.Вяткин, жазушы В.Шишков, әлемге әйгілі зоолог М.Рузский, профессор Б.Вайнберг, геолог М.Усовтармен танысты. Жақсы қарым-қатынаста болды.

1913 жылы Г.Потанин ауыз әдебиеті үлгілерін жинау үшін Қарқаралы уезіне аттанады. Әлімхан Әбеуұлы бірге кетеді. Экспедиция құрамында апалы-сіңлілі Уткина-Ворониналар да болады. Потанин өзінің жас досы Әлімханның үйіне түседі. Экспедиция жұмысының қорытындылары Ресей императорлық географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесі мәжілісінде 1914 жылдың 10 ақпанында баяндалады. Тұрмыстық сипаттағы өлең­дер, 27 ертегі, түрлі тарихи жырлар үлгілері ортаға салынады. Уткина-Воронина акварельмен салынған суреттерін, өрнектерін көрсетеді. Бір ғажабы, қолға түскен тарихи, көне мұраларды құр­мет­­теуге бейім халық қой, солар түгелдей дерлік осы уақытқа дейін Томск қаласының мұражай­ларында сақтаулы екен.

Ә.Ермеков сол кезеңде 1898 жылдан партия мү­ше­сі, 1918 жылы Батыс Сібір ревкомы­ның төрағасы болып тағайындалған революционер В.Косаревпен танысады. В.Косаревтің ұсынысы бойынша Семей ревкомының құрамына енеді. Осылай­ша оқуын уақытша үзген Әлекең қоғам­дық-саяси қызметке араласады.

Бұл саладағы Ә.Ермековтің бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихында қалатын ұлы еңбегі мынада. Ол 1920 жылы Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы В.И.Лениннің қабылдауында болып, кеңейтілген мәжілісте - Қырғыз (Қазақ) өлкесіндегі жағдай, хал-ахуал, әсіресе, шекара мәселесі туралы маз­мұнды баяндама жасайды. Қазақ өлке­сіне қатысты мәселені талқылап, тиісті шешім қабылдауға бөлінген уақыт тым аз болғандықтан, Ермеков өте терең, ғылыми, тарихи айғақтарға негізделген, бұлтартпайтын мысалдармен сөз сөйлейді. Мәжілістің өте қызу, күрделі өткендігі соншалық, жиналыс мөлшер­лен­ген уақыттан әлдеқайда ұзаққа созылады. Сонда ғой, Ермековті сыртта тосып жүрген Әлекеңнің (Ә.Бөкей­ханов) "Апырмай, біздің Әлімханмен сөз жарыстырып тыңдай алатын орыс­тан да шыққан жан бар екен-ау" деп өзгелерді күлдіретіні.

Ә.Ермеков өз баяндамасында патша­лық билік кезінде жергілікті халық - қазақтардың ең шұрайлы деген жерлері­нен айрылғанын, әсіресе Столыпин реформасы кезінде орасан зор зорлық-зом­былықты бастан кешкенін нақты деректермен мәлімдеп береді. Қаза­қ­тардың ғасырлар бойы көшпелі өмір салтын күн көрудің көзіне айналдыр­ғанын, яғни жер деген ұғым­­ның осынау халықтың бол­мысында қанша­лықты мәнге ие екенін жан-жақты дәлелдеп, тілге тиек етеді. Орманды, тоғай­лы, сулы, нулы деген құнарлы жерлердің, әсіресе, Ертіс­тің жағалауын­дағы, Каспий теңізінің жаға­лауындағы жетпіс шақырымдай жердің патшалық Ресейдің Астрахань губерниясының қарамағына өтіп кеткенін баяндайды. Жалпы, шекара мәселесі, қазақ жерін­дегі қоныстану­шы­лардың ұлттық құрамы, Корос­ты­лев даласы деп аталып кеткен өңір, қазіргі Ақ­мо­ла облысы, Шығыс Қазақстан обл­ы­сы құра­мындағы қазіргі Семей жері, т.б.Ә.Ермек­ов баян­дамасында әрі терең, әрі мазмұн­ды талдауға негіз болды. Ақыры, қарсылық білдіргендерге басу айтып, дауысқа салғанда аталған территория Қазақстан автономиясына беріледі. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның орталығы - Астана­ны, ел эконо­микасының қарыштап дамуының бірден-бір қай­нар көзі болып отырған мұнай мен газға бай Каспий өңірін сөз еткенде, тәуелсіздігіміз бен дер­бес­­тігіміздің бастау көзінде тұрған алаш ардақ­тыларына, солардың бірі де бірегейі Әлімхан Әбеуұлының тарихи тұлғасына берілетін баға да осы тараптан туындауы қажет дегіміз келеді. В. Ле­нин сияқты билік иесін Әлімхан Ермековтің асқан білімдарлығы, тарих, құқық, заң және эконо­ми­калық география, ұлттық сипат төңірегіндегі ұшан-тең­із пайымы, саяси қарсыластарын сендіре алар дә­лел­ді тұжырымы, ой-сананың айрықша асқақ­тығы тәнті еткен болса керек. Сол жылы жазда екінші Комин­терн конгресінің мәжілісі өтеді, оған Ә.Ермеков құрметті қонақ ретінде қатысады. 1920 жылдың 26 тамызында Қырғыз (Қазақ) Автоно­мия­­лық Социалистік Республикасын құру туралы декрет қабылданады, 12 қазанда Орынборда Бүкіл­қазақстандық кеңестердің бірінші съезі өтеді де, 1921 жылдың сәуірінде партияның Орталық Коми­теті мен РСФСР Халық Комиссарлары кеңесінің жоғарыда аттары аталған жерлерді (Коростылев даласын, Семей, Ақмола облыстарын және Каспий жағалауындағы өңірді) Қазақстан құрамына беру туралы қаулысы шығады.

Осынау саяси әрі ауқымды да маңызды оқиға­лардан кейін 1921 жылы ол оқуын тәмамдау ние­тімен Томксіге оралады. Қанша дегенмен, білім мұ­хиты­нан нәр алдырған осынау қаламен оның 10 жыл­дай өмірі тығыз байланысты болды. Оның бой­ын­­дағы асқан талант мен дарын институт сту­денттерінің ғана айрықша құрметін туғызып қойған жоқ, сонымен қатар, оқыған, прогресшіл бағыттағы орыс зиялыларының да назарын аударды. Солардың бірі - ұлағатты ұстаз, профес­сор М.Усов еді. Өкпе ауруына шалдыққан Усовты белгілі дәрігер С.Адамовтың ақылымен профес­сордың үздік шәкірті Әлімхан Ермеков қазақ даласына шақырады, сапар барысында сырқатты қарап, ем қолдануды Әлекеңнің жары - Рахия Шагабетди­нова өз мойнына алады. Оларды Ермековтің досы - геолог Н.Урванцев шығарып салады. Мына жайтты қараңыз, тағдырдың жазуы ма, әлде Ә.Ермек­овтің қазақ жастарының бойынан оқу-білімге деген құмарлықты оятпақ болған тілегін тәңірдің қабыл алғаны ма, Усовты Әлекең Бая­науыл­­ға алып келеді, сол кезде небәрі 22 жас­тағы, ешқандай заңгерлік білімі жоқ болса да сот қыз­метін атқарып жүрген, ұлтымыздың бола­шақ­тағы ұлы перзенті - Қаныш Сәтбаевпен таныс­тырады. М.Усов пен Әлекеңнің ақыл-кеңесімен Қаныш Имантайұлының кейіннен Томск технология институтының Геология факультетіне түсіп, уақыт өте келе, Қазақстан ғылымын ұйым­дас­­­ты­­ру­­шы, республика Ғылым академиясының тұңғыш пре­зиденті, академик, теңдесі жоқ ғылыми жаңа­лық­­тар­дың авторы болуы әу басында сол кезеңнің үлесіне тиетінін айрықша атаған абзал.

Әлімхан Ермеков өз бойындағы тағдыр сый­лаған білімі мен біліктілігін, қабілеті мен қарымын жаңа жағдайда жас буынды оқытып, тәрбиелеу ісіне жұмсаған ұлағатты ұстаз еді. Бұл ойымызға оның бар беделін салып жүріп, Қарқаралыда 1921 жылы екі сатылы мектеп пен педагогтік техникум ашқы­зуы дәлел бола алады. Олар әйгілі оқу орындарына айналды. Осынау орта деңгейдегі оқу орындарын  ғалымдар Ө.Жәу­тік­ов, Ә.Сембаев, генерал-майор Қ.Бошаев т.б. бітіргенін айтсақ та жеткілікті. Иә, бұл оқу орындарын республиканың көптеген өңірлерінен келген шәкірттер бітірді. Алайда Әлімхан Әбеу­ұлының бірыңғай ғылыми-педагогтік қызметпен айналысуына сол тұстағы уақыт тынысы, қоғам талабы, саяси, тарихи жағдаяттар мүм­­кіндік бер­меді. 1925 жылы ол Семейге шақырылады да, Қа­зақ­­­стан Жоспарлау комитеті төрағасының орын­басары болып тағайындалып, Орынборға аттанады. Сонымен қатар, оған өнеркәсіп секциясын басқару да жүктеледі. 1926 жылы Қазақ КСР-нің алтыншы шақырылған орталық атқару комитетіне мүше болып сайланады, 1929 жылы осы органның жетінші шақырылымына да мүше болады. Жоғары деңгейдегі білікті маман болғандықтан, Ташкенттегі жоғары педагогтік инс­титутқа, сәл кейіннен Алма­тыдағы жоғары оқу орын­да­­рына ғылыми-педагогтік қызметке шақырылады. Қазақ педагогикалық институты мен мемлекеттік университетте және Алматы зоове­тери­­нарлық институтында математика кафе­драларының меңгерушісі қызметін істейді. 1935 жылы КСРО Жоғарғы аттестациялық комиссиясы Ә.Ермековке профессор ғылыми атағын береді. Мате­матика ғылымы бойынша ұлтымыздың тұңғыш профессоры Алматы тау-кен-металлургия институтында жоғарғы математика және теориялық механика кафедрасын басқарып, жалпытехникалық факультетінің деканы қызметін қоса атқарады. Техника, математика саласы бойынша оның беріле еңбек етуі, ғылыми еңбектер жазуы осы кезеңге жатады. Қазақ тілінде ол оқулықтар мен оқу құрал­дарын жоғарғы математика пәні бойынша әзірледі, математикадан ғылыми терминология даяр­лаумен шұғылданды. Атақты "Ұлы математик курсы" оқулығы жоғарғы техникалық оқу орын­дары мен педагогикалық институттарға арналып, қазақ ті­лінде жарық көрді. Негізгі бағыты сол кездегі оқу бағ­дарламаларына сәйкестендіріліп жасалғандық­тан, бүгіндері сәл ескілеу көрінуі мүмкін, алайда бұл оқулықтың 1995 жылы қайта басылып шығуы көп нәрсені аңғартса керек. Оқулық жоғарғы мате­ма­­тикадан шыққан тұңғыш кітап болғандық­тан, Әлекең оның құрылымына анықтама теориясы мен сызықтық теңдеулер жүйесінен де хабардар ететін ілімдерді енгізген. Кітаптың ішіндегі ауыр болып көрінетін терминдер өте ұтымды әрі ұғымды тілмен берілген. Оқулықты кириллицаға көшірудегі доцент Нұрсағат Әділбековтің еңбегін айрықша атаған жөн. Сөз реті келгенде, 1991 жылы Ә.Ермек­ов­­тің туға­нына 100 жыл толуына арналған респуб­ликалық ғылы­ми-практикалық конферен­ция­­ға Мәскеу және Қазақ­станның Қостанай, Семей, т.б. өңірлерінен көптеген ғалымдар қатысып, 172 баяндама жасал­ғанын, оның 1992 жылы жеке жинаққа енгізі­ліп, ар­­най­ы кітап болып, жарық көргенін де айта кеткеніміз абзал.

Кеңестік тоталитарлық жүйе біршама орнығып алысымен, ұлтым деп жан аямай еңбек еткен зия­лы­ларды қуғын-сүргінге ұшыратты. 1937 жылы Ер­мековтің достары профессор Асфандияров, ком­позитор Жұбанов, оқу-ағарту Халық комиссары Жүр­г­енов (Әлекеңнің күйеу баласы) т.б. тұтқын­далады. Өзіне де тықыр таянғанын сезген Әлімхан Әбеуұлы Мәскеуге кетіп, бой тасалайды. Сол жерде жол­дама алып, Куйбышевтағы жоспарлау инсти­тутының математика кафедрасына меңгеруші бо­лып тағайындалады. 1918 жылдың наурызына дейін қызмет атқарып, үсті-үстіне жазылған арыздардың нәтижесінде қамауға алынады.

Жалпы, Ә.Ермеков үш рет тұтқындалған екен, 18 жыл бойы жазасын өтеу үшін арнайы лагерьлер­де болған. Алғаш рет бұрынғы Алашорда үкіметінің вице-премьері ретінде 1932 жылы тұтқындалады. Негізінен, ұлтшылдық көзқарасы үшін 1926 жыл­дар­дан бастап-ақ саяси өмірге араласудан алас­татылады. Тек М.Әуезов сияқты өз "қателерін мойын­даған соң", 1936 жылдары тоталитарлық жүй­­енің қаһары "бәсеңдегендей" болады. Алғашқы тұтқындалғанына байланысты бір деректі келтіре кеткеннің артықтығы жоқ. 1932 жылы Ә.Ермековті қызметте отырғанында кеңседе тұтқындайды да, Алматыдан Шымкенттегі арнайы пунктке жолау­шы­­лар пойызымен аттандырады (ол кезде тұтқын­дарды таситын жүк вагондары жоқ еді, олар 1937 жылдан бастап пайда болды). Көрші купедегі, сірә, студенттер болса керек, үш қазақ жігітін көріп, айдау­шы солдат қалғып кеткенде, Әлекең солар­дың біріне өзінің тұтқындалғанын айтып жазған хатын табыс етіп, үйіне жеткізуін өтінеді. Кейіннен 1956 жылы толық ақталысымен, ол кісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хат­шысы Д.Қонаевқа сұранып, қабылдауында бола­ды. Димекең жақсы қабылдап, Алматыдан үй бергі­зеді. Әңгіме үстінде ол кісі Әлекеңе сонау 1932 жы­лы көрші купеде болған үш жігіттің бірі өзі бол­ғанын, хатты Әлекеңнің үйіндегі жеңгейге өзі апа­рып бергенін айтады. Ақиқатын айту керек, "халық жауларын" ақтау ісі жүріп жатса да, дәл сол кезеңде Әлекеңе Димаш Ахметұлының ештеңеден қорықпай, қамқорлық жасауын таза ерлікке балаған жөн.

1932 - 1938 - 1948 жылдары Ә.Ермековтің тұтқындалуы, Краснояр өлкесіндегі Сібір аймағында лагерьде ұзақ уақыт саяси сенімсіз адам ретінде жазасын өтеуі осынау жанды еш қажыта алмағанын көруге болады. Иә, 1932 жылы тұтқында­лып, үш жылға сотталуы, 1938 жылы тағы да қамауға алынып, он жылға сотталуы, (кейіннен жаза мерзімін 6 жылға түсірген), 1948 жылы үшін­ші рет тұтқынға алынып, он жыл мерзімге бас бос­тандығынан айрылуы (Сталиннің өліміне байлан­ысты ол 1955 жылы ай­даудан босатылған) оның жі­герін жасыта алмады. Ә.Ерме­ков 1955 жылдың 1 қыркүйегінде ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшеновке жазған хатында өзінің нақақтан зардап шегіп тұтқындалғанын, Катков, Михайлов, Оспанов, Хамидуллин деген тергеуші­лердің адам төзбес күш қолданғанын, зорлық-зомбылықтың шектен тыс түрлерін пайдаланып, екі ай бойы қинағанын айтады. Хайуандық жазаның бір тұсында өзінің есінен айрылып құлағанын, он төрт жасар ұлының, бүкіл туысқандары мен әйелінің ІІМ алдындағы ағашқа өрмелеп шығып, шыңғыра жылап, "қолыңды қой, дегендеріне көн" деп зарлағаны елеске айналып, көзіне көрінгенін егіле жазады. Өзіне тағылған кінәнің еш негізі жоқ екенін мәлімдейді. Қылмыстық кодекстің 58.11 және 58.2 баптарымен айыпталғандықтан, 1921 жылы мен Қарағандыда шпиондық әрекетке Мусин деген адамды үгіттеппін, сол адамның жауабы іске тіркелген екен, ол Қарағанды қаласында мені Ермеков шпиондық әрекетке баулыды деп мәлім­депті, бұл шіп-шикі өті­рік, себебі, мен Мусин де­ген адамды білген де, көрген де емеспін, екін­шіден, 1921 жылы Қарағанды деген қала болған жоқ, ал қала атағына 112 мың халқы (тұрғыны) болғандықтан, 1934 жылы 10 ақпанда ғана ие бол­ды деп жазады. Өзінің Қарағанды қаласына бірінші рет айдаудан соң 1955 жылы келгенін айтады.

Ә.Ермековке тағылған айыптың шылғи өтірікке негізделгенін сезсе керек, Жоғарғы Соттың әскери коллегиясы алғашқы айыптау қорытындысын бекіт­пейді. Алайда түпкі мақсат ұлт зиялыларын құр­ту бол­ған­дықтан, кейіннен тағылған айып­тауларды не­гізге алып соттап, яғни үкім шығарып тынады.

Осынау жан әлемі мейлінше таза, адами бол­мысына, ұлтына, халқына деген шексіз махаббат пен сүйіспеншілік, мейірім мен қайырым дарып, берік орын алған адам туралы еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта бір­шама еңбектер жарық көрген екен. Олар­дың қа­тарында Ө.Сұлтанғазин, Ш.Есен­ов, Ә.Сағынов, Д.Үмбетжанов, Б.Атшаба­ров, А.Лазут­кин, Т.Әбдіразақов, А.Жұмасұлтанов, Ресей ғалымы Г.Сипайловтың, С.Бегалин, С.Торайғыров, Ж.Бек­тұров, М.Сәрсекеев, Ә.Әзиев, Қ.Өскембаев­тар­дың жариялаған еңбектері бар. Алаш қозғалысы, оның қазіргі тәуелсіздігімізді алуға алғышарттар жасаға­ны, ұлт зиялылары Ә.Бө­кейханов, Ж.Ақбаев, М.Ду­ла­тов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Т.Рыс­құлов, М.Ты­нышпаев және т.б. туралы ғылы­ми-көпшілік сипаты басым еңбектер едәуір мөлшерде жарыққа шықты.

Солардың ішінде Әлімхан Әбеуұлы Ер­меков­тің ғалымдық, ұстаздық, адамдық, адам­гершілік қасиеттерін паш еткен кейбір есте­лік­терге тоқтала кетсек, артық бола қоймас. Қазақта "тікенек шыққан жерге тіке­нек, гүл шыққан жерге гүл өседі" деген нақыл сөз бар. Гүл шыққан жерге гүлдің өсетіні тек­тілік деген ұғымнан туындайтын болса керек. Әлекеңнің ұлы, ұзақ жылдар бойы Қарағанды мемлекет­тік техникалық уни­версите­тінде геология кафе­драсын басқарған даңғайыр ғалым Мағауия Әлімханұлы Қар­ағандыдан 2000 жылы "Алимхан Ермеков: страницы жизни", 2001 жылы "Мой отец - Алимхан Ерме­ков" деген кітапшалар шығарды. Әкесінің ұлағатты да өнегелі өмір жолын зерттеп, қағаз бетіне түсірген азамат өзінің де ат жалын тартып мінгеннен бастап, "халық жауының" перзенті болғандықтан, саяси сенімсіздіктің құр­баны болғанын тебірене жазыпты. Қос кітапшаның соңғысында Мәкең өз атына бертінге дейін Әлімхан Ермековті білетін қыруар адамдардан хаттар келіп жатқанын шаттана жазған. Олардың ішінде ресейлік ғалымдар, айдауда бірге болған жазықсыз жан­дар, Әлімхан Әбеуұлымен қызметтес бол­ғандар, дәрісін тыңдап, өз ғұмырын мате­матика, техника ғылымдарына арнаған кешегі шәкірт, бүгінгі оқымысты, академиктер мен профессорлар т.б. бар. Солармен танысып, оқып отырғанда, Әлекеңмен пікірлес, дәмдес болған қазіргі аға буынның өкілдерімен әңгімелескенде, бір нәрсеге көзіміз анық жетті. Ол - Әлімхан Әбеуұлында қандай уақытта, азапты, жан төзгісіз жылдарда болсын, ешқашан да халқының болашағына деген берік сенімнің, оптимизмнің жоғалмағандығы. Ұлт тұтастығын, ел тірлігін оның мойнына таққан киелі тұмардай қастерлеуі. Халқының бойын­дағы ұлттық асқақ рухтың Әлекеңнің болмы­сынан табылуы...

Социалистік Еңбек Ері, Қарағанды поли­техникалық институтын ұзақ жылдар бойы бас­қарған академик Ә.Сағынов Әлімхан Әбеу­ұлы жайлы құнды естеліктер қалдырды. 1955 жылы Қарағандыға келген Әлекең Қарағанды тау-кен институтына (кейіннен политех­никалық институт болған) келіп, ректор Нұр­мұхамедовке жолығады. Ректор оның өтінішін тың­дап, қызметке алуға уәде береді. Ұсынған қызметі - жоғарғы математика кафедрасының аға оқытушысы. Уәделі күні өтінішін жазып, инс­титутқа келсе, жаңа ректор келіпті. Ол кісі Әбіл­қас Сағынов екен. Ол Ә.Ермековпен емен-жарқын әңгімелесіп, бірден қызметке қабылдапты. Күні кешегі "халық жауларын" жою науқанының дүмпуі әлі де болса басылмай тұрғанда, Әбілқас Сағынұлының бұндай батыл шешімге баруы да ерлікке пара-пар ғой. Оның оқыған дәрістеріне математик­тер ғана емес, басқа мамандықта оқып жүрген студенттер де, тіпті басқа оқу орындарынан да шәкірттер мен оқытушылар, ересек адамдар келіп, тыңдаушы еді деп еске алады Ә.Сағынов (ол кісі осыдан біраз уақыт бұрын дүниеден озды) Қарағандыда жүргенінде Ә.Ермеков республика басшысы Д.Қонаевқа екінші рет барып, қабылдауында болғанында ол кісіге қазақтың ұлы перзенті, ұлт ұстазы А.Байтұр­сыновты ақтау жөнінде өтініш айтады. Диме­кең ол өтінішті шын пейілімен қабылдап, түп­тің түбінде Алаш ардагерлерінің ақталатынын, тек қана уақыт керек екенін айтыпты. Әбілқас Сағынұлы Ермеков сынды адаммен қызметтес болғанын мақтан тұтады, тек қана КСРО Ми­нис­трлер Кеңесі жанындағы Жоғарғы ат­теста­­ция­­лық комиссияның ережесі өзгеріп кеткен­діктен, Әлекеңнің профессорлық ғылыми атағын қалпына келтіре алмадық деп өкіне еске алады. 1955-1968 жылдар аралығында политехника институтында қызмет еткен Әлімхан Әбеуұлы 1970 жылы ауыр науқастан қайтыс болады.

Ә.Сағынов қазақтың ұлы перзентімен қош­тасуды өзі ұйымдастырады. Институтта қош­тасу рәсімі өтеді. Баспасөзде қазанама жария­ланады. Әбекең қаралы митингіні өзі кіріспе сөзбен ашып, туыстарын, Әлімхан Ермековті жетік білетін замандас достарын сөйлетеді. Жерлеу рәсімі біткеннен кейін іле-шала жо­ғар­ғы органдардан "осыншама ұлықтап жер­леуді неге ұйымдастырып жүрсіз? Бұрынғы Алашорда көсемін неге әспеттеп жүрсіз?" деген жанға тиетін ауыр сөздер де айтылды деп жазды Ә.Сағынов.

Әлімхан Әбеуұлы туралы қалам тербеген жандардың бәрі де бір ауыздан оның әділет­сіз­дікке төзбейтін, принципшіл, өзгеге қайы­рымдылық жасауға даяр тұратын тектілігіне және адамзат баласы ойлап тапқан барша ғы­лым­нан хабары бар энциклопедия­лық біліміне, ұлтым, халқым деп соққан жүрегіне тәнті болады.

Әлекеңнің туғанына 100 жыл толу құрме­тіне арналған салтанатты жиындар, ғылыми-практикалық конференциялар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында көптеп өткізілді. Қазіргі Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университетінде мемориалдық тақта бар. Қарағанды қаласының басты көшелерінің біріне Ә.Ермековтің есімі берілді. Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды танымал азаматтың баста­масымен Ермеков атындағы көшеде орналас­қан Кітаптар үйі ол кісінің есімін иеленді. Елі еріне осылайша құрмет көрсетуде.

Оның өмір жолы жеңіл болған жоқ. Сонау Семей гимназиясында оқып жүрген шағында төменгі сыныптарда алып жүрген арнайы стипендиясын жоғарғы сыныпқа келгенде гимназия дирекциясы саяси сенімсіздігі үшін бергізбей тастаған-ды. Әке-шешесінің қолы қысқа. Әлімхан Әбеуұлы сабақтан қолы бос кезінде бала оқытып, қаражат табады. Бола­шақ­­тың тек қана оқу-біліммен байланысты екенін сезген ол демалыс кезінде әр күнін ұтымды пайдаланып, қазақ жастарына сабақ береді. Ол кісіден білім алып, қияға қанат қақ­қандардың бірі - қазақтың ірі ақыны Сұл­танмахмұт Торайғыров еді. Сұлтанмахмұт ақын білім­мен сусындап қана қойған жоқ, Әлім­хандай ұстазының ықпалымен кейіннен Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің біріне айналды. Ақынның "Алашты таныстыру" атты өлеңіндегі мына жолдар тікелей Әлімхан Әбеуұлының көркем бейнесін кескіндеуге арналған.

Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен,

Келеді екінші боп бұл реттен.

"Қазақта мұндай жігіт көрмедім" - деп,

Ардақты қарт Потанин лепес еткен.

"Ақ жүрек алғыр ойлы, адал жан" - деп,

Тумай жатып жастарға даңқы кеткен.

Сөйлеп кетсе қозғалар бойда жаның,

Тас болса да ерітер жүрек қанын.

Шындығы, тереңдігі, әділдігі,

Тусаң ту осылай! - дегізер бәрін жанның,

Ақ жүрегі, ақтығы, адалдығына,

Бір ауыз сөз айта алмай құриды әлің.

Әр қоғамның өзіне тән ерекшелік, сипат­тарын тани білудегі сұңғылалық, болмысына біткен ірілік пен биіктіктің ұлттық қасиеттен бастау алуы, қоғам тынысынан туындайтын за­мана келбеті мен уақыт талабын көреген­дікпен болжай білу, жалпы адамзаттық құнды­лық­тармен егжей-тегжейлі танысудың нәтижесінде өз ұлты­ның ешкімнен кем емес екендігін оның тарих­тың көш-керуенінде асқақтық пен мәрт­тікті, та­залық пен пәктікті, бекзадалық пен бияз­ылықты, зеректік пен зияткерлікті ту етіп ұстағанын сезіну - бәрі-бәрі де Әлімхан Ер­ме­ковті ұлы тұлға деңгейіне көтерді. Алашорда құ­­рамында болған кезде Алаш атты киелі ұғым алаш­ордашыларды көтерді. Ал Алаш қайрат­керлері Алаш атты ұғымды асқақтатты. Айналып келгенде, Алашорда ардагерлерінің ұлы арманы жүзеге асып, еліміз тәуелсіздікке, дербестікке ие болды.

Барша ғұмырын өз халқының тәуелсіз ел болуына арнаған Әлімхан Әбеуұлы Ермеков жайлы ойымыздың бір парасы осылай.


Мәуен ХАМЗАҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

"Қасым - Ақпарат"

http://qasym.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=422&catid=8&Itemid=9

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2066
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2495
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2104
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1608