Жұма, 29 Наурыз 2024
Талқы 8606 18 пікір 23 Маусым, 2020 сағат 16:49

Көптен көрінбей кеткен Дариға Назарбаева қайда жүр?

Биыл мамыр айының басында Дариға Назарбаева сенат спикері қызметінен кетті. Бұл жағдайды көпшілік қауым тосын оқиға ретінде қабылдағаны рас. Билікке шындап орныққан, сәті келсе саяси қызметін тіпті де жоғарлатуға қарсы емес Дариға Нұрсұлтанқызының бір сәтте «жұмыссыз қалғаны» жұртты таңқалдырған. Бірақ сарапшылар бұл жағдайды экс-спикер үшін трагедияға баламайды. Ол әлі де елдегі ең ықпалды адамдардың бірі ретінде аталады.

Дариға Назарбаева билік мінберіндегі әртүрлі қызметтерде жүргенде елді «есінен тандыратын» мәлімдемелер жасаумен аты шыққанын білеміз. Оның сөйлеген сөздері баспасөзде, ел арасында жиі талқыланып жататын. Асыра айтылған, кейде тіпті ақылға қонымсыз пікірлері көбінде сынға ұшырайтын. Елдің жай-күйін жақсартудың жалғыз жолы шетелге жалтақтау деп білетін Дариға ханым жастарға «Орыс тілін ұмытпай, қытай тілін үйреніңдер» деп ақыл айтудан да жалыққан емес.

Дариға ханым даулы мәселелерге де жиі ұшырайтын шенеунік болды. Мәселен, 2016 жылы Панама оффшорларының тізімі жария болып, біздің біраз мырзалар мен ханымдардың аты аталған. Сол тізімде Назарбаева да болды. Одан кейін 2019 жылдың наурызында Дариға Нұрсұлтанқызының Австриядағы ақшасы да әшкере болған.

Ал биыл жыл басында экс-спикердің ұлы Айсұлтан Рахат тұтас халықты тіксіндірді. Айсұлтанның мәлімдемесін сол кездегі ақпарат министрі Дәурен Абаев: «бұл - бірінші кезекте оның анасының трагедиясы», деп бағалаған болатын.

Бұл даудың қоламтасы сөне бастағанда Лондондағы «күдікті ақшаға алынды» деген зәулім сарайлардың мәселесі шықты. Ағылшын ақпараты Лондон соты тәркілеген зәулім сарайлардың қожайыны Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиев екенін жазды. Негізі Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Лондондағы байлар тұратын аудандағы үш қымбат үйді өткен жылы бұғаттаған екен. Бірақ Лондон жоғарғы соты биыл сәуір айында активтерге қойылған бұғаттың күшін жойды. Ал маусым айында өткен апелляциялық соттың шешімі де Назарбаева мен оның ұлының сөзін сөйледі.

Біз наурыз айының басында Дариға Нұрсұлтанқызының сенат төрағалығына келгелі сөйлеу мәнері өзгертіп, «ойланып сөйлей бастағанына» назар аударған едік. Әсіресе жаңа жылдан бастап Дариға ханым биліктегі кемшілікті сынап, «халықтың сөзін сөйлеп», баспасөз бетіне жиі шықты. Телеарналар да ол кісінің «жарқын сөздерін» жалпы жұртқа жариялап жатты. Осыған қарап көпшілік Назарбаева билік тізгініне бір табан жақындағысы келеді деп болжаған. Бірақ бәрі басқаша болды. Екі айдан бері Дариға ханым ел назарынан шығып қалды...

Дарига Назарбаева на яхте радуется жизни после отставки / БАСЕ ...

Бірақ бүгін әлеуметті желіде бір видео жарияланды. Онда Дариға Назарбаева бір топ адаммен бірге «Жеңіс күні» атты әнді айтып, көңіл көтеріп жүр. Бұл видеоның қашан, қайда түсірілгені белгісіз. Әрине ол қазір биліктегі адам емес, ән айта ма, билей ме өзі біледі. Бірақ екінші дүниежүзілік соғысқа арналған әнді айтып, «параттан өтіп жүргені» таңданыс тудырмай қоймайды. Елдің ойы «экс-шенді қай жеңісті тойлап жүр екен, Берлиндегі ме, әлде Лондондағы ма?».

Назарбаеваның көптен бері көрінбей кеткені рас. Сенаттан кеткелі ел алдына бір рет қана шығыпты. 2016 жылдан бері өзі жетекшілік ететін Қазақстан жастары конгресінің маусым айында өткен отырысына қатысты. Бірақ ол жиналыс бүгінгі видеожазбадай ел назарын аудара алмаған еді...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3611