Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 3237 5 пікір 3 Желтоқсан, 2020 сағат 13:30

Тоқаевқа қосымша өкілеттік беріледі

Сенат депутаттары «Әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасыy қабылдады. Соның аясында президентке қосымша өкілеттілік беру қарастырылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Салалық комитеттің өкілдері әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы саласындағы заңнамасын жетілдіру заң жобасының негізгі мақсаты ерекше атап өтті. Осыған байланысты бірқатар түзетулер енгізіліп отыр.

Олар:

қаладағы аудандарды елді мекендердің құрамдық бөліктеріне жатқызу;

облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы халық саны 400 мың адамнан астам болған кезде, оларда аудан құру;

аудандық маңызы бар қаланың, кенттің және ауылдың өлшемшарттарын нақтылау;

Президентке үкіметтің ұсынуы бойынша және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың пікірін ескере отырып, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы шешім қабылдау бойынша өкілеттік беру;

Үкіметке Қазақстан президентіне республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы ұсыну енгізу бойынша жаңа құзырет беру;

облыстық өкілді және атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының Үкіметіне облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы ұсыныс енгізу бойынша жаңа өкілеттік беру;

аудандық маңызы бар қала әкіміне аудандық өкілді және атқарушы органдарға аудандық маңызы бар қаланы кент, ауыл санатына жатқызу туралы ұсыныс енгізу бойынша өкілеттік беру.

Сенатор Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, қолданыстағы заңда аудандық маңызы бар қалаларға халық саны 10 мың адамнан кем емес елді мекендер жатады. Алайда бүгінде 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халықтың саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейді, яғни осы аудандық маңызы бар қалаларда тұрғындар санының аздығына байланысты олардың мәртебесін өзгерту қажет.

«Алайда қолданыстағы заңнамада аудандық маңызы бар қаланың мәртебесін ауыл санатына өзгерту жөнінде норма қарастырылмаған. Сондықтан осы заң жобасында аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендерге қайта құру жөніндегі құзыретті айқындайтын түзетулер енгізіліп отыр»,- деді Бекназаров сенаттың жалпы отырысында.

Түзету енгізудің тағы бір ұтымды тұсы, қала мәртебесі ауылдық елді мекенге өзгерген жағдайда сонда тұратын азаматтар ауыл тұрғындары мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларына қатыса алады.

Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру салаларының қызметкерлерінің жалақысына жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша 25 проценттен кем емес үстемақы қосылады.

«Оған қоса, тұрғындар коммуналдық төлемдерге, қызметтік тұрғын үйге, «Дипломмен ауылға» мен «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіптік білім алу мен ауылдық жерде кәсіпкерлікті қолдауға, дамытуға қатысты бірқатар жеңілдіктерді пайдалана алады», - деп атап көрсетті сенатор.

Abai.kz

5 пікір