Жексенбі, 28 Сәуір 2024
3285 0 пікір 30 Қараша, 2020 сағат 17:37

«Есік оқулары» халықаралық конференциясы өтті

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің он жылдық тарыхында алғаш рет Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы  өткізілді. Еліміздегі карантин режиміне байланысты конференция онлайн түрде болды. Конференцияны өткізудегі басты мақсат «Алтын адамның ашылуына – 50 жыл, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына – 10 жыл, археолог Б. Нұрмұханбетовтың туғанына – 85 жыл толуын атап өту және аталмыш шара аясында «І-Есік оқулары» – «Алтын адам және Еуразияның дала белдеуінің көшпенділер археологиясының мәселелері» тақырыбында жинақ шығару көзделген.

Конференцияға жетпістен астам адам қатысуға өтініш берген болатын, ал оның ішінде жинаққа іріктеліп алынған алпысқа жуығы мақала авторлары мен баяндамашылар ретінде тіркелді. Алайда конференция форматы ескеріле отырып (мүкіндігіне қарай), 20 баяндама ғана тыңдалды. Баяндамалар пленарлық және екі секция мәжілісінде талқыланды. Шара шымылдығын «Есік» мемлекетттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, т.ғ.к. Г.Р. Мухтарова ашып, конференция жайлы жан-жақты тоқтала келе алғашқы құттықтау сөзді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Ж.С. Сеидаллиеваға ұсынды. Ж.С. Сеидаллиева конференцияға қатысушыларды құттықтай келе, еліміздегі тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің жай-күйіне тоқталды. Одан кейін сөйлеген т.ғ.д., профессор Ә.Т. Төлеубаевтің өтінішімен 21 қараша күні дүниеден озған академик, қазақ археологиясының қара нары У.Х. Шәлекенов атамыздың рухына құрмет көрсетіліп 1 минут үнсіздік жарияланды. Пленарлық мәжіліс әрі қарай археолог Б.Нұрмұханбетов жайлы естеліктер айтылып, қорық-музейдің ҚХР, Түркия, Белгия, Ресей, Қырғызстан және Қазақстандық әріптестердің құттықтауларымен жалғасын тапты.

Конференцияда «Ерте темір дәуіріндегі, ежелгі және орта ғасырлардағы Еуразияның тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін археологиялық һәм этноархеологиялық зерттеу» (1-секция), «Ұлы даланың материалдық тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, пайдалану, зерттеу және насихаттау мәселелері» (2-секция) тақырыптары қамтылған.  

Бірінші секцияда қатысушылар тақырыпқа сай археология саласы бойынша өзекті мәселелерді көрсетіп, ұзақ жылдардағы зерттеулер нәтижесінде алынған түйін ойлармен және деректермен бөлісті. Мысалы,  Отырар қаласынан табылған шахмат тасының ерекшеліктерін айта келе, жалпы қазақ жеріндегі шахмат тарихы аз зерттелгенін, бұл тақырып бойынша жазылған еңбектердің жоқтың қасы екенін алға тартып, көне шахмат фигураларының пішіндері, көлемі, тіпті жасалу материалы қазіргі үлгілерден өзгешелеу болғанын нақты келтіріп баяндаған т.ғ.д. М.Қожаның еңбегінен қатысушылар мол мағлұмат алды. Тіпті  «Есік» қорық-музейінің қызметкерлері үстіміздегі жылда өздері жүргізген археологиялық жұмыстар нәтижесінде Рахат кешенінен анықталған артефактінің дәл осы автор келтірген шахмат фигурасының баламасы екеніне көз жеткіздік. Орта Азия мен Қазақстан ескерткіштерінің ұқсастығы мен өзіндік зерттелу ерекшеліктері жөнінде т.ғ.к. Б.Е. Аманбаева (Қырғызстан) «Таласская долина (кыргызстанская часть): археологические исследования в последние десятилетия» – атты баяндамасында ашып көрсетсе, РҒА Археология институты мен «Есік» қорық-музейінің Рахат тұрағындағы бірлескен археологиялық зерттеулерінің нәтижелерін баяндаған т.ғ.к. Д. Ожерьелевтің (Ресей) презентациясынан тұрақтан табылған артефактілердің қатарында ерекше аталып өткен палеонтолгтердің болжамы бойынша бизонның жілік сүйегін, тас құралдарын айтуға болады. Сондай-ақ, аталмыш тұрақ Қазақстан бойынша бірегей, ал Жетісу жеріндегі Майбұлақ тұрағы сынды палеолит дәуіріне жататын екінші ескерткіші ретінде археологиядағы маңыздылығы көрсетілді. Б.Нұрмұханбетовтің 85-жылдығына орай дайындалған мақалалар қатарында археологтың Отырар және Түркістан алқабында жүргізген зерттеулері бойынша Г.О. Байсариеваның баяндамасын айтуға тұрарлық. Археолог Б.Нұрмұханбетовтың зерттеулері Оңтүстік Қазақстан аумағындағы мұсылмандық жерлеу рәсімдерін хронологиялық кезеңдерге бөліп бір жүйеге келтіргені, сондай-ақ осы өңірдің басқа да ескерткіштердің зерттелуіне қосқан зор еңбектерін атап өтті. Бірінші секция бойынша 24 мақала ұсынылған болса соның 8-і баяндама ретінде онлайн режимде тыңдалды.

Ал екінші секция бойынша 26 мақаладан 7-уі тыңдалды. Мұнда тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау, пайдалану және насихаттау тәжірибесі сынды өзекті мәселелер қарастырылды. Бұл секцияда қатысушылар қатарында Түркиядағы әріптестеріміздің бірі – Фетхие Ербай, Мутлу Ербайлар музей жобаларының тәжірибесіне негізделген жеке музеологияның дамуы туралы айтқан түйін ойлары мен көтерген мәселелері қатысушылардың ерекше қызығушылық тудырды. Баяндамашымен пікір алмасып, қазақ-түрік елдеріндегі музей ісіндегі ұқсастықтар жөнінде сұрақтар қойылды. Сонымен қатар тығыз байланыста және өзара әріптестік танытып келетін Қазақстанның қорық-музейлеріндегі әріптестеріміз өз тәжірибелерімен бөлісті. Мультимедиялық кеңістікте экспозициялар құру саласындағы жаңашылдық, жеке музейлік заттарды зерттеу және пандемия кезінде музей қызметкерлері игерген жаңа әдістер жөнінде мәселелер талқыланды. 

Пленарлық мәжілісте де тақырыпқа сай соңғы жылдардағы археологтар мен музей саласының қызметкерлері жүргізіп келген зерттеулер мен тың деректер сөз болды. Осындай баяндаманың бірі қазақ мәдениетінің генезисін зерттеудегі түйткілді ой айтып, сақ-скиф мәдениеті мен қазақ мәдениетінің өзара сабақтастығын айқын көрсетіп, археология негізінде дәлелдер келтірген археолог-ғалым Ә.Т. Төлеубаевтің баяндамасы болды. Автор сақ-қазақ жерлеу ғұрпының параллелдеріне мысал келтіре отырып, ондағы марқұмға жылқы арнау, жылқы жануарын тұлдау ғұрпын атап өтті. Ал мұның негізін ежелгі жазбаша деректер мен археологиялық заттай деректерден дәлелдер келтіріп өз ойын қортындылады. 

Осылайша конференция қатысушылары өзара тың деректермен алмасып, жас мамандар аға буын ғалымдардың еңбектерінен көптеген сұрақтардың жауабын тапты. 

Айтулы мерейтойды атап өту негізінде ұйымдастырылған бұл конференция – «І-Есік оқулары» көздеген мақсатына жетті деген ойдамыз. Себебі, WhatsApp, Facebook желілеріне қатысушылардан келген (80 адам) құттықтаулар мен ыстық ықыластар осы ойды дәлелдей түседі.

Амаргазиева Әсел Жақслықбайқызы 

«Есік» қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір