Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3176 0 пікір 7 Ақпан, 2012 сағат 04:29

Бекқожа Жылқыбекұлы. Өлең жасампаздығы іргелі ізденіске мұқтаж

Француз ғалымы Геримнiң «Қайсы бiр ұлт алдымен ақын, соңынан ойшыл болмаған» деген аталы сөзi Италия философы Уйкердiң «Дүниенiң балалық кезеңiнде адамның бәрi де тума талантты ақын болван» деген тұжырымын ерiксiз еске түсiредi. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ халқының жаппай өлең шығаруға құмарлығы ұлттық таныммен терең тамырласып жатқан, сәбилiк санадағы балаң жайларымыздың куәсі секілді болып сезiледі де тұрады.

Француз ғалымы Геримнiң «Қайсы бiр ұлт алдымен ақын, соңынан ойшыл болмаған» деген аталы сөзi Италия философы Уйкердiң «Дүниенiң балалық кезеңiнде адамның бәрi де тума талантты ақын болван» деген тұжырымын ерiксiз еске түсiредi. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ халқының жаппай өлең шығаруға құмарлығы ұлттық таныммен терең тамырласып жатқан, сәбилiк санадағы балаң жайларымыздың куәсі секілді болып сезiледі де тұрады.

Заман талабына сай өнер өрiсiн жаңалап отырудың адамның бiр сарынды  саналы  қимылына ләззатты әрi  рахатты сезiм бағыштаумен бiрге болашаққа көз тiккен ұлағатты ұрпағымыздың көңiл көкжиегiн кеңейте түсетiндiгi бәрiмiзге белгiлi. Сондықтан да қазiр оқырмандар мәлiмет жинақтап, қорытынды шығарып, сес көрсетiп, тiптi, ұран шақырып айналаны ұлар-шу ететін өлеңдерден зәрезеп болып бiттi. Сөйтiп өлең жазушылардың өзi көпiрме көп сөздi мылжыңға айнала бастады. Мұндай мылжыңбайлықтың басы қаламгерлерiмiздiң iз қуа iзденбеуi мен олардың ойлау құрылымын үздiксiз жаңалап-жаңғыртып отырмауынан екендiгi кiм-кiмге болса да басы ашық ақиқат. Тегiнде, дүниеде қыздарды тұңғыш рет қызыл гүлге ұқсатқанда, жұрт сол ақынға қатты сүйiнген екен. Екiншi бiр ақын өлеңінде қыздарды қызыл гүлге теңегенде, ол жай сөзге айналып қалыпты. Ал үшiншi бiр ақын  өлеңiнде  қыздарды қызыл гүлге ұқсатқанда, оқырмандар назарында бұл теңеудiң  титтей де маңызы  қалмай, ол ақын басқа бiреудiң сөз тапқырлығын шiмiрiкпей  көшiрiп қолданғандығы үшiн оқырмандар алдында оның бұрынғы қасықтап  жинаған ақындық абыройы шелектеп төгiлген көрiнедi. Бұл жүйелi мысалдың  өзi бiздiң бүгiнгi күнде өзiн өгiздей ақынмын деп жүрген бір топ ақынсымақ ағайындарымыздың арына атқан оқтай атылып барып дәл тиюмен бiрге көне сүрдекпен салпақтап жүре берудiң, жаңалыққа жанаспаудың немен тынатындығын айқын аңғартып тұрғандай болады. Қазақ өлең өнерiнiң  дәстүрлi өлшемi өлең тiлiнiң айқын да анық болуын, оның түр жақтағы құрылымының әуенмен ырғаққа, үндестiк пен ұйқасқа қатаң бағынып барып, ләззаттанушыға белгiлi бiр сезiмдiк хабар-ошарды немесе философиялық  толғанысты жеткiзудi өз мiндетіне алады. Көбiнесе мұндай мiндеттi белгiлi бiр шиеленiстi оқиға немесе детальға құралған ұзақ өлеңдер (дастан, қисса, балладалар) мен нәзiк сезiмдi көңiл-күй түйiншегін шешетiн қысқа өлеңдерден (қара өлең, дауыс айту, жар-жар) айқын көруге болады. Бұл үрдіс бiрте-бiрте дамып, Абай  дәуiрiне келгенде ұзын өлең мен қысқа өлеңнiң аражiгi тiптi де айқындала түсiп, "өлең" деген атау өзiнiң тар ұғымында бүгiнгi шағын өлеңдердi (бiз бүгiн қазақта оған атау жоқтай поэзия деп атап жүрмiз) меңзейтiн болды. Сөйтiп қазақтың дәстүрлi өлең түсiнiгiнiң кең шеңберi бұзылып, бүгiнгi өлең - тұтас тұлғалы дүниенiң күрделi құпияларын, адам жанының қатпарлы қалтарыстарын ақтаруды мақсат ететiн, әуеннен тiкелей бөлiнiп шыққан, өзіндік жасампаздық даралығы бар, ақындық дарын мен жүйелі тәлім-тәрбиенi тығыз ұштастыра бiлетiн, ұшан теңiз, терең бiлiмге ие жандардың қолынан ғана шығатын, сұлу да сымбатты асыл дүниеге айналып отыр. Сондықтан өлең жазу қазiргi күнде өлең өнерінің шеберлік шыңына жеткен, дарынды тұлғалар ғана айналыса алатын өте күрделi өнер құбылысының бiрiне айналып қалды.

Өлеңнiң құны қазiр оның бұрынғыдай қолданбалы мәнiмен өлшенбейтiн  болды. Оқырмандар оның шалқымалық мәнiн ұғынғаннан кейiн де, оны қайта-қайта оқып, iшкi иірімді шыңырау өлеңдiк өзегiне бойлап, одан үздiксiз ләззат алады. Сөйтiп өлең өзiнiң дәстүрлi қолданбалы қолайынан алшақтап, музыка мен суретке бiр табан жақындады да, өзiндегi сыртқы ырғақ пен iшкi суретке адамдардың тiлмен айтып жеткiзгiсiз рухани философиясын сiңдiруге бет алды. Егер өлеңнiң мұндай алға бiр қадам секiру үрдiсiн соңғы символизмнiң өкiлi Паул Уалердiң "Өлең және абстракт ой" деген шығармасындағыдай нақтылы мысалмен түсiндiретін болсақ, өлеңсымақ өлеңдердi жол жүруге, нағыз өлеңдердi би билеуге ұқсатуға болады. Жол жүрудiң мақсаты белгiлi бiр нысаналы жерге жету де оған жеткен соң ендi жүру қажетсiз. Ал биде жол жүрген сияқты аяқ-қол әрекеттенгенiмен, онда бiр жерге бару мақсатқа алынбайды, қайта билеудiң өзi зор мақсат, ел оны сурет сияқты қайта-қайта көру арқылы ләззатқа бөлiнедi Мiне, бұл - нағыз өлеңнiң өтеуге тиiстi  борышы. Өлең өнері дәл осындай күрделі өнер болғандығы себептi қаптаған қалың сын есiмдi ұйқасқа ұялата тiзбектеудiң күнi өттi. Сондықтан өлең тiлiн қатаң сұрыптау мен өлең өзегiн шебер игеру әрі оның iшкi иірiмдi құрылымын орынды орналастыру мен оқырман мен өлеңнiң арасындағы бүкпелеуді лайықты қолдануға және айқын ұлттық ерекшелiкке ие дара стильдегi ақындық тұлғаны қалыптастыра бiлуге кезек күттiрмейтiн маңызды мәселедей өте зәру болып отырмыз.

Бiздiң бұл назариялық (теориялық) негiздегi өлең түсiнiгiміз Абайдан Мағжанға дейiн қазақ өлең өнерiнде мықтап қалыптаса бастаған едi. Бiрақ "қазан төңкерiсiнiң" қызыл дауылы бiр топ саяси сана ауыруымен ауырған, ауқымшыл ақындарды тарих сахнасына шығарып, ол көзқарасымыздан оңай адастырды әрi алжастырды. Сөйтiп Қасым мен Мұқағали мұңға оранып, Жұмекен ақын ішқұста болып, өмiрден өттi. Ал Олжас пен Мұхтар Шахан және Қадыр қатарлы бiраз ақындар саясатқа саймайтын (салыстырмалы түрде) саналы өлеңдерiмен өз бағыт-бағдарларынан жаңылмады. Олар аз жазса да, көп жазса да өз өлеңдерiмен өзiндiк бiр өңді сұлу өрнек сыза бiлдi. Сонымен сол саяси ауқымға беріле бас ұрған, өте ауқымшыл ақындар не қара бұзып топтан оза алмай, не болмаса нағыз өлеңнiң не екендiгiн ұғына алмай, улап-шулап келе жатқан қара тобырдың бiр-бiр жолбике бөлшегiне айналып қалды. Мүмкiн сол топтағы кейбiр ақындар әлi де санасына саңлау түсіріп, iргелi iзденiс жасап, арындаса болды, Жәркен  Бөдешұлының "Жұлдызға орын Ай бермес" атты жыр жинағы сияқты ағалап алға шығатын шымыр туынды беретiндiгi сөзсiз. Өйткенi идеология саласында басқа бiреудiң қас-қабағына жаутаңдап қарайтын қаралы заман келмеске кеттi. Жаңаша ой ағымдарының найзағайдай жалтылына көздi ашып қарап, әлемдік әрлі әуендерге назар аударып, дарын иесіне табынатын кез жеттi. Сөйтiп нағыз өлеңдiк көзқарас орнатудың күнi де туды. Сондықтан қазiр барлық қаламгерлердiң құлағына Мұхтар Әуезовтің: "әрбiр жазушы, алтын iздеген кеншiдей өзiнiң алтын өзегiн табады" деген аталы сөзiнiң жаңғырығы келiп тұр. Өз жасампаздығының "алтын өзегiн" таба алмаған ақынсымақ ағайындар өлең өнеріндегi бұл ақиқаттың айбынын ең алдымен аңғаратын  болады деп үміттенеміз.

Өлең бiр кездерi барлық көркемөнердiң көкесi едi. Бiрақ бiр мезгiл ол идеологиямен әмпей-жәмпәй болып, өте iштесiп кеткендiгi себептi өзiнiң ғылымға тән шыншылдығы, музыкаға тән бүкпелеу ерекшелігі, суретке тән бейнелi суреткерлiгiн жоғалтып алды әрі ол өзiнiң жан сезiмге суреттi образ арқылы айналатын өмiрлiк тәжiрибенiң сұрыпталған сабағы екендiгiн  ұмытып қалды. Сөйтiп ол нағыз өлеңдiк өзектен, бiр тұлғалы тұтас құрылымды жүйеден, инедей икемдi суреттi тiлден жұрдай болып, ұйқасы болмаса, қарасөзден айырып алғысыз аянышты күйге душар болды. Өлеңнiң мұндай мұңлы  тағдыры оның өз ортасында абыройының айрандай төгiлуiне әкелiп соқты да, бiр қыдыру нағыз өлеңдер мен нағыз ақындардың  бет-беделiне шiркеу түсiрдi. Ал "Үйрене алмайтындар үйренемiн деп әлек-шәлегi шығады" деген сияқты ақынсымақ ағайындар өлең жазамын деп жалынсыз жанын жұлып жеп, редакцияның табалдырығын тоздырумен айналысып, тоңқаңдап жүріп күн кештi. Ондай пенделердiң мұндай қылық-қимылдарға баруының себебi олардың нағыз өлең жөнiнде шала сауат екендiгiнде жатыр. Қазір олардың бұл текті дiн бұзар, шала молдалығын дереу өзгертудiң қиынға соғатындығы да белгілі. Өйткенi Италия жазушысы Контудың сөзiмен айтқанда: "Бiлiмсiз - надандыққа қарағанда тұрлаусыз бiлiмнiң күнi тiптi де қараң. Бiлiмсiз надандық бейне жаратуға әрi тұқым себуге келетiн жер іспеттiдағы, ал  тұрлаусыз бiлiм арылмас арам шөбi қаулап  өскен, тусығын жер іспеттi". Сондықтан оларға, бiрiншiден, Алла тағала саналы түйсiк бермесе, екiншiден, басылым басында отырған көреген редакторлар олардың өлеңiне катаң талап қоймаса, бұл аурудың амалы табылмайтындығы белгілі. Әне, сол жолбикеліктерді жою үшiн бiз өлең өнерi жайлы алғашқы қадамда жаңаша iзденiстер жасауға мұқтаж болып отырмыз.

Өлең жазудың өзгеше қиындығы "мен сенi сағындым, күйдiм-сүйдiм" десе болды, оның өлең бола бермейтiндiгiнде жатыр. Қазiргi күнде өлең бұрынғыдай ұйқастыруға бейiм ақындық шеберлікпен ат кекiлiн кесiстi. Өлең жазу барысында ұшан-теңiз, жан-жақтылы бiлiм жинаумен бірге үздiксiз саналы жаттығу болмайынша, ақын өзінің ақындық қырын көрсете алмайтын болып қалды. Сондықтан да оның даму бет алысы арзан айғай-сүреннен арылып, адамзат тұрмыс-тiршiлiгiнiң терең философиялық тамырын бекемдеуге қарай бет бұрып келеді. Ол жасандылықты табиғилыққа, табиғилықты өзiндiк бағыт-бағдары бар дара стильдiк iзденiске қарай бағыттау үстінде. Бұл күндері өлең өнерi екiнiң бiрiнiң ермегi болудан қалғандықтан, ол жай адамдардың беталды соқтыға беруiне болмайтын биiк бiтiмдегi күрделi құбылыс болып отыр. Сол себептi бiзден бұрынғы өлеңтанушылар өлеңнiң сыртқы түр жақтағы ерекшеліктерімен ғана айналысып, оның киелi кiндiгiне соқтықпай өтуге  тырысқан болатын. Бiздiң оған соқтығуымыздың өзi, әрине, қазақ өлең өнерiнiң саннан сапаға тағы бiр рет секiру кезеңiн сөзсiз жарыққа шығару екендiгi даусыз. Өйткенi секiру болмаған жерде сергектiктiң болмайтындығы, бекерлеу жоқ жерде жаңалықтың жалт етiп, көзге түспейтiндiгi бәрiмiзге белгiлi.

Қысқасы, өлең жазуды бiртүрлi атақ-абырой санаудың өзi толысып жетiлген тоғышарлықтың дәл өзi деуге болады. Шынын қуғанда, өлең - ақынның өмiрден сезiнген мифтiк шындығының зәредей бөлшегін сергек сезiм көрiгiнің көмейінде ой-қиял жалыны арқылы балқытып, оны төзiм төсi үстiнде ықшамдылық қысқышымен қысып тұрып, ойнақы да образды көркем тiл балғасымен байыпты түрде қайта-қайта балғалап, ұйқас, ырғақ, ритм және ішкі үндестік қатарлы өлшемдерге түсiрген соң барып, сұлулықтың мөлдiр суына қандыра суғарып, ой елегiнiң өңдеу аспабынан қатаң түрде әлденеше рет өткiзу арқылы дүниеге келген, өмірден қорытындылаған өмiрлiк тәжірибе сабақтың символдық бейнеге айналған сұлу елесi. Сондықтан да ол дүниедегi ең азапты да ләззатты ақыл-ой еңбегiнiң егей түрi есептеледi. Дүниеге ең дұрыс әрi кiршiксiз сәби көзбен қарап, оған философша емес, қайта балбыраған бала көңiл-күймен назар тастай бiлу мың да бiр адамның ғана қолынан келетiн күрделi де күйiктi шаруа болғандықтан, өлең өнерi жайлы ой толғау мен оны дүниеге келтірудің күрделілігін аңғара бiлудiң өзi де - ақыл-парасатқа толы ардың iсi.

Бекқожа Жылқыбекұлы,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетiнің

доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар