Сейсенбі, 26 Қаңтар 2021
Ел іші... 2235 42 пікір 26 Қараша, 2020 сағат 16:16

Дариға Назарбаева саясатқа қайта орала ма?

25 қарашада «Nur Otan» партиясы кезектен тыс XX съезін өткізіп, партиялық тізіммен мәжіліс депутаттығына кандидаттарды бекітті.

Аталған тізімде бұрынғы сенат спикері, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева да бар екен.

Одан бөлек Үкімет басшысы Асқар Мамин, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасының төрағасы Ахметжан Есім, мәжілістің қазіргі спикері Нұрлан Нығматуллин сынды қазақ билігінде бұрыннан жүрген азаматтардың аты аталған.

Биыл мамыр айының басында сенат спикері қызметінен кеткен Назарбаеваны көпшілік ұмыта бастаған. Бірақ бұрынғы президенттің қызы ел назарынан мүлде шығып қалған жоқ. Бірде яхтада ән айтып, би билеп жүрсе, енді бірде шетелдегі дүние-мүлкіне қатысты бітпейтін даумен баспасөз бетіне шығып тұрды. Алайда мемлекеттік қызметтен алыс жүрген Назарбаеваны мұндай әңгімелер састырмағаны сөзсіз. Өйткені, Дариға ханым билікте жүрген кездің өзінде елді «есінен тандыратын» мәлімдемелер жасаумен аты шыққан кісі.

Бірнеше ай үнсіз жатқан Дариға Назарбаева үлкен саясатқа қайта оралды. Оның қайта атқа қонатыны жайлы осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде ақпарат тараған. Кейбір сарапшылар «Нұр Отан» партиясының сьезінде «партияны қалпына келтіру» жұмысын сәтсіз аяқтаған Бауыржан Байбек қызметінен босатылып, оның орнына Назарбаева келеді деп болжаған.

Алайда әкесі басқаратын партия Назарбаеваға басқа қызмет ұсынды. Ол енді «Нұр Отан» партиясының бірініш орынбасары да емес, елші де, бизнесвумен де емес, мәжіліс депутаты болғалы отыр. Бірақ Дариға ханым мәжіліске барса, қатардағы қарапайым депутат болмайды деп санайтындар көп. Олардың ойынша, Назарбаеваға мәжіліс төрағасы қызметін атқаруы мүмкін.

Қалай десек те, Дариға Назарбаева үйінде ұзақ жата алмады. Сенат спикері қызметінен босағанына тура жарты жыл толғанда саясат сахнасына қайта шығып отыр. Оның қайта оралуы қандай нәтиже берері әзірге белгісіз. Бір анығы кей сарапшылар болжағандай саяси карьерасы жақында аяқтамайтын секілді...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

42 пікір